Дүйсенбі, 25 қараша, 09:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Мұстафа Шоқайдың тұлғалық феномені мен саяси қызметі

24.09.2024

261 0

\Әлемге танылған Мұстафа Шоқайдың тұлғалық болмысы мен саяси қызметінің жарқын беттерін көрсету оңай тірлік емес. Өйткені осы кезге дейін оның толық өмірбаяны жазылмаған.

Сол себепті бірсыпыра мәліметті Мария Шоқайдың «Менің Мұстафам» атты естелік кітабына, сонымен қатар әртүрлі елдердің қайраткерлерімен, ғалымдарымен жазысқан хаттарына және өз еңбектеріне сүйене

отырып айта аламыз.

Мұстафа Шоқай – өз кезіндегі мұсылман саяси қайраткерлерінің ішінде айрықша белсенділігімен кеңі­нен танылған тұлға. Бұл пікірімізге жапонның белгілі ғалымы Уяма Томохиконың 2001 жылы Мәскеу мен Токио бірігіп шығарған Мұстафа Шоқайдың «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» деген еңбегіне жазған алғы сөзіндегі: «ХХ ғасырдың басында Ресейдің өз ішінде және оның төңірегінде Исмаил Гаспринский, Абдурашид Ибрагим, Мирсаид Сұлтанғалиев, Заки Валидов (Тоған), Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Тұрар Рысқұлов, Махмудқожа Бехбуди, Абдурауф Фитрат, Файзулла Қожаев, Мехмед Эмин Расулзаде және тағы басқа көптеген мұсылман ұлы реформаторлары мен революционерлер шоғыры пайда болды» дей келіп,  жаңа азат жолдан «Тіпті осы жұлдыздар ішінде Мұстафа Шокаев (1890-1941) немесе Шокай бірегей орын алады» дегенін дәлел ете аламыз.

Мұндай бағаға Мұстафа Шоқай қалай жетті деген үлкен сұрақ тұр. Бұған жауап беру  үшін  сөзімізді оның дүниеге келген отбасынан, өскен ортасынан бастауымыз керек. Біздің  танымымыз бойынша жас ұрпақтың тағдырында тәрбиенің темір қазығы – отбасындағы адамгершілікті, ізгілікті, имандылықты негіз еткен ұлттық тәрбиенің орны ерекше. Мұнсыз тәрбие мен оқудың кейінгі буындары тиімді нәтиже бере қоймайды. Оны өмір көрсетіп келеді, көрсете беретініне сеніміміз мол.

Атасы Торғай – датқа, болыс-би, әкесі Шоқай шаңы­рағында дүниеге келген Мұстафа ұлттық тәрбиені молынан көріп өсті. Туасы зерек ол оқу-жазуды анасы Бақтыбикеден бес жасында үйренеді. Ағасы Әліш ашқан төрт жылдық медресені екі жылда бітіріп, 1902 жылы үшжылдық Перовск училищесін аяқтады. Осы жылы Ташкенттегі сегізжылдық ерлер гимназиясына түсіп,  орыс тіліне сауатын жетілдіріп алғаннан кейін өлке тұрғындарының арыз-шағымдарына көмектесіп, қоғамдық жұмысқа белсенді араласа бастайды. Осы істе жергілікті халықтың талай теңсіздігіне куә болады.

1910 жылдан араларында үзілістері бар алты-жеті жыл  Ресей орталығы Петербургте болуы Мұстафа Шоқайдың кейінгі тағдырын шешті. Санкт-Петербор университетінің заң факультетінде терең білім алып, Батыстың өркениетімен де сусындады. Осында оқып жүрген кезіндегі беталысын, бір топ студенттермен бірге тіл мен діннің тазалығын сөз еткен 1913 жылы Орынборда шыға бастаған «Қазақ» газетіне хат пен «Сиратул-Мустаким» (Тура жол) ұйымын жақтаушыларға қарсы бағытталған үндеудің мазмұны айқын байқатады. Сондай-ақ студент кезінде «Сен ақ патшаға жақын тұрасың, оған біздің тілектерімізді жеткіз. Мына мәселе былай болуы керек еді, былайша уәде берілген еді, бірақ олай болмады» деген мазмұндағы өтініш хаттар, әртүрлі хабарлар өзі дүние есігін ашқан Ақмешіттен де жиі келіп тұрған көрінеді. Мәселенің көбі жер дауымен, әсіресе қоныс аудару басқармасының Ресейден келген орыстарға бөліп беру үшін тартып алған жерлері көбіне  көшпенді халықтың тіршілік негізіне айналған қыстауларына байланысты болады. Мәселелер айлар бойы шешімін таппай, кейде Сенат мәжілісіне дейін жетіп жатыпты. 

Мұстафа Шоқай Орталықтағы түрлі қоғамдық-саяси жұмыстарға белсенді араласады. Алаш қозғалысының жетекшілерімен жиі қарым-қатынасқа түседі. Әлихан Бөкейханның ұсынысымен 1916 жылғы 15 тамызда Мемлекеттік Думаның жанындағы Мұсылман фракциясының төрағасы Қ.Тевкелев жетекшілік еткен құрамында фракция мүшесі Шәкір Мұхамедияров және кейін қосылған депутат А.Ф.Керенскийлер бар делегацияның аудармашысы, хатшысы және маман зерттеушісі ретінде Түркістан өлкесінде сапарда болады. Мұнан кейін Мұстафа Шоқай  Мемлекеттік Думаның Мұсылмандар фракциясындағы хатшылық жұмысқа орналасады. 1917 жылғы Ақпан төңкерісі болмағанда оның Мемлекеттік Думаның депутаттығына сайлануы да мүмкін еді.

Патшаның тақтан таюы, Уақытша үкіметтің құрылуы ұлттық аймақтарды оятып, оларды азаттық үшін қозғалысқа түсіргені белгілі. Наурыздың соңғы күндері Мұстафа Шоқай Ақмешіттен Түркістан өлкелік атқару комитетінің құрылтайына делегат болып сайлануына байланысты Ташкентке шақыртқан жеделхат алады. Жол жүрер алдында ол сол кезде Ресейде белгілі рөл атқарған Петербург жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің төрағасы Н.С.Чхеидземен арнайы кездеседі. Араларындағы әңгіменің тақырыбы Түркістан аймағының автономия алуы туралы болады. Бұл кездесу екі мәселені байқатты. Біріншісі, Әлихан Бөкейхан басқарған Алаш қозғалысының автономия туралы пікірлерінің толысқанын көрсетсе, екіншіден,  Ресейге белгілі тұлғамен осындай деңгейде сөйлесу Мұстафаның ой-өресін байқатқан болатын.

16-22 сәуір күндері Ташкентте өткен Түркістан мұсылмандарының бірінші құрылтайында Өлке мұсыл­мандары орталық кеңесінің төрағасы болып сайланған Мұстафа Шоқай Уақытша үкіметтің Түркістан комитеті, өлкелік жұмысшы және солдат депутаттарының кеңесі мекемелерімен тиімді қатынас жасау, революцияның алғашқы күндері құрылған араларында байланысы жоқ, бола қойғанда көбіне қайшылықты қарым-қаты­насты екінші қатарға қойып, түрлі мұсылман қоғам­дарын, комитеттер мен одақтарды бір орталыққа бірік­тіруге ұмтылады. Өлке халқының алдыңғы қатарлы қайраткерлерін тиімді ұйымдастырудың нәтижесінде Қоқанда өткен төртінші ұлттық құрылтайда Түркістан автономиясы жарияланады. Бұл Мұстафа Шоқайдың саяси қызметінің алғашқы шыңы болды.

Кейін Түркістан Мұқтарияты аталып кеткен жаңа типтегі мемлекеттік құрылым барлығы 64 күн ғана өмір сүрді. Кеңестік жүйе «Алаш» партиясы бағдарламасы жобасының «Мемлекет қалпы» бөліміндегі: «Федеративная республикада әр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болады. Әрқайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді» деген қағиданы қауіпті санады. Автономия басшылары түгел дерлік тұтқындалады. Бұдан аман қалған, бірақ басына 1000 сом бәйге тігілген Мұстафа Шоқай шет елге кетуге мәжбүр болды. 1918 жылғы мамырдың бірінде Ташкенттен шығып, талай қиыншылықтарды бастан өткізіп, 1919 жылдың наурызында Тифлиске жетеді. Онда екі жылдай тұрып, қызылдар оны басып алғаннан соң Түркия арқылы Францияға жетіп, сонда тұрақтады. 

Әділеттілік пен заңдылықтың орталығы – Парижде жиырма жылдан астам тұрғанда Мұстафа Шоқай Стамбул, Париж, Лондон, Варшава, Берлин және т.б қалалардағы тиісті мінбелерде Кеңес Одағындағы түркі халықтары көріп жатқан большевиктік саясатты әшкерелеген баяндамалар жасады, берісі Түркістанның, әрісі бүкіл түркі жұртының  тәуелсіздігі үшін сан қырлы саяси қызметтер атқарып, бірнеше тілде жазылған мол шығармашылық мұрасымен әлемге танылды.

Мұстафа Шоқайдың тұлғалық болмысы туралы Мария Шоқайдың «Менің Мұстафам» атты естелік кітабында бірнеше жарқын беттер бар. Сонау Еуропаның ортасында жүріп, үлкен жүректі, терең сезімді қарапайым жанның елін сағынған сәттері шебер жазылған. Ұлы тұлғаның табиғи жаратылысын, рухани дүниесін аша түсетін бұл сипаттар оқырманды еріксіз терең сезімдерге тартады. Жүрегі жұмсақ жанның ерекше қарапайым адами болмысы таң қалдырады.

Парижге барған алғашқы жылдар Шоқайларға аса ауыр болады. Күнелтудің қиыншылығы, күнделікті тірліктің таусылмайтын күйбеңі әбден қажытып, Мария Шоқай ауырып қалады да, Гермниядағы инфляцияға байланысты 1923 жылы Берлинде алты айдай тұрады. Сол кезде жарына жазылған хатында Мұстафаның отбасына, ағайын-туыс жақындарына деген шынайы сезімі былайша берілген: «Мен үшін ең қымбатты, ең жақын адамдардың көбі бұл күнде арамызда жоқ. Мен олардың ешбірімен соңғы рет арыздасып, қоштаса алмадым. Егер сен біздің туыстар арасындағы қатынастарды білген болсаң, менің қайғымның қаншалықты орынды екенін, шын мәнінде орны толмас екенін түсінер едің…» болмаса «Көз алдында ұлы мен немересінен бірдей айырылып әрі сүйікті ерке ұлы мен де қасында болмаған қарт анамның қалай қайғырғанын кім білсін? Ол менің өз анам емес екенін, алайда оны өз анамдай жақсы көретінімді сен, әрине, білесің. Ол идеал ана болатын».

Мұстафа Шоқайдың елге деген өзгеше сағынышын мына бір оқиға да айқын аңғартады. 1922 жылы Париждегі Трокадеродағы этнография музейінде болғанда Мұстафа сондағы домбыраны қызметкерден сұрап алып, құлақ күйін келтіріп, әсем қазақ күйін орындайды да аспапты орнына қояды. Жүзі жабырқау тартып, жанары жасқа толады. Мария Шоқай «Мен алғашқы және соңғы рет Мұстафаның көз жасын сол кезде көріп едім» деп жазды.

Түркістан халқының бірлігін аңсаған, мұңсыз тәуел­сіздікке жетудің өте қиын екенін білген Мұстафа Шоқай әрдайым былай дейді екен: «Біздің Түркістан үшін ең қорқыныштысы – халықтың бірлігінің болмауы. Өзіміздің әлсіз екенімізді мен білемін. Мен халқымның тыныштығын және бірлігін қалаймын. Сондықтан да Швейцария мемлекетінің үлгісімен федерация  құрғым келеді». Сол себепті ол өзінің саяси істерінде барлық күш-жігерін Түркістанда әлеуметтік реформа жасауға жұмсайтынын ескертіп: «Біз қазір оқымасақ, ешқашан тәуелсіз бола алмаймыз, ол жолды бізге сырттан біреу әкеліп бермейді, біз өзіміз бірте-бірте мемлекет органдарын қолға алып, өзімізді өзіміз басқаруға тиіспіз» дейді екен.

Мұстафа Шоқаймен араласқан әрбір адам оны ерекше сыйлап, жеке қабілетін, адами болмысын қастерлеген көрінеді. Бұған бірнеше мысал келтіруге болады. Кеңес үкіметі Түркістан автономиясын құлатқан соң Мұстафа Шоқай Ташкентке жетіп, Өлкелік прокуратурасының мүшесі, Мария Яковлевнаның бұрынғы күйеуіне уақытша тұруға келісім сұрағанда ол Мұстафаның жағдайын жақсы біле тұрып, үнсіз келісім береді. Ал Мария Шоқайдың 1918 жылғы 24 қарашада Челябинскіде жалғыз өзі бөлініп қалуға мәжбүр болып, келер жылдың мамыр айының бірінде аман-есен, жүйелі жүріспен, аялы алақандардың қамқорлығымен Тифлистің вокзалына жетуі Мұстафа Шоқайдың белгілі кісілер алдындағы таза беделінің арқасында болғанына дау жоқ.

Мария Шоқай жарының ең үлкен кемшілігі ретінде оның сенгіштігін, осының кесірінен үлкен қиындықтарға да ұшырағанын, оның азғантай адамгершілікке жатпай­тын әрекеттерге ренжіп қалатындығын, алайда қателік­терді кешіре салып, тез ұмытатынын, кейін оны есіне де алмайтынын ерекше қасиеттер ретінде атаған. Ол саяси менмендіктен аулақ болып, саяси интригандарды жаны сүймеген, ал жағымпаздықты өзін-өзі қорлаумен бірдей санаған.  

Отанын жанындай жақсы көрген, оның келешегі мен тыныштығы үшін еш аянбайтын жан ретінде Мұстафа Шоқай өмірінің соңғы сәттерінде, 40-жылдардағы соғыс кезінде Түркістанның большевиктерден құтылуын ар­мандап: «Алла елімнің тәуелсіздікке қол жеткізгенін көруді нәсіп етсе, мен тек саяси үгіт ісімен айналысар едім. Жастар үкімет құрса, мен елімнің тарихы және басқа өлке халықтары туралы кітап жазумен шұғылданар едім. Адамдар бір-бірімен араласуы керек. Халықтар өзара білім алмасып, бірін-бірі терең танып және түсініп, жарасымды қатынас дәрежесіне көтерілсе, сонда ғана халықтар феде­рациясын құруға жол ашылмақ» деп жазды. Бұл сөздер бірінші, Мұстафа Шоқайдың өз елінің жарқын болашағын, тәуелсіз болуын армандайтынын танытса, екіншіден, оның терең білімін, азаттығы үшін күрескен Түркістанның тарихын да жақсы білетінін көрсетеді.

Естелік кітаптың «Мұстафа Шоқайдың саясатқа араласа бастауы»,  «Алғашқы саяси сабақтар» және «Мұстафа Шоқай – саясаткер» деген бөлімдерінде Мария Яковлевна жарына саяси қайраткер ретінде бірсыпыра сипаттамалар берген. Саясатқа араласқан алғашқы жылдарынан бастап ешбір партияға кірмей, социализмнен алшақ демократ ретінде Мұстафа Шоқай өз халқын жанындай жақсы көріп, оның болашағына сеніммен қараған. Көзқарас көкжиегі кең, өз ойын еркін жеткізетін, пікірлесіп отырған жанның жүрегіне жол таба алатын саясат адамының көпшілікті басқаруы үшін оның тез шешім жасай алатын саяси сауаты, қатал мінезі болуы керек деп түсінген. Мұстафа Кемалға таңғалып, оны биік санап, Түркістан үшін осындай реформатор болса деп армандаған. 

Мұстафа Шоқай табиғатында бейбіт саясатты қолдаушы болғандықтан, халықтардың бауырластығын, өз мемлекетінің егемендігін, азаттығын ойлады. Ол тар ауқымды ұлтшылдықтың дұшпаны болған. «…Біз барлық халықты құрметтеуге тиіспіз. Мемлекет үшін бір халықтың өзге халықтан айырмасы жоқ. Географиялық жағдайымыз да Ресеймен достық және бейбіт қатынаста болуымызды талап етеді. Жаман халық деген жоқ, жаман адамдар бар: адамгершілігі мол мемлекет деген болмайды, адамгершілігі мол адамдар болады» деуі де кемел ойлардың жарқын көріністері еді. Сондай-ақ ол: «Мен халыққа қарсы емеспін, халықты басқарып отырған басшыларға қарсы сөзбен күресудемін» деп жазды. Мұстафа Шоқай Ресейді жеріне жеткізе сынағанда оны әсте орыс халқының отаны ретінде емес, патшалық биліктің, кеңестік жүйенің орталығы болғанын есте ұстады.

Саясатта намысқой әрі жанға жақын болуы арқылы адамдардың жүрегіне жол таба білген Мұстафа Шоқай пікірталаста қызуқанды, өз пікірін дәлелдеуде қарсы­ласының намысына тиюден аулақ болған көрінеді. Оның психологияға жетік болғанын, қандай тақырыпта болмасын сабырлылық танытып, қарсыласының пікіріне құрмет көрсететінін оның эпистолярлық мұрасынан, ондағы әртүрлі ұлттардың 100-ге тарта түрлі саяси көзқарастағы өкілдерімен, саяси қайраткерлерімен, ғалымдарымен т.б. жазысқан үш жүздей хатынан айқын аңғарасың.

Саясат адамы ретінде Мұстафа Шоқай шен­құмарлықтан аулақ болған. 1917 жылғы сәуір айында Түркістан өлкесі мұсылмандары орталық кеңесінің төрағасы болып сайланғанда: «Өз басым Түркістан ұлттық қозғалысының құрылысына ең соңғы қарапайым қара жұмысшы-мердігер болып қатыссам да, өзімді асқан бақыттымын деп есептер едім! Бірақ тағдыр мені ұлттық қозғалысымыздың, ұлттық құрылысымыздың аса күрделі де жауапты кезеңінде өлкелік ұлттық ұйымның басына әкеліп қойды» деп жазуы оның шынайы қара­пайымдылығын танытады. Алайда тағдыр оны ылғи алдыңғы қатарға шығарып отырды.

Мұстафа Шоқайдың Алаш жетекшілерінен өзіндік ерекшеліктері де болды. Біріншіден, тәуелсіздігі үшін тұрақты күрескен Түркістан аймағы Ұлы дала, Түркістан өлкесі, Бұхара мен Хорезм хандықтарын қосқандағы тұтас күйін қамтыды. Сондықтан 900-ден астам еңбегінің 230-дайы тікелей Түркістан атауымен байланысты. Екіншіден, Мұстафа Шоқай күнделікті өмірде де, саяси қызметінде де шығыстық менталитетке ерекше көңіл бөлді. Сол себепті ол берісі Түркістанның, әрісі бүкіл түркі халқының азаттығы үшін күресті. Үшіншіден, өз халқын азат ету Еділ, Қырым татарларын, Кавказ халықтарын, Орал башқұрттарын, патша өкіметінің отаршылық саясатына қарсы басқа да халықтарды ұйыстырудың нәтижесінде ғана мүмкін деп түсінді.

1940 жылы Германияның Францияны басып алуы, 1941 жылы маусым айында большевиктерге қарсы соғыс ашуы Шоқайлардың онсыз да жеңіл емес өмірін тіпті қиындатып жіберді. 1939 жылдың екінші жартысынан «Яш Түркістан» журналы жұмысын тоқтатады. Эмигранттардың бірсыпырасы Америкаға, мұсылмандары Түркияға кетіп жатты. Мұстафа Шоқайдың Америкаға визасы бар болатын. Бірақ ол: «Маған паналайтын орын берген мемлекетті тастап кету, өз Отаныңды тастап кеткенмен бірдей» деп Парижде қалды [2,300б.]. Алайда сағыныштан сарғайтқан Наршоқы түгіл, өзі екінші отаны санаған Франция да бұйырмай, Берлинді мәңгілік мекен етті.  

1942 жылы 8 ақпанда Мұстафа Шоқайдың қайтқанына қырық күн толуына байанысты Париж мешітінің «Дебасси» залында ұйымдастырылған жиында Украина Халық Республикасының Сыртқы  істер министрі, саяси  қайраткер, профессор Александр Шульгин: «Егер Түркістан тәуелсіздік алып, Мұстафа Шоқай тірі болса, ол Джавахарлал Неру, Ататүрік сияқты қайраткер болар еді… Түркістан бір күндері жаңарып, өз батырларын еске алатынын, Мұстафаға Перовскіде, не Ташкентте ескерткіш қоятынын білмеймін. Бірақ халық оған өз жүрегінен ескерткіш орнататынына кәміл сенемін» деді.

Бұл сөздер Мұстафа Шоқайдың тұлғалық болмысы мен саяси қызметіне толық жауап беріп тұрған сияқты. Ұлы тұлғаның асыл арманы болған тәуелсіздік шындыққа айналды. Кешегі кеңестік кезеңде сатқын, контрреволюционер т.б. аталған, бірақ өзінің айрықша саяси қайраткерлігі, саяси әлеуметтік ой тұжырымдары мен көсемсөздерге толы мол шығармашылық мұрасы арқылы әлемдік сахнаға көтерілген ұлы тұлғаға орнатылған Қызылорда қаласындағы зәулім ескерткіш Сыр елін, сүйікті халқын Тәуелсіздіктің туын асқақ ұстауға тілектес болып тұр.

Әбдіжәлел БӘКІР,

         саяси ғылым докторы,

 Қорқыт ата атындағы

 Қызылорда университетінің профессоры,

Мұстафа Шоқай ҒО ғылыми жетекшісі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: