Алтай мен Атырау арасындағы ұланғайыр атырап төріндегі тұлпарлар дүбірі толастаған емес. Ел басына күн туса, ер тоқымын жастанып, етігімен су кешер жігіттердің ауыздығымен су ішер сәйгүліктері де саптағы сарбаздай сай. Еліміздегі «Ұлы дала жорығы – 2024» марафон–бәйгесі тарихта қазақпен бірге жасасқан жануардың да тектілігін, ұзақтыққа ептілігін сынайды. Биылғы додаға барлығы 19 команда қатысты. Бірінші кезеңде ә дегеннен суырылып алға шыққан Шығыс Қазақстанның шабандоздары жеңімпаз атанды.
«Ұлы дала жорығының» қатысушылары Павлодар маңындағы «Атамекен» елді мекенінен Екібастұзға бағыт алды. Айта кетейік, атақты академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына арналған іс-шара бұл. Тұлпарсүйер жұртшылықтың табанын бір топырақта тосатын айтулы додадағы жалпы ұзақтық – 500 шақырым. Дәлірек айтқанда, Павлодар, Ақмола облыстарын қамтымақ. Ал мәре сызығы 23 мамырда Есілдей ерке өзеннің жағасындағы ел астанасы – Елорда төрінде кесіледі.
Дүбір көрсе, тыпыршып тұра алмайтын жылқы мінез қатысушылар жарыс жолының алғашқы 100 шақырымын бағындырып, Екібастұз топырағына табан тіреген болатын. Жеңімпаздар көшін бастаған Шығыс Қазақстан облысының командасынан кейінгі орында Маңғыстау облысының шабандоздары тұр. Ал Солтүстік Қазақстан облысының серілері үздік үштікті түйіндеді. Әттеген-айы сол, Алматы облысы мен Шымкент қаласының командаларымен қатар, біздің Сыр шабандоздары да алғашқы кезеңде-ақ түрлі себептермен жарыс жолынан тайды. Бұл ретте жарысты әу бастан бақылап отырған бас төреші Надежда Купцова: «Аттардың шама-шарқын бағамдаған шабандоздар сәйгүліктерін қинамай, дер кезінде жарысты тоқтатқандары дұрыс шешім болды», – деп баға берді. Әрине, әр өңірдің табиғаты әрқилы. Жерсінбеген тұлпарға бұл жағдайлар кері әсерін тигізуі де әбден мүмкін. Құмшауыт жермен жүріп үйренген жануар тастақты жерде қиналуы ғажап емес. Мұның барлығы жарыс жолында ескерілетін нәрселер. Осы ретте айта кеткен жөн, осы кезеңде Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының командаларынан екі аттан жарамай қалса, Абай облысының бір сәйгүлігі жарыс жолынан шықты. Кеше 20 мамырда 2-кезеңде 16 команда қайта атқа қонды.
«Алғашқы үш жеңімпаз 3-7 қыркүйек аралығында өтетін 5-інші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алдында өтетін халықаралық марафон-бәйгеге қатысу лицензиясын ұтып алады. Біздің пайым бойынша, халықаралық кезеңге шет мемлекеттерден кемінде 15 команда қатысады. Олардың қатарында Түркия, Сауд Арабиясы, Моңғолия, Венгрия, Түркіменстан, Иран және Өзбекстан тәрізді мемлекеттер бар. Әрине, мұндағы жағдай тұрақты назарда. Мәселен, марафон жұмысына 2 халықаралық және 3 қазақстандық судья, 2 халықаралық және 3 қазақстандық мал дәрігері қатысып, жоғары стандарттарды сақтау мен жылқылардың денсаулығын бақылап, оларға қамқорлық жасалуын қадағалауда», – дейді жарыс ұйымдастырушылары.
Салт атты шабандоздармен қатар, өткен екі жыл қатарынан танымал әуесқой велошабандоз Раббим Борашев та Астана мен Түркістан аралығындағы 1200 және 1300 шақырымды бағындырған болатын. Маңғаз Маңғыстаудың тумасы осы жолы да бескүндік аламанда бақ сынап, 500 шақырымды бағындырамын деп, білек сыбана іске кіріскен. Нәтижесі алдағы уақытта белгілі болады.
Алты Алашқа сауын айтқан дүбірлі додаға «Amanat» партиясы, Павлодар облысының әкімдігі мен туризм және спорт министрлігі қолдау көрсетуде. Ал ақпараттық қолдауда «Қазақстан», «Астана» және «Хабар» телеарналары белсенділік танытуда. Марафон-бәйге әлеуметтік желілер арқылы да тікелей көрсетілуде.
Дәулет ҚЫРДАН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!