Сенбі, 15 ақпан, 23:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№12,2125
15.02.2025
PDF мұрағаты

«Мамандықты ағам оқыды, біз одан үйрендік»

15.02.2025

85 0

Көшербаев көшесіне бара қалсаңыз, көздің жауын алар әсем қақпа, үй есігі, қоқыс жәшіктері мен әткеншектер, тіпті кәуап жасайтын заманауи мангалға дейін самсап тұр. Мұның барлығын зауыт шығарып жатқан жоқ. Етек-жеңі жиылған, көрген көз тамсанатын бұйымның барлығын таңның атысынан күннің батысына дейін мұзды аяқ болып жүрген өзіміздің жігіттер жасап жатыр.

– Ең алғаш өзіме-өзім риза болып, тамсанған жұмысым – үйге арналған сейф еді. Әрине, өзіңе сын көзбен қараған дұрыс. Бірақ сол жолы өзіме қатты риза болдым. Одан бері де қаншама жұмысты қолға алдық. Бірінен соң бірі қақпа да, есік те, әткеншек те жасап жатырмыз. Қазір ел сүйсініп жатады. Бірақ біз үшін үйреншікті жұмыс, таза кәсіп ретінде қалыптасқан, – дейді дәнекерлеуші Мейрамбек Сембаев.

Ол Махат Шерімбетов ашқан жеке цехта бес жылдан бері жұмыс істейді. Бірақ дәнекерлеуші болып он жылдан бері еңбек етіп келеді. Маңдай тердің наны деп, таза еңбектің ұшпаққа шығаратынын түсінген. Өзі – Арал ауданының тумасы. Облыс орталығында отбасымен тұратын ол қолы қимылдағанның аузы да қимылдайтынын айтты.

«Мамандықты ағам оқыды, біз одан үйрендік»

– Бұл мамандықты ағам оқыған. Ол менің ұстазыма айналды. Қазір металлдың сапасын бір қарағаннан-ақ айта алатын деңгейге жеттім. Оқымағаным үшін намыстанбаймын. Көп адам оқыса да, дипломы бойынша жұмыс таппай сенделіп жүр. Ал мен нағыз еңбекпен келген табыстың берекелі болатынына көз жеткіздім. Өмір үйретті. Дәнекерлеуші болу үшін ең алдымен ынта керек, сосын қиялың ұшқыр болғаны дұрыс. Өйткені қарапайым аяқтың астында жататын қара темірді үйдің төрінде жарқырап тұрған бұйымға айналдыру үшін қанша күн тер төгерің белгісіз, – дейді білікті маман.

Бұл цехта Мейрамбектен бөлек бірнеше жігіт жұмыс істейді. Соның бірі – шиелілік Әлішер Түнжанов. Ол да дәнекерлеу ісінің кәнігі маманына айналған.

– Темірді темірге жалғауды екінің бірі біледі ғой, бірақ оны қалай жалғау керегін ұғыну керек. Әрбір туындың суретшінің салған суретіндей болғанда ғана өз еңбегіңмен мақтана аласың. «Адамның ақылы – көзінде» деген сөзді естіп едім. Тұтынушы әуелі көзбен көреді, содан кейін миға «тапсырма» береді. Демек, сапа маңызды рөл атқарады. Сапалы дүние қашанда трендте болады. Халықтың батасын алғанда ғана ісің алға басады, – дейді Әлішер.

Бүгінде дәнекерлеуге кіріссе, бес қаруын асынған батырдай барлық қауіпсіздік құралын қолға алатын ол ең бірінші күні көзәйнексіз жұмыс істегенде үш күн бойы көзін аша алмағанын айтып бір күліп алды. Тәжірибе жылдармен келеді. Ал жылдар сені ең мықты маманға айналдырады.

Өздерінің маман екенін танытып, бес жыл бойы жыл он екі ай еңбек етіп жүрген оларды басшылары да мақтайды. Айтуынша, бірде бір рет ұятқа қалдырмапты. Мұнда маусым кездерінде жұмыс қызып, он адамға дейін еңбектенетін көрінеді. Қазір қыс мезгілінде жұмыс баяу, бірақ тоқтаған емес.

«Мамандықты ағам оқыды, біз одан үйрендік»

– Әр бұйымның саудасы жақсы жүретін уақыты бар. Мәселен, ертең наурыз айынан бастап қар түскенге дейін біз қақпа жасап, оны тұтынушыға жеткізіп, орнатып береміз. Салқын түсіп, күн суытқаннан бастап үйдің сыртқы есігін жасаймыз. Оны да апарып, орнатып береміз. Жыл аяғына жақындағанда мекемелердің тапсырысы бойынша қоқыс жәшіктері, орындық тәрізді бұйымдардың уақыты келеді. Осылайша біз жыл бойы тұрақты жұмыс істейміз. Жұмыс қыза бастағанда он адамға дейін көбейеміз. Жігіттер еңбектеріне сай жалақы алады. Әрине, істеген жұмысына қарай 300-800 мың теңге аралығында табыс тауып жүр, – дейді Махат Шерімбетов.

Қазір мұндағы бұйымдар Арал мен Алматының аралығындағы тұ­тынушыларға жол тартуда. Мәсе­лен, біз барғанда Жалағаш ауданына жөнелтуге үй есігі дайындалып жатыр екен.

– Жасаған бұйымың сапалы болса, адал еңбек етсең, адамды алдамасаң, бұйыртқан несібеңді аласың. Тоғыз жылдан бері айналысып жүрген кәсібің болған соң, жарнамадан қарап тұрып, бұйымдарды көзің таниды ғой. Жарнаманы да адалынан, өтірік қоспай, адамдарды алдамай жасауға болады. Біз бәрін ашық айтамыз. Содан шығар, қазір бізден кісі аяғы арылмайды. Шүкір дейміз. Бұрындары арнайы фантазиясымен тапсырыс беретін кісілер Шымкентке тура тартатын. Қазір біз «Қызылордада істей алмайды» деген сеңді бұзып жатырмыз. Кейбір қақпаларымыз жұрттың ат арытып Түркістаннан алдырып жатқанынан 200 мың теңгеге дейін төмен бағада. Ал кейбір бұйымдар сәл қымбаттау болып жатса, ол бұйымның шикізатының сапасы жоғары болуынан. Сәл ғана арзан бағаға ұрынып, артынан сол қақпаны төрт рет жасатқаннан бір мәрте ғана қымбаттау бағаға жасатқан тұрғын көп қаражатынан бөлек, уақытын да, жүйкесін де үнемдер еді, – дейді кәсіпкер.

Қолынан қара темір түспей жүріп, нарықтың бәсекесіне төтеп беріп жүрген жігіттердікі нағыз ерлік екенін көрдік. Бастысы, жұмысыңа адал болсаң, әрекетің заңғар көкке бағыттайтынында емес пе?!

Дәулет ҚЫРДАН,

Суретке түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: