Жексенбі, 16 маусым, 11:33

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№47-2057
15.06.2024
PDF мұрағаты

Мира Қазбекова,облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы: «Руханият жылында» мәдени шара ғана емес, ауқымды жоба да жүзеге асады

24.02.2024

749 0

Өркениетке қол созған еліміз үшін экономикалық өсіммен қатар елдің рухани бай құндылықтарын да дамыту мәселесі қолға алынды. Заманауи жабдықталған мәдениет ошақтары салынып, ел игілігіне берілді, түрлі бағдарлама негізінде елдің мәдени білімін тереңдету, ең бастысы ел дамуы үшін мәдениеттің де озық деңгейде дамуы қарастырылды. Осы орайда төскейінде берекенің қазаны қайнаған, босағасына бақ пен береке ұялаған, ақындық пен жыраулықтың ақ бесігі саналған қасиетті Сыр елінде де мәдениет пен өнерді дамыту саласында атқарылып жатқан игі істер – ұлттық дәстүрді дамыту, өнер мен мәдениеттің өмірмен өзектестігін бағамдау, өнерді өнеге тұтқан елдің рухани дүниесін байыту мақсаттарын көздейді. Рухани құндылық, яғни адами асқақ рух бар жерде кез келген тығырықтан шығуға болады. Өнері өркендеп, мәдениеті гүлденген рухы мықты елдің қашан да келешегі жарқын.

Өткен жылы Сыр өңірінің мәдениет саласында көптеген жағымды жаңалық болды. Биыл да осы үрдіс жалғасып, игі шаралар ұйымдастырылмақ. «Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, салт-дәстүрлерімізді насихаттау мақсатында халқымыздың жыл басы және жаңару айы – наурыздан бастап Сыр өңірінде биылғы жылды «Руханият жылы» деп жариялаймыз» деді облыс әкімі облыстық мәслихат сессиясында. Соған орай, Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбековамен сұхбаттасуды жөн көрдік.

– Мира Жомартқызы, былтыр мәдениет саласында біраз жұмыс атқарылды. Жаңа орталықтар халық игілігіне берілді. Әңгі­мемізді осыдан бастасақ…

– Дұрыс айтасыз, былтыр облыста «Анаға тағзым» және «Отбасы» орталықтары мен 4 мәдени нысан пайдалануға берілді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Жаңақорған ауданы Әбдіғаппар ауылындағы клубқа күрделі жөндеу жүргізілді.

Аймақ басшысының бастамасымен 1000 орындық «Өнер» орталығының құрылысы аяқталды, ол наурыз айында пайдалануға беріледі деп отырмыз. Өткен жылы облыстың мәдениет мекемелерінде 18009 шара, 134 концерт, 361 спектакль өткізіліп, оған 1595254 адам қамтылды.

Облыс мәдениет үйлері мен кулб­тарда 937 көркемөнерпаздар үйірмесі жұмыс істейді. Облыс көлемінде жас таланттарды табу, өнер әлеміне жаңа есімдерді шығару мақсатында 2 халықаралық, 14 республикалық, 1 аймақтық және 98 облыстық байқау-фестиваль, жыр мүшәйралары, ақындар айтыстары ұйымдастырылды.

Республикамыздың өзге өңірле­рін­де және шет мемлекеттерде өткен 65 халықаралық, 100 республика­лық конкурсқа 438 жеке орындаушы,                 76 топтық ұжым қатысып, өнерпаздары­мыз 125 бас жүлде, 458 жүлделі орынды иеленді.

Былтыр он жыл бұрынғы үрдіс жаңғырып, мәдениет саласын дамытуға үлес қосқан өнер және әдебиет өкілдеріне «Тұран» арнайы сыйлығы табысталды. Тұңғыш рет 50-ден аса кәсіби музыканттан жасақталған симфония оркестрі құрылды. Мүм­кіндігі шектеулі өнерпаздардың шы­ғармашылығын шыңдауға арналған Инклюзивті театр үйірме жұмысын бастады. Қалалық «Жастар театры» өз алдына кәсіби ұжым болып қайта құрылып, шығармашылығын халыққа ұсынды.

Өткен жылы желтоқсан айында елордада Астана қаласының 25 жыл­дығына орай Қызылорда облысының мәдениет және өнер күндері жоғары деңгейде өткізілді. Халық Сыр өнерпаздарының шығармашылығына ерекше ықыласын білдіріп, оң баға­сын берді. Аймақ басшысының қолдауымен облыстың мәдениет сала­сындағы 13 маман Италия, Белоруссия елдерінде білік­тілігін арттырды. Сонымен қатар облыс әкімінің демеуімен араға 17 жыл салып, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының Алматы қаласында гастроль­дік сапары ұйымдастырылды.

Сырдың жас ақындарының Алматыдағы поэзия күндері өтті, Баба­лар дәстүрін жаңғырту мақсатында «Қоңыр әңгіме» жобасы іске асы­рылды. Облыстың 85 жылдығына орай тарихи деректердің көшірмесін алу мақсатында облыстық архив қызметкерлері Ресей Федерациясы Орынбор біріккен мемлекеттік ар­хивінде зерделеу жұмыстарын жүр­гізді. ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы облыс та­рихына қатысты құжаттардың 2000-нан аса парақ көшірмесі алынды. Оған қоса Сыр өңірінде бірнеше жыл бойы жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижесінде «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ хан­шайымы» реконструкциялары жа­салды.

– Облыс әкімі биыл наурыздан бастап аймақта «Руханият жылы» жарияланатынын айтты. Осы тұр­ғыда жыл аясында қандай ау­қымды жобалар, мәдени шаралар ұйымдастырылады?

– Соңғы екі жылда аймақтың мәдениет пен руханият саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Аймақ басшысы айтқандай, бұл игі іс жал­ғасын табады. Ал биыл Сыр өңірінде «Руханият жылы» деп жарияланды. Ол наурыз айынан бастау алады.

Аталған жыл аясында тек мәдени-көпшілік шаралар ғана емес, ауқым­ды жобалар да жүзеге асырылады. Атап өтсек, 7 ауданда типтік үлгідегі «Руханият орталықтары» (архив, кітапхана, музей, неке қию залы, ардагерлер кеңесі, аналар кеңесі, жастар орталығы) салынады, елді мекендерде мәдени-спорттық кешен ғимаратының жобасы әзірленуде.

Қызылорда қаласының сол жаға­лауынан тарихи-өлкетану музейінің құрылысы басталады. Сонымен қатар Әйтеке бидің 380 жылдығына арналған «Әділ сөздің алдаспаны» атты тұңғыш республикалық командалық айтыс өткізіледі деп жоспарлануда. Осы жылдың 17-19 сәуір күндері Алматы қаласында Қызылорда облысының өнер күндері өтеді. Ал 21 мамыр мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай  «Тұран» облыстық шығармашылық фестивалін өткізу және облыс әкімінің мәдениет және әдебиет өкілдеріне арналған арнайы «Тұран» сыйлығын табыстау, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Таймановтың шығармашылығына ар­налған «Сыр Ана» республикалық әншілер конкурсы, Байқоңыр қаласында мемлекеттік және ұлттық мерекелерді өткізу, Ұлттық домбыра күніне арналған республикалық күйшілер байқауы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мәдина Ералиеваның 70 жылдығына арналған «Ақбаян» республикалық ән­шілер конкурсы, «Қылқаламда мәң­гілік ел бейнесі» халықаралық сурет­шілер симпозиумы, дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Астана қаласында өтетін «Көшпенділер ға­ламы» этноауылында өнер ұжымдары мен жеке орындаушылардың концерті және облыс тарихына арналған көрме ұйымдастырылады.

«Түгіскен көсемі» және «Жетіасар ақсүйек әйелі» тарихи реконструк­циялары жасалып, Ұлттық музейде Сыр өңірінің тарихи жәдігерлерінің бір апталық көрмесі өткізіледі деп көзделуде. Оған қоса облыстың мәдениет үйлері мен клубтарда «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы жобасы жүзеге асырылуда.

Айта кету керек, былтыр ақындыққа бейімі бар балаларды айтыс өнеріне баулу, шыңдау мақсатында өңірімізде тұңғыш рет «Айтыс олимпиадасы» облыстық балалар мен жасөспірімдер айтысы өткізілген болатын. Бұл бас­тама биыл да жалғасатын табады. Осы жылы Қызылорда облыстық филармониясының өнер ұжымдарына және жеке орындаушыларға концерт­тік, ұлттық костюмдер тіктіріледі. Биыл да аймақ басшысының қолдауымен облыстық мәдениет ұйымдарындағы 25 маман Италия мемлекеті мен Алматы, Астана қалаларында шеберлік біліктіліктерін арттырады.

– Биыл облыста тағы да жаңа орталықтар халық игілігіне беріл­мекші. Осы жағын айтып өтсеңіз…

– Аймақ басшысының бастамасымен 1000 орындық «Өнер» орталығының құрылысы аяқталды. Бірақ ол нау­рыз айында пайдалануға беріледі. Аталған шараға елімізге белгілі өнер қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысады деп жоспарлануда.

Биыл Қызылорда облыстық фи­лармония жанынан «Жыраулар үйі» құрылды. Жыраулар үйінде «Сыр сүлейлері» музейлік экспозициясы жасақталады. Жыршы-жыраулардың шы­ғармашылық жыр кештері өткізіледі.  Сыр сүлейлерінің мұралары зерттеліп, насихаттауға мүмкіндік жасалады.

– Жалпы басқарма басшысы ретінде айтсаңыз, мәдениет саласын­дағы басты жаңалық қандай болмақ?

– Қазіргі таңда жаңадан қолға алынған «Адал адам мәдени-тәрбие беру» жобасы аясында облыс көлеміндегі 171 мәдениет үйі мен клуб­тардан креативті хабтар ашылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.Сондай-ақ  «Анаға тағзым» орталығы креативті хаб бағытына қарай жұмыс істеуде. Өңірімізде креативті индустрияны дамыту мақсатында 19-23 ақпан аралығында «Брендке бір қадам» қолөнерші кәсіпкерлердің сауда көрмелері өткізілуде.

Облыстағы креативті индустрия өкілдерінің базасы жинақталып, креа­тивщиктермен бас қосулар, талқы­лаулар ұйымдастырылуда. Оның жұ­мыстарын жүзеге асыру мақсатында облыс әкімінің Қызылорда облысының 2024-2025 жылдарға арналған креативті индустриялар саласындағы іс-шаралар жоспары бекітілді.

Облыс бойынша шығармашылық креативті индустрияның 5 бағыты нақ­тыланды. Олар: креативті хабтар ашу, музейлер қызметі бойынша жергілікті қылқалам және қолөнер шеберлерінің шығармашылығын дамыту, кітапхана қызметін, оқу залдарын және коворкинг орталықтарын пайдалану, жергілікті қолөнер шеберлерінің бұйымдарын жасау, сату, көрме-жәрмеңкелерін ұйымдастыру, тарихи орындар мен ғимараттарға, көрікті жерлерге туристік қызмет көрсету бағыттары болмақ. Жалпы мәдениет саласындағы әрбір шаралар, жобалар жыл артқан сайын елдің рухын көтеретіндей жаңашылдық бағытқа бет бұруы керек.

– Сұхбатыңызға рақмет!

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: