Сәрсенбі, 09 шiлде, 14:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№50,2163
09.07.2025
PDF мұрағаты

Қазалы  жыр-керуені тамсандырды

09.07.2025

51 0

Бір аптадан бері Сырдың бас шаhарында өтіп жатқан «Тарихтың таңбасы, рухтың ордасы – Қызылордам» атты облыстық өнер байқауына қазалылық өнерпаздардың жыр-керуені келді.

Бұған дейін Жаңақорған, Жалағаш, Шиелі, Сырдария, Қармақшы аудандары облыс орталығында өз өнерін тұрғындарға паш етсе, енді, міне Қазалы өнерпаздарының кезегі келіп, қала тұрғындары мен қонақтары олардың өнеріне куә болды. Мерекелік кештің шымылдығын Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Тілеуімбетов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Орталық алаңда Қазалының қолөнершілері мен суретшілерінің көрмесі қойылды. 

– Бүгінгі шарада тек сахналық өнер ғана емес, әдеби мұра да көрініс тапты. Сыр өңірінен шыққан ақын-жазушылардың кітаптарын, суреттері мен өмірбаянын әкелдік. Мұндағы мақсат – жас ұрпаққа әдебиет арқылы тәрбие беру. Көрме­ге А.Тоқмағамбетов, Ә.Тәжібаев, Т.Ізтілеуұлы, Ә.Нұрпейісов сынды қаламгерлердің еңбектері қойылды, – дейді Қазалы аудандық кітапхана қызметкері.

Сурет көрмесі де кештің шырайын аша түсті. Ағаштан ойылып, қолдан жасалған туындылардың мәні ерекше.

– Сурет галереясында Сырдың алып батыр­ларынан бастап, Роза Бағланова сынды дара тұл­ғалар бейнеленген. Сонымен қатар Арал теңізі мен қазақ жайлауының көріністері де бар. Бұл – жай ғана көрме емес, Қызылорданың ғасырлық тарихын бейнелейтін рухани туындылар, – дейді Қазалы аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қыз­меткері Жанат Тілеуқабыл.

Шарада ұлттық брендке айналған туындылар да көпшілік назарына ұсынылды. Қазалылық шебер Орал Толғанбек «Қазақ Бөгенайы» деп аталатын ағаштан ойып жасалған ұлттық бұйымдарын көр­меге қойды. Ешбір шеге қолданбай жасалған туындылар шебердің қолтаңбасын көрсетті.

– Мысалы, «Қазақ» жазуын қару-жарақ бей­несінде – айбалта, қылыш, садақ түрінде жасап шығардық. Бұл – ұлттық болмысты өнер арқылы жаңғырту жолы, – дейді Орал Толғанбек.

Сондай-ақ Қазалы аграрлы колледжі де шараға белсене қатысып, темірден жасалған бұйымдарды көпшілікке ұсынды.

– «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай, темір­ден жасалған ошақ, орындық және үйге қажетті тұрмыстық бұйымдарды әкелдік», – дейді колледж әдіскері Гүлстан Бақтыбайқызы.

Қазалы десе, дәмі тіл үйіретін кәмпиті еске түседі. Бұл жолы да көпшіліктің асыға күткен «Қазалы кәмпиті» назардан тыс қалған жоқ. Соны­мен қатар ешкі сүтінен жасалған құрт, ірімшік, йогурт және Қазалы сабыны сынды табиғи өнімдер де жұртшылық назарын аударды.

– Біздің мақсат – Қазалы өнімдерін тек өңірлік емес, әлемдік брендке айналдыру. Табиғи өнімдеріміздің емдік қасиеті жоғары. Мәселен, Қазалы сабыны тек гигиеналық емес, шипалық мақсатта қолданылады, – дейді Қазалы ауданы кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Ардақ Жанұзаққызы.

Қазалы  жыр-керуені тамсандырды

Айдана БАХТИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: