Президент төрағалығымен өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов жанар-жағармай мен газ бағасын кезең кезеңімен «ырықтандыру» басталғанын мәлімдеді. Мұны ести сала, «көгілдір отын» тасымалдаушы мекемелер бөркін аспанға ата қуанғандай. Газ бағасын демде-ақ 20 теңгеге көтеріп үлгерді. Жанар-жағармай да ізін ала 15 ақпаннан бастап 2-4 теңгеге қымбаттайды.
Экономика тілінде «ырықтандыру» дегеніміз не? Осы уақытқа дейін Үкімет бензин және газ бағасының тұрақтылығына тікелей араласып отырған еді. Бір литр жанар-жағармай бағасының шекті деңгейін белгілеп, баға қосып сатуға тыйым салған. Бұдан бұлай үкімет бағаны бақылауынан шығарады. Яғни нарықты сұраныс пен ұсыныс реттейтін болады. Егер көлік саны көбейіп, жанармайға сұраныс артып кетсе, онда баға көтеріледі. Керісінше сатып алу төмендесе немесе адамдар көлік жүргізуін азайтса, баға төмендейді.
– Үкімет жанар-жағармай мен газ бағаларын, сондай-ақ тұрғын үй шаруашылығы және теміржол саласындағы тарифтерді кезең кезеңімен ырықтандыра бастады. Нарық бағасына бірқалыпты көшу осы салаларға қажетті инвестицияларды тартуға және жанар-жағармай тапшылығы қаупінен айналып өтуге мүмкіндік береді. Бағаның күрт өсуіне жол бермейміз, – деді Олжас Бектенов.
Сұйық отын бағасының көтерілуі біздің облысты да айналып өтпесі анық. Осындай баға құбылуын анықтау мақсатында біз бірқатар газ құю бекеттерін аралап қайттық. Байқағанымыздай, «Арал газ» және «Қызылорда газ» бекеттеріндегі газдың литрі 85 теңгеден сатылуда. Еліміздің 10 облысында газ бағасы 107 теңгеге дейін көтерілсе, ең төменгі баға 70 теңге көлемінде сатылады деп жоспарлануда.
Темір тұлпар тізгіндегендер өз кезегінде бұл жолақыдан бастап, азық-түліктің қымбаттауына баруы мүмкін екенін айтады.
– Газдың қымбаттағанын көбіне алыс жолға шығып жүрген көлік жүргізушілері сезінеді. Сәйкесінше, бұл жолақының қымбаттауына да әсерін тигізетіні анық. Ал жолақыдан соң азық-түлік және басқалар да осы бағадан үлгі алады. Барлығы бір-бірімен тығыз байланысты, – дейді жүргізуші Мадияр.
Ақиқатында, бір көтеріліп алған баға оңайлықпен түспейді. Май құю бекетінде қызмет ететін Ерболат газ бағасы екі күн бұрын қымбаттағанын жеткізді.
– Бағаның көтерілгеніне екі күн болды. Бұрын 65 теңгеден сатылып жүрген газ 20 теңгеге қымбаттады. Қарапайым халыққа әсер етпей қоймайды. Мұнымен бірге азық-түлік те қоса қымбаттайтыны айтпаса да түсінікті. Оны кеше жұбайыммен базарға барғанда да көрдік, – дейді ол.
Өткен аптада облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешов брифинг берді. Аталған жиналыста аймақтағы жанар-жағармай, газ бағасының ахуалы сөз болды. Әкім орынбасары бағаның көтерілуіне басты себепті республика бойынша газ тұтыну көрсеткішінің өскенімен байланыстырады. Яғни көлігіне газ қондырған жүргізушілер көбейген. Деректерге сүйенсек, Қазақстан бойынша сұйытылған мұнай газын тұтыну 2022 жылғы 1,8 млн тонна болса, 2024 жылы 2,4 млн тоннаға дейін жеткен. Ал біздің өңірде 2022 жылы сұйытылған мұнай газын тұтынатын 7290 автокөлік тіркелсе, 2024 жылы бұл дерек 5 есе артып, газбен жүретін автокөліктер саны 35690-ға жеткен. Дегенмен басқа өңірлермен салыстырғанда газдың ең төменгі бағасы бойынша алғашқы бестікте.
Қазіргі таңда облыста 35 күнге жететін АИ-92 бензині бар. Бұл қорда 9 мың тоннаға жуық бензин бар деген сөз. Ал АИ-95-тің 1000 тонна, дизель отынының 8 мың тонна қоры бар. Ол 32 күнге жетеді деген болжам бар. Әйткенмен, әкім орынбасары министрліктің хабарламасындағы «15 ақпаннан бастап» деген сөзді тағы бір қайталады.
Думан КЕҢШІЛІК,
Суретті түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!