Сәрсенбі, 17 сәуiр, 20:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Судың жайын диқан ғана түсінер

12.03.2024

328 0

Сурет: adyrna.kz

Табиғаттың кәусар байлығы саналатын су мәселесі қай кезеңде де күн тәрбінен түскен емес. Өйткені тіршілік атаулының бойына қан жүгіртетін, айналаны көгертетін, табиғатқа жан бітіретін – су. Сарқырап аққан Сырдарияның сирақтан келіп тұрғанын көру – әрбір тұрғынның жүрегін ауыртатыны сөзсіз. Аймақтағы ахуалды осы көріністен-ақ білуге болады.

Таяуда аталған мәселе бойынша өңірде саладағы талай мықтының басын қосқан келелі басқосу өтті. Әңгіменің әлқиссасын жиыннан бастайық, «Су ресурстары: сумен тұрақты қамтамасыз етудің проблемалары мен перспективалары» тақырыбындағы көшпелі отырысқа ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз, ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, ғылыми зерттеу институттарының өкілдері, су шаруашылығының ардагерлері, су шаруашылығы ұйымдары мен ауыл шаруашылығы құрылымдардың басшылары қатысты. Бұл түйткілдің шешімін табуға ел Президентінен де әлсін-әлсін көмек сұрап, ұсыныстарын жеткізіп жүрген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиында мәселені төтесінен қойды.

– Су шаруашылығы саласындағы негізгі мәселелердің шешілуі үшін осындай жиындардың маңызы өте зор деп ойлаймын. Өңірдің басты су артериясы – Сырдария трансшекаралық өзені облыстың барлық аумағынан ағып өтеді. Оның бойында елді мекендердің 85% – ы орналасқан және облыс халқының 93%- дан астамы өзен маңында тұрады. Облысымыздың табиғи ерекшелігіне ауа райы мен топырақ құрамына бейімделген Сыр күріші аймақтың негізгі дақылы болып жылдар бойы қалыптасқан. Сыр өңірінің экономикалық және экологиялық жағдайы, халықтың тыныс-тіршілігі Сырдария өзенінің сулылығына және Арал теңізіне тікелей байланысты, – деді аймақ басшысы.

Мәселе көтерілген сайын ойға оралатын бір жай – Су кодексінің 20 жыл бұрын қабылданғаны. Заман да, қоғам да, тіпті адам да жаңарды. Бірақ кодекс жаңаруға бет бұрмай тұр. Аймақ басшысы жиында жаңа «Су кодексінің» қабылдануы Сыр өңірінің экологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыруға мол мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Су мәселесі – бүгінгі күннің өзекті тақырыбы. Сондықтан жан-жақты қаралып, талқы таразысына салынған тақырыпта ҚР Парламенті Сенатының аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев, ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз, облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев, Халықаралық Аралды құтқару қоры Қазақстан Республикасындағы атқарушы дирекциясының директоры Серікқали Мұқатаев, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Сұлтанбек Тәуіпбаев мәселеге терең әрі нақты зерттеулермен тоқталып, ұсыныстарын жеткізді.

Егін көлемін азайтуға мәжбүр

Біздің өңір – аграрлық аймақ. Егін мәселесін қай кезде де алдыңғы орынға қояды. Несібесін ЖерАнадан сұрап, маңдайы күнге күйіп, табаны құмға тілінген диқандар егінді әртараптандыруға баса мән беруде. Суды көп қажет ететін күріш дақылын азайтып, оның орнына суды аз қажет ететін дақылдарды қолға алуда. Бір ғана Сырдария ауданы бойынша биылғы күріш егетін көлемі былтырғыға қарағанда 3 мың гектарға азаяды деп күтілуде. Ал облыс бойынша бұл көрсеткіш 5 мың гектарға тең. Дегенмен қазір аудандар қосымша насостарды су жеткізілуі қиын аймақтарға пайдалануға беріп келеді. Әйткенмен бұл жерде басқа да жолдарын қарастыру керек дейтіндер бар.

– Бұл не нәрсеге апарады? Егістік жерден айырыламыз. Ол жабайы жерге айналады. Жоңышқамен сақтап қалуға болады дейтін шығар, бірақ оның да уақыты әрі кеткенде үш-ақ жыл. Ал жабайы жерді қайта қалпына келтіріп, егістікке айналдыру «шықпа, жаным, шықпа» деп жүрген шаруашылықтың мойнына жүк. Оның үстіне көп уақытты алады. Содан соң онсыз да жағдайы қиын экологияны одан сайын нашарлатамыз. Жердің тұздылығы артады. Бұл жерде қашыртқы суды қайта пайдалану секілді үнемдеу іс-шараларын қолға алуымыз керек. Үкімет пайдалануға су насостарын беріп отыр ғой, бірақ оның май-суы ше?! Шаруаға бұл да қосымша шығын. Егер суды насоспен алатын болса, суға ақы төлемеу механизмдерін қарастыру керек. Диқанға керекті жобаны диқан ғана түсіне алады», – дейді кәсіпкер Бекболат Қожауов.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағылардың айтуынша, биыл аймақта барлығы 187 мың гектар жерге дақылдар егілмек. Әртараптандыру бағытында 3,7 мың гектар күздік бидай, 50,6 мың гектар сүдігер егілген.

«Сол жаға» магистральды каналына су бөлу жұмыстары басталды. Айта кету керек, бұл канал аймақтағы егіс алқаптарының 60 пайызын тіршілік нәрімен қамтамасыз етеді деп жоспарлануда. Әрине, су тапшы болғанмен, басқа да тиімді жолдар арқылы өнімді молынан алуға күш жұмсап келеді. Әртараптандыру қолға нық алынған өңірде күріш алқаптарының 55 пайызы лазерлік тегістеуден өткен. Бұл өз кезегінде судың күрішті біркелкі басуына және аз көлеммен көп іс бітіруге көп демеу. Өңірге келіп жатқан су көлемі де едәуір аз. Шаруалар дабыл қағатындай бар.

– «Шардара» су қоймасына секундына 645 текше метр су түседі. Төменгі ағысқа 200 текше метр су жіберілуде. Оның 100 текше метрі «Көксарай» су реттегішіне жиналып, 100 текше метрі Қызылорда облысына жіберілуде. Арыспен қосқанда «Көктөбе» су бекетіне, яғни Қызылорда облысына секундына 180 текше метр су келіп түседі, – дейді «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Зейнулла Қазтоғанов.

Суды үнемдеудің жанжақты жолдары қарастыруда. Тіпті күріш сорттарының өзі бірнеше түрге бөлінсе, сала мамандары соның ішінде суды аз қажет ететінін дөп басып табуға жұмыс істеп жүр. Биыл жергілікті ғалымдар украиндармен бірлесе отырып, ауа райы мен су деңгейіне байланысты жаңа сорт қарастырып жатыр.

– Сырдария өзеніндегі су тапшылығының алдын алу мақсатында 2022 жылы Үкімет резервінен бөлінген 3,6 млрд теңге қаржыға 21 каналдың 225 шақырымы тазаланса, 1 дана гидротехникалық нысан жөндеуден өткізіліп, 133 дана насос қондырғысы сатып алынды, 52 ұңғыма бұрғыланды. Бұдан бөлек облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 141 каналдың 809 шақырымы тазаланып, 321 дана гидротехникалық нысан жөндеуден өтті. Нәтижесінде, әрине, су тапшылығы сезілгенімен мүлдем су бармаған алқаптар болған жоқ, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.

«Шардара» су қоймасына секундына 645 текше метр су түседі. Төменгі ағысқа 200 текше метр су жіберілуде. Оның 100 текше метрі «Көксарай» су реттегішіне жиналып, 100 текше метрі Қызылорда облысына жіберілуде. Арыспен қосқанда «Көктөбе» су бекетіне, яғни Қызылорда облысына секундына 180 текше метр су келіп түседі

Су тапшы болса да, өнім мол болды

Әрине, елде асыраушы сала атанған ауыл шаруашылық саласындағы бейнетті белуардан кешіп жүріп, іздене еңбек еткен шаруалардың маңдайы жарқырады. Өткен жылы облыстағы негізгі дақыл – күріш 89 мың гектарға жетіп, қамбаға 500 мың тоннадан астам өнім құйылған. Шетелге 45 мың тонна күріш экспортталды. Экономиканың нығаюына ең алдымен осы экспорт тікелей ықпал ететінін бағамдай беріңіз. Биыл өткен жылдан 12 пайызға кем еккенмен, ғалымдардың тың жобалары мен зерттеулері арқылы жаңа сорттар өмірге келіп, ол да мәселені шешуге ықпал етері анық.

– Суды үнемдеуге септігін тигізетін дақылдарға көшудің бір қиыны олардың көпшілігі қолмен жасалады. Дақылдарды егуден бастап жинауға дейінгі аралықтағы мәселенің барлығын механикаландыруға көшкен жағдайда, диқандардың бетін бері қаратып, суды 2 немесе 3-4 есе аз пайдалануға мүмкіндік береді, – дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосанов.

 Бірақ біз оған дайынбыз ба?! Осы ретте айта кетейік, аймақта күрішті көшеттеу жобасы да болды. Тіпті дайын күрішті өзі орып, өзі тазалайтын да техникалар келгені есімізде. Бірақ оның көпшілігі біздің өңірдің табиғатына сай келмейтінін уақыттың өзі-ақ дәлелдеп берген еді. Әрине, жақсы жаңалықтан үміттіміз, ғалымдардың еселі еңбектері жемісті болсын деп тілейміз.

– Су тапшылығы аймақ халқын алаңдатуда. Оны Президентке де жеткізіп, баяндадым. Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірге «Қызылорда облысындағы суармалы жүйелерді қалпына келтірудің жол картасын» қабылдадық. Тасқын суды жинақтау, суармалы суды бөлу мен есепке алу процестерін автоматтандыру арқылы ирригациялық инфрақұрылымды қайта құру, жаңғырту шаралары атқарылуда. Суды бөлу мен есепке алудың заманауи жүйелерін енгізу үшін халықаралық компанияларды тарттық, – деген еді Астана қаласындағы брифингте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Ауылдарда да аяқсу тапшы

Бұрын-соңды елді мекендердің ішімен жүріп өткенде жолдың екі бетіндегі жайқалған ағаш жаныңызға сая болатын. Иә, иә, қазір көгерген ауланы сирек көресіз. Сырдарияның жағасында, дарияның іргесінде отырған халық та бұл мәселені сезініп отыр. Әйтсе де бағзыдан қалған үрдіспен ауыл халқы көкөнісін, жеміс-жидегін ауладан жегенді жақсы көреді, қаладағы туыстарына да арқаланып тасиды. Бірақ кейінгі 5-6 жылдың көлемінде ауылдағы аяқсу да ақсап тұр. Қала іргесіндегі ауылдардың бірінде тұратын Тиышкүл апай есік алдындағы көкөністерін насос арқылы суарып отыр. Әрине, арықтың суын ішкен жемістей болмайды.

«Жер астынан мұздай суды насос арқылы тартып, көкөністер мен жеміс-жидекті суарып отырмыз. Бірақ ол арықтың жылы суындай әсер бермейді. Амал жоқ, қолда бар мүмкіндікті осылай пайдаланудамыз. Су мәселесінің халықаралық деңгейде көтеріліп жатқанына қарап, бізге аяқсудың ауылы алыс сияқты көрінеді», – дейді Тиышкүл апай.

Осы ретте айта кетейік, облыста азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті тұрғындарды өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында қосымша жер дайындау мақсатында Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне тапсырма берілген.

 Түйін.

Қазір мінбердегі азаматтардың ойларында бір-ақ нәрсе. Ол – өгізді де өлтірмеу, арбаны да сындырмау. Күріш көлемін азайтса, жер тозады. Өйткені күріш – экологиялық маңызы бар өсімдік. Ал оның көлемін арттырайын десе, сығырайып аққан су көңілге медет болмай тұр. Бастысы, қазақтың «кеңесіп пішкен тонының келте болмайтынын» ойға алып, мәселенің мәніне диқанның көзқарасымен қарау керек шығар…

Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: