Сенбі, 25 қаңтар, 05:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№6,2119
25.01.2025
PDF мұрағаты

                  Ысырапшылдықтың зардабы көп

25.01.2025

68 0

А. Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің ас беру мәдениеті мен жаназа рәсімін бірізділікке түсіру жөнінде кеңейтілген жиыны өтті.

 Шараға ардагерлер кеңесінің төрағасы Шакизат Төребаев, қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев, қаланың бас имамы Берік Сүлейменов, ҚМДБ өкілдері мен қаланың, кент, ауылдық округтердің ардагерлері, зиялы қауым, БАҚ өкілдері  қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Ислам – мәдениет пен ізгіліктің бастауы» атты имамдардың IV республикалық форумында «Ас беру мәдениеті» құжатын қабылдаған болатын. Қабылданған құжаттың мақсаты – Қазақстанның барлық аймағында шариғат шеңберінде, салт-дәстүрімізді ескере отырып, отбасылардың әлеуметтік жағдайына салмақ салмайтын және ысырапқа жол бермейтін құдайы ас беру мәдениетін қалыптастыру және насихаттау. Құдайы ас беру ата-бабамыздан келе жатқан халықтық дәстүр мен ұлттық мәдениетіміз болғандықтан, оның бүгінгі заман талабына сай кейбір тұсын бір ізге келтіріп, келешек ұрпаққа аманаттау болатын.

Осы мәселелерді назарға алған жиында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шакизат Төребаев ас беру, жаназа шығару, зират салу, жалпы марқұм болған адамдарды жөн-жоралғыға сәйкес жерлеу мәдениетін халқымыздың дәстүрі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының әдістемелеріне негіздеп, бір ізге салу аса маңызды екенін жеткізіп, облыстық ардагерлер кеңесінің үндеуін қолдауға шақырды.

«Ас беру кезінде ысырапшылдыққа жол бермеу, діни және моральдық талаптарды бұзу»  тақырыбында  қаланың бас имамы Берік Сүлейменов сөз қозғаса,  «Дәстүр мен дін үйлесімі» туралы  қалалық «Айтбай» мешітінің бас имамы Асхат Асқаров өз ойын ортаға салды.

Жиынды қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев қорытындылады.

– Ас беру – материалдық жарыс емес, рухани тазалық пен ізгіліктің көрінісі. Ысырапшылдыққа жол бермеу арқылы бұл дәстүрдің маңызын арттырып, қоғамға өнеге боларлық үлгі қалыптастырамыз. Қарапайымдылықты сақтау – рухани байлық пен адамгершілікті сақтаудың негізі. Сондықтан әрбір азамат осы құндылықтарды ұстанып, дәстүрдің шынайы мақсатына назар аударуы қажет, – деді ол.

                                                                      Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: