Сенбі, 21 желтоқсан, 22:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Салауатты өмірдің сақшылары

14.12.2024

304 0

Салауатты өмір салты – ең әуелі денсаулықты сақтауға және нығайтуға бағытталған сауықтыру жолындағы белсенді іс-әрекет. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, соңғы зерттеу нәтижелері көрсеткендей, дене белсенділігінің жетіспеушілігі 1,8 млрд адамда,  ғаламшардағы ересек адамдардың шамамен үштен бірінде (31%) байқалады. Күніне кем дегенде 60 минут дене белсенділігі денсаулықты жақсы сергек қалыпта ұстауға көмектеседі.

Таңертең кем дегенде 10 минут дене жаттығуымен шұғылданған адам күні бойы өзін сергек әрі көңілді сезінеді. Адамның өмір салты өздігінен жүйеге келмейді, әр адамның өз белсенділігіне бай­ланысты қалыптасады. Қазіргі мәлі­меттер бойынша денсаулық 53-55 процент жағдайда салауатты өмір салтына тәуелді. Бұдан салауатты өмір салтын ұстанудың қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады.

Қызылорда қаласындағы №3 қа­лалық емханада осы бағытта са­лауатты өмір салтын қалыптастыру кабинеті жұмыс істейді. Сауықтыру жөнінде кеңес орнында СӨСҚ дәрігері Ағжан Жандарбекова мен мейіргер Әсел Сериева емханаға қарайтын 31 аймақта 2844 іс-шара өткізіп, 51287 адамды қамтыған. Ақ халаттылар аурудың алдын алуға, тұрғындардың физикалық және психикалық денсаулығын нығайтуға еңбек етуде.

– Біз емханаға тіркелген тұр­ғындармен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Сол аумақтағы адам көп жиналатын жерлерге, мектептерге барып түсіндірме жұмысын жүр­гіземіз. Денсаулық – адамның ең бірінші байлығы. Оны қорғау үшін салауатты өмір салтын ұстануымыз керек. Қозғалыс белсенділігін дұрыс ұйымдастыру ағзаның өсу мен дамуына белсенді ықпал етіп, жұмысқа қабілетін жоғарылатып, ауруға төзімділігін арттырады. Өйткені, қозғалыс кезінде денеде өзгеріс дамиды. Денсаулықты сақ­тауда уақытымен және дұрыс тамақтанудың маңызы зор. Жүріп бара жатып, кітап оқып отырып, теледидар алдында тамақтануға болмайды. Майлы, тұзды, тәтті тағамнан шектелген жөн. Тамақты аса көп жеуге, ұйықтар алдында тамақтануға болмайды. Тағам сапалы, экологиялық таза болуы тиіс. Төрт мезгіл тамақтануды сақтай отырып, белгілі бір сағатта ас қабылдаған дұрыс. Темекі шегуден, ішімдіктен, есірткі және уытты заттан бас тартып, күйзеліс пен кикілжіңге түспеу керек. Көңіл-күйдің денсаулыққа көп әсері бар. Сондықтан адам өзін-өзі бақылап, айналасымен тіл табысып, көңіл-күйін басқара білу психикалық денсаулықты қорғайды. Бір сөзбен айтқанда, «Ауырып, ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік», – дейді дәрігер Ағжан Исатайқызы.

Дәрігердің айтуынша, денсау­лықты нығайту және тұрақтандыру бойынша алдын алу шарасының тізіміне міндетті түрде дене салмағын бақылау кіреді. Артық салмақ әрқашан жүрек, қан тамырлары, эндокриндік және қосымша қауіп саналады.

– Денсаулықты нығайту еңбек пен демалыс режимін сақтаудан және ұйқыны қалыпқа келтіруден басталады. Адам күніне сегіз сағат демалуы керек, ал ұйқы үздіксіз болуы керек. Өзіңізді бір уақытта жатуға және тұруға үйретіңіз. Егер сіз демалыста болсаңыз да, түскі асқа дейін төсекте жатуға жол бермеңіз. Әйтпесе, сіз күні бойы өзіңізді әлсіз сезінесіз. Режимді сақтағаннан кейін үш аптадан кейін өнімділік артады. Сіз өзіңізді әлдеқайда жақсы сезіне бастайсыз, ұйқысыздық, мазасыздық және күйгелектік кетеді. Дененің жағдайы да тұрақтанады, – дейді дәрігер.

Тұрғындардың тән мен жан саулығын қадағалап жүрген ақ халаттылар тынымсыз салауатты өмір салтын сақтауды насихаттап, қоғамдық орындарды аралауда. Жыл соңына дейін көптеген іс-шара өткізілмек. Мейіргер Әсел Сериеваның айтуынша, осындай шараның бірі дүниежүзілік қант диабетімен күрес күніне орай №3 емханада өткізілген. Шарада емханаға келушілердің бойы, сал­мағы, қандағы глюкоза, холес­терин, қан қысымы өлшенген.

– Қант диабетіне алып келе­тін қауіп-қатердің алдын алу мақсатында СӨСҚ маманынан, эндокринолог, кардиолог, невролог, офтальмолог дәрігерлер тек­се­ріп, психолог, әлеуметтік қызмет­керлердің көмек берді. Ақпа­раттық-танымдық мате­риал тара­тылып, бейнеоролик көр­сетілді. Әли Мүсілімұлы атындағы №101 мек­теп-лицейінде жасөспірім қыз ба­лалар арасында «Репродуктивті денсаулық», «Жеке бас гигенасы», «Сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу», «Ерте жүктіліктің алдын алу» тақырыбында баяндама оқылды. Біз жоспар бойынша үздіксіз жұмыс істейміз. Мақсатымыз – адамның денсаулығын сауықтырудың алдын алу, ағзаны аурудан қорғау. Ауру азайса, біздің жұмысымыздың нәтижесі болғаны, – дейді мейіргер.

Әр жұмыстың нәтижелі болғаны еңбек еткен жанға бақыт сыйлайды. Жұмыстарыңыз сәтті болсын, ақ халатты абзал жандар!

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: