Жексенбі, 24 қараша, 09:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Газ бағасы 70 теңгеге жетті

02.07.2024

679 0

Өткен аптаның ортасынан бері «көгілдір отын» көңілге медет болмады. Бекеттерде ұзынсонар кезекте тұрған көліктер мұны жоққа шығара алмас. Тіпті тұрмыстық қолданыстағы газ баллондарын арқалап, ерсілі-қарсылы шапқылап кеткен халықты да көрдік. Әуелі мұндай көрініс аудандардан, ауылдардан бастау алса, бірер күн бұрын облыс орталығына да жеткен. Десек те, «халық айтса, қалып айтпайды» деген тура келді. Жұртшылық желкеден бүрген түйткілдің ақыры 70 теңгеге жететінін топшылаған. Міне, кешеден бері сұйытылған газ бағасының қымбаттағаны жайында тиісті тараптар мәлімдеме жасады.

«ҚР Энергетика министрінің 2024 жылғы 26 маусымдағы №233 бұйрығына сәйкес 01.07.2024 жылдан бастап сұйытылған мұнай газ бағасы қымбаттады. Өңірімізде шекті бөлшек сауда бағасы 1 литрге – 70 теңгені, ал облыс орталығынан 200 (екі жүз) шақырымнан астам қашықтықта орналасқан шалғай аудандар үшін шекті бөлшек сауда бағасы 1 литр үшін – 75 теңгені құрайды. Яғни тұтынушыларға арналған баға 9%- ға өссе, ал газ желісі ұйымдары үшін газ өңдеу зауытынан сатып алынатын бағасы 12%-ға өскенін хабарлаймыз. Бұл ретте маусым айында газ сатылымдағы орын алған шектеулер бағаның қымбаттауына байланыс емес, облысқа ҚР Энергетика министрлігінің тарапынан газдың аз бөлінуне байланысты орын алуда. Облыстың 1 айдағы қажеттілігі 8,5-9 мың тоннаны құраса, министрлік тарапынан маусым айына 7,2 мың тонна газ бөлініп, оған қоса жазғы кезеңде газдың тұтынуы өсуде», – деп ақпарат берді әлеуметтік желіде облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы.

Айтпақшы, қала бойынша кейбір бекеттер арнаулы лимит бекітіп қойған. Тағы бірінде сұйық отын мүлдем жоқ. Қалаға қарасты елді мекендерде де осы мәселе байқалды. Әйтсе де ақ қағаз бәрін де көтереді…

«Сондай-ақ бірнеше газ құю станцияларында газ таусылған жағдайда қалған ірі газ операторларына жүктеме түсуде. Газды тасымалдау жеткілікті арнайы техника мен уақыт қажет ететіндіктен газ құю станцияларында үзілістер пайда болады. Маусым айының соңында газ тасымалдаушылар тәулік бойы жұмыс істеп, газды облыс бойынша тасымалдады. Сонымен қатар Түркістан облысы мен Шымкент қаласында орын алған газ тапшылығына байланысты Жаңақорған ауданын сұйытылған мұнай газбен қамтамасыз етуде қиындықтар туындап, газ тасымалдаушылар күніне бірнеше рейс жасады. Осыған байланысты автокөлік дәлізімен транзиттік көліктер Жаңақорған ауданындағы барлық газ қорын алмау үшін ауданда 1 көлікке 1500-2000 теңгеге шектеу қойылды», – дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасындағылар.

Сұйытылған газбен жүретін автокөліктер енді ойлана бастады. Қалтаны қақпайтын төмен бағаға жүгініп, пайдасын арттырған жолаушы тасымалындағылар да дәл бұлай бара берсе, жанар-жағармайға көшетінін айтады.

– Әуелі «көгілдір отын» қолданатын көліктерге арнаулы техникалық байқау қажеттігі айтылды. Мұнан кейін газ қондырғыларының жай-күйін майшаммен қарады. Жарамдылық мерзіміне қарай тағы да шығынға бататын болдық. Енді бара-бара бұл баға бензинмен теңеседі. Бұлай жалғаса берсе, барлығымыз бензинге көшіп аламыз. Ол уақытта жолаушы тасымалының бағасы да қымбаттайтыны анық. Біз әзірге бір бағаны ұстап тұрмыз», – дейді такси жүргізушісі Азиз Бекмырза.

Аян СПАНДИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: