Қорқыт Ата атындағы университеттің OPEN SPACE кітапханасында «Әлемді ғылым құтқарады» атты ғылым айы іс-шарасы аясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия докторы(PhD), қауымдастырылған профессор Мүсілім Әмзенің «Қазақстанның дирижерлік өнері» монографиялық еңбегінің тұсаукесер рәсімі өтті. Тағылымды шараға өңірімізге белгілі ғалымдар мен өнер қайраткерлері қатысты.
Айта кетейік, жалпы дирижерлік өнердің ғылыми зерттелуі кемшін қалғаны рас. Көбінде ғылыми еңбектер орыс тілінде жарық көрген. Осы олқылықтың орнын толтыратын бұл монография еліміздегі дирижерлік өнер тарихына қосылған елеулі еңбек.
География ғылымдарының кандидаты, доцент, университеттің бас редакторы Қали Омаров бұл монографиялық еңбектің әсіресе өнер өкілдері, дирижерлік салада жүрген кәсіби мамандар мен студенттер үшін, жалпы оқырман үшін олжалы туынды екенін тілге тиек етті.
– Сілтемеге қарасаңыз, 200-ге жуық әдебиеттер мен архивтік материалдарды пайдаланған. Шығармашылық қызметпен қатар архивті аралап, жүйелі еңбек жасаған. Менің байқағаным, кітаптың зерттеуіндегі 3-ші кезең 2010 жылмен аяқталып тұр екен. Қалған жылдар 1 монографияға жүк болады деп ойлаймын. Бүгінгі 336 беттік монографияға қыруар мақаланы сыйғызған. Стилі қатып қалған ғылыми емес, публицистикалық стилмен еркін жазылған. Жаңа туынды қалың оқырманның көзайымына айналсын, – деді ол.
Мұнан соң сөз алған «Қоғамдық келісім» мекемесінің директорының орынбасары Асылбек Теңелұлы, Қорқыт ата атындағы университеттің «Дәстүрлі музыка өнері және хореография» білім беру бағдарламасының профессоры, белгілі дирижер Кеулімжай Ботабаев, дирижерлер Гүлдәрі Ізбанова, Мақсат Мұхамеджанов, Руслан Балмасов монография туралы пікірін білдірді.
Шынында, автор дирижерлік саланың тарихи бастауы, алғышарты, қалыптасуы мен даму жолын терең зерделеп, оның өнер әлеміндегі рөлі, кәсіби құзіретіне көркем құбылыс ретінде арнайы назар аударған.
Бұл туынды облыстық симфония оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Мүсілім Әмзенің екінші зерттеу жұмысы. Бұған дейін автордың «Мәлік Жаппасбаевтың музыка мұрасы» атты оқу құралы жарық көрген болатын.
Кеш соңы әйгілі дирижер-композиторлар Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Нұрғиса Тілендиев және Қапан Мусиннің ән-күйіне ұласты.
Гауһар Қожахметова
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!