Сенбі, 15 ақпан, 23:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№12,2125
15.02.2025
PDF мұрағаты

«Қазақ» – қияндағы қазақтың боямасыз болмысы

15.02.2025

38 0

Адай көтерілісінен кейін 20 мың қазақ елден көшіп кеткен екен. Онсыз да тар жол, тайғақ кешуде бас сауғалап шетел асқан қазақтың тарыдай шашырағаны аз емес еді… Зұлмат жылдар салдарынан Отаннан алыс кеткендер қатарында Сүлеймен Шадкамның ата-бабасы да болды. Оның қатысуы¬мен түсірілген «Қазақ» деректі фильмі таспаланды.

Кеңестік заманда билікке қарсы шыққан бірнеше көтеріліс болды. Соның бірі – Адай көтерілісі. Мал мүлікті тәркілеу мен күштеп ұжымдастыруға және ауыр салықтарға қарсы шыққан көтеріліс қазіргі Маңғыстау облысында болды. Адай руының жетекшілері қатысқан бұл соғысты басу үшін Кеңес әскері арнайы жасақ жіберіп, көтеріліске қатысқандарды қуғынға ұшыратты. Сол кезеңде талай қазақ Түркіменстан, Иран, Ауғанстанға қашуға мәжбүр болды. Кей деректер Адай көтерілісінен кейін 20 мыңға жуық қазақ көшіп кеткенін айтады.
Кейіпкеріміз Сүлеймен Шадкамның ата-бабасы 1929-30 жылдары ауыр жағдайлардан соң Маңғыстаудан Иранға қоныс аударды. Ал Иранда ер жеткен Сүлеймен Шадкам елді қорғау ісіне араласқан. Алайда 1978-1979 жылдары үкіметке қарсы жаппай бас көтеру орын алып, нәтижесінде үкімет құлап, Иран Ислам Республикасы жарияланды. Соғысқа қатысқан жігіттер өлім жазасына тартылған. Саяси жағдайдың құрбаны бола жаздаған қазақ жігіті сол кезде ата-бабасының еліне емес, Германияға қарай бас сауғалап кеткен. Оған дейін Германияның Алмания қаласында тұратын қазақтармен байланыста болған еді. 1986 жылы ата-анасына берген уәдесін орындап, Германиядағы қазақ қызы Динамен бас қосқан оның қазіргі таңда екі ұлы бар.
Жер ауып кеткен қазақтардың Еуропадағы тұрмыс-тіршілігі көрсетілген фильмді түсіруге режиссер Қарлыға Хасен мен продюсер Танакөз Толқынқызы қатысты. Аталған фильм 2024 жылы Германия, Австрия, Түркия және Қазақстанда түсірілген. Кинода қазақ баласының елге деген сағынышы суреттелген.
Еуропадағы қазақ қауымдастығының негізін қалап, Мюнхендегі қазақ қоғамын дамытуға үлес қосқан Сүлеймен Шадкам жырақта жүрсе де қазақ болмысы мен салт-дәстүрін сақтап келеді. Сонымен бірге Германияға ем іздеп келген қазақтарға да көмектесуден тартынбайтынын жасырмады.
«Кеңес одағының саясатына қарсы шыққан адайлар амалсыздан елден кетті» деп еске алған Сүлеймен Шадкам өзін Маңғыстау өңіріндегі миллиондаған жыл бұрын болып, көшіп кеткен теңізге теңейді. «Егер мен осы өңірде туғанымда, ата-бабам қуғынға ұшырамағанда мен де Каспий теңізі сияқты тұрар едім», – дейді ол ағынан жарылып.

Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: