Жексенбі, 24 қараша, 22:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Шет аймақ мәселесі – басты назарда

03.08.2024

211 0

Ауылға кіреберісте күтіп алған Қызылөзек ауылының әкімі Сәкен Әбдіжаппар жылы жүзбен қарсы алды. «Жақында қайта сайландым. Мен де осы елдің бір перзентімін ғой», – деп күлді ол. Осыдан бірнеше жыл бұрынғы ауылдың бет-бейнесі көп өзгерген. Алты айдағы тірлікті айтамын деген ауыл әкімі асықпай сөз бастады. Өйткені елдің көкейіндегі талай мәселе шешімін тауып үлгеріпті.
– Сәкен Нысанұлы, осы ауылдың бір перзентіне айналғандайсыз. Қайта сайланыпсыз. Елге әбден үйренісіп қалған шығарсыз?..
– Дұрыс айтасыз, Қызылөзек ауылдық округі әкімі лауазымын 2018 жылдан бері атқарып келемін. 2022 жылы қайта сайландым. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген халқымыз бір ауыз сөзбен ел басқаратын тұлғаларға зор жауапкершілік жүктеген. Елмен етене араласып, халық арасында жиі болған жағдайда ғана әкім тұрғындардың тыныс-тіршілігін, оларды мазалаған мәселелерді жақсырақ түсінеді деп есептеймін. Халықтың пікіріне құлақ түріп, елдің мәселесіне мән беру арқылы алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстарды саралап, жоспарға алып отырғанды жөн санаймын.
– Биылғы алты айда қандай мәселенің түйіні тарқайды? Талай жылдан бері айтылып келе жатқан түйткілдерді шештіңіз бе?
– Ең алдымен, ауылдық округ тұрғындарының ең өзекті болып келген мәселелерінің бірі ауылдық округке қарасты 3 елді мекендегі электр желілерін қайта жаңғырту болатын. Себебі елді мекендердегі электр желілері 1960 жылдары жүргізілген болса, электр қосалқы стансалары 1970 жылдары салынып, қазіргі таңда тозығы жетіп, жауын-шашын, дауылды күндері жарық өшіп қалу оқиғалары жиі орын алуда. Соған сәйкес, тиісті бюджеттік ұсыныс беріліп, өткен жылы бұл ұсынысымыз қолдау тауып, «Ауылдық округке қарасты 3 елді мекендегі электр желілерін қайта жаңғырту» жобасы жасалды. Әзірленген жоба-сметалық құжаттары бойынша жобаның жалпы құны 1 млрд 192 млн теңгені құрап, жыл басында бастапқы 85,216 млн теңге қаражаты бөлінді. Қазіргі уақытта мердігер «Ақнұр-Авто» ЖШС мекемесі электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыс көп қаражат қажет ететін ауқымды жоба болғандықтан, 2025 жылға өтпелі кезеңмен жоспарланып отыр. Яғни 2025 жылы толық аяқталатын болады. Алдағы уақытта республикалық және облыстық бюджеттерден қалған қаражаты бөлінеді деп жоспарлануда.

– Қала бойынша газ бармаған екі елді мекеннің бірі – Қызылөзек. Бұл бағытта қандай қадамдарға бардыңыздар?
– Елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі ең өзекті мәселенің бірі болып отыр. Осы бағытта өткен жылы тиісті зерттеу, зерделеу жұмыстарын жүргізіп, тиісті есептемелерін әзірлеп, облыстық бюджеттен ауылдық округ елді мекендерін газдандыру жұмысының жоба сметалық құжаттарын әзірлеп, сараптама қорытындысын алуға қаражат бөлу жөнінде ұсыныс берілген. Жуырда бұл ұсынысымыз да қолдау тауып, қазіргі таңда қалалық құрылыс бөлімі арқылы жоба әзірлеуші мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, қажетті қаражат көлемі анықталған соң, жобаны қаржыландыру жөнінде республикалық бюджетке ұсыныс беріледі.
Халықтың көкейіндегі тағы бір мәселе – «Қожақ» көпірін күрделі жөндеуге жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Ауылдағы өзекті мәселенің бірі – Қараөзек ауылына кіре берістегі құлау қаупінде тұрған «Қожақ» автомобиль көпірі болатын. Өткен жылы бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, көпірді күрделі жөндеу жұмысына жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмыстары жасалуда. Сараптама қорытындысымен күрделі жөндеу жұмыстарының қаражаты анықталмақ. Келесі ретте қаржыландыру бағытында жұмыс жүргізіледі.
– Жол мәселесінде де халықты алаңдатқан жағдайлар бар еді… Толарсақтан саз кешіп, батпақтап жүрген халыққа тақтайдай тегіс асфальт бұйыра ма?
– Бұл бағыттағы шешімін тапқан келесі маңызды мәселе – жол жайы. Ауылдың жолы көп жылдардан бері жөндеу көрмей, тозғаны жасырын емес. Бюджет қаражатымен қатар, демеушілік көздер арқылы да үш елді мекендегі негізгі көшелерімізге жол жөндеу жұмыстарына жоба-сметалық құжаттар әзірлетіп, тиісті бюджеттік өтінімдер ұсынылған. Облыс, қала басшылығының қолдауымен өткен жылы 250 млн 922 мың теңге қаражатқа жалпы ұзындығы 10 шақырымды құрайтын 6 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары, 2 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынған болса, биыл жалпы құны 452 млн 114 мың теңге қаражатқа ұзындығы 3,2 шақырымды құрайтын 3 көшеге жаңадан жол құрылысы салынуда. Мысалы, олардың қатарында А.Құнанбаев, Қараөзек бекеті-4 көшелері, М.Жабағыұлы тұйығы бар.
Ерекшелеп айта кететін тағы бір нәрсе, ауылдық округ бойынша көлік паркі жаңаланды. Өткен жылы ауылдық округке №29 қоғамдық көлік бағыты ашылып, жаңа автобус бөлініп, жолаушылар қатынасы реттелді. Сонымен қатар мектеп оқушыларын тасымалдауға жаңа үлгідегі шетелдік автобус бөлінді. Биыл маусым айында облыс әкімінің табыстауымен ауылдық округтегі дәрігерлік амбулатория бөлімшесіне заманауи санитарлық автокөлік бөлініп, тұрғындарға медициналық көмек көрсету сапасы артып отыр.
Ауылға аяқсу келмесе, халықты жалқау деуге болмайды. Аяқсу келіп тұрып, егін екпесе, ол бөлек тақырып болар еді. Біз халықтың өзіне қажетті өнімін өзі өндіруіне мүмкіндік ашып беріп отырмыз. Кейінгі жылдары ауылдық округте аяқсу тапшылығы орын алуына байланысты, қала басшылығының қолдауымен 2022 жылы 2 дана, 2023 жылы 1 дана СНП-500/10 дизель және 1 дана СНПЭ-500/10 электр насостық қондырғылар бөлінді. Биыл «ДСУ» учаскесіне электр желісі жеткізіліп, СНПЭ-500/10 электр насостық қондырғысы орнатылып, қуаты күшті электр насостық қондырғы арқылы Қараөзек елді мекені аяқсумен толық қамтамасыз етіліп отыр. Сонымен қатар ауыл әкімдігі меншігіндегі дизельдік насостық қондырғылар Сырдария және Қараөзек арналарына орнатылып, Айнакөл және Қараөзек бекеті елді мекендерімен қатар, тұрғындардың егістік жерлеріне аяқсу баруына қолайлы жағдай жасалды. Бүгінде халық осы мүмкіндіктің бәрін пайдаланып, өзіне қажетті көкөністі, бақша дақылдарын өздері егіп, күнелтіп, жағдайларын реттеуде. Сол сияқты, ауыл тұрғындарының егістік жерлерінің қасынан арнайы жер телімдері дайындалып, қала тұрғындарының да ауылға келіп бау-бақша, картоп өсіруіне мүмкіндік берілген.
– Кәсіпкерлікті дамыту – экономиканы дамыту. Бұл ретте ауылдағы кәсіпкерліктің дамуына байланысты алдыңызға келген тұрғынды сүйемелдеп, қолынан ұстап, өзіңіз бірге жүгіресіз бе?
– «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба», «Ауыл аманаты» секілді мемлекеттік бағдарламаларды ауылдық округ тұрғындары арасында кеңінен насихаттау жұмыстарымен қатар, кәсіпкерліктің дамуына байланысты қандай да мәселемен келген тұрғындарға барынша көмек көрсетіліп келеді. Себебі халықты кәсіпкерлікке тарту, жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын құрып, ауыл халқының табысын арттыру – салауалды бағдарламамның бір бағыты. Кәсіпкерлікті қолдау шараларының нәтижесінде жыл басынан бері жаңадан 9 кәсіп­керлік нысан тіркеліп, «Микробизнес-Қызылорда» несие ұйы­мы арқылы 4 кәсіпкер «Іскер» бағдарламасымен 21 млн теңге, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы арқылы 1 кәсіпкер 5 млн теңге несиеге қол жеткізіп, есепті мерзімде барлығы 5 азаматтың 26 млн теңге жобасы қолдау тапты. Бұл жобалардың басым бөлігі мал басын көбейту, мал шаруашылығын дамытуға бағытталса, 2 жоба жүк автокөліктерін сатып алып мал шаруашылығына тасымал қызметін көрсетумен айналысуда. Сонымен қатар жуырда ауыл тұрғыны 1 млн 480 мың теңге қайтарымсыз грант иеленіп, өз кәсібін бастауда.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында 2023 жылы 1 кәсіпкер 5 млн теңге несие алып нан-тоқаш, кондитерлік өнімдер цехын ашқан болса, 2024 жылы жалпы құны 46,6 млн теңге құрайтын 4 жоба ұсынылып отыр. Оның ішінде 1 жоба пенобетон өндірісімен айналысуды жоспарласа, қалған 3 жоба асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, ауыл-қала халқын ет-сүт өнімдерімен қамтуға бағытталып отыр.
– Халық сізге қаншалықты сын айтады?
– «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген сөз бар. Теріс көзқарастар мен пікірлер қай кезде де болары анық. Бастысы, сол мәселені анықтап, шешу жолын тауып, түзете білу керек деп есептеймін. Жұмыс болған жерде сын да болады. Сол себепті ауылда атқарылатын барлық жұмыстар «Жергілікті қоғамдастық жиыны», «Ардагерлер кеңесімен» ақылдаса отырып жоспарланып, орындалу барысы бақыланып отырады. Ауыл азаматтарымен тығыз қарым-қатынаста, етене араласып жұмыс жасалған уақытта ғана сын да, кемшілік те аз болатыны белгілі. Қазіргі уақытта сыннан гөрі халықтың батасын, ризалығын көп естіп жүрміз. Бүгінде сыни пікірлер тек елді мекендерді газдандыру мәселесі бойынша айтылып келсе, жоғарыда атап өткенімдей, бұл мәселенің де шешімін табатын уақыты жақын.
– Елдің алдында берген уәделеріңізді орындап жүрсіз бе?
– Қызылөзек ауылдық округінің әкімі лауазымына сайлауға түскен уақытта ұсынған сайлауалды бағдарламам, яғни ауыл халқына берген уәделерім орындалуда. Атап өтетін болсам, аяқсу мәселесі шешімін тауып, яғни үш елді мекен аяқсумен толық қамтылды. Ұсынысымыз қолдау тауып, ауыл әкімі аппаратына берілген 4 дана дизель және бір дана электр насостық қондырғылар арқылы 3 елді мекенге аяқсу тұрақты беріліп отыр. Бұған қоса елді мекендердің аяқсу бармайтын шет аймақтарға су жеткізу мақсатында 4 дана техникалық су тарту ұңғымасы бұрғыланып, пайдалануға берілді. Жоғарыда тоқталып өткенімдей, ауылдық округтегі электр желілерін толық қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Сайлауалды бағдарламамда көрсетілген елді мекендерді газдандыру мәселелесі бойынша биыл жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу жұмысы жоспарланып, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп жатқандығы туралы да жоғарыда атап өттім.
Елді мекендерде жол жөнделу жұмыстары қарқынды жүруде. Өткен жылы 6 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары, 2 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынған болса, биыл жалпы ұзындығы 3,2 шақырымды құрайтын 3 көшеге жаңадан жол құрылысы салынуда. Сонымен қатар келесі жылы қаржыландыру мақсатында 3 көшеге күрделі жөндеу жұмысына жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Жарықтандыру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Өткен жылы 4 көшеге түнгі жарық бағаналары орнатылған болса, биылғы тамыз айында Абай Құнанбаев көшесіне жарық бағаналарын орнату жоспарланып отыр. Жалпы бүгінгі таңда барлығы 21 көшенің 8 көшесіне асфальт, 11 көшесіне малта тас төселген болса, 17 көшесі жарықтандырылды.
Балаларды ойын алаңдарымен қамту бойынша өткен жылы Е.Дәуітбаев көшесінен балалар ойын алаңы салынса, биыл тамыз айында Арғын көшесінен балалар ойын алаңын салуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар биыл Қараөзек бекетіндегі шағын спорт алаңына жасанды газон төселді. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы шағын және орта кәсіпті дамыту бойынша біршама жұмыстар атқырылуда. Бұл жөнінде жоғарыда тоқталып өттім. Кәсіпкерлікпен айналысуға ауылдық округ жағдайына тән жаңа жобалар жасау, инвесторлар тарту бойынша кәсіпкерлермен келіссөздер жасалып, нәтижесімен «Ақ-Барс Орда» ЖШС ауылдық округ аумағынан мал бордақылау алаңының құрылысын салуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта бордақылау алаңының орны дайындалып, электр желісі жүргізілді. Алдағы уақытта құрылыс жұмыстары басталады.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: