Ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы көпшілік көкейіне үміт отын жақты. Мемлекет басшысының «Халықтың табысын арттырудың
2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында қабылданған бұл жоба өзінің өміршеңдігін көрсетті.
Үміт артқан жоба
«Ауыл аманаты» жобасы – ауылды дамыту жөнінде 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында жүзеге асуда.
Ресми деректерге сүйенсек, ауылдарда 7,7 миллион адам тұрады. Бұл халықтың 41 пайызын құрап отыр. Қазіргі уақытта ауыл және қала тұрғындары табысының айырмашылығы – 38 пайыз. Сондықтан ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту бағытында жобаның маңызы зор. Жоба бойынша 2029 жылға дейін ауылдарда 350 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Осының негізінде 1 миллион ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылады. Ал осы мақсаттағы жұмысқа мемлекеттік бюджеттен бір триллион теңге көлемінде қаражат бөлінген.
Жақында «Ауыл аманаты» жобасының нәтижелерін қорытындылап, алдағы уақытта атқарылар жұмыстарды пысықтау үшін Қызылорда облысында республикалық семинар өтті. Семинар барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова бағдарламаны дамыту мақсатында «AMANAT» партиясымен бірлесіп, ауқымды жұмыс атқарылғанын айтып өтті. Атап айтсақ, бұл жоба арқылы 16 мың шағын несие беріліп, 17 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылған.
– Келесі жылға ауыл шаруашылығы министрлігі 50 млрд теңге бөлсе, 2026 жылы да осынша қаржы қарастырылады. Оған несиелерден қайтарылған қаражат қосылады. Аймақтарға бұл қаржы бірнеше талаптарды ескеріп, берілуде. Ұсынылатын жобаларда өндіріс пен өнім өткізудің нақты схемасы болуы қажет. Несие беру, қайтару және оны алушыларды есепке алатын ақпараттық жүйе орнатылуы тиіс. Бөлінген қаражаттың 20% ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне, тағы 20% қайта өңдеуге, 60% басқа да бағыттарға, – деді Тамара Дүйсенова.
«Ауыл аманаты» жобасының алдағы уақыттағы басты мақсаты – диқанның өнімін тұрақты өткізу жолын табу арқылы табысын көбейтуге жол ашу. Вице-премьер бұл міндетті іске асыру үшін жауапкершілік ауылдық округтердің, аудандар мен облыстардың әкімдеріне жүктелетінін атап өтті.
Ауыл тұрғындары үшін тиімді
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сүйенсек, бағдарлама шеңберінде ауыл тұрғындарының кәсібін дамытудың ажырамас бөлігі ресурстарды біріктіруде және ЖКҚ өнімін неғұрлым тиімді шарттарда өткізуді қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Алдағы уақытта ауыл тұрғындарының табысын арттыратын ауыл шаруашылығы кооперативтері болып саналады. Жобаны іске асыруда кезінде өңірлерде 400-ден астам ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Өткен жылдың қорытындысына сүйенсек, елімізде 3911 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істеуде. «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев «Ауыл аманаты» бағдарламасы халыққа өте тиімді екенін айтады.
– «Ауыл аманаты» – бүгінде адамдардың табысын арттыратын жалғыз жоба, оған ұқсайтын бағдарлама жоқ. Біріншіден, 2,5 пайызбен несиені не банктер, не микроқаржылық ұйымдар бермейді. Екіншіден, банктер ауылда қаржылай несие бермейді, себебі онда кепілдікке беретін ештеңе жоқ деп есептейді. Тіпті олар несие берген күннің өзінде 0,4 коэффицентпен береді. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасында 0,7 коэффициентпен несие беру қарастырылған. Мәселен, несие алушының кепілдіктегі үйі бір миллион теңгеге бағаланса, 700 мың теңге беріледі. Ал банктер баспананы бір миллион теңгеге бағаласа, 400 мың теңге ұсынады. Жобаның осындай ұтымды жері бар, – дейді партия хатшысы.
Сыр өңіріндегі сәтті жобалар
Иә, ауылдарды дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық міндеттерінің біріне айналды. Сыр өңірінде де «Ауыл аманаты» бағдарламасы сәтті жүзеге асуда.
Осының нәтижесінде аймақта оң өзгеріс қалыптасып, кәсібін дөңгелеткісі келген кәсіпкерлер қатары көбейген. Мәселен, өткен жылы 3 млрд теңгеге 406 жоба іске қосылып, 713 жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар биыл 4 млрд 596 млн теңгеге 575 жобаны жүзеге асырып, 610 жаңа жұмыс орнын ашу жұмыстары жүргізілген. Осының негізінде 1 млрд теңгеге 150 жоба қаржыландырылған.
Айта кеткен жөн, аймағымызда ауылдардың жағдайын жақсарту бойынша агробизнес өкілдері қарқынды жұмыс істеуде. Бұл бағытта «Абай-Дәулет» ЖШС нәтижесін атап өткенді жөн көрдік. «Абай-Дәулет» ЖШС «Ауыл аманаты» жобасы негізінде Сырдария ауданының «Бесарық» ауылынан 13 бизнес-бастаманы іске қосқан. Мұнда жартылай фабрикат, пластикалық ыдыстар, ағаш бұйымдар, тоқыма, сабын, кондитерлік өнімдер өндіретін цехтар ашылды. Қазіргі уақытта озық тәжірибені кеңінен тарату үшін облыстың әр ауданындағы 3-4 ауылда осындай бизнес-инкубаторлар ашу қолға алынуда. Сырдария ауданы, Бесарық ауылында жоба аясында бірнеше жаңа өндіріс орны бой көтерген. Солардың бірі – «Балауса» наубайханасы. «Ауыл аманаты» жобасы негізінде көпбалалы ана Гүлмира Өсербайқызыда өз кәсібін бастаған.
– «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға өтініш білдіріп, «СПК-Байқоңырдан» жеңілдетілген 2,5 пайызбен 7 миллион теңге несие алдық. Осы қаражатқа қажетті құрылғыларды сатып алып, наубайхананы іске қостым. Оның алдында өзімнің сүйікті кәсібім ретінде үйде нан өнімдерін пісіріп сататынмын. Жобаның нәтижесінде бір мақсатым орындалып, наубайхана аштым. Қазіргі уақытта үш адамды жұмыспен қамтып отырмын. Наубайханада қазіргі таңда сұранысқа сай нан өнімдерінің, тәттілердің түрлері бар. Ауыл дүкендері де, тұрғындар да нанды менен алып, кәсібіме қолдау білдіруде. «Ауыл аманаты» – тиімді бағдарлама. Бірде-бір қаржы ұйымы 2,5 пайызбен несие бермейді. Бұл ісін жаңадан бастайтындарға және жас кәсіпкерлерге үлкен қолдау. Жоба аясында несие алып, өз кәсібімізді бастап кеттік. Алған қаражатты тиімді пайдалану, нәтижелі іске асыру – біздің міндетіміз. Жеңілдетілген несие – кәсіп бастайтын адамға үлкен мүмкіндік. Мемлекет тарапынан кәсіп бастаймын дегенге қолдау көп. Әсіресе, ауыл адамдары үшін осындай жобаның жүзе асып жатқанына қуанамыз. Осы жобаны тұрғындар тиімді пайдаланып, өз кәсіптерін бастаса деймін. Бастамамды қолдаған жандарға, отбасыма алғысымды білдіремін, – дейді кәсіпкер Гүлмира Өсербаева.
Ауыл тұрғындары қуанды
«Ауыл аманаты» жобасы ауылға қамқорлықтың бір парасы іспетті. Жоба жүзеге аса бастағанда ауыл тұрғындары қуанды. Себебі олардың кәсібін қолдауға қаражат қажет екені белгілі. Несие алғандар қатарында қалаға қарасты Ақсуат ауылдық округінің тұрғыны Сәрсенгүл Аралбаева да бар.
– Көптен бері өз кәсібімді бастауды жоспарлап жүр едім. Алайда кәсіп бастау үшін қаражат жағы кедергі келтірген еді. Ауыл әкімімен кездесуде кәсіпкерлікті қолдауға арналған 2,5 пайыздық жеңілдігі бар несие туралы ақпарат алдық. «Ауыл аманаты» жобасымен кеңінен танысып, осы арқылы несие алуды жоспарладық. Жобаға құжат жинау және оны ұтып алу тұрғысында ешқандай мәселе болмады. Осылайша, 5 млн теңге несие алып, шұлық шығаруды қолға алдық. Ол қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға мүмкіндік болды. Қазір күніне 350-400 дана шұлық сатылуда. Іс алға басса, өндірісті кеңейту жоспарда бар. Қазіргі уақытта 2 адам жұмыс істейді. Өндіріс ауқымын кеңейтсек 8 адамды жұмыспен қамту жоспарланған, – дейді кәсіпкер.
Жұмыс көзінің жоқтығы ауыл адамдарының табысына әсер етпей қоймайды. Сондықтан да бұл жоба аясында жұмыс орындары ашылып, тұрғындар табысының артуына да септігін тигізгені көңілге қуаныш ұялатады. «Ауыл аманаты» жобасына ауыл тұрғындары үлкен үміт артып отыр. Себебі ауыл-аймақта өз кәсібін бастауға немесе кеңейтуге мүмкіндік болады деген сенім бар.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!