Қоғалыкөлге өткен күннің белгісін іздеп барған әрбір жан әуелі мектеп тарихшысы Үлпат Қожаназарованың көмегіне жүгінеді. Елді мекенге келген халықаралық деңгейдегі тарихшылар мен археологтардың талайын көрді. Экскурсовод болып, ауыл іргесіндегі орта ғасырлық көне қалаларға да, қазаққа Алаш қайраткерлерімен қатар қызмет еткен тұлғалардың зиратына да барды. Бүгінде осы құндылықтарды қалың қазаққа насихаттап жүрген жан ауылдағы Мұңайтпас әулеті мен Қожық әулетінің ғұмырына тұтас қазақтың тарихы сыйғанын айтады. Айтпақшы, Үлпат Сембекқызы – жоғарыда айтқан тұлғаларды ғылымға алғаш енгізген жан.
– Биыл Қызылорда қаласының астана болғанына – 100 жыл. Ғасыр тойында Қоңырқожа Қожықовтың да есімі еленсе екен деп жүргендер көп. Қызылорда атауының авторы – Қоңырқожа. Осы мәліметке тоқталып өтсеңіз…
– Әңгімені сол кезеңдерде беделді қызметте болған Сұлтанбек Қожанов, Санжар Асфендияров және Қоңырқожа Қожықов бір-бірімен бажа екенінен бастайын. Үшеуі Мұңайтпастың үш қызын алған. Міне, сол Қызылорда астана болған жиында Сұлтанбек Қожанов Қазақстанның аумақтық территориясын қайта жасақтау барысында біздің өңірдің Қазақстанның орталығы болуының тиімді тұстарын дәлелдеп шығады. Осыдан соң еліміздің астанасы атанған шаһардың атын қоярда Қоңырқожаның дәлелдемелері көпшілікке ұнайды. Ол «Алтын орда – Қазақстан территориясында пайда болған ең ірі мемлекеттердің бірі. Біз өзіміздің түп тамырымызды Алтын ордадан алдық. Қазақ хандығының бүкіл мұрасы бізге осы ордадан алдық. Біз бұл атауды өзіміздің тарихымызбен байланыстыруымыз керек. Сол кезде жаңа билік те ашуланбайды, біздің тарихи тамырымыз да жоғалмайды» деген екен. Оның бұл сөзі көптің ойынан шығып, Қызылорда атауы қабылданды.
– Дегенмен идея авторы – Қоңырқожа. Бірақ бұл идея не себепті Сұлтанбек Қожановтың аузынан шықты?
– Қоңырқожаның көп идеясы қолдау таппады. Себебі ол жаңа билік үшін ескі жүйенің адамы еді. Қоңырқожаның жиындарға қатысуына көп кедергі болды. Оған қарсы саясат қарқынды жүрді. Қоңырқожа қызылдарға қарағанда Алашқа жақын болды. Бірақ ол соған қарамастан халқына қызмет етті. Олар – алдыңғы қатарлы либерал демократтар. Елді дамыту тұрғысындағы идеяларының барлығын Сұлтанбек Қожанов арқылы жеткізіп отырды. Бұл жерде Қоңырқожадан басқалар қызылдарға жұмыс істеді деп айтпаймын, тек өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, қазаққа қызмет етуді, сындарлы шақтан ұлт ретінде жоғалып кетпеуді ойлады. Олардың әрбір әрекетінің астарында осы ұлттық мүдде тұратын.
– Қоңырқожаның ағарту саласына еңбегі зор болды. Оны көп тарихи деректен біліп жүрміз. Ахмет Байтұрсынұлымен қаншалықты байланыста болды?
