Алмас Алматовтың орындаушылық өнері бүгінде елімізге ғана емес, шетелдерге де танымал. Ол қазақтың жыршылық өнерін Мәскеу, Самарқан, Париж, Франция, Италия, Швейцария, Монғолия өнерсүйер қауымына адамзат мәдениетінің асыл қазынасы ретінде таныстыра білді. Эпикалық жыр өнерінің адам сезіміне әсері ерекше.
Алмас Алматов – жыр өнерін жалынды жалғастырушы, айрықша өнер иесі. Сәті түскенде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Алмас Алматовпен сұхбаттастық.
– Бағзы заманнан атам қазақ өнер саңлақтарын қастерлеп, жыршы-жырауларды құрметтеп, төрден орын беріп, таңға дейін жырлатқан деп естиміз. Сол үрдіс қазір қалай жалғасып келеді? Жалпы өнер адамдары қоғамда лайықты бағаланып жүр ме?
– Қазір мәдениетте, рухани кеңістікте әлеуметтік теңсіздік орын алғанын батыра айтпасақ болмайды. Ол бүгіннен басталған іс емес. Әлі күнге дейін өнер адамдарының авторлық құқы қорғалмай келеді. Өнер адамдарының қай-қайсысына да гонорар төлеу мәселесі шешімін таппай келеді.
Әркімнің кәсібі отбасының нәсібі емес пе? Қолында дипломы бар кәсіби маман өзінің еңбекақысын ала алмауы өнер адамдарының қоғамдағы орнын көрсетеді. Министрлік орындаушылардың ақшасы «Авторлар қоғамына» аударылды деп сілтеме жасайды. Өзім қоғам құрылған күннен Марал Сқақбаев ағамыздың өтінішімен тіркелдім. Еш нәтиже болмады. Өнер өлкесінде жүрген сонша жанның адал еңбегін, миллиондаған қаржысын кім егеленіп отыр? Демек, өнер қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікке ұшырап, екі оттың ортасында қалды. Болашақта адамның авторлық құқығын жеке құжатына бекітіп берсе, қазына да, өнер адамдарының да қалтасы толық болады. Өнер мен өнерпаздың кәсіби еңбегі құқықтық тұрғыдан қорғалуы керек. Парламентте депутат Абзал Құспан, Аманжол Әлтай, Жандарбек Әшімжан бастаған азаматтар еліміздегі мәдениет және өнер саласында қабылданатын заңдарды талқылағанда ескерер деп ойлаймын. Әзірше сахна мен тойды шоумендер басқарады. Өнер адамдары солардың дегеніне көніп, күн көруге мәжбүр.
– Алайда қиындықтарға қарамай, өз жолдарыңыздан адаспай, өнерді жарқыратып алға сүйреп келе жатсыздар. Бүгін сіздің жыраулық лабораторияңызда өнердегі шәкірттеріңізбен өткізіп жатқан дәріске келіп қалдық. Бүгінгі дәрісіңіздің тақырыбы қандай?
– М. Әуезов атындағы өнер және әдебиет институтының жетекші ғалымдары арқылы «Қобыланды батыр» жырының 29 нұсқасы 7 том болып жарыққа шықты. Үлкен өнерге жанашыр азаматтардың кеңесі бойынша «Қобыланды батыр» жырын (80 мың жол) аудио энциклопедиялық музыкалық дастан күйінде жырлап шығуды қолға алып отырмыз. Өзімнің ұстазым Орақ Дәнекеровтің әкесі, Әбілхайыр Дәнекеров жырлаған «Қобыланды батыр» нұсқасы да бар екен. Ол «Кенесары Наурызбай» жырын жырлап, сол үшін жазаланған.
Сыр бойындағы жыршы, жырау шәкірттерімізбен бұған дейін де көлемді дастандарды жырлап халыққа ұсындық. Олардың қатарында «Батырлар жыры», (2011), «Шахнама» Т.Ізтілеуұлы (40 мың жол, 2013), «Ер Едіге» (60 мың жол, 2020), «Шыңғыснама» ( 15 мың жол, 2016) және тағы басқа дастандар бар. Бұл жобаға республикаға танымал жыршы, жыраулар да қатысады деп ойлаймыз.
– Ұлттық өнердің мәңгілік шамын жағу үшін не істеуіміз керек?
– Өңір басшысының бастамасымен Сыр бойында биыл «Руханият жылы» болып жарияланды. Соған лайық «Өнер орталығы», «Жыраулар үйінің» ашылуы бұл өзге аймақтарға да үлгілі боларлық іс деп ойлаймын. Жаһандану заманында рухымызға да, ділімізге де, дінімізге де жат идеялар қоғамға енуде. Оған қалай қарсы тұрамыз? Сол үшін атадан мирас боп қалған дәстүрлі өнер, соның мұрагер ұрпақтарын жетілдіріп, оларға лайықты білім беруіміз керек. Солардың ғылымы, өнері, білімі арқылы ғана ұлттық өнердің мәңгілік шамын жағамыз. Ұлт есебінде бүкіләлемдік ұлттар ұйымына өзімізді мәдениетімізбен, тілімізбен, өнерімізбен, жерімізбен, ұлтымызбен, халқымызбен таныта аламыз. Демек, біз осы игіліктерді көздің қарашығындай сақтауымыз керек.
– Технология дамыған сайын, ақпараттық ғасырда адамзаттың есте сақтау қабілеті төмендеп жатқаны рас. Себебі ақпарат көп. Осы тұрғыдан алғанда жырды есте сақтап, оны жаттау адамға ауадай қажет. Жыр жаттаудың бұл тұрғыдан пайдасы мол болар?
– Интернет желісі қазіргі қоғамның ірі жетістігі екенін мойындаймыз. Алайда миллиондаған жырды жаттауға ешқандай ұялы байланыстың күші келмейді. Біз он мыңдаған, жүз мыңдаған жол жыр жаттайтын ақыл, ес, зерде, жад –төрт тағанды өшірдік те, компьютерге, ғаламторға телміретін кейіпке ендік. Адамның жады өшіріліп, интернетке тәуелді болған қоғамда сананы бекітіп, зердені өшірмеудің бірден-бір жолы – жыр жаттау. Олай дейтінім, қазір байқап отырсақ, бұрынғыдай көбейту, бөлудің кестесін жаттайтын бала жоқ. Есеп сұрасаң, бірден калкульяторға жүгінеді, Абайдың немесе кез келген ақынның өлеңін сұрасаң, ғаламтордан іздей бастайды. Демек, бұл дегеніңіз жас ұрпақта ақыл, ес, зерде, жад деген адамның төрт таған қасиеті өшіп бара жатқанының дәлелі. Біз жыршы-жырауларды тәрбиелеу арқылы ақыл, ес, зерде, жадты қалыптастырып, ғасырдан-ғасырға жеткен миллиондаған жыр жолдарын болашақ ұрпаққа жеткізуді мақсат еттік.
– Сіздің ойыңызша, өнерді сақтап қалатын тек тума таланттар ма?
– Өнерді сақтайтын тума талант емес. Талант – бір адамның өмірі ғана. Адам кеткеннен кейін ол да кетеді. Өнерді сақтайтын қандағы қасиет. Өлеңді де, өнерді де тектілікті сақтайтын қан, ген. Жауын жауған уақытында біз көрмеген гүл шығады. Өнерге қолдау жасалса, өнер адамдарының бойынан біз білмеген қасиет көріне бастайды. Сондықтан өнердің түп қазығындағы тұқымнан жалғасып келе жатқан тектілік дейтін ұғымның өлшемімен өлшеген уақытта ғана өнер дамиды. Кез келген адамды алып келіп «мына өлеңді жатта» десек, жаттай алмайды. Міне, алтын қазғандай, алтынның сынығындай балаларды әрқайсысын жетектеп алып шығу керек.
– Сізді өнер жолына баулыған рухани ұстазыңыз кім?
– Өнерге жанашыр, рухани жетекші тұлғалар болады. Өзімді қолымнан ұстап жүріп осы өнерге шырақшы боласың деген ғалым, фольклор зерттеуші Мардан Байділдаев болды. Ол кісінің бізге жасаған еңбегі өте өлшеусіз еді. Сондықтан Мардан Байділдаевтың Сыр бойындағы зерттеу жұмыстары мен жыршылық, жыраулық өнерді насихаттауы, қолымыздан жетелеп жүріп дауысымызды грампластинкаға жаздыруы ерекше қамқорлық болатын. Жыр жазылған соң «ал, Алмасжан осының атын қой», – деді. Ойланып қалдым. Қасымда Балтабай досым бар. Екеуміз Алматының орталық алаңында келе жатырмыз. Бір кезде Балтекеңе «Жыр керуен» дедім. Мәкеңе хабарласып, «грампластинканың атын «Жыр керуен» атайық дедім. Ол кісі «Мен бір әріп қосайын «Жыр керуені» болсын. Сонда бұл керуен болашаққа қарай жылжып кетеді ғой» деді. Олар бір ауыз сөздің өзін жүрекпен талқылап тұр ғой. Мардан ағамыз бізге өмірлік тәрбие мектебі болды.
– Өзіңіз де өнердің рухани кеңістігінде ұзақ жылдан бері ұстаздықтың ұлы жолын жалғап келесіз. Өнер саласының ғылыми негіздеріне терең бойлап, тыңнан түрен салып, жыраулық өнерді тек Сыр елінде емес, өзге өңірлерде де дамытуға ерен еңбек етіп келесіз. Сол еңбек жолдарыңыз туралы айта кетсеңіз..
– 1987 жылы консерваторияға ғылыми тәжірибе жасауға бардым. Сол жылы «Халық әні» кафедрасын аштық. Жаңа кафедраны ұйымдастыру, басқару өзіме жүктелді. Алғаш рет әнші, жыршы жастар консерваторияның есігін ашты. Өнертану ғылымдарының докторы, профессор Алма Құнанбаева, Саида Еламанова, Әсия Мұхамедова бастаған музыка зерттеуші ғалымдардың көмегінің арқасында жыраулық өнердің ғылыми-педагогикалық негізі қалыптасты.
Осы жерден дайындап апарған алғашқы шәкірттерім Берік Жүсіпов, Аман Шобынбаев болды. Берік Жүсіповті өзінің өтініші бойынша 7 сыныптан бастап өзім тәрбиеледім. Түске дейін Жалағашта сабақта болады. Түстен кейін қалаға біздің үйге келеді. Қона жатып, оқудың арасында жүріп көп нәрсеге машықтанды. Одан кейін Елмұра Жаңабергенова, Арнұр Көшенеев бастаған талантты жастар консерваторияға қабылданды. Осылайша болашақтағы ғалым, өнер қайраткерлерінің қалыптасуына мүмкіндік ашылды.
1987 жылдан 1990 жылға дейін сол жерде кафедра меңгерушісі болдым. 1990 жылы обком хатшысы Оңалбек Сәпиевтің ұсынысымен Қызылордадағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтынан халық әні кафедрасын аштық. 21 жыл көлемінде кафедраны басқарып, 1998 жылы дәстүрлі өнер-жыр мамандығының мемлекеттік стандартын жасап шықтық. Бүгінде шәкірттеріміз өнер, мәдениет және ғылым, білім саласында еңбек етуде. Өзім өнерге баулыған шәкірттерімнен өнертану ғылымының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елмұра Жаңабергенованы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ф.ғ.к Ұлжан Байбосынованы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының кандидаты Берік Жүсіповті, Құрмет ордені иегері, филология ғылымдарының магистрі Шолпан Бимбетованы, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, өнертану магистрі Күнсұлу Түрікпенованы, педагогика ғылымдарының магистрлері Серік Жақсығұловты, Ақмарал Ноғайбаеваны, Марат Сүгірбайды, Айдос Рахметовті, өнер майталмандары Майра Сәрсенбаеваны, Амандық Бүрлібаевты, Руслан Ахметовты, өнертану ғылымының магистрлері Дина Нұрабаеваны, Феруза Оңталапты, Музыка зерттеу саласы бойынша Анкарада магистрлікте оқып жатқан Малика Алдамжароваларды мақтанышпен айта аламын.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!