Бүгінде смартфонсыз өмірімізді елестете алмаймыз. Олар ақпарат пен эмоцияларды лезде бөлісуге мүмкіндік беретін негізгі коммуникация құралы. WhatsApp және Telegram сияқты мессенджер қосымшалары күнделікті байланыс, файлдарды пайдалану, дауыстық және бейне қоңыраулар үшін таптырмас құралға айналды. Кросс-платформалық танымал әрі жедел мессенджерлердің бірі – Telegram 14 тамызда өзінің 11 жылдығын атап өтеді. Бұл мессенджердің өмірімізді қалай өзгерткенін еске түсіруге тамаша мүмкіндік. Telegram басқа қосымшалардың арасында жылдамдығымен, қауіпсіздігімен және қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Құрылған күннен бастап, қосымша пайдаланушыларға байланыс пен деректер алмасудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынып келеді. Telegram-ның негізгі қызметі мен функциялары туралы түсіндірудің аса қажеттілігі жоқ, себебі бүгінде көптеген қазақстандық бұл хабар алмасу қосымшасын достарымен және отбасымен хат алмасу үшін ғана емес, сонымен қатар іскерлік байланыс, білім беру, жаңалықтардан хабардар болу, тіпті жобаларды басқару үшін негізгі байланыс құралы ретінде қолданып келеді. 2024 жылы еліміздегі Telegram пайдаланушылар саны 25%-ға өсті. Яғни мессенджер еліміздегі негізгі коммуникациялық платформаға айналғанын білдіреді. Бұл туралы Telegram-ның негізін қалаушы Павел Дуров өз арнасында хабарлады.
– Telegram-ды ай сайын 20 миллион қазақстандықтың 12,5 миллионы пайдаланады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға көп, – дейді ол.
Деректерге сәйкес, Telegram әлемдегі танымалдылығы және ең көп жүктелген қосымша ретінде алтыншы орында. Павел Дуровтың сәуір айында жариялаған ақпаратына сүйенсек, бүгінде мессенджерді 900 млн адам пайдаланса, тең жартысы яғни 450 млн адам осы қосымшаға күн сайын кіреді.
Телеграм тарихын
білесіз бе?
Telegram мессенджерін «Вконтакте» әлеуметтік желісінің негізін қалаған Павел Дуров жасаған. «The New York Times» журналында берген сұхбатында қосымшаны құрудың алғашқы идеясы 2011 жылы ойға келгенін айтады. Ағасы Николай Дуров әзірлеген арнайы шифрлеу технологиялар негізінде құрастырылды. Нәтижесінде 2013 жылдың 14 тамызда IOS платформасында қосымшаны алғаш рет жүктеу мүмкіндігі пайда болды. Іске қосылғаннан кейін үш ай ішінде Telegram миллион рет жүктелсе, 2023 жылы Telegram қосымшасын жүктеп алу саны екі миллиардтан асты. Datareportal жариялаған есеп бойынша, бүгінде әлем халқының 9,9 пайызы күнделікті Telegram мессенджерін пайдаланады екен.
Телеграмды не үшін пайдаланасыз?
Бүгінде бұл әртүрлі мақсаттарда қолданылатын көп функциялы мессенджер. Телеграмның пайдаланушылары әртүрлі. Кейбіреулер оны тек жеке байланыс үшін қолданса, енді бірі бизнес жүргізу, оқу материалдарын бөлісу немесе қоғамдық жобаларды жүзеге асыру үшін пайдаланады. Көбінесе адамдар жаңалықтарды оқу үшін пайдаланады екен, себебі ол бүкіл әлем бойынша тиісті ақпаратқа жылдам қол жеткізуге мүмкіндік береді. Блог жүргізу Telegram-да да танымал, өйткені платформа блогерлерге өз ойын аудиториямен оңай бөлісуге мүмкіндік береді. Telegram-дағы ойындар танымал бола түсуде, өйткені олар қосымша қолданбаларды орнатпай-ақ уақыт өткізудің ыңғайлы әдісін ұсынады. Жалпы, Telegram жылдамдығы, қауіпсіздігі және әмбебаптығы үшін бағаланады. «Statista» ақпаратына сүйенсек, адамдардың Telegram қолдануының басты себебі – жаңалықтарды оқу (80%). Сондай-ақ қолданушылардың 73 пайызы қосымшалар арасынан Telegram-ды ұнатады, өйткені олар үшін ең ыңғайлы мессенджер деп санайды. Пайдаланушылардың 59%-ы Telegram-ды жеке қарым-қатынас үшін пайдаланса, 26%-ы мессенджерде фотолары мен бейнелерін сақтайды екен. Telegram арналарының ең көп табыс әкелетін тақырыбы криптовалюталар болып саналады. Одан кейін жылжымайтын мүлік, инвестициялар, сауда, маркетинг және PR туралы екен.
Телеграм статистикасы
Бүгінде көптеген мемлекеттік мекеме мен жеке кәсіпкер өз қызметін Телеграм-бот арқылы көрсетуде. Бұл адам қызметіне қарағанда тез әрі дайын сұрақтарға және сұранымдарға бірнеше секундта жауап беру мүмкіндігіне байланысты. Ресми статистикаға сүйенсек, Telegram-да 10 миллионнан астам бот болса, ай сайын 400 миллионнан астам адам боттарды пайдаланады. «TGStat» мәліметінше, Telegram-да 1,4 миллионнан астам арна мен 140 мың чат құрылған, олардың жалпы аудиториясы 9 миллиардқа жуық пайдаланушыны құрайды. Зерттеуге сәйкес, пайдаланушылар бір уақытта бірнеше арнаға жазыла алатынын, ал кейбір аккаунттар белсенді болмауы мүмкін екенін атап өткен. Telegram арналарын ай сайын триллионнан астам көреді. Пайдаланушылардың көпшілігі мессенджерді жеке хат алмасу үшін (86%), топтық чаттарда сөйлесу үшін (63%) және әріптестерімен (52%) хат алмасу үшін пайдаланады. «TGStat» қызметінің мәліметі бойынша, мессенджерді көбінесе 25-34 жас (29,4%) және 35-44 жас (23,8%) аралығындағы адамдар пайдаланады екен. Көбіне жастар Телеграм қосымшасын ыңғайлығына, суреттер мен бейнелердің сапалы жіберілуіне және көптеген стикер арқылы көңіл-күйді білдіруге болатынына байланысты таңдайды. Telegram-да кәсіби суретшілер жасаған 20 мыңнан астам тегін стикерлер бар екенін де атап өткен жөн. Ресми бот арқылы өз стикерлеріңізді қосуға болады. Алғашқы стикерлер Telegram-да 2015 жылы пайда болды. Ең қымбат никнейм 994 мың долларға сатып алынған @news болды. 2022 жылға қарай мессенджер 23 тілге қолдау көрсете бастаса, 2024 жылы саны 29-ға артты.
Telegram Premium немесе қосымша мүмкіндіктер
Бүгінде ақылы функциялары бар «Telegram Premium» жазылымына 5 миллион адам тіркелген. 2022 жылдан бері Telegram премиум жазылушыларының саны 5 есеге өсті делінген «Statista» зерттеуінде. Telegram Premium жазылымы 2022 жылдың 19 маусымында іске қосылды. Дәл осы кезеңде мессенджер әлемдегі ең көп жүктелген мобильді қосымшалардың бестігіне еніп, ай сайынғы белсенді пайдаланушылар саны 700 миллионнан асып түсті. Ресми түрде атап өтілгендей, ақылы жазылушылар «Telegram Premium» тек таныстарының ұсынысымен жазылғанын және ақылы жарнамасыз-ақ осындай жазылушылар санына ие болғанын айтады. Ақылы жазылым қосымша мүмкіндіктерге қол жеткізуге мүмкіндік береді, соның ішінде дауыстық хабарламаларды тану, анимация, жарнаманы өшіру мүмкіндігі, жүктелген файлдың өлшемі, жазылымдар саны, бекітілген чаттар және т.б. Ақылы жазылым арқасында мазмұнды түрлі-түсті етіп жасауға болады, бұл арнаға деген қызығушылығын арттырады. Өкінішке қарай, премиум қосымшасын арнаның өзі үшін емес, тек адам үшін сатып алуға болады, сондықтан арнада бірнеше автор жұмыс істесе, барлығына Premium қажет. «Telegram Premium» тез арада 1 миллион жазылушыдан асып түсті және бұрын-соңды іске қосылған әлеуметтік медиа жазылу жоспарының ең сәтті үлгілерінің біріне айналды және бұл мүмкіндікті басқа әлеуметтік желілер кеңінен пайдалана бастады. Мессенджердің негізін қалаушы Павел Дуров пікірінше, әзірге Telegram Premium табыстың аз ғана бөлігін құрайды, бірақ ол тұрақты өсіп, бір күні тіпті жарнамамен бәсекелесуі мүмкін.
Павел Дуровтың Қазақстанға сапары
Жақында Telegram қосымшасының негізін қалаушы Павел Дуров Қазақстанға келді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Telegram мессенджерінің негізін қалаушы, миллиардер Павел Дуровтың сапарының мақсатын айтты.
– Павел Дуров телеграм-арнасында Орталық Азия елдеріне сапары туралы жариялаған кезде біз Павел мен оның командасын Қазақстанға шақырдық. Павел Дуров біздің ұсынысымызды қабылдап, өз командасымен бірге Қазақстанға келді. Қазақстанның цифрландыру, мемлекеттік қызметтер, IT-бизнес жəне инвестициялар экожүйесі саласындағы жетістіктерін көрсеттік. Түрлі бастамаларды талқыладық, олар туралы жақын арада жариялаймыз, – дейді Жаслан Мәдиев.
«Қазақтелеком» АҚ басшысы Бағдат Мусинның Instagram парақшасында жариялаған ақпаратына сүйенсек, кездесу барысында Павел Дуровпен транзиттік операторларсыз желілер арасында тікелей трафик алмасу жөнінде келіскен екен. Бұл тұтынушылар үшін қызметтің сапасын ғана емес, сонымен қатар сервистің Қазақстандағы жұмысын да жақсартатынына сенімді.
– Тікелей байланыс бізге Telegram серверлеріне деректерді беру кезінде кідіріс уақытын азайтуға мүмкіндік береді. Мысалы, бұрын Астанадан Еуропаға дейін кідіріс шамамен 85 милисекунд болса, қазір ол 75 милисекундқа дейін қысқарды. Түрлі аймақта бұл көрсеткіш әртүрлі. Бұл Қазақстандағы пайдаланушылар контентке енді тезірек қол жеткізіп, Telegram арқылы ақпарат алмаса алады деген сөз. Ең бастысы тарифті қазір толығымен басқарамыз. Байланыс 100 Гбит/с деңгейінде орнағандықтан, енді бізде сыйымдылықтың үлкен қоры бар, – дейді Бағдат Мусин.
Қорытындылай келе, Telegram инновациялар мен кең ауқымды функцияларды біріктіретін мессенджер ретіндегі маңыздылығы жоғары. 2013 жылы құрылған сәттен бастап Telegram қарапайым хабар алмасу құралынан мәтіндік, дауыстық және бейне хабарламалармен, сондай-ақ әртүрлі форматтағы файлдармен алмасуды қоса алғанда, мүмкіндіктері мол қуатты платформаға айналды. Ағайынды Дуровтар әзірлеген Telegram байланыс еркіндігі мен деректер қауіпсіздігіне ұмтылудың символына айналды. Бүгінгі күні ол қолданбаның функционалдығын айтарлықтай жақсарта алатын бейне аватарлар, құпия чаттар, боттар сияқты мүмкіндіктерді ұсынады. Telegram пайдаланушыларға жылдамдық пен қауіпсіздікке назар аудара отырып, өзара әрекеттесу және ақпарат алмасудың жаңа жолдарын ұсына отырып, дамуын жалғастыруда. Бұл Telegram-ды жай мессенджер емес, бүкіл әлемдегі миллиондаған адамдардың күнделікті өміріндегі маңызды құрал етеді.
София Хайруллақызы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!