Кейінгі жылдары елдегі несие саясатына бақылау күшейді. Құқықтық қадағалау, қаржылық қағидалар өзгеріп, халықтың несие жүктемесін азайтуға бағыттаған бастамаларды көріп жүрміз. Биыл да өзгеріс жалғасын тауып, алғашқы қадамды Президенттің өзі жасады. Анығы, 19 маусымда «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Бұл құжат интернет алаяқтардың жолын кесу, азаматтардың құқын қорғау, борышкерлерді азайту секілді әлеуметтік мәселерді шешуге бағытталмақ. Тақырыпты тарқатып көрелік.
Алаяқтық азая ма?
Бүгінде алаяқтар түрі айла қолданып, қазақстандықтар¬ды алдап жүр. Қазақстандықтар деп бөле сөйлеудің жөні бар. Себебі ғаламтор мен ұялы байланыс арқылы елді арбап жүргендер¬дің дені – шетелдіктер. Олар екінші деңгейлі банктер¬дің атын жамылып, құрбанына қолға тимейтін қаржыны несиеге рәсімдеуге үндейді. Осылайша, қылмыскер адамдардың жек ақпаратқа қол жеткізе отырып, олардың банктік шотынан ақша алуды әдетке айналдырған. Өткен жылдың өзінде осы мәндес 2 мыңға жуық қылмыс тіркеліпті.
Олқылық күн тәртібіне көтерілгелі заңгерлер мен сала мамандары түрлі шешім ұсынды. Соның бірі жаңа заңда көрініс тапқанын байқауға болады. Аталған заң талабына сәйкес, мұндай жағдайда банк немесе микроқаржы ұйымы зардап шеккен азаматтың бүлінген кредиттік тарихын тазалап беруге міндеттеледі. Алдымен клиенттен банктік қарызы бойынша берешекті өндіріп алуды доғарады. Кейін зардап шегушінің үстінен сотқа талап-арыз беру жұмысын тоқтатады. Соңғысы, банктік қарыз бойынша берешегі бар деген жазбаларды жою арқылы клиенттің кредиттік бюролардағы кредиттік тарихына оң өзгеріс енгізеді. Тек жәбір¬ленушінің қолында құқық қорғау органдарының арнайы анықтамасы болуы шарт. Бәрі заң аясында жүзеге асса, 3 күн ішінде мәселеге нүкте қойылмақ.
«Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап, алаяқтардың ықпалымен рәсімделгенін дәлелдейтін сот актілері бар берешектер тегіс кешіріледі. Алаяқтық әрекеттерге жол бермеу үшін онлайн қарыздар бойынша міндетті түрде биометриялық сәйкестендіру енгізілді. Бұған дейін кредиттік бюрода азамат¬тардың несие алудан ерікті түрде бас тартқаны туралы мәлімет болған жағдайда қарыз беруге тыйым салынған еді. Осы заңда аталған тыйымды бұза отырып берілген қарыздар бойынша берешекті қаржы институттарының кешіру талабы енгізілді. Бірақ бұл тыйым ломбардтар берген микрокредиттерге таралмайды», – деп түсіндірді Ақорда.
Таяуда бұл заңға қатысты Үкімет басшысы Олжас Бектенов депутаттарға жазбаша түсініктеме берген болатын. Оның айтуынша, кредиттерді рәсімдеуге байланысты алаяқтық қылмыстардың жолын кесу мақсатында ІІМ Бас прокуратурамен, Ұлттық банкпен, Қаржылық мониторинг агенттігімен, Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп, тұрақты негізде талдау жұмыстарын жүргізуде.
«Соның негізінде жүйелі шаралар, заңнамалық түзетулер қабылданып жатыр. Мысалға, Қаржы нарығын реттеу агенттігі әзірлеген, «кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру» мәселелеріне арналған жаңа заң биыл күшіне енеді. Оған сәйкес, егер кредит клиенттің қатысуынсыз, алаяқтық жолмен рәсімделгені анықталса және тиісті сот шешімі заңды күшіне енсе, мұндай жағдайда қаржы ұйымы клиенттен қарызды өтеуді талап етуін доғарады және клиентке келтірілген шығынды өтейді», – деді Премьер-министр.
Есте болса, Үкімет басшысы тақырыпқа қатысты заңнан бөлек қолданылатын шараларды да атап өткен болатын. Әсіресе мемлекеттік құрылымдардың байланыс нөміріне қатысты бірізділік қалыптасатынын жеткізді. Бұл – маңызды әрекет. Өйткені көбі құзырлы органдардың телефон нөмірлерін білмейді әрі осыны пайдаланған алаяқтар прокуратура, ішкі істер органы және басқа құрылымдардың қызметкері болып, көрінген нөмірден қоңырау шалу көбейген.
«Цифрлық даму министрлігі құзырлы органдардың нөмірлерін жасақтайды. Сондай-ақ 2023 жылы еліміздің барлық өңірлерінде «CyberPol» мамандандырылған топтары құрылып, жұмыс істеуде. Жылдың басынан бері олар алаяқтардың 79 миллион теңгені шығарып әкету талаптарын тоқтатып, 50,1 млн теңгені бұғаттады», – деді Үкімет басшысы.
90 күн: жеңілдік пен шектеу
Жасыратыны жоқ, ел азаматтары банктерге белше¬ден қарыз. Несие көлемі жылдан-жылға артып, 17 триллион 800 миллиард теңгеге жетті. Бір триллионға жуық несие бойын¬ша төлем 90 күннен кешіктірілген. Қарызға батқан халықты құтқарудың жолын іздеу, борыштық жүктемені азайту тақырыбының көтерілетіні де сондықтан. Бұдан әрі жалғасса, әлеуметтік мәселе тығырыққа тірелмек.
Шешімнің бір тармағы жаңа заңда жатыр. Енді елімізде несие беру тәртібі өзгеріп, шарттары қатаңдайды. Мәселен, банк алдындағы берешегін 90 күннен кешіктіргендер қайта қарыз ала алмайды. Сондай-ақ банктер мен микроқаржы ұйымдары жаңадан ғана емес, сонымен қатар заң қабылданғанға дейін берілген барлық өтелмеген тұтынушылық несие 90 күн өтелмесе, сыйақы бермейді.
Күшіне енген құжатта өзгеріс көп. Мысалы, әскери қызметшілер мерзімді қызметін өткеру кезінде және демобилизациядан кейін 60 күн ішінде алған қарызына сыйақы есептеуден босатылады. Кәмелетке толмаған бала¬лары бар отбасыларды және I, II топтағы мүгедектігі бар адамдарды жылыту маусымында жалғыз баспанасынан мәж¬бүрлеп шығаруға тыйым салынады. Берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қабылдаған кезде қарыз алушының банктік шотында қалуға тиіс ақшасы ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінде болуы керек. 20 айлық есептік көрсеткішке дейінгі әкімшілік айыппұлдарды және салық берешегін өндіріп алу кезінде оңайлатылған іс жүргізу тәртібі енгізілді. Істі әділет органдары автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы жүргізеді.
– Тежеу болады. Себебі адамдар өздерінің кредит¬тік тарихын бұзып аламыз ба деген уайым, қорқыныш бар. Сондықтан да адамдар несиені шынымен керек мақсатқа алуға бағытталған мәдениет қалыптасады. Несие алудың өзі мәдениет, – деді мәжіліс депутаты Самат Нұртаза.
Несие алу үшін жұбайының келісімі керек пе?
Бұл мәселе 24 шілдеге дейін халық талқысына түседі. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жұбайының келісімі қажет болатын несиенің немесе шағын несиенің ең төменгі мөлшерін бекіту және келісімді алу қағидалары туралы қаулы жобасын әзірледі. Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланған.
«Республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген мың еселенген АЕК мөлшерінде банктік қарыз немесе микрокредит алуға жұбайының келісімі қажет болатын тұтынушылық банктік қарыздың немесе тұтынушылық микрокредиттің ең төменгі мөлшері бекітілсін, – деп жазылған құжат жобасында.
Яғни несие сомасы 3692000 теңгеге тең немесе одан асса, күйеуінің немесе әйелінің келісімі қажет болады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі түсіндіргендей, кредит берерде отбасының бұған дейін алған және төлеп жатқан қарыздары ескеріледі. Мәселен, ерлі-зайыптының 500 АЕК (1846000 теңге) несиесі болса, күйеуі банктен тағы 500 АЕК несие алғысы келсе, онда міндетті түрде әйелі оған өз келісімін беруі қажет.
Банк жеке тұлғаға кредит беру туралы шешім қабылдаған¬нан кейін азаматтық хал актілерінің ақпараттық жүйесі арқылы оның жұбайы туралы ақпаратты тексереді. Кейін жұбайының келісімі жазбаша немесе электронды түрде бекітіледі.
Жаңадан енгізілген өзгерістің негізгі мақсаты – несие алған кезде ерлі-зайыптылардың дұрыс шешім қабылдауына мүмкіндік беру. Бұл – жаңа өзгеріс. Мамандар бұл өзгеріс елдегі берешек көлеміне ықпал тигізеді деген пікірде. Сондай-ақ заңға енгізілген түзетулерге қатысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов БАҚ-қа түсініктеме берген болатын.
– Біріншіден, сенатор, Сергей Карплюк айтқандай, (несие¬нің сомасын) нормативтік құқықтық акті аясында 1 мың АЕК (1 АЕК – 3692 теңге) деңгейінде болуы керек деп анықтадық. Бұл – шамамен 3,7 млн теңге. Біздің ойымызша, бұл сома қандай да бір шұғыл қажеттілік¬ті жабуға жетеді. Оның ішінде медициналық көмек мәселесі де бар.
Екіншіден, 1 мың АЕК-ті неге көрсеттік? Салық кодексі аясында 2025 жылдан бастап «Қазақстанның барлық азаматы 1 мың айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асатын активін табыс декларациясында көрсетуі керек» деген норма күшіне енеді. Оның ішінде шетелдік банктердегі есепшоттарда сақталған қаржы да бар. 1 мың АЕК міндетті түрде декларацияда көрсетілуі керек. Келісім (несиенің сомасы) 1 мың АЕК-тен (3,7 млн теңге) асқанда керек», – деді маман
Айта кетейік, жаңа жоба қоғамдық талқылау үшін «Ашық заңды тұлғалар» порталында орналастырылған. Қабылданса, ережелер биылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді.
Енді коллектор мазаламайды
Банкке берешегі бардың «жауына» айналған қызметкер – коллектор. Орынсыз мазалап, қарызды қайтаруды талап ететін маманнан мезі болғандар қаншама. Тіпті жаға жыртысып, арты қылмыстық оқиғаға ұласқан жайттар көбейді. Сондықтан жаңа заңның жәрдемі бұл тақырыпқа да тиген тәрізді. Олай дейтініміз, шілдеден бастап мораторий енгізілді. Енді 2026 жылғы 1 мамырға дейін банктер мен микроқаржы ұйымдарына азаматтардың қарызын коллекторлық агенттіктерге беруге тыйым салынды. Ал мораторий аяқталған соң, яғни 2026 жылдың мамырынан бастап жеке тұлғалардың берешектерін коллекторлық агенттіктерге сату шарттары қатаңдатылады.
Заңдағы бұл өзгерісті 15 жылдық тәжірибесі бар заңгер Толағай Сағынтаевтан сұраған болатынбыз. Маманның айтуынша, коллекторлық компанияға мороторий жариялануы мәселені толық шешпейді. Коллекторлар қарызды қайтарудың балама жолын табуы мүмкін екен.
«Коллекторлар проблемалық кредиттерді сатып алмай-ақ өндіріп алуды жалғастыра алады. Кредиттер осы кезең ішінде проблемалық қарыз алушылармен жұмыс істеуге жауапты банктер мен МҚҰ-да қалады. 2026 жылғы 1 мамырдан бастап, коллекторларға, егер мерзімі өткен берешек уақыты екі жылдан асқан жағдайда ғана азаматтардың кредиттері берілетін болады. Егер адам кредит үшін төлем бойынша 90 күннен астам төлем мерзімін өткізіп алса, онда мұндай кредит бойынша банктер мен МҚҰ екі жыл ішінде коллекторлық агенттіктерге беруге, сатуға құқығы болмайды.
Алайда ескеретін жайт, бұл 2 жыл несие қарызын бермеуге болады деген сөз емес. Ол қате ұғым деп ойлаймын. Заңдық тұрғыда қарызды қайтарудың жолы көп. Сондықтан жауапкершіліктен қашу орынсыз», – деп түсіндірді заңгер.
Сондай-ақ егер банк және микроқаржы омбудсмендері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын борышкердің шағымын қарап жатса, сол мерзім ішінде ол адамның кепілге қойған жылжымайтын мүлкін тартып алуға тыйым салынады. Тек шағым қарау аяқталған соң алуына құқылы. Сарапшылар сөзінше, мораторий проблемалық берешек деңгейін және проблемалық қарыз алушылар санын азайтуға мүмкіндік береді.
Кінә халықта ма?
Осы орайда, мәселенің бір шеті шығады. Елде азаматтардың қарыз мөлшері мен кіріс деңгейі арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Коллекторлық агенттіктерге берілген қарыздарды талдасақ, 854 мың қарыз алушының 90 пайызы 1 млн теңгеге дейінгі, яғни 3 орташа айлық жалақы көлемінде берешегі бар. Бірақ соған қарамастан, бұл азаматтар өз несиелерін жаппаған. Неліктен? Халықтың қаржылық сауатсыздығы ма, әлде статистикада қате бар ма? Шамасы, екі нұсқа да қисынға келетіндей.
Әрине, табысы несиені үш бөліп-ақ жабуға жететін адам айлап жүрмесе керек деген ой қылаң берері анық. Алайда мына дерекке назар аударайық. Қазақстандағы Қаржы нарығын реттеу агенттігінің зерттеуінше, 2023 жылы елдегі қаржылық сауаттылық индексі 40,5%-ды құраған. Респонденттердің тек 30,2%-ы қаржылық мәселелерде өз бетінше шешім қабылдай алатынын көрсеткен. Демек, жоғарыдағы статистикалық көрсеткіштер халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша жүйелі жұмыс қажеттігін көрсетеді.
Таяуда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, қазір азаматтардың екі және одан да көп несиесі барын мәлімдеді. Салыстырар болсақ, былтыр 9 млн қарыз алушымен 19 млн кредиттік шарт жасалған. Яғни 1,5 миллионнан астам адам 3 немесе одан да көп несие алған деген сөз. Оның 1,3 миллионы екінші деңгейлі банктерге тиесілі. Демек, халықтың қаржылық жоспарында шикілік сезіледі.
Табыс көлеміне қатысты статистикаға келсек. Бүгінде орташа жалақы мөлшері анық. Экономикалық есепке салсақ, қарызсыз өмір сүруге жетуі керек. Бірақ іс кейін кетіп тұр. Неліктен? Неге халықтың төлем қабілеті нашар?
Бүгінде халықтың төлем қабілетін бағалау 12 критерий бойынша жүзеге асырылады. Оның ішінде банк аударымдары, жалақы мөлшері секілді статистика ескеріледі. Мұнда да бәрі орнында. Демек, төлем қабілетіне әсер етіп отырған өзге экономикалық тетік бар. Мамандар мұны инфляция деңгейінен көреді.
Соңғы жылдары халық табысын тым құнсыздандырып жіберді. Табыс өсті, бірақ бәрінде емес. Бір қарағанда, бәрі дұрыс сияқты көрінгенімен, кіріс бойынша теңсіздік күшейді. Ел ішінде мемлекеттік бағдарламалар инфляцияны жоғарылатып жіберді. Әсіресе, жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар, зейнетақы қаржысын тарату, тұтынушылық несиелердің кешірілуі, мемлекеттік шығындардың көбеюі себеп болып отыр. Ал жоғарғы инфляция өз кезегінде бизнес үшін де, халық үшін де жоғары мөлшерлемеге ықпал ететінін білеміз.
P.S. Мойындау керек, жаңа заңда жәрдем бар. Алайда халықтың қарыз қамытынан босауы тек мемлекеттің қолында емес, азаматтардың қаржылық сауаты мен ұзақмерзімді жоспарына тәуелді екенін түсінсек…
Ерсін Шамшадин
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!