Жексенбі, 26 қаңтар, 12:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№6,2119
25.01.2025
PDF мұрағаты

Жарық неге қымбаттады?

18.01.2025

104 0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Жарыққа  осы айда қанша төледің?

 Бүгінде жұртшылық бір-бірімен аман-саулықтан бұрын, жарықтың ай сайынғы төлемін сұрасып жүр.

Иә, жылдағыдай азық-түлік бағасы шарықтап кетті. Онымен қоса, коммуналдық төлемдердің бағасына да тоқтау сала алмай отырмыз. Тамыз айында коммуналдық төлемдердің тарифтері біршама көтерілгенін жазған едік. Дегенмен, желтоқсан, қаңтар айларында тұрғындар жарыққа төлейтін ақшасы шектен тыс көбейіп кеткенін айтып, шағымданып жүр. Электр энергиясы тағы қымбаттады ма?  Осы мәселені жан-жақты зерттеп көрдік.

Сан-сауалдың жауабын білу мақсатында «Энерговерсис» ЕЖШС мекемесіне бардық. Алайда бұл мекеме желтоқсан айынан бастап қызметін тоқтатыпты.  Мекеме қызметкерлері  басшы іссапарда жүргенін айтты.

Айтпақшы, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап облысты электрмен жабдықтау қызметтері толығымен электр энергиясын тасымалдау мен жеткізуге жауапты «КРЭК» АҚ-ға берілгенін білдік.

Халық сауатты болуы қажет

Желтоқсан айында электр энергиясы қымбаттады ма? Халық не себепті «тарифке артық баға қосылды» деп жүр? Осы сұрақтың жауабын білу мақсатында Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне хабарластық.  

Мекеме басшысы Айбек Егембергеновтің сөзінше, жарық бағасы тамыз айынан бері өзгермеген.  Бірақ қыс айларында төлемнің көбею себебін анықтау үшін дер кезінде тиісті мекемеге барып, білген жөн. Сонымен қатар қарапайым халық бұл тұрғыда сауатты болуы қажет.   

– 2024 жылдың тамыз айынан бастап электр энергиясының бағасы өсті. Алайда желтоқсан, қаңтар айында өзгеріс болмады. Тұтынушылар тек нақты тұтынған электр энергиясы үшін төлеуге міндетті.  Сондықтан халық заңды тұрғыдан сауатты болуы керек. Қандай тарифтер бойынша төлем жасап отырғанын білуі тис. Сондай-ақ тұрғындар ай сайынғы есепшотты төлемес бұрын барлығын мұқият тексеріп алу керек. Яғни, есептегіш көрсеткіштері мен түбіртекті салыстыру қажет. Бұл өте маңызды, себебі төлем жасағаннан кейін сіздің артық төлегеніңізді дәлелдеу үшін көп уақыт кетеді, – дейді ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департамент басшысы Айбек Егембергенов.

Үнемдеген  ұтады

Мәселен, біз қазан айына дейін жарыққа 8,10 мың теңгенің көлемінде төлеп келсек, желтоқсан айынан бастап бұл сома екі есеге дейін көтеріліп кетті. Халық арасында жылдық қарыздарды тұрғындарға бөліп жібереді деген түсінік бар. Алайда оны қарапайым халықтың дәлелдеп шығуы қиын.  Мұның себебін анықтау үшін кезінде «Энерговерсис» ЕЖШС мекемесіне де барғанбыз. Бірақ олар өздерінікі дұрыс дейді. Сол үшінде қарапайым халықтың қолдан келері – электр энергиясын үнемдеу. Яғни, тариф тағы көтеріліп жатқанын естіп отырмыз. Қалтамызға қанша ауыр болса да, жарыққа төлеген ақша адал деп жүрген жайымыз бар,  – дейді қала тұрғыны Қозбек Сыздықбаев.

Қыс мезгілінде жарыққа төлейтін төлемдер шамадан тыс көбейіп кететіні түсінікті. Себебі, ерте қараңғы түсіп, электр энергиясын тұтыну уақыты да ұзарады. Сондықтан да жарықты үнемдеуді де ойлаған жөн. Айта кететін жайт, тұтынушыға энергияны үнемдеуді үйретуде маңызды саналады. Ол жарықты мақсатсыз пайдаланбау, энергияны көп қажет ететін өнімдерден бас тарту. Қазіргі уақытта жарықты оңды-солды пайдалануда қалтаңызға салмақ түсіру мүмкін. Әрбір тұрғын электр энергиясын үнемдеу қажеттігін есте ұстағаны абзал.

Осы орайда, айта кеткен жөн. Егер желтоқсан, қаңтар айында жарыққа төлейтін ақшаңыз көбейіп кетсе электр энергиясы қымбаттапты деп қарап отырмаңыз. Есепшотты тексертіп, төлейтін ақшаңыздың не себепті көбейгенін анықтауға тырысыңыз. Яғни, халық пайдаланбаған энергиясы үшін артық ақша төлеп отыруға міндетті емес. Біз анықтағандай, тамыз айынан бері жарық бағасы өспеген. Сондықтан артық ақшаның қайда кетіп жатқанын білуге әрбір азамат құқылы.

Тарифтерді көтеруге не әсер етті?

Мақаланы дайындап жатқанда, елімізде 2025 жылдың 1 ақпанынан бастап электр энергиясының бағасы көтерілуі мүмкін деген ақпаратты көзіміз шалды. Оған Энергетика министрлігінің электр энергиясына шекті тарифтерді бекітуі себеп болып отыр екен.  Бірыңғай сатып алушы үшін электр энергиясының құнының өсуі кВт/сағ үшін шамамен 2 теңге болуы мүмкін. Энергия өндіруші ұйымдар тізіміне үш жаңа кәсіпорынды енгізу жоспарлануда. Бірақ олардың аты көрсетілмеген. Сонымен көпшіліктің көкейіндегі сұраққа минстрліктің нақты жауабын ұсынғанды жөн көрдік.

Жалақының өсуі. 2024 жылы орташа жалақы 18% өсіп, 425 мың теңге болды. 2025 жылы одан әрі 15-20%-ға, 490 мың теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. «Жалақыны көтеру білікті кадрларды тартуға және сақтауға бағытталған», – делінген бұйрық жобасында.

Кадр тапшылығы. Энергетика секторында білікті маман тапшы. Энергетика кәсіпорындарында 4,5 мың маман жетіспейді. 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қызметкерлердің нақты саны 52,5 мың адам болды. Жалақыны ұлғайту салаға маман тартуға және ұстап қалуға бағытталған, – деп жазған  энергетика министрлігі.

Жанармай мен материалдар бағасының өсуі. Көмірдің, газдың және оларды тасымалдаудың, металл және жөндеу жабдықтарының қымбаттауы – шығындардың өсуінің негізгі факторлары. Сонымен қатар тарифті түзетуге әсер ететін факторлар: жөндеу, энергия өндіруші объектілердің, оның ішінде металдың қымбаттауы. Объектілердің тұрақты жұмыс істеуіне қажетті материалдар мен жабдықтар және тасымалдау құны өскен. «Қазіргі уақытта энергия өндіруші ұйымдардың өтінімдері қарау сатысында тұр. Барлық ұсыныс тұтынушылардың мүдделері мен саланың тұрақты дамуы арасындағы тепе-теңдікті сақтау үшін мұқият талданады», –деп атап өтті энергетика министрлігі.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: