Журналистикадағы үрдіс жыл санап өзгеруде. Ақпаратқа қол жеткізу мен ұсыну тәсілі құбылып, БАҚ-тағы концептуалды құбылыстар елдегі талап-ережені қайта қарауға итермеледі. Әсіресе, ашықтық, демократия игілігін ілгерілету үшін заң үстемдігі маңызды екені бұрыннан айтылып келеді. Осы орайда жуырда Мемлекет басшысы қол қойған
«Масс-медиа туралы» заң салаға серпін беріп, тілшілерге қолайлы мүмкіндік қалыптастырмақ.
Есте болса, өткен жылдың соңында мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналистер ортасында қызу талқыға түскен «Масс-медиа туралы» заң жобасын әжілісте қорғап, депутаттар құжатты бірінші оқылымда мақұлдаған еді. Содан бері қоғамда түрлі пікір дендеп, сын-ескертпе артты. Журналистің ерекше мәртебесі, аккредиттеу картасы, ресми органның жауап мерзімі секілді тақырыпта пікірталас ұлғайған. Кейін заң жобасын әзірлеуге қатысқан тәуелсіз сарапшылар сауалдарға жауап беріп, құжаттың қабылдануын қолдады. Нәтижесінде сәуірде заң жобасы Мәжілістен Сенат қарауына жөнелтіліп, өткен аптада ел Президенті заңға қол қой қойды.
Құжатқа «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңдардың негізгі ережелері қосылған. Сондықтан қос заң қолданыстан шығатын болады. Орнына бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар, интернет-ресурстарды да қамтитын «масс-медиа» деген жаңа әрі анағұрлым кең ұғым енгізілген. Заң екі айдан кейін күшіне енбек. Құжат БАҚ-қа қалай әсер етеді? Қоғам қай өзгеріске қарсы? Журналистер жұмысы жеңілдей ме? Аталған сауалдың жауабын іздеп көрейік.
Журналист ерекше мәртебеге ие болады
Журналист мәртебесі туралы мәселенің көтерілгеніне көп болды. Көбі сала мамандарынің мемлекеттік қызметшіге не бюджеттік сала қызметкері санатына жатпайтын айтып шағымданатын. Бұл олқылық әлеуметтік қолдау алуға, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға қолбайлау болып келді.
Бірнеше жыл бұрын сенатор Нұртөре Жүсіп мәселені мінберде көтеріп, Мемлекет басшысына жеткізгені белгілі. Сол тұста:
«Осыған дейін біраз заңдарды қабылдадық, солардың бірі полиция қызметкерлері туралы, дәрігерлер туралы, ұстаздардың мәртебесі туралы заңдар. Ұстаздардың мәртебесінің заңмен бекітілгенінің арқасында, кезінде дипломын алып, мектебі құрысын деп кеткендер мектепке қайтып оралып жатыр. Ұстаздың мәртебесі, қоғамдағы орны анықталды. Соған сай жалақысы да көтерілді, жағдайы да дұрысталып келе жатыр. Ал журналистің мәртебесі қайда?» – деп ашына айтқан еді.
Міне, соңғы өзгерісте талап ескеріліп, журналистер үшін қосымша құқықтық кепілдіктер белгіленді. Яғни, «Журналистің ерекше мәртебесі» деген ұғым енгізілді. Бұл журналистің құқығы мен бостандығын қорғау, олардың ақпарат іздеу, сұрату, алу және тарату кезіндегі мәртебесін айқындамақ. Мұнан өзге «Масс-медиа туралы» заңда өзге де ерекше құқықтық мәртебе қарастырылатын болды.
Мүмкіндік пен мемлекетітк мүдде
Кезекті өзгеріс – жауапкершілікте. Енді қоғамға қауіп төндіретін оғаш іс-әрекетті насихаттау тыйылмақ. Нақтырақ айтқанда, БАҚ-та өз-өзіне қол жұмсауды насихаттайтын ақпаратты таратуға немесе жариялауға тыйым салынады. Бұл қоғамдағы суицид көрсеткішін төмендетіп, идеологиялық жүйені жетілдіруге мүмкіндік бермек.
Бұдан былай жалған ақпарат таратқаны үшін журналисті сотқа сүйреу азаятын болады. Айыптаушы журналиске жариялаған ақпарат бойынша тағар кінәсі болса, тек 1 жыл ішінде сотқа жүгінуі керек. Жариялым уақыты жылдан асса, тілшіге ешкім айып қоя алмайды. Бұған дейін жарияланымдардың мерзіміне нақтылық жоқ болатын. Кез келген адам 30 жылдың ішіндегі баспасөзге немесе БАҚ-қа шыққан мақалалар бойынша сотқа жүгіне алатын. Аталған мерзімнің бір жылға қысқаруы – заңдағы айтулы жетістік.
Айта кетерлігі, бұл өзгеріс БАҚ қызметкерлерінің құқығын қорғау үшін керек. Бірінші оқылымдағы заң жобасында аталған мерзімді үш жыл деп белгілеу ұсынылған, талқылау нәтижесінде ескіру мерзімі бір жылға дейін қысқартылды. Себебі қоғамда 10-15 жыл бұрынғы мақала үшін соттасатындар көбейген. Тілшілерді осындай қиындықтан құтқару үшін ескіру мерзімі 1 жылға қысқартылды.
Бұған қоса БАҚ-тың, журналистердің сұрақ-өтінішіне жауап беру мерзімі бес жұмыс күніне дейін қысқартылды. Мысалы, БАҚ өкілі қандай да бір мемлекеттік органның баспасөз бөлімінен ақпарат сұратса, олар 5 күн ішінде жауап беруге тиіс. Бұл журналистерге қажетті ақпаратты қысқа мерзімде алуға мүмкіндік береді. Осылайша, ақпараттың өзектілігі сақталады.
Сондай-ақ журналистің кәсіби қызметінің құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз ету жөнінде нормалар енгізілген. Сенат сайтында жарияланған құжатқа сәйкес, журналист міндетін орындау кезінде өміріне немесе денсаулығына зиян келсе, жұмыс беруші өтемақы төлеуге міндетті.
Сенаттың жалпы отырысында депутат Зәкіржан Күзиев заңда «масс-медиаға мониторинг жүргізу» ұғымы бар екенін айтты. Оның сөзінше, уәкілетті орган Қазақстан заңнамасы сақталуына, жалпыадамзаттық, мәдени, ұлттық және отбасылық құндылықтардың бұзылуына қатысты мониторинг жүргізеді. Яғни БАҚ бақылауда болады.
Билік тарапынан тілші жұмысын жүйелеудің тағы бір тетігі пайда болады. Ол – қоғамдық-кәсіптік кеңес құру. Кеңестер республикалық және өңірлік деңгейлерде құрылып, БАҚ-қа өз-өзін реттеуге, медиа саланы дамытуға мүмкіндік беруге жол ашпақ. Сонымен қатар кеңес журналистердің әдеп кодексін әзірлеу кезінде шешуші рөл атқарады деген жоспар бар.
– Этикалық нормаларды толығырақ сақтайтын біздің ортада кәсіби кеңестердің құрылуы осы заң арқылы көрсетілген. Яғни тек республикалық деңгейде емес, аймақтарда, өңірлерде осы кәсіби кеңестердің құрылуы арқылы этикалық нормалардың сақталуына жол ашылады деген ойдамын, – деді Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай.
Қазақша контент көбейеді
Қуанарлығы, алдағы уақытта қазақтілді контент саны артпақ. 2025 жылдан бастап мемлекеттік тілдегі телерадио бағдарламалары мен отандық медиа өнімнің көлемі 55 пайыз, ал 2027 жылдан бастап 60 пайызды құрайды деп жоспарланған. Бұл талап «Масс-медиа туралы» заңмен бекітілді. Енді отандық телеарналар мен радиода қазақтілді бағдарламалардың саны артады. БАҚ осы талапты орындауы тиіс. Бұл қазақ тілінің мәртебесін көтеруге, отандық медиа-өнім жасаушы мамандарға көмек болатыны сөзсіз.
Масс-медиа туралы заңды қарауға арналған Палата отырысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәселенің маңызын назардан тыс қалдырмады. Ол қазақ тілінде контент жасап жүрген креативті индустрия өкілдерінің жұмысын жоғары бағалап, оларды қолдау маңызды міндет екенін айтты.
«Креативті индустрия өкілдерінің форумына қатыстық. Сол жерде қазақ тілінде балаларға арналған контент жасап жүрген мамандар біраз проблеманы көтерді. Оның ішінде қаржыландыру, маркетинг, ақпараттарға қолжетімділікті қамтамасыз ету сияқты өзекті мәселелер бар. Осыған байланысты бүгін қаралып жатқан заң аясында балаларға арнап қазақша контенттер жасайтын жастарды, ұжымдарды қолдау тетіктерін де назарға алуымыз керек. Мемлекет тарапынан көрсетілетін мұндай қолдау бір реттік емес, жүйелі түрде болуға тиіс. Сенат алдағы уақытта осы бағытта мүдделі тараптармен тиісті жұмысты жалғастырады», – деді ол.
Расында, масс-медиадағы бағдарламалардың басым бөлігі қазақ тілінде болса, қазақ тілінің дамуына әсер етері анық. Осы тұста жаңа өзгерістерге сәйкес, шетелдік теле-радио арналардың бағдарламаларын қайта көрсету арқылы хабар тарату көлемі 20 пайыздан 10 пайызға дейін қысқартылады. Демек, отандық арналардан тарайтын ақпарат отандық өнімдер мен қазақтілді контентке бағытталатын болады. Бұл бұрыннан айтылып жүрген мәселе, алайда енді бұл заң бойынша талап етіледі.
Басымдық –
интернет-басылымда
Интернеттегі ақпарат кеңістігі дәстүрлі медианы өкшелеп келе жатқаны анық, Тіпті кей тұста алға озғанын көріп жүрміз. Сондықтан интернет ресурстағы медиа құрылымды реттеу кезек күттірмейтін қадамға айналды. Міне, енді заңға сәйкес, барлық сайттар интернет-басылымдарға теңестіріледі. Масс-медиа жайлы жаңа заңда желілік басылымдар мен ақпарат агенттіктерін интернет-басылым деген терминмен белгілеуге болады. Өз кезегінде олар БАҚ-тың бір түрі ретінде заң аясында тіркеле алады. Демек, интернет-басылымдар да бұқаралық ақпарат құралдарына жатады.
Бұл интернеттегі ақпарат кеңістігін бақылау әрі жүйелі дамытуға септеседі деп жоспарланған. 19-бапта ақпараттық агенттік басқа интернет-ресурстармен бірге интернет-басылым құрамына енді деп көрсетілсе, 22-бапта интернет-басылымның меншік иесі тіркеу жөніндегі куәлікті алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде хабарламалар мен материалдарды таратуды бастауы керек екені айтылған. Демек, жүйе қалыптасады.
Аккредитация дауы
Тақырыпқа қатысты талқы тудырған мәселе – тілшілерді аккредитациялау. Жаңа заңға сәйкес егер журналистердің қызметі ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірсе, Сыртқы істер министрлігі тілшіні аккредиттеуден бас тартуға құқылы. Билік бұл ерекшелік елдегі ақпарат алаңын сыртқы күштер мен мүдделі топтардың ықпалынан қорғау мақсатында енгізілгенгенін айтуда.
Осы мақсатта мемлекеттік ақпараттық саясат жүзеге асырылатын Бірыңғай медиа платформа құру көзделген. Оның ішінде мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына гранттар беру, аккредитация карталарын берудің автоматтандырылған процесін әзірлеу, журналистерді мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тіркеу тәртібі өзгереді деген сөз.
Жасыратыны жоқ, қоғамда аккредитация жүйесіне қатысты сын жетерлік. Қарсы тараптың айтуынша, аккредитация институт ретінде жұмыс істемейді. Жұмыс істегеннің өзінде, аккредитациясы бар журналистердің өзі ақпараттың бәріне қол жеткізіп отырған жоқ деген уәжде.
Осы орайда заң жобасы бойынша жұмыс тобында болған мәжілісмен әрі журналист Жанарбек Әшімжан қалған өзгеріс уақыт өте жүйелене түседі деген пікірде. Айтуынша, негізгі құжатқа ұзын-ырғасы 200-ден аса норма енгізілсе, ілеспе заңға 50-ден аса өзгерістер енген. Өтпей қалған ұсыныстар да жоқ емес.
– Біздің қоғамдық ұйым өкілдері жұмыс тобының мүшелерінің тарапынан ұсынылған нормалардың көпшілігін біз депутаттар кейбір жағдайда дауыспен қабылдадық. Үкімет оны бірнеше ай, жарты жылдай сараптама жасады. Сөйтіп, Үкімет қорытындысынан ондаған теріс қорытынды алдық. Қоғамдық ұйымдар, жекелеген журналистер тарапынан көңіл толмаушылықтар да бар. Енді бұл қатып қалған дүние емес, уақыт жылжыған сайын заң да, заңнама да, заң шығарушы бағыттағы іс-қимылдар да өзгеріп отырады, – деді депутат.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!