Дүйсенбі, 25 қараша, 09:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Ұлттық асты ұлықтаған Алма

24.09.2024

388 0

Бойдағы өнерін кәсіп қылғандар көп. Алма Дүйсенбаева – солардың бірі. Ол ұлтымыздың салт-дәстүрін құрметтеп, ата-бабамыздан мұра болып қалған қазақы тағам түрін жасаумен айналысады. Бәзбіреулер тазартып пайдалануға ерінетін малдың ащы ішегінің өзінен ішіне түрлі дәмдеуіш қосып,  дастархан сәнін келтіретін ас әзірлейді.

Бармағынан бал тамған шебер аспаз өзінің фантазиясымен жасап, қолынан шыққан тағамына құдалық, той өткізетіндерден сұраныс өте көп екенін айтады. Көпбалалы ана жұмыссыз болса да қарап отырмай, өзінің кәсібін ешкімнен қолдау күтпей өз қаржысымен бастап кеткен. Әдепкі сәтте қаржы тапшылығы қолбайлау болғанмен, ерінбей еңбек еткеннің арқасында өзінің жасаған өніміне қызығушылар қатарын көбейткен. Кәсібі алға басып, берекелі бола бастаған соң мемлекеттік грант қаражатын алуға талпынып, құжат дайындады. Ал қайтарымсыз грантты ұтқаны туралы хабар­лама келгенде ол ерекше қуанды.

– Шынымды айтсам, алғашында грант­ты ұтып алғаныма сенбедім. Ұялы телефоны­ма қайта-қайта қарап, қуанышым қойныма сыймай, қатты толқыдым. Шынымен біз сияқты зәру жандарға мемлекет қолұшын бергеніне өте ризамын. Балаларымның несі­бесі шығар. Шынында әділет бар екен. Үкімет халықты ойламайды емес, ойлайды екен. Соған көзім жетті. Жұмыс істеймін деген адамға, ерінбеген жанға жұмыс өте көп. Аспаз мамандығына сұраныс жоғары, – дейді аспаз.

Қазақтың қаракөздерінің көпшілігі жұмыс таппай жүргені жасырын емес. Мем­лекеттік бағдарлама аясында кәсібін бастап, тыңнан түрең салуға мүмкіндік мол екенін айтқан Алма әрбір істің басында ұлттық мүдде тұрғысында ойлау керегін де назардан тыс қалдырмады.

Жеке кәсібің болса да, оның арғы жағында өзіңе ғана емес, еліңе де пайдаң тию керек. Міне, сонда ғана ісің берекелі болмақ. Көп адам жұмыс таппай бос жүр. Неге осындай тағам жасаумен айна­лыспасқа?! Қазақтың байырғы ұлттық брендін кейінгі буын дәріптемесе кім дә­ріптейді?! Солай ұмытылып, қолданыстан мүлдем шығып қалса қайтеміз деген ой да мазалағаны рас. Адамда ұлттық намыс деген болу керек. Атадан қалған мұраны кейінгіге біз жеткіземіз. Өзім ұлттық өнім дәріптеп жүргеніме 20 жыл болды. Ежелгі қазақтардың жасаған өнімдерін сол кісілердің тәжірибесіне сүйеніп дайындап көрейін дедім. Қазы-қартаны тойларда жасап жүрмін. Мұны жасаудың курсын Тараз­дағы аспаздан сатып алдым. Қартаны көбісі жей бермейді. Соның ішіне сөк пен сақталған етті турап салса, қартаның иісін бұрқыраған сөктің иісі алып түседі де, өте дәмді асқа айналады. Ыстық тағамға бүрме қарынды қонақтарға ұсынып жүрмін. Оның ішіне сүрленген ет, қазы, көкөністерді салып, асып ет тамақ ретінде беріп жүрміз. Қой­дың, сиырдың ішегіне сақталған етті салып, шұжық жасап жүрмін. Біздің үйде қой сойылса, одан ешқандай қалдық қалмайды. Барынша оны дәмді асқа айналдыруға тыры­самын, – дейді шебер аспаз.

Әрине, әрбір адам өзінің икеміне қарай кәсіпті таңдау керек. Алма бұл ретте таң­дауын дұрыс санайды. Шаңырақтың шат­тығы мен берекесін еселей жүріп, болмы­сындағы өнерді кәсіпке айналдырған.

– Әйел – отбасының берекесі.  Қазаны асылып, шырайы кіріп тұрған үйге қонақ та көп келеді. Ал қонақ келсе, шаңырақтың несібесі артады. Жақында «Анаға тағзым» орталығында аспаздардың жарысы болды. Соған да қатысып, бидай шайын дайын­дадым. Бидайды қуырып, ыстық сүтті әде­мілеп пісіріп, қаймағын шығарып демдедім. Ішіне кішкене сары май салдым. Бұл – өте пайдалы. Шөліңді қандырады және адам күні бойы тоқ жүреді. Бұл да баяғы қазақтың ұмытылып кеткен дәмі. Мұндай шайды келіншектер босанған кезде берген, – дейді жас кәсіпкер Алма Дүйсенбаева.

Шынында қазақтың ұлттық тағамдарын дәмді етіп елге ұсынып, ұмытылып кеткен салт-дәстүрді қайта жаңғыртып жүрген Алмадай ұлт жанашырына алғысымыз шексіз.

Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: