Сейсенбі, 20 мамыр, 17:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№37,2150
20.05.2025
PDF мұрағаты

Мағжан Әлиев, «Зерделі» оқу орталығының қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі: Қазақ тілін үйренуге арналған мобильді қосымша жасағым келеді

20.05.2025

106 0

Қазіргі таңда қосымша білім беруоқушының дамуына бағытталған ең маңызды әдістің бірі. Сабақтан тыс уақытта балалардың танымдық қабілетін арттырып, пәнге деген қызығушылығын ояту үшін ұйымдастырылатын қосымша сабақтардың орны ерекше. Алайда, мұндай білім беру процесінде нәтижеге қол жеткізу үшін білікті де жанашыр мұғалімнің болуы басты шарт. Солардың қатарында  «Зерделі» оқу орталығының жас әрі ізденімпаз мұғалімі Мағжан Несіпбайұлы Әлиев бар. Мағжан Әлиев тек білім беріп қана қоймай, шәкірт бойындағы сенімді, ұмтылысты және ізденісті оятуға тырысатын нағыз жаңашыл маман. Жас ұстаздың кәсіби жолы мен әдістемесі туралы сұхбаттасудың сәті түсті.

Алдымен өзіңіз жайлы қысқаша айтып өтсеңіз. «Зерделі» оқу орталығында қанша уақыттан бері жұмыс істеп келесіз?

– Өзім Шиелі ауданында дүниеге келгенмін. №46 А.С. Пушкин атындағы мектеп-лицейінің 2019 жылғы түлегімін. 2023 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алдым. Қазіргі таңда сол университеттің 2-курс магистрантымын. «Зерделі» оқу орталығында жұмыс істеп жүргеніме 1 жыл болды. Осы уақыт ішінде ұжыммен де, оқушылармен де өте жақсы қарым-қатынас орнатып үлгердім.

Қазақ тілін оқытуда қандай әдістәсілдерді қолданасыз? Орталықтың оқыту ерекшелігі неде?

– Қазір әр мұғалімнің өз әдістемесі бар. Мен өз тәжірибемде «қызанақ» немесе «pomodoro» әдісін жиі қолданамын. Бұл тәсіл оқушылардың зейінін ұзақ уақыт сақтап қалуға көмектеседі. Жаңа тақырыпқа көшкеннен кейін бірден тапсырмаға көшпей, 5-6 минуттық үзіліс жасау арқылы ақпараттың есте жақсы сақталуына ықпал етеміз. Бұл – балаларды жалықтырмайтын әрі тиімді тәсіл.

Сабақ барысында оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін қандай әдістерді пайдаланасыз?

– Біз оқушы кезде кез-келген жаңа нәрсеге таңғалып, қызығатын едік. Қазіргі заманда жаңа ұрпақтың қызығушылығын ояту қиынның қиыны. Сол үшін мұғалім үнемі ізденісте отыруы керек. Мен көбіне жаңа тақырып түсінікті әрі қызықты болу үшін сабақ соңында ойын түрінде тапсырмалар орындатамын. Әсіресе, «Жасырын сөйлем», «3 литрлік банка», «Ойын оқы» (сөз табу) секілді ойындар оқушыларға ерекше ұнайды. Бұлар тек оқушыларды сергітіп қана қоймай, сыни ойлауына да ықпалы зор. Одан бөлек оқушыларға өткен тақырып бойынша жұптық және топтық сайыстар ұйымдастырамын. Бұл жай ғана сұрақ қойып, жауабын алып отыра бергеннен гөрі, бір-бірімен жарысып, оқушылардың сабаққа деген белсенділігін арттырады. Бірақ сабақты шектен тыс ойын қылып жіберуге де қарсымын. Оқушы білімнің салмағын түсіну керек.

Мағжан Әлиев, «Зерделі» оқу орталығының қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі: Қазақ тілін үйренуге арналған мобильді қосымша жасағым келеді

Оқушылардың қазақ тілі пәніндегі жетістіктері жайлы не айтар едіңіз?

– Қазіргі уақытта жетістікті нәтижемен өлшейтін заман болды ғой. Әрине, қай мұғалім үшін де оқушының жоғары нәтиже көрсеткені көңіл қуантады. Бірақ мен үшін мына оқушым нақты мынадай марапат алды дегеннен гөрі, пәнді жақсы меңгерді деген нәрсе қуантады. Мысалы, 5- 6 сынып оқушылары алғашқыда 20 балдық тесттен 14-15 ұпай жинап жүрсе, соңғы айларда 19/20 балл жинап жүргендері қуантады. Бұл – үлкен жетістік. Одан бөлек ҰБТ-ға дайындап жүрген оқушыларымның нәтижесі де жаман емес. Бұл тек мұғалім тарапынан емес, оқушы тарапынан да тәртіп пен еңбекті қажет етеді.

Сабақта қандай оқу құралдарын жиі пайдаланасыз?

– Осы тұста «Зерделі» оқыту орталығының авторлық кітаптарын айтпай кетпей болмас. «Зерделі» кітаптары сабақты тиімді өткізу үшін таптырмас оқу құралы. Тілдің бірнеше саласына (фонетика, лексика, морфология) арналған арнайы бөлімдерден және түрлі сұрақтар мен мәтіндік тапсырмалардан құралған. Тек қазақ тілінен емес, басқа да пәндерден арнайы кітаптары бар. Бірақ қазіргі оқушыларды жай кітаппен ғана сабаққа қызықтыру қиын. Сол үшін жаңа техникалық құралдарды да пайдаланамыз. Интерактивті тақта болсын, одан бөлек, арнайы  «kahoot», «quiziz», «wordwall секілді бағдарламаларды да тест тапсыруға, өткен тақырыпты қайталауға қолданамыз. Бұлар оқушының танымдық көкжиегін арттыруға септігін тигізеді.

Тіл үйренуде оқушылар қандай қиындықтарға тап болады және сіз қалай көмектесесіз?

– Қызығын айтайын, біздің орталыққа қазақ тілін үйренемін деп келетін оқушылар бар. Халықтың 99 пайызы тіпті басқа ұлт өкілдеріне дейін  қазақша сөйлейтін бұл өңірден қазақша үйренуге қызығып келетіндерді көргенде таңғаламын. Бір жағынан қуанамын. Алайда орталықтың негізгі бағыты – НИШ-ке және ҰБТ-ға дайындау. Сондықтан біздің орталықта тіл грамматикасын тереңдетіп үйретеміз. Осы тұста айта кететінім, кез келген бір тілді 2-3 айда оңай меңгеріп шығасың дейтін курстарға сенбеу керек. Өйткені жаңа тілді үйрену ұзақ процесс екені белгілі. Өзіме «Аз-аздан үздіксіз» деген ұстаным қатты ұнайды. Тіл үйренуде немесе жаңа бір нәрсе бастауда қиындық кездеспей қоймайды. Қазір оқушылардың сөздік қорының аздығы байқалады. Оның үстіне қазақ тілі сөзге бай тіл екенін ескерсек, қазақ тілін үйренем деушілер үшін сөз жаттау аса маңызды. Жоғарыда айтқан ұстанымымдай, тәртіп пен еңбек керек, күніне 1 сағат уақытыңды арна және ол күнделікті болсын. Сонда кез келген қиындықты еңсеруге болады деп ойлаймын.

– «Зерделі» орталығында оқушыларға жеке тәсілмен оқыту мүмкіндігі бар ма?

– Иә, әрине, бар. Біздің орталықта әр оқушыға жеке-жеке көңіл бөлінеді. Әр оқушының білім деңгейіне қарай топтарға бөліп, қабылдауына қарай әдістемелерді ұсынамыз. Ата-аналардың қалауы да осы. Өз баласына жіті көңіл бөлінгенін қалайды. Топтан бөлек жеке сабақтарымыз да бар. Жеке сабақтарда оқушыға тек білім беріп қоймай, психологиялық жағынан жақын болуға тырысамыз. Бұл балаларға өте жақсы әсер етеді және сабаққа құлшыныспен келуге ықпалы мол.

Сіздіңше, ұстаз үшін ең үлкен жетістік?

– Кейбіреулер үшін марапат, «Жыл мұғалімі» атағы – үлкен жетістік болуы мүмкін. Бірақ мен үшін үлкен жетістік – оқушы мен ата-ананың шын алғысы. Үйреткен біліміңді оқушының адал жолда қолдануы – осының бәрі ұстаздың шынайы жемісі.

Болашаққа қандай жоспарыңыз бар? Қазақ тілін оқытуда қандай жаңа идеялар ойда жүр?

– Идея көп. Бауырым –  IT маманы. Алдағы уақытта екеуміз бірлесе қазақ тілін оқытуға арналған мобильді қосымша жасауды жоспарлап отырмыз. «Duolingo» секілді қосымша, бірақ өзіміздің ұлттық ерекшелігімізге сай болса деймін. Бұл онлайн кітап немесе ойын форматы болуы мүмкін. Қазір бұл идея санамда пісуде, болашақта іске асырам деген сенімдемін.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: