Бейсенбі, 21 қараша, 15:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Сұранысқа сай болу мамандықты сүюден  басталады

12.11.2024

255 0

«Статистикалық деректерге жү­гінсек», деп басталатын талай туын­дыны, ақпарат пен сараптамалық мақаланы оқып жүрміз. Бірақ сол статистикалық деректі кім жасайды, қайдан келеді, қалай жинақталады деген сауалға ойланып қаларымыз анық. Қызметінде ұқыптылық пен жауапкершілікті нықтап, адамдық пен мамандықты қатар алып жүрген білікті маман Гүлнара Аяшова – осы салаға 40 жылдан астам уақытын арнаған жан. Бүгінде ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық Статистика бюросының Қызылорда  облысы бойынша өнер­кәсіп және қоршаған орта статис­тикасы басқармасының бас маманы қызметін абыроймен атқарып келеді.

– Біздің саланың ең басты та­лабы – ұқыптылық, сараптай білу және білуге деген құштарлық, – деп бастады әңгімесін Гүлнара Қапанқызы. Оның көз жанарынан білімге, тәжірибе жинауға деген құл­шынысты байқадық. – Қазір күн санап қоғам дамып келеді. Бір сәт аялдасаң, кейінгің ілгеріге шығады. Ал өзің көштің соңына сырғисың. Сондықтан білім алуда, тәжірибе жинауда тоқтамау керек. Мен бұл салаға 1983 жылы келдім. Ол кез­дері есептіліктер телефонмен не­месе қағаз жүзінде қабылданып, об­лыстық қорытындылар есепшотпен есептелінетін. ЕС ЭВМ машиналары бірнеше облыста ғана болатын. Біз сол кездері Шымкент қаласында жылдық есепті алып деректерді өң­деу жұмыстарына атсалысатынбыз. Кейінірек ЕС ЭВМ машиналары біз­дің облысқа да келді. Қазіргі кезде заман жаңарып, электронды цифрлық кезеңде респонденттер жұ­мыс орнынан шықпай-ақ ИАЖ «Е-статистика» жүйесі арқылы есепті онлайн түрінде тапсырады. Бұл – біздің жеткен жетістігіміз.

Калькулятордың өзі кейін келді. Мұнан соң алдымен ЭЕМ машина­лары келсе, ізін ала компьютерлер қолданысқа енді. Міне, осы кезеңнің бәрінен өтіп, өмір бойы тәжірибе жинақтаумен келеміз. Жас маман болып жұмысқа орналасқан жылдары мекемеде өзге ұлт өкілдері жұмыс істейтін. Тіл білмейтін маған оңай болған жоқ. Бірақ соның барлығына төзе білдім. Егемен елдің ертеңі жолында еңбек еттік. Еңбегіміз еш кеткен жоқ.

«Статистика – өмір айнасы» деген бар. Қоғамның кез келген саласындағы мәліметтер бүгінгі өмір сүру сапамызды айғақтайды. Мұның барлығын осы мамандар есептеп отыр. Ал жалпы жұртқа қатысты әрбір мәліметтің шынайы, нақты болуы жолында олардың мойнындағы жауапкершілік жүгі де жеңіл емес.

– Әкем ұстаз болды. Анамыз – дәрігер. Әкем бізге «Ұстаз өмір бойы оқиды. Сендер түрлі салада еңбек етіңдер» деп ақылын айтып, әр­бірімізді түрлі салаға бағыттады. Біріміз – статист, енді біріміз – дәрігер, ал тағы біріміз салық саласының маманы болдық. Менің маңдайыма жазылған сала статист мамандығы болды. Отбасым қолдау көрсетті. Уа­қытпен санаспай жұмыс істеп, осындай тәжірибелі маман болуыма барынша көмектесті, – дейді ол.

Бүгінгі толқынның заманауи тех­нологияны еркін меңгергеніне қарап, қызығатын Гүлнара Қапанқызы әлі де үйренуге қарсы емес. Әріптестерінен түрлі тақырыптарда үйреніп, өзін қалыптастырып жүр. Әсіресе, әке­ден алған ақылмен адамдық пен ма­мандықты қатар ұштастырып, өз ор­тасында абырой мен беделге ие болды.

– Сұранысқа сай маман болу ма­мандықты сүюден басталады. Ма­мандығыңды сүйе білсең, адал­ды­ғың мен адамдығың арқылы үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуің керек. Мен осы жылдар ішінде ешкімге жоғарыдан қараған емеспін. Білме­генімді сұраудан арланбаймын, біл­генімді үйретуден аянбаймын. Қазіргі жастар өте білімді ғой. Көп нәрсені сұрап, тәжірибемді арттырып жүрмін. Ол ешқандай да ұят тірлік емес, қазір – жастардың дәурені. Олар жаңа технологияны жетік біледі. Қасымда Фариза есімді әріптесім бар. Биыл ғана мемлекеттік қызметке келді. Мені көп нәрсеге үйретті, – дейді тәжірибелі маман.

Қарапайымдылығымен ел ара­сында сыйлы болып жүрген Гүлнара Қапанқызы кейінге көз тастап, сан жылғы белесін ой елегінен өткізді. Иә, тәжірибе уақытпен келеді…

Аян СПАНДИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: