Сейсенбі, 28 қаңтар, 06:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№6,2119
25.01.2025
PDF мұрағаты

ЖИ: Жаңалық пен жылдамдық

18.01.2025

30 0

Жаңа технологиялар қарқынды дамыған ғасырда жаңалыққа ілесу маңызды. Қарапайым тілмен айтқанда, қазір кеңсе жағалап, қағаз құжат арқалағандар жоқтың қасы. Алақандағы смартфон арқылы талай шаруаның түйіні шешіліп жатыр. Алайда цифрландыру заманында үйренгенімізден үйренеріміз көп. Жаңа технологияны меңгеру арқылы жасанды интеллектіні жұмсап, елдің жайын біліп отыруға да болады.

Жалпы цифрландыру ісінде елдің жеткен жетістіктері аз емес.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Ana tili» газетіне берген сұхбатында жаңа технологияны кеңінен қолдану орасан зор мүмкіндіктерге жол ашатынан атап айтты.

– Азаматтарымыз мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтерді цифрландыру ісінің артықшылықтарын жақсы біледі. Электронды үкімет сайтындағы қолжетімді қызметтердің тізімі үнемі толықтырылып келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының рейтингісінде Қазақстан Е-government-ті дамыту көрсеткіші бойынша әлемде 24-ші орын иеленді. Бұл – тәуір нәтиже, бірақ оған тоқмейілсіп, арқаны кеңге салуға болмайды. Көрсеткіштерді барынша жақсарту керек. Мен мұны Үкіметке жиі айтып отырамын. Бұдан бөлек, еліміздегі банктер де адамдардың күнделікті тұрмыс-тіршілігін едәуір жеңілдете түсу үшін өздерінің цифрлық экожүйесін қалыптастырып жатыр.

Қазақстанның экспортталатын ІТ-қызметтер саны артып келе жатқаны көңіл қуантады. Astana Hub табысты жұмыс істеп тұр. Бұл технопарк бір жарым мыңнан астам компанияның басын біріктіреді. Оның үштен біріне жуығы – шетелдік компания. Осылайша, еліміз жаһандық цифрлы көшпенділер үшін қолайлы мемлекетке айналып келеді, – деді ел Президенті.

Роботтар адамды алмастыра ма?

Бұл қоғамда жиі талқыланатын тақырыптың бірі. Роботтар адамды жұмыссыз қалдырмай ма немесе қаншалықты қауіпсіз деген секілді сұрақ та жоқ емес. Сала мамандарының, ғалымдардың айтуынша, жаңа технология адамды жұмыссыз қалдырмайды, керісінше жұмыс тауып береді. Алайда ізденіс, білім, жаңалықтан қалмау – уақыт талабы. Біз жиі талқылап жүрген жасанды интеллект таяу жылдары өмірімізді өзгертететінін мемлекет басшысы да атап айтты.

–  Таяу жылдарда жасанды интеллект өте қарқынды дамып, жұрттың өмір туралы ұғымын, тіпті тұрмыс-тіршілігін де түбегейлі өзгертетінін ескерген жөн. Милы машиналар, яғни интеллектісі жағынан адамды он орайтын роботтар пайда болатын күн алыс емес. Оның үстіне бұл роботтар эмпатияға, яғни сезіну және эмоция білдіру сияқты адамға тән қасиеттерге ие болады, – деді ол.

Заңмен реттеу керек…

Жаңа технологияның пайдасы мен қатар қаупі де болатыны түсінікті. Қазірдің өзінде кибершабуылдар, кибералаяқтар адамды қақпанға түсіру үшін түрлі әрекеттерге баруда. Алдағы уақытта жасанды интеллект технологияларын қолдануды заңмен реттейтін де уақыт келді.

– Нейрожүйелердің пайдасы ұшан-теңіз болғанымен, одан туындайтын қатерлер де бар. Мысалы, алаяқтар фото-бейнежазбалар жасап, адамның дауысын келтіру үшін де соны пайдаланады. Сондықтан көптеген мемлекет жасанды интеллкт технологияларының қолданылу аясын заңмен реттеуге кірісті. Біздің депутаттарымыз да жасанды интеллект туралы заң әзірлеу керек деп бастама көтерді. Осы маңызды жұмыспен тиянақты түрде, мұқият айналысу қажет. Жасанды интелектіні жауапкершілікпен қолдану қағидаларын жасап, оның этикалық мәселелерін жан-жақты ойластыру керек. Бірақ осы саланы реттегенде жасанды интеллектіні шектеуге емес, керісінше, оны дамыту жағына мән берілуге тиіс. Бұл технологияларды кеңінен қолданысқа енгізу орасан зор мүмкіндіктерге жол ашады. Оны қалт жібермей, игілікке жарату қажет, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ел игілігі үшін…

Өткен жылы Үкімет отырысында мемлекеттік органдар жұмысында жаңа цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні ендіру мәселесі қаралды. Цифрлық үкімет кеңсесінде отандық цифрлық шешімдерді іске асыру барысы көрсетілді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі минситрі Жаслан Мәдиев «Әлеуметтік әмиян», «ОТӨ тізілімі» «Онлайн-нотариус» жобаларын, азаматтардың өтініштерін жүйелеуге арналған е-Otinish платформасын таныстырды.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов экономиканы ынталандыру үшін цифрлық орта құрудың маңызды екенін баса айтты. Озық елдердің барлығы цифрландыру мен жасанды интеллктіні дамытуға инвестиция салып, өз стратегияларын жасауда. Цифрлық технологиялар бізде қазірдің өзінде өнеркәсіп, экология, денсаулық сақтау, білім беру, жұмысқа орналастыру, әлеуметтік және құқықтық қолдау, салық секторы мен бизнес ортада белсенді қолданылып келеді.

– Мемлекет басшысы мемлекеттік басқару жүйесіндегі цифрлық трасформация экономика мен қоғамдық өмірдегі өзгерістерге жәрдем беруге тиіс екенін атап өтті. Нейрондық желілер арқылы біз тәуекелдерді және төтенше жағдайларды болжап, олардың алдын аламыз. Сондай-ақ проактивті түрде әрекет етуге мүмкіндігіміз бар. Цифрлық трансформация кезінде жаңа цифрлық шешімдерді интеграциялау жұмысын жүргізуіміз керек. Бұл жұмыстардың барлығы жасанды интеллектіні дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы мен жасанды инттлект туралы заң аясында жалғасады, – деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.

Премьер-министр цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне өңір әкімдерімен бірге 2025 жылы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін жасанды интеллект құралдарын пайдалана білуге оқыту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

Әлеуметтік әмиянның пайдасы

Бүгінде күнделікті өмірімізді цифрлы әлемсіз елестету мүмкін емес. Тұрғындар цирфлы құжаттармен жұмыс істеуді тез үйренді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркісібі министрлігінің мәліметіне сүйенсек,  тұрғындар цифрлы құжатты жолға шығарда жиі пайдаланады екен. Ұшақ, пойыз билеттерін цифрлы қызмет арқылы алу бойынша биыл 200 млн-нан астам қызмет көрсетілген. Сонымен қатар онлайн нотариус қызметін биылдың өзінде 170 мың адам пайдаланған екен.

– Біз проактивті қызметтерді енгізуді бастап кеттік. Бұл – азаматтар өздері тиісті мекемеге жүгінбей-ақ автоматты түрде көрсетілетін қызметтер. Мемлекет басшысының тапсырмасымен біз әлеуметтік әмиянды енгіздік, – дейді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.

Ел азаматтарына көрсетілетін қолдаудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асқан «әлеуметтік әмиян» жобасы арқылы бүгінде оқушыларды тегін ыстық мақпен қамтамасыз ету және тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамту қызметі жүзеге асты. Елімізде 2000-нан астам мектепте білім алып жатқан 703 мыңнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп, мемлекеттік дәріханаларда 1,5 млн-нан астам рецепт өңделіп, берілген.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев елімізде жасанды интеллект арқылы виртуалды көмекшілерді енгізу жұмысы басталғанынан хабардар етті. Министрдің айтуынша, спутниктік шешімдер бойынша жасанды интеллект көмегімен заңсыз қоқыстар, жерді басып алу, орманды заңсыз кесу фактілері анықталады. Цифрлық отбасы картасы шеңберінде 6 млн-нан астам отбасы цифрландырылып, мәліметтер мемлекеттік басқаруда пайдаланылады. Жасанды интеллект талдамалық мәліметтер береді, бұл деректер апта сайын әкімдіктерге жолданады.

– Жасанды интеллектіні дамыту үшін бүгінде инновациялық экожүйе құрылып отыр Астана Хаб базасында стартаптарды қолдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біз елімізде жасанды инттеллектіні дамыту үшін Үкіметте 5 жылдық тұжырымдаманы қабылдадық. Аталған тұжырымдама бойынша бірнеше маңызды бағыт бар. Біріншісі, суперкомпьютерлік кластерді, суперкомпьютерлік инфрақұрылымды дайындау. Екіншісі, заңнамалық актілерді шығару. Үшіншісі, адами капиталды дамыту. Келесі жылы қарқынды түрде осы бағыттарды пысықтаймыз, – дейді министр Ж.Мәдиев.

Әкімдерге көмекші бола алады

Жасанды интеллект әкімдерге де таптырмас көмекші бола алады. Тіпті ақыл-кеңес беріп, ұсыныс айтып, жұмысын жеңілдетуге көмектеседі. Яғни әкімдер жасанды интеллект көмегімен тұрғындарды толғандырған мәселе тралы нақты ақпарат ала алады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорға министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, жасанды интеллект әлеуметтік осал топтар бойынша өтініштердің негізгі тақырыпты таңдайды. Анығын айтқанда ЖИ осал топтағылармен қалай жұмыс істеу керегі туралы ұсыныс береді. Нәтижесінде әр әкім қай жерде қандай мәселе бар екенін уақыт жоғалтпай Жасанды интелект көмегімен біліп отырады.

Үкімет отырысынан кейін онда көтерілген мәселелерге орай Қызылорда облысы әкімдігінде жиын өтті.

Жиында «Smart Data Ukimet» ақпараттық-талдау жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу, отбасылардың әлеуметтік жағдайының төмендеуіне ең көп әсер ететін факторларды анықтайтын модульді жүзеге асыру тапсырылды.

ЖИ: Жаңалық пен жылдамдық

Айта кетейік, бүгінде «Smart Data Ukimet» ақпараттық-талдау жүйесінде барлық деңгейдегі әкімдер, облыстық басқармаларға 160 есептік жазба ашылып, ішіндегі кейстер мен дэшбордтарды күнделікті жұмыста пайдалануда. «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінде Қызылорда облысының 224 187 отбасы немесе 852 944 адам тіркелген. Азаматтарға белсенді қызмет көрсету бағытында әл-ауқат деңгейі, экономикалық, әлеуметтік және тұрғын үй жағдайлары, денсаулық сақтау, білім саласы бойынша тиісті жұмыс жүргізуде.

Қалай айтқанда да жаңа технологиялар өмірімізге дендеп енуде. Оны игілігімізге пайдалану біліктілікті талап етеді. Жаңа технологияны ел игіліне  тиімді пайдалана білу – адамның міндеті.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: