Жексенбі, 29 желтоқсан, 17:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

«Тракторшы Гүлсара»

28.09.2024

445 0

Бала күнімізде «Тракторшы Гүлсара» әнін естіп, әнге қосып айтатын қызды көруді армандайтынбыз. Ол қыз тракторист дегенде тіпті қызыға қарап, «өзі нәп-нәзік қыз бала да өзінен алып трактордың руліне қалай отырған, темір тұлпарды қалай тізгіндеген?» деген сауалға жауап іздейтінбіз. Ол заманда сауын¬шылар, күрішшілер, трактористер жалпы қара жұмыс¬тың қазанын қайнатқандар газет пен журналдың басты бетінен түспейтін еді ғой. Бертін келе есейгенде білдік. Сол танымал әннің сөзінің авторы Мақмұтбай Әміреев ағамыз екен де, әнінің авторы Тәңірберген Қалауов деген белгілі сазгер екен. Тіпті атақты ақын Асқар Тоқмағамбетов атамыз да тракторист Гүлсара Қуандықова апамызға өлең арнапты:
«Көрдің бе, Гүлсара – тұлпардай.
Тулатып трактор мінген қыз.
Қиядан ұшқан бір сұңқардай,
Москва, Кремль – барлығын көрген қыз.
Гүлсара, талпынсаң тас жарып,
Тауға шық атыңды тұлпар ғып.
Жолың тұр жаңадан басталып,
Жақсы ісің көбейсін құптарлық».
Осындай аты кеңес дәуірінде аңызға айналған апамыз біз қоныстанған Тасбөгет кентінде тұратынын білмеппін. «Сабақты ине сәтімен» дегендей кездесудің де сәті түсе кетті. Сөзге сараң, іске мығым кісі екен. Сұрақтарымызға байыппен жауап берді.
– Жалағаш кентіндегі №123 орта мектептің сегізінші сыны¬бын бітіргеннен кейін №15 кәсіптік-техникалық училищеден механизаторлық мамандық алып шықтым. 15-16 жасымда өзімнің кіндік кескен «Еңбек» колхозында «Беларусь» тракторына отырып, жұмыс бастадым. Алғашында оңай болмады. Темірді бағындыру үшін темірдей төзім керек. 1965 жылдың көктемгі егін науқанында «ДТ-75» жаңа тракторы маған сеніп тапсырылып, «Жақаевшылар участогы» бекітіліп берілді. Атақты еңбек ерінің участогыне ауылдың атақты күрішшілері – Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты Сәрсен Балқыбаеваның, «Еңбек Қызыл Ту» орденді Рысалды Сүлейменованың егіні орналасқан еді. Сол жылы бақытыма қарай күріш бітік шығып, жоспарлаған межеден жоғары өнім алдым. Он сағатқа дейін трактор рулінен түспей еңбек еткен кезіміз болды. Мамандығымды мақтан тұттым. Жыл бойы бел шешпей тер төктім. Үзбестен он жыл бойы, яғни 1972-1982 жылға дейін трактор рулінде отырдым, – дейді абзал ана.
Сексеннің сеңгіріне жақындаған Гүлсара апамыз өткен күндерді толқып еске алды. Мәскеудегі механизаторлар жарысына қатысқан 22 адамның 20-сы – ер адам, екеуі ғана қыз бала екен. Бірі – Гүлсара Қуандықова болса, екіншісі – Украинадан келген Валентина Беспятая есімді ару болып шықты.
Кеңес дәуірінде Мәскеу төрінде күллі трактористерден алға озып, бас жүлдені жеңіп алған қаршадай қызға ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасы», «Урал» мотоциклі, «Комсомольская правда» газетінің «Алтын дән» жүлделі сыйлығы, «Крестьянка» журналының «Орбита» транзистрі тарту етілді.
Осындай құрметтен кейін Гүлсара қыздың бастамасымен трактор тізгіндеген арулардың саны артты. Еңбек етуге деген құштарлық оянды. Сөз басында айтқандай бақытын еңбектен тапқан ару туралы «Тракторшы Гүлсара» әні өмірге келді.
Жақсы үмітпен бір жарқ етіп жанары,
Дүбірлетіп жатқан байтақ даланы.
Таңнан тұрып темір тұлпар мінген қыз,
Қырқа жаққа қайта кетіп барады.
Бақытыңды шың сана,
Өміріңді гүл сана.
Жарыстағы құрбыңды,
Жаныңда әркез бір сана.
Ер еңбекте жүлде алған,
Тракторшы Гүлсара.
Қыз арманы қайта бүгін гүлдеді.
Бақытымен бал-бұл жанып тұрды өңі.
Өнерлі қол өрге шапшып жарыста,
Озып шығып, жеңіп алды жүлдені.
Сол сағым жылдардардан бері де жарты ғасырдан аса уақыт өтіпті. Құрыш қолды комсомол қатарын¬да шыныққан қыз, бүгінде 8 немеренің әжесі, ардагер ана, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы. Гүлсара Қуандықова апамыз бүгінде Тасбөгет кенті З.Шүкіров көшесінде тұрады. Жолдасы, милиция майоры Аққали ағаймен екеуі Ботагөз, Сайран және Ибрагимбек атты балаларды дүниеге әкеліп, жеткізген. Мәуелі бәйтеректей өсіп-өнген отбасында еңбекке деген құрмет жоғары.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: