Жексенбі, 22 желтоқсан, 08:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ерекше жарыс

27.02.2024

806 0

Сурет: Ашық дереккөзден

Мұндай жарыс дүниеде еш жерде болмаған жарыс еді. Шағын ғана ауыл аяқастынан әлемге әйгілі болды. Бұл жарысты ұйымдастыруға мұрындық болғандар ауылдағы Бәкір мен Ұзақ ақсақалдар еді. Қазақ тілін атадан қалған жалғыз мирастай көретін осы шынашақтай екі шал салт-дәстүріміздің де білгірі еді. Газеттен немесе теледидардан қазақ тілін бұзып айтқандарды көріп, шыр-пыр болады да жүреді. Әттең, қасында тұрса ғой қамшымен тартып жіберер еді ондайларды. Өйткені екеуінің де мінездері шатақ. Қолдарынан не келсін, теледидарда тілімізді қор қылып тұрғандарды көрсе екеуі кезек-кезек дымын қоймай сыбап, ашуын басады. Сонымен, тіл жанашыры боп жүрген осы екі кісінің бастамасымен ауылда қазақ тілінің тазалығы туралы сайыс өтетін болды. Сайыс ережесі бойынша әр қатысушы бір тақырыпқа әңгіме айтады, сонан соң қазылар алқасының сұрақтарына жауап береді. Жеңімпаздарға молынан жүлделер тағайындалатын болды.

Ұзақ шал: – Қазіргі жастар дүниеге жақын боп барады, ақшамен қызықтырмасаң мұндай жарысқа қызықпайды. Сондықтан жүлдеге ақшаны аямау керек. Мен қолдағы бар малымды салдым. Он сиыр, бес жылқы, екі түйе, – деді. «Оу, ақсақал, сонша дүниені несіне шашасыз?» дегендерге «Қазағымның тілінен бар малым садаға кетсін. Әйтеуір, мынадай тірлікке сәл пайдасы тисе болар. Мұны естіген Бәкір шал: – Әй бері кел, деп баласына: – Анау қорадағы малдан бес сиыр мен бес жылқыны ертең мал базарға апарып сат та, ақшасын дайындап қой, – деп тапсырды. Мәз болған баласы әкесіне сұрақ та қоймай атына міне салып, шаба жөнелді. Міне, нағыз таза қазақы тәрбие. Масаттанған Бәкір шал: – Қазіргі жастарға ақшалай бермесең малды қайда апарады? Оның үстіне, қаладан келетіндер де болар деп нықтады. Делебесі қозған Сәбит деген жігіт балаларын боқтап-боралап жүріп бес сиыр, он қой сатуға көндірді де оларға:

– Шешелеріңе айтпаңдар деді сыбырлап. Бірақ жұртқа қарап: – Қатын шу шығарадыау, бірақ тәуекел, қазақ тілінің садақасы, – деді насыбай атып жатып. Кешке сол Сәбит әйеліне осындай да осындай болды деп сонша малды неге сатқанын мырыңдап жеткізген ғой. Сөйтсе анау алдыр-салдыр қатыны байына «Молодес» депті құшақтап. Ондай жауап күтпеген Сәбит көзінен жас шығып кетіп, өмірінде екінші рет қатынының бетінен сүйіпті. Бұл екі шалға риза болған басқа ауыл жігіттері де қосылып, бір қора мал жиналды. Мынаны көрген кей жұрт: – Әй, сендер Жүрсіннің ақындар айтысынан да асып түсейін дедіңдер ме, – деп жатты бастарын шайқап.

Қойшы, сонымен келесі сенбіде жарыс басталатын болды. Қазылар алқасына Ұзақ әкей мен Бәкір әкей, зейнеттегі қазақ тілі мұғалімі Сағындық ағай және ауылдың радиосы атанған Айдаһар апамыз болды. Айтпақшы осы апамыздың шын атын ешкім білмей-ақ қойды. (Арасында бір еске түскенде айтармын) Бет қаратпайтын өткірлігінен болар, жұрт түгел Айдаһар апа деп кеткен. Ашуына тиген адамның «аузына бәлен» қылатын ескі әдеті болатын. Оған жұрттың құлағы үйреніп кеткен. Содан жарыс басталды. Ауылға ығы-жығы адам мен машина толып кетті. Мұны көрген бір шал: – Сайлау өтейін деп жатыр ма? – деп таңқалды. Мұнша адамды тек сайлауда ғана көрген байғұс шал қайтсін енді. Сайысты зейнет демалысындағы қазақ тілі мұғалімі Сағындық ағай ашты. – Ағайындар, деді ол елге қарап, – қазақ үшін тілімізден үлкен байлық жоқ. Заман өте келе сол атадан қалған асыл да көркем тілімізге бөтен сөздер араласып, бұзыла бастағанын көріп жүрсіздер. Сондай сорақылыққа шыдай алмаған азаматтар тіл тазалығын сақтау мақсатында осындай жарыс ұйымдастыруға бел байлады. Микрофонды ауыл әкімі алды.

– Бауырлар, – деп бастады ол, – бұл сайысты ұйымдастырған Ұзақ әкеміз бен Бәкір әкеміз, Сағындық ағай және Айдаһар апай және Ханшайым апай болса, Бекназар, Тұрдыәлі, Әйтжан, Сәбит ағаларымыз қоштап, демеушілік жасады. Енді бас бәйге біреу – машина, бірінші бәйге екеу – мотоцикл, екінші бәйге үшеу – екі миллионнан ақша, үшінші бәйге он – бір миллионнан ақша. Осы кезде галстук таққан бір жігіт ортаға шығып: – Бауырлар, – деді мен аудандық әкімдікте қызмет атқарамын, бірақ бұл жарысқа шақырусыз келіп едім. Мына ұйымдастырған шараларыңызға риза боп қатты толқып тұрмын. Аудан әкімшілігі атынан бір жеңімпазға арнайы жүлде тағайындауға рұқсат етіңіздер, яғни аудан әкімшілігінен жақсы жұмыс орны беріледі. Мен кепілдік берем, – деп, қойды риза болған ол. Мына жүлделерді естіген жұрт тоқтаусыз қол соқты. Алдыңғы қатарда отырған кемпірлер көздеріне жас алып, шүкір-шүкір деп жатты.

Жарыс басталар алдында ауыл әкімі ережемен таныстырды. – Ағайындар, – деді ол, – Жарысқа қатысушы әуелі қолына арнайы білезік киеді. Ол білезік компьютерге қосылған. Егер қатысушы сұрақтарға дұрыс жауап берсе еш өзгеріс болмайды. Ал егер сөз арасына басқа тілден енген, салт-дәстүрімізде жоқ сөздер араласса қатысушының аузы бір жағына қисая бастайды. Демек, ол жеңілгенді білдіреді. Бұл аппаратты ойлап тапқан ауыл мектебінің оныншы сынып оқушысы Ермек ініміз. Нәтижесін қазір сайыс барысында байқайсыздар, бәріңізге де сәттілік тілейміз.

Әуелі ауыл жігіттері бастады. Жақсы айтып келе жатқан жігіттің бір кезде аузы сәл қисая бастағанда, кілт тоқтады. Сөйтсе ол орыстың «пока», «значит» деген сөздерін қосып айтыпты. Мойындаған ол: – Армиядан қалған әдет қой, – деді күліп. Келесі жігіт те «почти, уже» деген сөздерді қосып қойып, аузын қисайтып алды. Жұртты таңқалдырған көп жыл күріш егіп, трактор айдаған Бағдат деген жігіт болды. Қазақ тілінен, салт дәстүрден барлық сұраққа мүдірмей жауап берген оны қазылар алқасы бас бәйгеге лайық деп тапты. Сайыс барысында қызық та болды. Қаладан келген бір жігіт жап жас боп қарны бар екен. Өзі қымбат машинамен келді. Шамасы не дөкейдің, не бизнесменнің баласы ау.

 – Мен Қызылорда қаласынан келдім, – деді ол. Сол кезде-ақ аузы аздап бір жағына қисая бастады. Ол қазылар алқасындағы Бәкір әкейге қарап – Сіздін отчествоныз қалай, – деді шіреніп. Аузын жимай жатып қаттырақ қисайды. – Әй, бала, әкемнің атын қайтесің, ал әкем аты Құлжан, басыма көктас қоятын болсаң – деп шақ ете қалды Бәкір әкей. Сол кезде Ұзақ әкей –Жігіттер, естеріңде болсын қазақта көзінше әкесінің атын айтпайды. Біз орыс емеспіз ғой, деп еді ана жігіт: – Бакир Кулжан улы айтынызшы, мына безграмотный шалға деген кезде байғұстың аузы ырбыиып кеткені сонша тіпті сөйлеуге келмей қалды. Абырой болғанда ауылдағы фельдшер Достияр ағай келіп укол салып, аузын әрең қалпына келтірді. Қаладан келген екінші жігіт шығып сөйлей бергенде ауылдағы Әсия деген жеңгеміз кіріп келді. Қолында жеті шелпегі бар. – Жұрттың бәрі осында екен ғой, құдайы күлше суып қалмай ауыз тиіңдер, – деп тарата бастады. Отырғандар қабыл болсын, деп жатыр. Шелпектің біреуін қаладан келген екінші жігітке беріп еді ол алып, – рахмет жеңгей, – деді. Жұрт қыран-топан. Ұзақ әкей әлгіге: – Әй, балам, сен үйіңе қайта бер, келер жылы келерсің, бірақ қазақтың салт-дәстүрін оқып, көңілге тоқып кел, – деді. Тіл тазалығы сайысы кешке қараңғы түсе аяқталды. Жүлде алғандар өте көп болды. Ел-жұрт түгел риза болып тарқасты. Жұрт жабылып, келіп аппарат ойлап тапқан оқушы Ермекті кезек-кезек бетінен сүйіп жатты. – Мынадай білезіктен жоғарыдағы қазақша білмейтін дөкейлерге бір-бірден қолына тағып қоятын екен, – деді ауылдағы Темеш деген жігіт. Сайыстан соң Ұзақ әкеміз тебіреніп: – Дәл мынадай керемет болады деп ойламап едім, ұзағынан сүйіндірсін, тәуба – деді. – Құдайға шүкір, халқымыз аман болсын, – деді Бәкір әкеміз көзін сүртіп жатып. Енді болмағанда қазақтың тілі мен дәстүрін құрта жаздапты ғой кейбіреулер, – деді Айдаһар апай.

Күнімханның кенжесі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: