Бейсенбі, 15 мамыр, 19:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35,2148
13.05.2025
PDF мұрағаты

«Соғыс жесірі» – батыр ананың болмысы

10.05.2025

23 0

Көтерді бәрін ауырдың,

Азамат болып арды ақтар.

Көрдің бе жарын арудың,

Соғыстан қайтқан солдаттар.

«Қанша үйдің ұрлап адамын» деп басталатын осы әннің қайырмасын айт­қанда әрбір сөз құйқаңды шымырлатып, тұла бойыңа бір токтың күші дыз еткендей болатын. Көз алдыңа ора­малымен көз жасын сүртіп тұрған ана да, жар да, бала да келетін. Тұтас қазақ даласы жаутаңдап, жоқ іздеп тұрғандай көрінетін. Әр қа­тарға терең мағына сый­дырған Сырбай Мәуленов­тің осы бір өлең жолдары кеудесіне орден-медаль тақ­­қан майдангерге үнсіз қарап, өзінің жарын еске алған қарт ананы да әкелетін. Бұл көрініс күні кешеге дейін әрбір елді мекеннің төрін­дегі «Мәңгілік алау» маңын­да көпшілігіміздің са­намызды селт еткізген де болар. Жеңістің 80 жылды­ғына орай «Qyzylorda» теле­арнасы дайындаған «Со­ғыс жесі­рі» тарихи-драма­лық деректі фильмі де осындай тағдыр­­ды бейне­леген. Бұл фильм тіршілік қамытын мойынға іліп, өмір­дің бар ауыртпалығын көтеріп, шаңырағының отын сөндірмей, майданға кеткен жарының жолын тосқан қазақтың қайсар әйелдері хақында.

Кинотеатрдағы жүз орын­дықтың бірі де бос емес. Зал лық толды. Тікесінен тік тұрып, көргендер де бар. Бұрын-соңды майдангерлер туралы, олардың ерлігі мен батырлығы туралы талай жаздық, түсірдік, айттық. Бірақ осы тақырыптың астарында қазақтың батыр әйелдерінің бейнесі жасырынып тұратын. Бүгінгі туындыда үнемі екінші орында қалып келген тақырып басты орынға шыққан. Оған қоғам да дән риза.

– Руханият жанашырла­ры, қаламгер қауым, мәде­ниет өкілдері мереке күні уақыт­тарын қиып, деректі фильмді тапжылмай көрді. Көзіне жас алған көрермен көп болды. Бұны түсірілім тобының сәл де болса еңбегі ақталғаны деп түсіндік. Себебі шынында соғыс дәуіріндегі әйел қайғысы ауыр тақырыптың бірі. Қасі­ретті уақытта уылжыған жастығын жылаумен өткізіп, жүз жастан асқан жанның, қаралы жардың әңгімесі кім-кімді де бей-жай қалдырмасы анық еді. Өзіміз де түсірілім кезінде, кейінгі монтаж, пост продакшн барысында босап, жанарымызға жас үйірілді. Өйткені бұл жай барлығымыздың әулетімізге қатысты еді, – дейді телеарна директоры Нұрбек Әмиша.

Фильм тақырыбы шақы­рып тұр. Рас, селт еткізеді. Әрбір эпизод сайын әрі қарай қалай болады екен деген көрерменнің де қызығушы­лығы басым тұрған тәрізді. Сұрапыл соғыс талайды жақынынан айырды. Қан майданнан елге оралмаған талай азаматтың артында қара жамылып бір-бір отбасы қалды. Бұл туындыда майданға аттанып, елге оралмаған майдангерлеріміздің қос же­сірінің азалы тағдыры баян­далған.

Шығармашылық ұжым Жамбыл облысының Байзақ ауданына қарасты Жақаш ауылына арнайы ат басын бұрып, көзі тірі соғыстың соңғы жесірі 110 жастағы Райхан Әлібайқызының қа­ра­бауыр заманда көрген қасі­ретін өз аузынан естіп, тақсі­ретке толы әңгімелерін таспа­ласа, «Жастар» театры­ның актерлары арқылы Арал ауданының Қаратерең ауылында өмірден өткен соғыс жесірі Иба Смайылқызының өмір жолын боямасыз көрсете білді.

– Шыны керек, еліміз­де жеңіс сарбаздары, майдан­герлер туралы фильмдер көп насихатталады. Алайда жарынан жас қалған жесір тағдырлардың трагедиясы, олардың қасіретке толы өмірі көрсетіле бермейді. Осы орайда қос жанның тағдыры арқылы қазақ даласында өмірден өткен барлық соғыс жесірлерінің үлкен қайғысы арқылы кейінгі ұрпаққа бей­біт өмірдің бағасын білу, елдегі тыныштық пен тәуелсіздік құндылықтарын қадірлеуге дәріптейтін тың дүние үшін шығармашылық ұжымға ризашылығымды біл­діремін, – дейді фильмді тамашалауға барған «Amanat» партиясының облыстық фи­лиал төрағасы Алмасбек Есмаханов.

Жанарға жас үйірген фильм арқылы бұрын-соңды қозғалмаған тың тақырыпты берген шығармашылық ұжым да діттеген межесіне жет­кен тәрізді. Өйткені әрбір туындының өміршең болуы да жүректен-жүрекке жетуінде ғой.

Аян СПАНДИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: