Балалар – еліміздің жарқын болашағы. Бірақ олардың барлығы жарқырап емес, кейбірі жылап, енді бірі алдағы өмірінің қалай болатынына жабырқап жүр. Себебі олар – зорлық-зомбылықты көрген балғындар. Иә, соңғы кездері тек балалар үйінің тәрбиеленушілері ғана емес, қарапайым отбасы балалары да зорлық көруде. Оған қоса қоғамда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа жол бермеу жөніндегі талап-тілектер жиіледі. Оған себеп болған оқиғалар осы мәселеге жіті назар аударуды қажет етіп отыр.
«Алапаты қайтқан, тарих сахнасынан, санаттан кетіп, құлдыққа түскен елдің еркектері қатын сабағыш болады. Осылайша мемлекетті ұстап тұрған алтын діңгек – отбасы күйрейді. Мұндай шаңырақта дүниеге келген бала не көріп өседі? Сиықсыз, қораш өмір, ақылсыз әке, бейшара ана. Ақырында көңілі тапталған бала басқаның асылын таптап өседі» деген екен жазушы Таласбек Әсемқұлов. Өкінішке қарай әйелдерді күнге емес, күңге теңейтін адамдар кездесетіні жасырын емес. Оған дәлел – сайраған статистика. БҰҰ мәліметіне сәйкес, жыл сайын күйеуінің не серігінің қолынан қаза табатын қазақстандық әйелдердің саны жүздеп саналады, оның ішінде қате тиген таяқтың салдарынан сал болып қалғандар да аз емес. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваның мәліметіне сүйенсек, былтыр елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 7 бала қаза тапқан, балаларға карсы 2452 қылмыс жасалған.
Негізі қарап отырсаңыз, көбіне зардап тартатын – әйелдер мен балалар. Соған орай жақында Мәжіліс әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулердің жаңа пакетін дайындады. ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтің жетекшілігімен заң жобаларының таныстырылымы өтті.
Заң жобалары Мемлекет басшысының жолдауын жүзеге асыру мақсатымен әзірленіп, әйелдер мен балалар құқықтары және заңды мүдделерін қорғау шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл заң жобасының авторлары – Мәжіліс депутаттары Асхат Аймағамбетов, Елнұр Бейсенбаев, Дания Еспаева және Жұлдыз Сүлейменова.
Аймағамбетов
ашығын айтты
Осы заң жобасына байланысты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желілерге өз ойын ашық жазды.
– Енді ұрып-соғудың бәрі қылмысқа жатады. Жауапкершілік қатаң болады. Сәбилерді өлтіргендер мен педофилдер Қазақстандағы ең ауыр жазаға тартылады.
Криминализация дегенде, ол тек қана әйелдерге қатысты норма емес екенін айтуымыз керек. Жалпы енді бір адам екінші адамды ұрып-соқса немесе денсаулығына жеңіл зиян келтірсе, оның жазасы әлдеқайда қатаң жауапкершілікке Қылмыстық кодекс шеңберінде қарастырылатын болады. Бұған қоса, ол азамат жұмыс бойынша міндетін атқару кезінде ұрып-соғуға іліксе (мысалы, жедел жәрдемнің жүргізушісі сияқты) онда жаза тіпті одан да қатаң болады.
Сәбилерді өлтіргендер мен педофилдерді өмір бойы бас бостандығынан айыруды да ұсындық. Бұрынғы 20 жылға қамауға қарағанда бұл – қатаң жаза. Осыны оқығанда көп оқырмандарым «ату жазасы болуы керек» деп жазуы мүмкін, бірақ өмір бойы қамаудан қатаң жаза Қазақстанда жоқ.
Балалар үйі мен балаларға арналған интернаттық ұйымдарға алдын-ала ескертпей-ақ, кез келген уақытта оларды тексеру ұсынылды. Оларға арналған жазғы лагерьлерді де лицензиялау туралы ұсыныс бердік.
Суицидті насихаттау үшін («синий кит» естеріңізде шығар) немесе суицидке итермелеу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді де ұсындық, мұндай бұрын болмаған.
Отбасында зорлық-зомбылық жасаған адамдардың агрессивті мінез-құлқын өзгерту үшін сотқа психологиялық көмек көрсетуді міндеттеу уәкілеттілігін беруді ұсындық.
Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға сот шешімі бойынша үш айдан бір жылға дейінгі мерзімге жәбірленушіні іздестіруге, қудалауға, оған баруға, ауызша, телефон арқылы келіссөздер жүргізуге және онымен өзге де тәсілдермен байланысқа түсуге тыйым салынатын ерекше талаптар белгілеу ұсынылып отыр.
Заң жобасында отбасы институтын нығайту бойынша дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғауға, сақтауға, нығайтуға және ілгерілетуге негізделген қағидаттарын бекіту нормалары қарастырылды. Осы заң жобасын даярлау кезінде түрлі ұсыныстар берген қоғамдық палата мүшелеріне, Парламентаризм институтына, бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиеваға алғыс айтамын. Үкіметтің қорытындысының алғашқы жобасы криминализация бойынша нормаларды қолдамау туралы болып еді. Тек қана Мемлекет басшысының нақты әрі айқын позициясының арқасында ол жоба өзгертіліп, бұл бастамалар қорытындыда қолдау тапты, – деп жазды мәжілісмен.
Айуандықпен айналысқан азғындарды аямау қажет
Еліміздің әртүрлі мәселелесін оңтайлы көтеріп жүрген, әлеуметтік желіде белсенді жерлесіміз әрі Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов те назардан тыс қалмады.
– Айтуға ауыз бармайтын, сәбилерді өлтіргендер мен айуандықтың ең сорақы дәрежесін іске асырып жүрген азғын – педофильдерге өмір бойы бас бостандығынан айыру нормасы енгізілді.
Заң жобасы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтуге, суицидтің алдын алуға отбасы институтын нығайтуға, барлық үлгідегі және нысандағы интернаттық ұйымдарды хабардар етпей мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруға, балаларға арнайы әлеуметтік қызметтер және білім беру, сауықтыру қызметтерін көрсететін ұйымдарды міндетті лицензиялауға, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Нақтырақ тоқталсам, балаларға арналған жазғы лагерьлерді де лицензиялау туралы ұсыныс бердік, сондай-ақ ересектер еріп жүрмеген 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған баланы автобустан және өзге де қоғамдық жолаушылар көлігінен мәжбүрлеп түсіргені үшін 5 АЕК айыппұл төленетін болады. Алдағы уақытта Мәжілісте аталған заң жобасы бойынша түзетулер мен пысықтаулар жұмыс тобы аясында жалғасатын болады, – деген ойымен бөлісті.
Қатаң заң тирандарға тұсау бола ала ма?
Осы сұрақ бойынша біз Қазақстандағы мықты заңгердің бірі, оған қоса отбасындағы және жалпы зорлық-зомбылық мәселесінің шешілуіне атсалысып жүрген азамат Бағдат Амандосұлына хабарласқанды жөн көрдік.
– Кейбірі педофилдерге «өлім» жазасын беруі керек деп жатыр. Менің өз ойым, оларға ату жазасын тағайындаудың керегі жоқ. Жалпы біздің заңда ату жазасы жоқ. Болмайды да. Себебі Қазақстан – демократиялық ел. Оған қоса Ата заңымызда да адам өмірі, оның құқығы бірінші орында тұрады.
Түсініп отырмын, балаға қорлық көрсетіп, қинап, зорлаған адамды неге өлтірмеу керек деген сұрақтың да болары белгілі. Бірақ заңгер ретінде айтар болсам, оларды өмір бойы бас бостандығынан айыру қажет. Тек өмір бойы түрмеде жатқызып қана қоймай, қатаң режимді ұсыну керек. Оған қоса ол адамға ең ауыр жұмысты жүктеу қажет. Біз олардың денсаулығын, күш-қуатын ауыр жұмысқа жұмсау арқылы пайдалануға тиіспіз. Міне, заң қатал болса, алдағы уақытта педофилдер қатары азаяды деген ойдамын. Өйткені кім өмір бойы түрмеде жатып, жанын кинап, қара жұмыс істегісі келеді? Себебі түрмедегі өмір – өмір емес. Олар да ойланады.
Жалпы өзім заңгер ретінде осы уақытқа дейін екі педофилге байланысты іс жүргіздім. Біреуі – 16 жылға, екіншісі – 18 жылға темір торға кетті. Ал осы кезде үшінші педофилдің ісін жүргізу үстіндемін, – деді заңгер.
Түрменің аты – түрме
Бағдат Амандосұлы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне де тоқтала кетті.
– Біріншіден, ер адамның басынуы қыз баланың өзіне де байланысты.
Қол ұстасып, дос болып жүрген кезінен: «Маған қол көтерген адамды ешқашан кешіре алмаймын. Бірінші жұдырық тигеннен құзырлы органдарды шақырып, соттатып жіберемін» деп айтуы керек. Егер жігіттің менталитеті өзге болса, осы сөзден-ақ ат ізін салмасы анық. Екіншіден, әйел адам ештеңеден қорықпауы керек. Қол көтерді ме, полиция шақырсын. Полиция, күйеу, ата-ене, қайын жұрт, бала «арызыңды қайтарып ал» деп етектен тартып тұрса да, соңына дейін істі жеткізгені жөн. Еркек он күн түрмеде жатып шыққаннан қылмыскер атана қоймайды. Оның жұмысына кері әсерін тигізбейді.
Бірақ түрменің аты – түрме. Түрменің аурасы бөлек. Темір тордың иісі мұрнына барып, бойын қорқыныш билейтіні анық. Сол кезде ер адамда: «әйеліме қол көтерсем, көретін күнім осы екен ғой» деген ой пайда болады. Одан кейін екінші рет әйеліне қол көтеруі неғайбыл.
Үшіншіден, бізде абьюзерлердің тізімі құрылған база жоқ. Бұл база бізге не үшін қажет? Егер ер адам отбасына әлімжеттік көрсететін азамат болса және оның есім-сойы тізімде тұрса, бұл қол көтерушілер санын едәуір азайтады. Себебі алимент істерінде жалтарып жатқан жағдайда тізімде бар екені анықталса, алимент мәселесі тез шешіледі. Немесе екінші рет үйленетін азаматты болашақ келіншегі тізімде бар-жоқтығына қарай таңдайды.
Төртіншіден, әйел адам құзырлы органдарға қоңырау шалғанда шағымды қабылдап алушы, істі ары қарай жеткізуші – ер адамдар. Мұндай жағдайда ер адамның ер адамға болысатыны айдан анық. Сондықтан бізге тұрмыстық зорлық мәселесіне келгенде бұл іспен әйел полицейлердің айналысқаны жөн.
Одан бөлек, әйел полицеймен бірге психологтың да келгені дұрыс. Өйткені психолог істің қаншалықты насырға шапқанын анықтап, әйелдің психологиялық хал-ахуалына баға береді. Нәтижесінде психологтың арқасында іс сотқа дейін жетуі керек, – деді заңгер.
Жалпы қайткен күнде де бізге қатаң заң ауадай қажет. Мәселен, елімізде көлік жүргізуге келгенде – заң қатал. Ішімдік ішкен жағдайда жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Сондықтан азаматтарымыз ішімдік ішпек түгілі көлікте қымызды да тұтынбауға тырысады. Бұл заңға бар әлеумет бағынуға мәжбүр. Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай: «Тәртіпке бағынған ел – құл болмайды».
«Ату жазасын қолдану қажет дер едім»
Зорлық-зомбылық тәрбиесіздіктен де туындайды. «Тәрбиесіздік – ол адамзаттың қас жауы, тәрбиесіз берілген білім келешекте адам өміріне апат әкеледі» деген болатын ұлы бабамыз Әбу насыр әл-Фараби. Балалар құқығын қорғау – егемен еліміздің асыл құндылығының бірі. Сол үшін өскелең ұрпақтың дұрыс тәрбие алып, қоғамдағы құқықтарының сақталу жолында аянбай еңбек етуі керек. Балаларға қамқорлық жасау, оның абыройы мен құқығын құрметтеу – бұл тек мемлекеттің ғана емес, жекелеген әрбір адамның міндеті. Жалпы бізде балаға да, анаға да бірдей қамқорлық танытып келе жатқан мекеме бар. Ол – Жандос Тұсмағамбетов басқарып отырған тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы.
Қоғамда зорлық-зомбылық мәселесі үлкен әлеуметтік мәселеге айналып отыр. Соған орай облыста 2017 жылы облыс әкімдігі мен облыстық жұмысты үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы құрылып, жұмыс істеп келеді.
– Заң жобасы қаралып жатқанынан хабарым бар. Өте орынды көтеріп жатыр. Оған біздегі әлеуметтік желідегі қоғам белсенділері, депутаттар өз ұсыныстарын білдіруде. Осы орайда біздің орталық ұжымының да өз ұстанымы бар. Зорлық-зомбылық мәселесі – өте өзекті проблемаға айналып отыр. Негізі қазір әрбір қазақстандықтың үштен бірі осы зорлық-зомбылықтың құрбаны болып саналады. Мұны ешкім де жоққа шығара алмайды. Сондықтан заңды күшейтуге барынша атсалысуымыз керек.
Жалпы біздің орталыққа келетін нәзік жандардың көбі – ауылдан. Тіпті арасында әлі орталық жайлы естімегендері қаншама… Әлеуметтік желідегі парақшамыз немесе сенім телефондары арқылы біздің орталыққа келген көмекке мұқтаж жандардың 90%-астамы әйелдер. Әрине, олар өздері ғана емес, балаларымен бірге келеді. Сондай-ақ жыл артқан сайын олардың саны азаяр емес. Қайта орталықты паналаушылар қатары көбеюде. Негізі орталыққа келген адамға алты ай тегін қызмет көрсетіледі. Әрқайсысымен бірнеше бағытта психологиялық-құқықтық тұрғысынан болсын, медициналық жағынан болса да жұмыс жүргізіледі. Олар жетіскеннен келмейді, амалдың жоқтығынан келеді. Айта кету керек, келетін жандардың көпшілігі – зорлық көргендер. Олар қиын жағдайларын жақындарына, ағайындарына айтқанымен ешқандай көмек көрмеген. Сол себепті жылылықты та, қамқорлықты да, құқығын қорғау жолын да осы орталықтан табуда.
Ал педофилдерге байланысты айтар болсам, ату жазасын қолдану керек дер едім. Өзім күнделікті зорлық көрген ана мен баланың жағдайын көріп, осы ортада күресіп жүргендіктен оңай емес екенін білемін. Сондықтан педофилдерді түрмеге отырғызып, мемлекет несіне асырауы қажет? Уақытша жыл берудің керегі жоқ. Неге? Өйткені ол адам бәрібір ол жақтан жақсы болып шықпайды. Сол үйреншікті ісіпен қайта айналысып, басқа адамның тағдырына қиянат жасайды.
Үш жастан былай қарай сәбиден бастап зорлап жатқан адамды адам деуге де келмейді. Елімізде ату жазасы жоқ, әрине. Ең құрығында темір тордың ар жағында өмірінің соңына дейін шығармауды қолға алу қажет. Жалпы айтқанда, заңды күшейту керек, – деді орталық директоры.
Жылаған Жәмиләнің жағдайы
Тегін толық айтудан бас тартқан кейіпкеріміз Қызылорда облысының тұрғыны. Жасы қырыққа жақындаған Жәмилә бес баланың анасы. Жастайынан өгей әкенің құқайын көрген ол тұрмысқа ерте шығады. Үйдегі қорлықтан құтылдым дегенімен, некедегі жолдасы ішіп келіп, Жәмиләға өгей әкесін есіне түсіріп, қол жұмсайтын болған. Ол өзінің басынан өткенін айтып беруден бас тартпады. Көзіне еріксіз жас келсе де әңгімесін өрбіте түсті.
– Зорлықты мен алғаш рет он бес жасымда көрдім. Негізі өгей әке ешқашан жақын болмайды. Көбіне далада қонатынмын. Себебі де белгілі, екінші әкемнің көзіне түспес үшін… Анам мені туғанымен, маған жаны ашымайтын. Екінші күйеуінің сөзін сөйлеп, соны жақтайтын. Қазір анам бақилық болды. Ал ана кісі тағы бір қызға зорлық көрсетіп, түрмеде жатыр деп естідім. Содан құтылу үшін тұрмысқа да ерте шықтым.
Күйеуіме басында-ақ бәрін жасырмай айтқанды жөн көрдім. Түсінген сыңай танытты. Одан кейін дүниеге баламыз келді. Ол кезде де отбасылық өмір тыныш өтіп жатты. Бірақ кейіннен жолдасым ішіп келіп, менің зорлық көргенімді бетіме басатын болды. Одан қол жұмсай бастады. Өзімді кінәлі сезініп, үндемейтінмін. Еркекпен ерегіспей, үнсіз жеңемін деп ойлап келдім. Бірақ олай болмайды.
Бір күні мас күйінде келіп, маған өгей әкемнің жасаған зорлығын көрсеткісі келді. Үйден қашып, көршілерге барып, жасырынған сәттер болды. Бұл жағдай одан кейін бірнеше рет қайталанды. Адам болмайтынын түсіндім, бес баламмен үйден кетіп қалдым. Енді сот арқылы ажырасқым келеді. Бірақ жолдасым алимент төлейтінін біліп, оны есептеп, ажырасуға келісім бермей жүр. Ал мен өзім үшін де, балалардың болашағы үшін де шешім қабылдап қойдым. Әйтпесе онымен бірге бір шаңырақ астында тұру мүмкін емес, – деп көз жасын бір сүртіп, әңгімесін қайта жалғастырды.
– Негізі қыздарға, балаларға зорлық көрсеткендерге заңды қатаң түрде күшейту керек. Оларды бірнеше жыл бас бостандығынан айырып, қайта шығаруға болмайды. Мысалы, бір ғана өгей әкемді алып қарасақ, ол маған зорлық көрсетті. Менен кейін тағы бір қызды қинаған. Ал маған дейін оның не істегенін кім білсін? Егер ол тағы бостандыққа шықса, сол жолмен жүрері анық. Өйткені оған зорлық көрсету қанына сіңіп кеткен. Ондайлардан қоғам қорқу қажет. Мен тіпті сол заңға «ату жазасы керек» дер едім. Бірақ елімізде ондай жаза қолданылмайды. Әйткенмен педофилдер қорқатындай, ойланатындай жаза болса деп ойлаймын. Осы уақытқа дейін олар қаншама адамның тағдырымен «ойнап» келді. Зорлыққа тап болғанның кейбірі көтере алмай өліп кетуі де мүмкін ғой. Тірі қалғанның өзінде өмірі менікіндей өксікпен, өкінішпен өтеді. Мұндай сұмдықты тек басынан өткізген тағдыр иесі ғана түсінеді.
Ана ретінде айтарым, балалы адам ұлдың да, қыздың да тәрбиесіне мықты қарауы керек. Балалар үйдегі зорлықты, қорлықты, ұрысты көріп өспеуі қажет. Менің үйден кеткен себебім де осы болды. Ондай рухани жан қиындығын көрген баланың тағдыры не болмақ? Айналып келгенде біз олардың болашағына жауаптымыз. Мен шешем сияқты болғым келмейді. Ол дұрыс тәрбие бере алмады, бірақ Құдай маған сана берді. Өткенімді өзгерте алмаймын, бірақ болашағымды жақсы етуім әбден мүмкін. Бес балам бар кезде бәрі жақсы болады деген сенімім зор, – деді Жәмилә жігерлене.
Расында, халық даналығында «Адамнан адам тәлім алады, ағаштан ағаш мәуе алады» деген сөз бекер айтылмаған. Үзіліссіз ұрпақ тәрбиесіндегі қос босаға – тәртіп пен мәдениет күллі адам атаулының күнделікті әдеттеріне айналған кезде, біздер мейірімі мол қайырымды қоғамды құрып қана қоймай, зорлық-зомбылықсыз балалық шақтың шаңырағын биіктете түскен болар едік.
Тілші түйіні
«Әйелді ұрма, сағы сынады, баланы ұрма, бағы таяды» деген ата-бабаларымыз әйелді де, баланы да ұрмай-соқпай-ақ ақылмен басқара білген. Сондықтан отбасы берекесін кетірмей, татулықта ұстау – есті азаматтар ескеріп жүретін жайт. Иә, кейіпкеріміз айтқандай, заң қатаң күшіне еніп, әр баланың балалық шағы зорлықпен, қорқынышпен емес, бақытты сәттермен, қамқорлықпен өтуі керек, ағайын!
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!