Әлемді алақандағы смартфонға сыйдырған технократтар заманында газет оқу кенжелеп қалғаны жасырын емес. Дегенмен тасқа басқандай, әр дәуірдің жылнамасы саналатын баспасөздің орны қашанда бөлек екені белгілі. «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол ел күшті болады» деген ұлт зиялысы Міржақып Дулатовтың сөзі күнде айтылмаса да, кәсіби мерекеде әр жерде айтылып қалады. Дамыған елдердің, тіпті технологиясы көш басындағы мемлекеттердің газетке қамқорлығы баспасөздің қай заманда да керек екенін байқатады.
«Егемен Қазақстан» газеті әлем елдерінің баспасөзге қамқорлығын жаза келіп, мынадай деректі алға тартыпты. «Швеция елдегі 100-ге жуық газетке мемлекеттік субсидия береді. Бұл субсидия көлемі әлсіз басылымдардың жылдық табысының 15-20 пайыз көлемін құрайды. Норвегия газеттерге тікелей қолдау көрсетіп, салықтық жеңілдік жасау арқылы елдегі шағын газеттерді сақтап отыр. Люксембург жыл сайын кемі 5 журналист ұстайтын журналдар мен апталық газеттерге субсидия бөледі (жылына 7-8 млн еуро көлемінде). Сонымен қатар пошта тарифтерін төмендетіп, табыс салығына жеңілдік жасайды. Канада газеттерді сақтап қалу үшін жылына 75 млн доллар қаржы жұмсап отыр. Ал АҚШ-тың Нью-Йорк штаты жергілікті баспасөзге арналған «Newspaper and Broadcast Media Jobs Program» аясында жыл сайын 30 млн доллар қаржы бөледі. Сонымен қатар «Local Journalism Sustainability Act» жобасы арқылы жергілікті газет жазылымдарына 250 долларға дейін мемлекет тарапынан салықтық несиелер қарастырылған. Вирджиния, Вашингтон, Иллинойс штаттарында журналистерге салықтық жеңілдік жасайтын және жарнамаға қолдау көрсететін платформалар бар». Өзге елдердің баспасөзге жасаған қамқорлығына қызыға қараймыз. Біздегі жағдайды ойласақ, көңіл құлазып, еңсең түседі. Алайда бізді қуантатын бір жайт бар. Ол – оқырманның қамқорлығы. Биылғы жылдың екінші жартыжылдығына да ұмытпай газетке жазылып, жыл соңына дейін бізбен бірге болуды құп көрген оқырманның ыстық ықыласы мен пейілі алға жетелейді. «Оқырман көңілінен шықсақ» деген ой бізді қамшылай түседі. Қаланың қым-қуыт тіршілігінен шаршасаңыз, тіпті қолыңыздағы телефоннан да жалыққан сәтте газет оқысаңыз бір сергіп қаласыз. Себебі газет-журнал, кітап оқу – жан рахаты ғой! Біз осыны ұмыта бастағандаймыз. Ендеше, пошташы есігіңізге қыстырып кеткен газетті қолыңызға алып, оқып көріңіз. Сіздің іздегеніңіз, мүмкін, газетте болар…
Қош келдің, жаңа оқырман!
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!