Бейсенбі, 26 желтоқсан, 01:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне – 25 жыл

14.09.2024

476 0

Асан Худояров,
«Застава тарландары» Республикалық қоғамдық бірлестігі Қызылорда облысы бойынша филиалының төрағасы:
Ширек ғасырым еліміздің қауіпсіздігі мен тұтастығын қамтамасыз ету жолында өтті

Ел шетіне жау тисе, алынбас қамалдай алып бекініс бар. Ол – шекара. Үстінен құс ұшырмайтын, астынан жәндік жыбырлатпайтын саптағы сарбаздар – қай кезде де елдің қорғаны. Жауға салса, алдаспандай кезіккенін қиып өтетін қазақы мінез жауынгерлер күннің аптап ыстығы мен қытымыр аязына қарамастан шекара шебінде ел қорғап жүр.
Ал биыл – ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне – 25 жыл. Ширек ғасырда қара орман қазақтың тыныштығын кірпік қақпай күзетіп жүрген жігіттердің еңбегінің ерен екенін ел біледі. Бүгінгі санда біз жауынгерлердің жай-күйін біліп, олардың бүгінгі тіршілігіне көз жүгірттік.
Ерлердің еңбегін тілге тиек еткен арнаулы бетінде «Застава тарландарының» төрағасы Асан Худояровпен сұхбаттастық.
«Шекарашы болу – асқан жауапкершілікті талап ететін қызмет түрі. Ширек ғасырдан астам өмірім Отан игілігі жолында еліміздің қауіпсіздігі мен тұтастығын қамтамасыз ету жолында өтті. Шекара әскерінде өткен әрбір күн мән-мағына мен мақсатқа толы болды. Шекара әскери бөлімнің оркестрі пайда болған 1999 жыл есімде. Сол күндері жиналған әскери оркестрге қажетті аспаптар, ноталар жалпы парад керемет өту үшін қажет нәрсенің бәрі болды. Әскери оркестр ашқысы келген полковник Нечетиннің ынта-жігері бәрімізді шабыттандырды», – деді әңгіме арасында ол.

Шекара қызметінің еліміздің қауіпсіздігін сақтауда орны ерекше. Бүгінде ел іргесі батыл да ержүрек сарбаздардың арқасында күні-түні қырағы бақылауда. Биыл шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаментіне – 25 жыл. Осы орайда «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігі Қызылорда облысы бойынша филиалының төрағасы Асан Худояровпен әңгімелескен едік.
– Биыл қызылордалық шекарашылар үшін айтулы жыл болмақ. Аймақтағы шекара қызметінің 25 жылдығы құтты болсын.
– Рахмет! ҚР ҰҚК Төрағасының 1999 жылы 15 қыркүйектегі бұйрығына сәйкес, еліміздің оңтүстік бағыттағы мемлекеттік шекарасын нығайту мақсатында және ҰҚК Шекара кызметінің даму бағдарламасына сай аймақтағы департамент құрылды. Сол жылдан бастап Өзбекстанмен арадағы шекараны нығайту, елдің саяси және экономикалық мүдделерін қорғау, заңсыз көшіп-қонудың алдын алу, елімізге қару-жарақ, оқ-дәрі, есірткі мен радиоактивті заттарды заңсыз кіргізбеу міндеттерін мінсіз атқарып келеді. Ширек ғасырда осынау шекара шебіндегі қайсар сақшылар еліміздің қауіпсіздігі мен тұтастығын қамтамасыз ету жолында аянбай қызмет етіп келеді. Ұлттық мүддені қорғауда шекарашылар алдыңғы шепте тұрып, қауіп-қатерге қарсы тұрады. Шекара қызметі – жай ғана қызмет емес, ол жанкештілікті, батылдықты, жоғары кәсібилікті талап етеді. Қазіргі уақытта мемлекетіміздің шекарасын қорғауда шекара бөлімшелерінің барлығы жаңа модульдік типтегі ғимараттармен салынды. Бөлімшенің шалғайлылығын білдіртпей, шекарашылар тұрмыстық жағдайының барлығы жасалынған. Бұл ең бірінші кезекте мемлекеттік шекарамызды күзету мен қорғаудағы тапсырмаларды сенімді түрде атқаруға ықпалын тигізеді. Олардың жауынгерлік әзірліктерінің деңгейі ұлғаяды.
– Өзіңіз әскери қызметке қалай келдіңіз?
– Шекарашы болу – асқан жауапкершілікті талап ететін қызмет түрі. Ширек ғасырдан астам өмірім Отан игілігі жолында еліміздің қауіпсіздігі мен тұтастығын қамтамасыз ету жолында өтті. Шекара әскерінде өткен әрбір күн мән-мағына мен мақсатқа толы болды. Шекара әскери бөлімнің оркестрі пайда болған 1999 жыл есімде. Сол күндері жиналған әскери оркестрге қажетті аспаптар, ноталар жалпы парад керемет өту үшін қажет нәрсенің бәрі болды. Әскери оркестр ашқысы келген полковник Нечетиннің ынта-жігері бәрімізді шабыттандырды. Мен оркестрге жетекшілік ете отырып, ойнаған әрбір нота үшін үлкен жауапкершілік пен мақтанышты сезіндім. Парадтағы өнеріміз жай ғана музыкалық сүйемелдеу емес, мерекенің сәнін кіргізді. Шеруден кейін шекара қызметінде қалу туралы ұсыныс түсті. Шекарада қызмет ету жай жұмыс емес, абыройлы қызмет болғандықтан, мен ойланбастан қабылдадым. Туған жерге қызмет ету, оның шекарасын қорғау – кәсіби шеберлікті ғана емес, шексіз адалдықты да қажет ететін іс. Жылдар өткенімен сол күндердің жарқын естеліктері мәнді болып қала береді. Қазір құрметті еңбек демалыста болғандықтан мен қызметімнің әрбір сәтін мақтанышпен еске аламын. Оркестр әуені әлі күнге дейін құлағымда сыңғырлап, қасымда иық тіресіп тұрғандарды еске түсіреді. Оркестр іргетасын Бауыржан Тақаев, Бақытжан Салманов, Қайрат Молдағалиев, Қайрат Құланқадыров, Ниясхан Әлсеитов, Бақытжан Әбішов, Бауыржан Ибраев, Сансызбай Сұлтанғалиев, Болат Мекебаев және Владимир Таркуляк қалап, кейінірек шекара қызметінде абыройлы қызмет атқарды. Шекара әскерлеріндегі қызмет тек шекараны қорғау ғана емес, ол еліміздің тарихын, мәдениетін және болашағын қорғау болып табылады. Ар-намыстың, борыштың, туған жерге деген сүйіспеншіліктің айнымас нышаны болған қызмет жүрегімде мәңгі қалады.
– Әскери оркестр жайлы толығырақ тоқталсаңыз, сол кездері әскери оркестрдің жетістіктері қандай болды?
– 1999 жылы әскери оркестр құрылғаннан бері оның мүшелері көптеген шерулер мен әскери іс-шаралардың көрігіне айналды. 2003 жылы оркестр алғаш рет «Қасиетті шекара күзетінде» байқауына қатысып, үшінші орынды жеңіп алды. Бір жылдық қарқынды дайындықтан соң 2004 және 2005 жылдары екінші орын иелендік. 2005 жылы өткен байқауда оркестрдің таланты мен табандылығының арқасында, Ескендір Хасанғалиевтің қолынан бірінші орын иелендік. «Жас ұлан» сайыстары да өнерімізді көрсету алаңына айналып, жүлделі орындарға ие болдық. 2006 жылдан бастап оркестр бірнеше жыл қатарынан бірінші орынды иеленді. 2007 жылы барлық республикалық жарыстарда басымдық танытып, жүлделі 1 орындарды иелендік. Жарқын қатысушылардың бірі Толқын Ізімбетова 2007 жылы Мәскеуде өткен «Шекара әндері байқауында» патриоттық тақырыпта эстрадалық ән салғаны үшін Гран-при иегері атанды. Бұл жетістіктер оркестр мүшелерінің кәсіби шеберлігінің жоғары деңгейін көрсетіп қана қоймай, сол кездердегі оркестрдің әрбір қойылымы музыка арқылы патриоттық сезімін оятып, өз еліне деген мақтаныш сезімін оята алды. Оркестр мәдени мұра мен әскери дәстүрге үлес қосып, жоғары өнер мен патриотизмнің символына айналды. Бұл олардың жарыстардағы жетістігі олардың мызғымас рухы мен үнемі жақсылыққа ұмтылуының дәлелі. Оркестр жас музыканттарды музыка өнерінде биік белестерді бағындыруға шабыттандырып, үлгі болып қала береді.
– «Застава тарландары» бірлестігің қызметі туралы тоқталсаңыз.
– Даласы тарихпен біте қайнасып жатқан Қызылорда облысының төсінде намыс пен ерлікті танытатын бірегей патриоттық бірлестік бой көтерді. 2022 жылы мамыр айында аймағымызда «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы ашылды. 2022 жылдан бастап шекара қызметінің құрметті ардагерлері тарихты сақтау және отан игілігі үшін адал қызмет еткендерге қолдау көрсету мақсатында қызметін бастады. Бастапқыда мүшелер саны жиырмадан аспағанымен, олардың әрқайсысы жастармен тәжірибесімен бөлісуге дайын болды. Мен бірлестіктің төрағасы болып сайландым. Бұл мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік болды. Жыл сайын бірлестік тарапынан жастар арасында кездесулер өткізіліп, іс-шаралар ұйымдастырамыз. Сондай-ақ болашақ ұрпаққа шекара қызметіндегі тәжірибемізбен бөлісіп, жастарға насихат жүргіземіз.
– Шекарашыларды оқыту және қызметке қабылдауда қандай жаңашылдық бар? Сарбаздар неше жастан бастап қызметке алынады?
– Шекара әскерлерінің қатарына қосылу – мемлекетіміздің шекарасын қорғауға, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жасалған абыройлы қадам. Үміткерлер тиісті құжаттардан бөлек физикалық сынақтардан өтуі қажет. Қазіргі уақытта әскери борышын өтеп келген сарбаздарды келісімшарт негізінде жұмысқа орналастырудамыз. Ал жоғары білімі бар, әскери кафедраны тәмамдаған азаматтарды қызметке қабылдаймыз. Елімізде шекарашыларды дайындайтын оқу орындары бар. Ол – Алматы қаласындағы Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясы. Сонда төрт жыл оқып, шекара бөлімшелеріне қабылданады. Оқу орны ұлттық бірыңғай тестілеуден өтіп, 11 сыныпты аяқтаған 17-18 жастағы азаматтарды қабылдайды. Шекара қорғауға ниеттенген әрбір жігіт оқуды тәмамдап қызметке түсе алады. Шекара қызметіне қосылу – жастардың туған жерге деген адалдығы мен сүйіспеншілігін, оның мүддесін қорғау қабілетін көрсету мүмкіндігі. Бұл батылдықты, табандылықты және қызмет ету мен қорғауды талап ететін жол. Біз осы жолды таңдаған, маңызды миссияға барын салуға дайын жастарды шекара қызметінің қатарына қабылдауға қуаныштымыз.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен
София Хайруллақызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: