Тамырсыз ағаш, тарихсыз халық болмайды. Қай халықта өзінің өткен тарихын бар қуаныш-сүйінішімен, қайғы-қасіретімен, жеңіс-жеңілісімен бірдей қабылдайды. Қазақ елі де өзінің шаңырағын көтеру жолында талай тар жол, тайғақ кешулерден өтті. Осындай қиындықпен келген Тәуелсіздік мерекесі біз үшін маңызды. Тәуелсіздік – азап пен төзімнің, халықтың сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған шыдамының өтеуі. 1986 жылы желтоқсан айында алаңға шыққан аға-апаларымыз Тәуелсіздік таңының атуын жақындатты. Болашақ ұрпақтың бейбіт елде өмір сүруіне сол кісілер себепкер болды. Бейбітшілік үшін ерлік жасап, желтоқсан оқиғасына қатысушылар бүгінгі ұрпаққа еңселі егемендігімізді мұра етіп қалдырды. Сол оқиғаның куәсі болған жандар бүгінде арамызда бар. Біз жастардың бойына рухани ерлік сыйлау үшін, тәуелсіздіктің қадірін түсіну үшін желтоқсан оқиғасының куәгері Шолпан Баймахановамен әңгімелесуді жөн көрдік. Қыстың қаһарлы аязы мен сол кездегі желтоқсан желі ол кісінің әлі жадында.
Қазақ жастарының қайсар мінезі, қыздар мен жігіттердің намысқойлылығы, орыс әскерінің сұсты түрлері. Қанмен келген тәуелсіздік. Желтоқсан оқиғасына куәгер Шолпан Баймаханованың есіне сол кездегі осы сәттер түсті. Сол уақытта студент болған жастар қаһарлы қыстың аязы мен ызалы күнді ұмытпайтыны анық.
Шолпан Үсенқызы 1986 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінің 3 курс студенті болған.
– 1986 жылдың 16,17,18 желтоқсан күндері Алматы қаласындағы Брежнев алаңында болған «Желтоқсан оқиғасы» – қазақ жастарының жанайқайының нәтижесі еді. Жастарды орталық алаңда айдап әкелген негізгі себеп – қазақтың тағына өзге ұлттың отыруы еді. Сол кезде Дінмұхаммед Қонаевтың орнына Геннадий Колбиннің келуін қазақ жастары қолдамады. 17 желтоқсан күні түскі сағат 13:30-да 75 студент сабаққа лекцияға кіргенбіз. Сол жерге курстасымыз Қарлығаш Әбдікова келіп, «Пленумның шешіміне қарсылық ретінде қазір алаңда жастар жиналып жатыр екен. Бізде барып, қарсылығымызды білдірейік» деген ұсыныс айтылды. Студенттердің барлығы бұл ұсынысты қолдады. «Не себепті қазақ елін қазақ басқармайды. Қонаевті орнынан неге алды?» деген сұрақтар көкейімізде тұрды. Осылайша жастар жиналып, орталық алаңға бардық. Қол ұстасып төрт қатардан жүріп, орталық алаңға дейін «Менің Қазақстаным» әнін айтып бардық. Алаңда жиналған халық көп болды. Біздің мақсатымыз тек қана қарсылығымызды білдіру еді. Жас болғандықтан «оның ар жағында қандай жағдай болады» деп ойламадық. «Қазақстан Республикасының азаматы ғана елді басқарсын. Елдің әлеуметтік, экономикалық жағдайын білетін азамат ғана қазақ еліне басшы болуы тиіс» деген талап қойылды, – деп еске алды сол күнгі оқиғаны Шолпан апай.
Осылайша, орталық алаңда халық көбейген. Олардың басым бөлігі әрине, студент жастар еді. Күннің қаһарлы суығына қарамастан, ерлік танытып, еркіндік үшін олар құрбандыққа барды.
– Оқиғаны әрі қарай баяндасақ, сол жерден қағаз тауып алдық. Қасымыздағы Гүлжаһан деген қыздың қалтасынан ерін далабын алып, «Лениндік ұлт саясаты жасасын» деген сөз жазып, соны көтеріп ұстап тұрдық. Жастар Қонаевтың өзі шығып, түсіндірме берсе екен деген талап қойды. Кеш қарая бастағанда танкілер келе бастады. Соны көрген кезде біздің бойымызда қорқыныш пайда болды. Машинадан арақтар әкеле бастады. Бірақ ол көліктен арақ алып жатқан ешкімді байқамадық. Бізді қаншама халық арасынан ұстазымыз Тұрсынбек Кәкішов ағамыз тауып алды. Ол кісінің бар айтқаны: Мұнда неғып жүрсіңдер, ертең сендерді құртып жібереді ғой. Қарсылықтарыңды білдірдіңдер, енді тараңдар» деді. Орталық алаңды үш қатар әскерилер қоршап тастады. Одан шығу мүмкін емес еді. Біз орталық алаңнан шыға алмай, екі сағаттай жүрдік. Қас қарая жаттақханаға жеттік. Ертеңіне жатақханада радионы қоссақ, «Алаңға есіртке шеккен, ішімдік ішкен, маскүнем, ұлтшыл қазақ жастары шығып, бұзақылық» жасады деген теріс хабар таратылды. Кейін түсіндік. Сол кездегі ішімдіктің таратылуы арандату екен. Содан кейін тергеу-тексеру жұмыстары басталды. Жатақханадан кіріп шығуға тыйым салды. 18 желтоқсан күні ешқайда шықпадық. Қазақ жастары Орталық комитетінің қитұрқы саясатының құрбаны болған еді. Есімде қалғаны сол кезде орталық алаңда үлкен прожектор айналып тұрды. Прожектор суретке түсіріп тұрған екен. Кейін суреттер шыққанда көбі оқудан шығарылды. Ал біздің топтың студенттерінің оқудан шықпауына Т.Кәкішов ағамыздың көп көмегі тиді, – дейді оқиғаның куәгері.
Расында, Желтоқсан оқиғасын ойға алғанда селт етпейтін жүрек жоқ. Себебі, көтеріліс кезінде қыршын жастардың қаны төгілді. Қатысқандар бірінен соң бірі қамалды.
– Бір күні жатақханаға келе жатсам, суық түсті кісілерді байқадым. Қара альбомды парақтап тұр екен. Бізден суреттен танитын кісі барма деп сұрады. Біздің курстасымыз Гүлшат деген қызды көп тергеді. Бізге көмегі тигені ұстаздарымыз: «Алаңға өз еркімізбен бардық деп айтпаңыздар. Кітапханаға сабаққа дайындалуға барып едік, халықтың легімен кіріп кеттік» деп айтқызды. Осылай айтқандықтан бізді әрі қарай тергемеді. Көреген, білікті ұстаздарымыз бізге көп көмектесті, – дейді Шолпан Үсенқызы.
Желтоқсан куәгері Шолпан Баймаханова қазіргі уақытта Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне шетел тілдері және аударма кафедрасының аға оқытушысы болып қызмет істейді. Оның пікірінше, осындай бірлікпен, ерлікпен, табандылықпен келген Тәуелсіздіктің қадірін бүгінгі жастар ұғынуы тиіс.
– Сол оқиғаны көзбен көрген куәгер ретінде біз әр уақытта жастарға өткен тарихты бөлісіп жүрміз. Желтоқсан оқиғасы емес, «көтеріліс» деген баға берілу қажет. Тарихта болған ұлт-азаттық көтерілістің бірі деп есептеймін. Соның нәтижесінде республикамыз азаттық алды. Тәуелсіз Қазақстан болып жарияланды. Түрлі жазаланған студенттер де бар. Бұл күнді біз жылда еске аламыз. Сондықтан 16 желтоқсан – еске алу күні болу керек. Ал 17 желтоқсанды – Тәуелсіздік күні ретінде тойлауға болады. Тәуелсіз елді өмір сүру бақыты жас ұрпаққа берілген үлкен бақыт. Бұл күннің мен үшін маңыздылығы сол күні жазаланған құрдастарымызды еске алып, құран бағыштау. Осындай жағдай болмау үшін, бейбіт күннің қадірін білу өте маңызды. Ел тыныштығын сақтауды әр уақытта айтып отыру біздің міндетіміз. Сол кездегі арманымның бірі – арабияға бару еді. Бірақ түрлі жағдайлардың кері әсерінен шет елге шыға алмадық. Мүмкін осы оқиғаға қатысқанымыздың да ықпалы болған шығар. Қазіргі қуанатыным, бүгінгі жастарда мүмкіндік көп. Қазіргі уақытта шел елдермен байланыс жақсы дамыған. Университетте Араб елдерімен, Оңтүстік кореямен, Қытай елімен байланыс дамып, шет елге барып тағылымдамадан өтуге мүмкіндік бар. Тәуелсіздіктің қадірін қазіргі жастар жақсы түсінеді. Бейбіт өмірді бағалайды деп ойлаймын, – дейді ол.
Желтоқсан оқиғасында қыршын жастардың қаны төгілді. Бірақ азаттықтың ақ таңы атты. Өз алдына егемен мемлекет болдық. Сондықтан да Тәуелсіздік қадірін ұғына жүріп, желтоқсан оқиғасына қатысқан батыр азаматтарды ұмытпауымыз керек.
– Алматыдағы желтоқсаншылармен де хабарласып тұрамыз. Қазіргі уақытта түрлі салада қызмет етіп жүр. Қазақ жастарына патриоттық тәрбие беруде Желтоқсан оқиғасының маңызы зор екені айтылуы қажет. Оның маңызын ұмытпауыз керек, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуіміз шарт. Себебі, қыршындай жастар азаттық пен еркіндік үшін құрбандыққа барды. Тәуелсіз ел болудың маңызды тұсы осында. Желтоқсан оқиғасында ерлік көрсеткен әрбір жастың ерлігін бүгінгі жастар түсіну керек. Тәуелсіздік оңайлықпен келмеді. Сол кездегі аға-апалардың ерен еңбегі бүгінгі ұрпаққа тыныш елді сыйлап кетті. Бүгінгі жас ұрпақ көк байрағымызды мақтанышпен көтеріп жүретіндей ел мақтанышы болып өссе екен. Көк туымыз көгімізде мәңгілік желбіреп тұрса екен тілегіміз бар, – дейді Шолпан Баймаханова.
Желтоқсан оқиғасы – еркіндікті аңсаған жастардың үні. Бұл үн алаңда ашық айтылды. Ол кездегі жастардың бар ойы тәуелсіздіктің тұғырлы болуы. Олар аңсаған армандарына жетті.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!