Жұма, 27 желтоқсан, 05:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Құмар ойынның құрсауы

04.06.2024

665 0

Сурет:osken.onir

Бүгінде лудомания немесе ойынқұмарлық – әлемге жайылып бара жатқан алапат эпидемия, жас талғамайтын психикалық індет. Бұрын казино, карта ойнау секілді құмар ойындар интернеттің және TikTok секілді әлеуметтік желілер пайда болғалы аясы бұрынғыдан кеңейіп, виртуалды әлемде де қанша адамды құрығына түсіріп жатыр.
Бұл тақырыпта жазуымызға қала түрғыны, зейнеткер қария себеп болды. Бірде қаладағы банктің бірінде мынадай жайттың куәсі болдым. Несие төлейтін кассаға келіп, қалтасынан жүз мыңнан аса ақшасын санап, «шалым екеуміз зейнетақымызды аламыз да, ұлымның несиесін төлеуге келемін. Әбден шаршатты, ойын ойнап, қарызға батты» деп ішіндегісін банк маманына ақтарып жатқанының куәсі болдық. Содан қариямен көзбе-көз сөйлескенді жөн көрдік.

Ойын ойнап, қарызға батты

Бұл – қарт ана Гүлсім Ажарбекованың сөзі. Кейіпкеріміздің төрт баласы бар. Бәрі де оқыған, өз кәсібін тапқандар. Бірақ кенжесі жасы қырықтан асса да, шаршатып тұрған сыңайлы.
– Апа, мен тілшімін. Жағдайыңыз қалай? – деп ақырындап ашық сөйлесуге шақырғаныма еш қарсылық білдірмеді. Бізді күткендей, бірден келісе кетті.
– Жасым жетпіске таяды. Қолда кенже балам бар. Қалған өмірде соның қызығын көреміз бе деп әкесі екеуміз күтіп жүрсек, ол бір ойын ойнап, қарызға әбден батып жүр. Дәл осы кезде шалым екеуміз зейнетақымызды аламыз да, соның ай сайынғы несиесін төлейміз. Бір емес, бірнеше банктен несие алыпты. Бар ақшасын ойынға салған. Неғылған ойын екенін біз түсіне алар емеспіз? Қазір осындайлар көбейіпті. Бұл да қазіргі қоғамның дертіне айналды. Амал жоқ, өз туғаның болған соң далаға тастайсың ба? Күресеміз ғой, ақылымызды айтамыз, қолдан келгенше түзу жолға түсуіне ықпал етіп жатырмыз. Анасы болған соң көнеді екенсің. Бірақ әкесі қатты ашулы.
Жақында осы ұлдың кесірінен әкесі ауырып қалды. Сол кезде балам ойынды қоям деп уәдесін берді. Содан енді басқа облысқа бір айға жұмысқа жібердік. Ең болмағанда, жалақысын алып, несиесін төлеп отырса болар. Бізді асырамай-ақ қойсын. Тек тыныш жүрсе екен деп тілеп отырмын. Кәрілік келгенде мұндайға тап болған қиын екен. Балаңның рахатын көрмеген соң бәрі бекер, – дейді кейуана жабырқаулы күйде.
Бізбен әңгімелесіп болған соң кейіпкеріміз банкке қайта кіріп, мамандарынан ұлының аты-жөнін айтып, «егер балам қайта келіп, несие алса, несие бермеңдерші» деген өтінішін жеткізді. Ал банк менеджерлері «еш уайымдамаңыз, балаңыз қара тізімде тұр. Несие заңдылығы бойынша ондай тізімде тұрған тұтынушыларға несие рәсімделмейді» деп жауап берді. Қарт ананың алаңдайтын себебі де бар, ұлы бір банктен миллион теңге несие рәсімдеген. Миллион теңгенің де қайда кеткені белгілі. Өкінішке қарай ойынға…

Жарнамасы жер жарған құмар ойындарға тосқауыл бар ма?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны психикалық ауру деп танып, оның кесірі сан алуан болғанына қарамастан елімізде құмар ойындардың жарнамасына заңды түрде тыйым салынған жоқ. Демек, өз өмірін құрбандыққа шалушылар кезекте тұр… Осы мәселені Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов көтерді.
Біз қоғамның дертіне айналған құмар ойындардың жарнамасы жер жарып, заң тұрғысынан ешқандай тосқауыл болмаған соң елдегі ересектер ғана емес, балалар да құмар ойынға қызығып тәуелділердің қатары жыл сайын өсіп жатқанын жиі айтып жүрміз. Өмірден адасып жүрген адамдар жарнамаға елітіп, ертеңіне балта шаппасына кім кепіл? Өйткені ел аралағанда көз жасын төккен ата-аналарды көп көрдім. Осы букмекерлік кеңселерді жағалап, бәс тігетіндердің көбі жастар болып тұр. Ал олардың әлеуметтік статусы да әртүрлі. Сондықтан елдегі казино мен букмекерлік кеңселерді, ойын автоматтары мен жеңімпазы жоқ ойын түрлеріне жарнама жасауға тоқтау салып, спорттық жарыстарға демеушілік көрсетуге тыйым салған жөн деп санаймын, – дейді Мәжіліс депутаты.
Лудомандардың
өз айтары бар

Алғашқыда қаражат табу емес, жай қызық көру, достарымен бірге көңіл көтеру, демалу мақсатында ғана ойнаудан басталатын бұл кесел екінің бірін құрбан ететінін көп адам біле бермейді. Бұл есікті ашпау керек. Ашып, ішіне кірдің бе, қайта шығуың екіталай. Ол бүкіл өміріңді, отбасыңды, бала-шағаңды, туған-туысыңды, жұмысыңды – бәрін де ұмыттыратын жер. Оның жас талғамайтыны өз алдына, тіпті адамның материалдық жағдайына да қарамайды. Өйткені құмар ойынға елітіп, бүтін байлығын казиноға қалдырып немесе онлайн бәске тігіп жатқандардың бәрі жағдайы төмен адамдар емес, олардың арасында танымал әртістер мен бай-бағландар да жетерлік. Бірақ басым көпшілігі – жасөспірімдер. Олардың жалпы қарызын әрбір ойыншыға шаққанда, 10 млн теңгеден келеді. Елімізде дәм-тұзы жараспаған 10 отбасының 7-еуі құмар ойындардың салдарынан ажырасады екен.
«Ойнаймын деп, от басқан» жандардың бәрін білімсіз, ақылсыз деуге ауыз бармайды. Жоғарыда айтқанымыздай, бір басына жететін байлығы бар адамдар да, жоғары білімді, өмір көрген жандар да кейде құмар ойынның құрбанына айналып жататынын көріп жүрміз. Ондай адамдар дер кезінде өз-өзін тоқтатпаса, біртіндеп бүкіл дүние-мүлкін, көлігін, тіпті жалғыз баспанасын сатып, ақшасын құмар ойынның «құдығына» құяды. Таныстарынан қарызға ақша алып, оны қайтармай жексұрын болады. Ұрлық-қарлық жасайды. Ең соңында тақырға отырып, барар жері, басар тауы қалмағанда кейбірі қылмыс жасап түрмеге отырады, не суицидке барады, енді бірі «осындай жағдайға қалай түстім, қайтіп құтыламын?» деп өз ішінде жаман мен жақсы, ақыл мен нәпсі арпалысқа түсіп, тығырықтан шығар жол іздейді.
Қазір интернетте ойынқұмарлыққа салынып, өмірін талқан қылған адамдар өз оқиғаларымен бөлісетін форумдар бар. Оқып отырсаңыз, әрқилы тағдыр, бірақ бәрінде ұқсас бір проблема. Біршама уақыт бұрын Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев өз парақшасында ойынқұмарлық туралы жазба қалдырғаннан кейін оның жеке чатына көп адам өз оқиғаларын жазған. Солардың бірі – мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, университетті үздік аяқтаған жас жігіттің оқиғасы. Ол да онлайн-казиноға бір рет «бәс тігіп көремін» деп оның басыбайлы «тұтқынына» айналған.
«Алғашында таныстарыма 150-200 мың теңге көлемінде қарыз болып жүрдім. Қайтаруға шамам келмей, қадірім кетті, абыройым төгілді. Қашқан кездер болды. Кейін жұмысқа кіргенде қарызым тіпті мил-лиондаған теңгеге өсіп кетті. Әріптестерім өмірімнің «көлеңкелі жағын» білмейтін. Кейін банктерден жұмыс орныма хат келе бастағаннан кейін, бір жерде ұзақ жұмыс істей алмайтын жағдайға жеттім. Бір ауылдың үміт күттірген баласы едім. Ақыры Астанаға қаштым. Сонда жұмыс істеп жүріп, ойынқұмарлықты бәрібір тоқтата алмадым. Букмекерлік кеңседе қонған күндерім көп болды. Қайыршының күйіне түстім. Бір күні қарным ашып отырып, «осы маған не жетпейді? Неге мен осындай күйге түстім?» деп көп ойландым. Ауылға барып, анама бар шындықты айттым. 27 жасқа дейін ойынқұмарлықпен өмірімді өткізгеннен кейін миллиондаған қарызымды жабу үшін құрылысқа жұмысқа кірдім. Осы кезде 1 миллион теңге ғана қарызым қалды. Мен бұл бәледен құтыламын», – деп жазыпты ол.
Осындай күй кешіп жүрген қала тұрғыны Айбек Болатұлы да өз ойымен бөліскенді жөн көрді.
– Биыл жасым 26-ға толды. Жасырмаймын, басында қызығушылықпен ойын ойнадым. Ол кезде қалтамдағы ақшамды салып жүрдім. Кейіннен ол ақшаны ұттырған соң соның орнын толтыруды көздедім. Жан-жақтан қарыз ала бастадым. Ақыр соңында өзімді тоқтата алмай қалдым. Несиені де алдым. Жедел несие беретін орталықтан да қарыз алып, оны да жұмсадым. Ата-анам біледі. Сөйледі, анам жылап та алды. «Қоямын» деп уәде бергенмен ойынға оралғың кеп тұрады. Енді осы кезде қалада жұмыс істеп жүрмін. Қарыздарды қайтару қажет. Ал ойынды ойдан шығаруға тырысып жүрмін. Өзімді солай жеңермін деп ойлаймын. Жалпы қазір мен секілді түрлі ойға батып, ойынның соңына түсіп, қарызға кірген жастар өте көп. Айналып келгенде, бәріне өзіміз кінәліміз, өзіміз қолдан жасап аламыз. Бірақ ойланып, тура жолға түсу ешқашан кеш емес, – дейді Айбек.

Психолог не дейді?

Мамандардың айтуынша, кез келген тәуелділік адамға жағымды көңіл күй сыйлау арқылы пайда болады. Ал ойынқұмарлықтың жағымды тұсы – ұтыс. Қолында нақты ұтқан ақшасы болмаса да, ол адамға үміт сыйлайды. Жоққа алдандырады. Психологтар адамның құмар ойынға салынуының бірнеше себебі бар екенін айтады.
– Біріншісі – жалғыздық сезімі. Ойынханаға табалдырығын аттаған жан сол жерде уақытын өткізіп, ниеттес достар тауып, жалғыздығының орнын толтырғандай болады. Құмар ойын барысында алған әсері оны қайтадан осы жерге алып келеді. Осылайша қалай тәуелді болып қалғанын аңғармайды. Екінші себеп – адамның өз-өзіне көңілі толмауы. Отбасында, жұмысында, достары арасында, жалпы өмірде жолы болмаған адам өзін құмар ойын арқылы көрсеткісі келеді. Ол жерде жеңіл жолмен қомақты пайда тауып, шынайы өмірге қарағанда «жеңімпаз» болып шығуды көздейді. Қолына аз-маз ұтыс түскен сайын одан да үлкен қаражат ұтармын деп «қарыздың тұңғиығына» бата береді. Үшінші себеп – оңай ақша табу. Еңбек етпей, олжаға кенелу – қиялдағы «миллионерлердің» басты арманы. Төртінші себеп – адамның түрлі тәуелділіктерге оңай берілгіштігі. Қазіргі тілмен айтқанда, «сынғыштық». Ойынқұмарлық – қызылды-жасылды дүниеге, жаңа сезімдерге еліктегіш адамдар үшін қатерлі. Мұндай жандар құмар ойынның «дәмін» бір татып көрсе, оған қайта айналып келуі әбден мүмкін. Сонымен қатар түрлі психикалық ауытқушылықтар да ойынқұмарлыққа берілуге итермелейтін себептердің бірі. Оған қоса қарыздан көз ашпайтын адамның кез келген уақытта қылмысқа барып, өз-өзіне қол салмауына кепілдік жоқ. Себебі ойынқұмарлық – психологиялық ауру. Тәуелділікке ұшыраған адамдар көп жағдайда өз әрекетіне есеп бере алмайды, – дейді психолог Гүлбаршын Ниязова.

Емделуге бола ма?

Психологтың айтуынша, өзі лудоманиядан емделген адамның толықтай сауыққанына 100 пайыз кепілдік бермейді. Өйткені құмар ойынға құмарлық – дауасы жоқ дерт. Алайда мамандар лудоманиядан арылу және емделу үшін ең алдымен сол адамның өз қалауы мен еркі болуы керек екенін айтады. Егер өзі қалап тұрмаса, оның бетін бері қарату қиын. Дегенмен бұл жазылмайтын ауру, шешілмейтін түйін емес. Калифорнияның ойынқұмарлық проблемалары жөніндегі кеңесі бұл тәуелділіктен арылу үшін ең бастапқы қадамдар ретінде мынадай ұсыныстарын жасаған: ойынға қанша қаражатыңды және уақытыңды жұмсайтыныңды алдын ала шешіп ал, қазір ұтамын деп емес, ұтыламын деген сеніммен ойна. Құмар ойынды табыс көзі емес, көңіл көтеру ретінде сана, егер қандай да бір ұтысқа қол жеткізсең, қуан, бірақ мұндай олжа енді қайталанбауы мүмкін екенін өз есіңе сал. Шаршап, көңілсіз немесе ашуланып тұрғанда ойнама. Құмар ойынға қанша уақытың мен ақшаңды жұмсағаныңды тұрақты түрде жазып жүр, достарыңның көзқарасына көңіл аудар. Егер олар сенің ойыныңды ұнатпаса, олар сен көрмеген бір себепті көріп тұр. Тек өз ақшаңа ойна. Қарыз алма. Құмар ойын белгілі бір заңға бағынбайтынын, ұтыс кездейсоқ болатынын және сен оған әсер ете алмайтыныңды есіңде ұста. Ойын арасында үзіліс жасап, көшеге шығып жүріп қайт. Ойын барысында спиртті ішімдік ішпе, санаң сау болсын. Құмар ойын мен басқа да демалыс түрлерін тең ұстауға тырыс. Құмар ойынға барғанда қасыңда ойынға салынбаған досың болғаны жөн. Ұтылыстың орнын толтырам деп жағдайды қиындатпа, құмарлыққа қатты беріліп бара жатсаң, өзің сенетін адамдармен ақылдас.
Жоғарыда айтылғандай, бұлар – лудоманиядан арылу үшін ең бастапқы қадам. Егер мұның пайдасы болмаса, дереу психолог мамандардың көмегіне жүгінген жөн. Өйткені ойынқұмарлық – нашақорлық, маскүнемдік секілді салдары өте ауыр дерт.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: