Өнер құдірет болса, дирижерлік классикалық өнердің шыңы деуге болады. Жұмбақ әлеммен сырласып, бірнеше аспаптың үнін бір арнаға тоғыстырып, ғаламат әуенмен адам жанын тербейтін әлемдік туындыларды көрерменге жеткізу – дирижердің мықтылығы. Сиқырлы таяқшамен әуеде сурет салатын дирижер кәсіби шебер болса, адам жанын баурап алып, қалың көрерменнің құрметіне бөленіп, әр концертінде ду қол шапалақпен күтіп алып, шығарып салады. Өнер адамы үшін бұдан асқан қуаныш пен бақыт болмайды. Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері – Мүсілім Әмзе осындай тарлан талант иесі. Бойындағы сан өнерімен көпшілікті тәнті еткен кәсіби өнер шеберімен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Мүсілім мырза, классикалық музыка өнерінде Ахмет Жұбанов бастаған дирижерлер шоғырын бүгінде өзіңіз жалғастырып келе сіз. Өнер жолындағы өрелі тұстарды айтып, әдемі әңгіме өрбітсек…
– Қысқаша баяндасам, Қызылорда музыка училищесінің, сосын Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегімін. Алматыдағы айтулы өнер ұжымдарында еңбек еттім, түрлі деңгейдегі білім ордаларында сабақ бердім. Әлемнің әйгілі бірнеше сахнасында өнер көрсеттім, тәжірибе алдым. Өнер жолында тәлім алар көптеген жақсы адам жолықты. Қазір Қызылорда облысында ашылғанына жыл толған симфония оркестріне жетекшілік етем. Қазанғап атындағы Қызылорда жоғары музыка колледжінің басшысымын.
– Музыка тарихының ғылыми деректерін, әсіресе, дирижерлердің еңбегін жинап, елге танытқан ғалымдар көп емес. Соның бірі өзіңізсіз. Қазір де зерттеумен айналысасыз ба?
– Консерватория докторантурасында оқып жүргенде зерттеу жұмысымен айналысып, «Қазақстанның дирижерлік өнері: қалыптасу тарихы мен даму кезеңдері» тақырыбында докторлық диссертация жазып, 2022 жылы сәтті қорғадым. Қазақстан дирижерлік өнерінде айшықты із қалдырған 33 дирижердің мұрасы жарыққа шықты. Докторант кезімде алғашқы қазақ дирижерлерінің бірі, аты ұмыт болуға шақ қалған, қазақ оркестрімен алғаш рет үш күйді грампластинкаға жаздырған сырбойылық Мәлік Жаппасбаевтың атын жаңғыртып, «Мәлік Жаппасбаевтың музыка мұрасы» атты оқу құралы баспадан шықты. Қазір де дирижерлерге қатысты сирек материалды жинап жүргенім болмаса, түгелдей зерттеу жұмысымен айналысамын деп айта алмаймын. Жұмыс көптігінен уақыт бола бермейді. Осы жылы аталған еңбекті монография ретінде кітап етіп бастыра алсам, басты жұмыстың бірі болар еді.
– Дирижерлік өнердің құпиясы қандай? Бірнеше музыканың әуенін бір арнаға тоғыстырып, туындыны көрерменге паш ету оңай шаруа емес секілді…
– Әрбір мамандықтың өзіне тән қиындығы болады. Айтарлықтай аса құпия жоқ. Осы салаға өміріңді арнасаң, жаныңды берердей жақсы көрсең, жұмысыңа қажет табандылық болса, жетістіктің ауылы алыс емес. Бұдан бөлек, есте сақтау, ести білетін, жадыңда тоқи алатын табиғи қабілет болуы керек. Дирижерге қойылар талаптың үдесінен шыға білу үшін де жылдар бойы тер төгуге тура келеді.
– Сыр өңіріндегі күйшілердің тарихын зерттеп көрдіңіз бе? Жалпы тек күйшілік емес, әншілік өнерді де жоқтаушылар қатарындасыз. Ұлттық өнердің жанашыры ретіндегі еңбектеріңіз жарық көрген болар?
– Музыкант ретінде күйші, әнші мұрасына бейжай қарай алмаймын. Кезіккен жерде сирек кездесетін қызық та құнды мәліметті тастамаймын. Сыр бойы күйшілік өнері туралы алғашқы зерттеу еңбекте жарық көрген күйлердің бірқатарын нотаға түсіріп, (Б. Жүсіпов «Жиделібайсын күйлері», Алматы, 2000) қол ұшын бергенім бар. Сол кезде Сыр өңірі күйшілерінің мұрасымен жақын таныса түстім. Күйшілерге қатысты баспасөзде бірнеше ғылыми-танымдық мақала жазғаным болмаса, әзірге бас-аяғы бүтін еңбек жазған жоқпын.
– Дирижер барлық шығарманы орындауға міндетті ме?
– Әдетте, концерт кестесі мен бағдарламасы бас дирижердің құзіретінде дегенмен, кейде орындауға міндетті шығармалар мен концерттер болады. Жалпы алғанда, дирижер де өзге музыканттар секілді орындаушы ғой, тақырыпқа немесе ситуацияға байланысты сахнаға шығуға тура келеді. Сол шығарманы ұнатпауың мүмкін, бірақ тыңдарманға жоғары деңгейде көрсете білуің керек. Міндет деген осы.
– Әлемдік деңгейдегі шығарманы орындау қиын екені белгілі. Өзіңізге талап қойып, оркестрдегі әріптестерді ширатып алатын кездер бола ма?
– Әрине, ішіңдегі көркемдік талап деген нәрсе бар. Тартқан күйің, айтқан әнің жетер жеріне жетпей тұрса, несіне жетіскендейсің? Сол үшін барыңды саласың. Басқа ұжым сияқты, оркестр де тірі организм. Талап етесің, ұрысасың, мақтайсың, ренжисің, айналып-толғанасың, бәлкім, жұмыстан босатуың да… Осының барлығын жақсы концерттің әсері жуып-шайып кетеді.
– Өзіңіздің туындыңыз бар ма?
– Дирижер жаңа шығарманың премьерасын әзірлегенде автормен бірдей қызмет атқарады. Сондықтан болар, Қазақстан композиторлар одағына дирижерлерді де мүше ретінде қабылдайды. Оркестрге өңдеп жазған бірен-саран шығарма болмаса, авторлық туынды жазған емеспін. Жазғым келеді, жұрт тыңдағанда көзіне жас алатын шығарманы, тыңдағанда естен кетпес туындыны… әзірге арман ғана. Уақыт көрсетер, келешекке жоспар көп, сәті келгенде жүректі жарып шығатын шығар деп үміттенемін.
– 2023 жылы симфония оркестрінің ашылуына орай, Алматыдан Қызылордаға көшіп келгеніңізден хабардармыз. Өнер адамдары әдетте үлкен қаладан келе қоймайтыны белгілі. Әсеріңіз қалай?
– Соңғы жылдары Сыр өңірінің мәдени өмірінде көптеген жақсы жаңалық болып жатыр. Соның бірі симфония оркестрінің ашылуы екені сөзсіз. Аймақ басшысының тікелей қолдауымен оркестрге қажет дүниенің барлығы алынды. Жаңа концерт залына кірдік. Оркестрге қойылар талап та жоғары. Жас оркестр екен деп аяп жатқан ешкім жоқ. Ашылғалы ірілі-ұсақты 20 шақты концерт қойдық. Осылай тәжірибе жинап, кәсіби тұрғыда жетіле түсеміз.
– Сіз Сыр өңіріне қадам басқалы сүйінші жаңалықтар елді қуантуда. Ел таңдай қаққан Өнер орталығы ашылып, жан-жақтан танымал музыканттар келген. Фортепиано музыкасы кеші көрермендерді бір серпілтіп тастаса, Астана мен Алматы қаласында облыстың өнері мен мәдениет күндері жоғары деңгейде өтті. Жақында Қазақстанның халық әртісі, академик Айман Мұсақожаеваның шығармашылық кешін тамашаладық. Игілікті жұмыста өзіңіздің қолтаңбаңыз бар. Қызылордалықтарды қуантатын тағы қандай жоспарларыңыз бар?
– Қазақстанның Астана, Алматы, Талдықорған, Шымкент тәрізді түрлі қаласынан көшіп келген бірнеше музыкант баспаналы болды. Олар Қазанғап атындағы Қызылорда жоғары музыка колледжінде ұстаздық қызмет атқарады. Алдағы уақытта тағы бірнеше маман көшіп келуге ниет білдіріп отыр.
Сыр сахнасында оркестр сүйемелімен Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Нұржамал Үсенбаева, есімі елге белгілі скрипкашы Айман Мұсақожаева, композитор Төлеген Мұхамеджанов, скрипкашы Еркебұлан Сапарбаев, пианист Саиддин Балтабайдың шығармашылық кеші өтті. Әзірбайжан композиторы Узеир Гаджибековтың «Аршин мал алан» опереттасының премьерасын қойдық. Астана мен Алматы қаласына өнер сапарын ұйымдастырық. Ақпан айында композитор Артық Тоқсанбайдың концертін дайындап жатырмыз. Қазір Қызылорда симфония оркестрімен өнер көрсеткісі келетін өнерпаздар жеткілікті. Мамыр айында Қазақстан композиторлар одағының фестиваль-форумын жоспарлап, арнайы жазылған жаңа шығармалардың тұсауы кесілмек. Әзірге айтуға тұрарлық жобалар осы ғана.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!