– Діни бағыттағы араб әліпбиі арқылы алғашқы әліппені шығарған – Қоңырқожа Қожықов. Ол кітаптың сыртында «Букварь для киргизских школ» деген жазу бар. Ахмет Байтұрсынұлынікі – төте жазу. Екеуі екі кітап, екі автордікі болғанмен, мақсаттары – бір. Қазақ халқының көгіне шығып, күн болуды, қараңғылық құшағынан алып шығуды көздейді. Ол екеуі Орынборда кездескенде Қоңырқожа: «Мен осындай ұлы тұлғамен кездескенімді мақтан етемін», – дейді. Сонда Ахмет Байтұрсынұлы: «Мен сіз айтып отырған адамнан да ұлы тұлғамен кездестім». – деп бір-біріне баға берген екен. Мен Қоңырқожаның ұрпағы Сәуле Қожықовамен тікелей байланыстамын. Көп зерттеулерде көмек болды.
– Қазір әлем таныған тұлғалар туралы айтып отырмыз. Қожық әулеті мен Мұңайтпас әулеті тарихта қатар айтылады. Ең әуелгі жұмыс қалай басталды? Қоңырқожа туралы алғашқы деректі сыр сандықтың түбінен алып шыққан кім?
– Ең бірінші Қоңырқожа Қожықов туралы менің шәкіртім Қарақат Демжанова қорғады. Ол аудандық ғылыми жобалар байқауынан І орынды жеңіп алды. Облыстық деңгейде ІІ орынға табан тіреді. Оған қоса, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының арнаулы марапатын алды. Бірақ бұл тек Қожықов туралы. Біз, Қоғалыкөл халқы тарихи көмбенің үстінде отырмыз. Осы тарихи деректердің барлығы ең бірінші Мұңайтпастан басталды. Мен Мұңайтпасты зерттедім. Сералы Лапин туралы көптеген ғылыми жұмыс жаздық. Осы зерттеу аясында Ләтипа Қожықова арқылы мен Қоңырқожа Қожықовты зерттей бастадым. Осыдан барып, Қоңырқожа мен Ләтипадан тараған балаларының тағдырымен таныстым, олардың ел біле бермейтін деректерін таптым. Біз сол уақытта Қоңырқожаны қазақ элитасының жұлдызы етіп көрсеттік. Ең бір кереметі, осы Мұңайтпас әулеті мен Қожық әулетінің ғұмырынан тұтас қазақтың тарихын білуге болады. Біздің ғылыми жобамыздан кейін ғана Қоңырқожа Қожықов тақырыбындағы түрлі конференциялар, жиындар, семинарлар көптеп өткізіле бастады. Біз зерттеуші ретінде сол іс-шаралардың әрбіріне қатыстық. Ал оған дейін Қоңырқожа да, Мұңайтпас та тек ел аузында ғана айтылып жүрді. Мен Қоңырқожаны ғылымға бірінші болып енгізгенім үшін қуаныштымын. Бұл – біздің аға ұрпақ алдындағы ең үлкен парыздарымыздың бірі.
Қоңырқожаның немересі Сәуле Құлахметқызымен бірнеше рет кездестік. Ғылыми жобада бірге болдық, сонан соң ол кісінің өткізген сурет көрмесінде жолықтық. Ұлы тұлғаның ұрпағынан деректер алып, туған жердің төрінде осындай зиялы азаматтардың болғанын, олар туралы тың деректер табыла түскенде кеудемді мақтаныш сезімі кернейді.
– Ғылыми жобалар туралы айып қалдыңыз… Осы ізденістегі шәкірттеріңізді қолдау бар ма? Аудандық, облыстық, республикалық деңгейден әрі қарайғы қадам қалай болады?
– Қынжылатын кездер болады. Мәселен, осы ғылыми жобалар болмай тұрғанда «Мәдени мұра» деген бағдарлама шықты. Сол 2003-2004 жылдардан бастап осы бағдарлама аясында ғылыми жобаларды қорғай бастадық. Ең алғашқы тақырыбым – Құлболды Ишанның Мекке-Мединеден алдырған шежіре белбеуі. Ол кезде кесененің ішінде жай ғана тұратын. Біз шырақшыға барғанда ишанның ұрпағы Зияддин Әбіласанов бізге көрсетіп, таныстыратын. Біз облыстық ғылыми жобалар байқауында осы тақырыпты қорғағанда Мәскеуден орыс археологы, тарихшы, этнограф Льевина келген екен. Ол кісінің көзі бірден шежіре белбеуге түседі. «Мына кітап – дүние жүзінде сирек кездесетін 9 кітаптың бірі. Бұл мұнда қайдан келген?» деп сұрайды. Біз барлық ақпаратты айтып бердік. Мұнан соң орталық мұражайдағылар ешқандай құжатсыз, қолхатсыз шежіре белбеуді алып кетті. Қазір мұражайда тұр. Неге түпнұсқасы бізде, көшірмесі мұражайда тұрмайды? Сонда мұражайдан көргендер түпнұсқасын сұраса, бізге келіп көретін еді… Біздің айырылып қалған нәрсеміз – осы.
Ауылдағы қышқала тақырыбымен тағы бір ғылыми жобалар байқауына қатысқанымда сол кездегі облыс әкімінің өзі «Бізде осындай орындар бар ма?» деп таңданысын жасыра алмады. Мен сол көне қала орнынан табылған терракоталық кірпіштерді апарған едім. Менің жетекшім Мәди Кереев болды. Біздің ғылыми жұмысымыз алғашқы қазба жұмыстарына да қозғау болды. Ауылға келген әрбір археолог алдымен маған маңдай тіреп келіп, сол орынға баратын. Ең алғашқы жұмыс 1992 жылдан басталды. Бірақ олар қазып-қазып тастап кетті. Ашылған жердегі кірпіштің бәрін жергілікті халық тонап кетті.
Алпамыстың ғашығы Гүлбаршын тарихта бар ғой. Таңбаланған тарихты ешкім өзгерте алмайды. Бұл Баршынкент – біздің мақтанышымыз. Мен сол уақыттан бері бұл жерден аспанасты музейін ашуға болатынын айтып келемін. Бұл мәселені кешегі кезге дейін атақты археолог Мадияр Елеуов те айтты. Кешегі тоқырау жылдарында халық тарихын түгендемек түгілі, тірі қалудың жолымен алысты. Ол уақыттағы кірпішті алғандарды түсінуге болады. Ал қазір бейбіт заманда, тәуелсіз елде тұрып, біз неге тарихымызды түгендеп, осындай құндылықтарымызды сақтап қалуға талпынбаймыз? Мені осы қатты ойландырады.
Тағы бір айта кетерлігі, 1986 жылдары Жетімасарды зерттегенде адам бейнесі тәріздес алтын айна табылды. Мен сол уақытта студент едім. Ғалымдардан «бұл табылған зат осында қала ма екен» деп сұрадым, ал олар алып кететінін айтты. Кейін мен Мәскеуге барғанымда әлгі табылған жәдігерді әйгілі «Эрмитаждан» көрдім. Біз осылай қанша жәдігерден айырылып қалып жатырмыз.
– Бірді айтып, бірге кетіп жатырмыз. Қоңырқожа тақырыбына қайта оралсақ… Биыл Қызылорданың астана болғанына ғасыр толып жатқанда, бұл атаудың, бұл идеяның авторы ретінде Қоңырқожаны да ұлықтап, туған жеріндегі мектепті Қоңырқожа атымен атау туралы ұсыныс көтерілді. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
– Бұл бүгін көтеріліп отырған мәселе емес. Біз ғылыми жобамызды қорғаған кезде «Мектептің атын Қоңырқожаға берсін» деп ұсыныс жасадық. Бірақ Қоңырқожаны да, Мұңайтпасты да алдымен тарихи тұлғалар тізіміне қосу керек. Мәселен, ғалым Мадияр Елеуов қышқаланы Баршынкент деп айналымға енгізді ғой. Бұл жерде де жоғары дәрежелі ғалымдар жұмыс істеу керек.
– Мұңайтпастың бейітін ең бірінші болып тапқан сіз екенсіз…
– Ауыл іргесіндегі көне «коровник» атанып кеткен аумақтағы қалың шеңгелдің арасынан шәкіртім Нұрболат Ешмаханов екеуміз таптық. Оны ешкім білмейтін. Әкеміздің бағыты арқылы барып, тауып алдық. Кім, қай жылы белгі қойғанына дейін жазылған. Біз сол зиратты ашып алдық та, жарылып құлауға шақ қалғанына дейін суретке түсіріп алдық. Облыстық ғылыми жобада Мәди Кереевтің өзі таңғалды. «Мынау расымен бар ма?» деп сұрақтың астына алды. Мұнан кейін Мұңайтпастың жиені, Қоңырқожаның немересі Сәуле Қожықова, зерттеуші Жұмабай Байзақұлы келді. Бертін келе аталас туыстары жаңартып, белгі қойды. Семинарлар ұйымдастырылды. Осылай Мұңайтпастай даңқты тұлғаның әруағы бір аунап түсті-ау… Ол белгіде «Ескерткіш келіні мен балаларынан 1936 жылы қойылды» деп жазылған. Онда Мұңайтпастың өзі және үш баласы жерленген. Қазір елде қыздан тараған ұрпағы Сәуле Қожықова ғана бар. Басқа ұрпағы да бар, бірақ олар әлемнің әр елінде екен. Сәуле Құлахметқызы олармен байланысып тұратынын айтты.
– Мені қызықтыратыны осындай ұлы тұлғаның ұрпақтарының бүгіні қалай екен? Сол уақытта қазақ зиялыларының басына төнген қауіптен тарыдай шашырады ғой…
– Бір ғана нәрсе айта аламын. Сәуле Қожықованың айтуынша, олар кімнен тарағанын, ата-бабасының кім болғанын біледі…
– Қарапайым ауыл мұғалімінің осыншалықты еңбек еткені, қанша тың деректерді ғылыми айналымға қосқаны талайды таңдандыратыны сөзсіз. Сіз осы еңбектеріңізбен мақтанасыз ба? Ғылымға түбегейлі бармадым деп өкінетін кездеріңіз бар ма?
– Мен қанша тақырыпты бірінші болып көтеріп, ашып жатқанда да, ешқашан мақтанбадым. Қанша шәкірттің жолын ашып, солар арқылы туған жердің даңқты тұлғаларын танытсам, сол – менің ең үлкен мақтанышым.
Осы ғылымның арқасында мен Қызылорда қаласынан ашылған Сералы Лапин атындағы орта мектептің лентасын қидым. Қаншама аталас туыстары, руластары тұрғанда мені неге шақырды деген ой келгені рас. Сонда маған ерекше әсер еткені «Сералы Лапин туралы дерек іздегенде сол есімнің жанында сіздің есіміңіз қатар жүреді» дегені… Ғылым жолындағы үлкен мақтанышым, ең үлкен жетістігім де осы – туған жер тұлғаларын таныту. Ал сол мектептің лентасын қию – мен үшін ең үлкен мәртебе, зор құрмет.
Атақты Бартольдтің өзі шығыстануда үнемі Сералы Лапиннің көмегіне жүгінген. Мектепте оқушыларыма туған жер тұлғалары туралы көп айтамын. Олар «Апай, расымен біздің ауылдан шыққан ба?» деп таңданып жатады. Мен сонда оларға: «Әрине, Қоңырқожа да, Мұңайтпас та, Сералы Лапин де – барлығы осы топырақтың перзенттері. Ертең сендер де сол кісілердей тұлға боласыңдар», деп оларға жігер беремін…
– Әрине, тамырсыз тасында да тарихы бар туған өлкенің мақтаныштарын ерекшелеп айта беруге болады. Мазмұнды, мәнді сұхбатыңыз үшін алғыс білдіреміз.
Әңгімелескен Дәулет ҚЫРДАН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!