Қоғамда бала тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелер жеткілікті. Әлеуметтік желіні ашып қалсақ, балалардың қылмысы, бірін–біріне қорлық–зорлық көрсету мәселесі тым өршіп барады. Бала – ата-ананың айнасы. Жақсы адам бола білу үшін ұрпағыңа мықты тәрбие беруің керек. Бүгінгі «Жүрек кілті» айдарымыздың тақырыбын бала мәсәлесіне арнағанды жөн көрдік. Себебі бұл тақырып кезек күттірмейді. Соңғы уақытта көбінесе баланың жауапкершілігін мұғалімге артып қоятындар көбейді. Алайда бала тәрбиесінде ата-ананың атқарар міндеті зор. Бала тәрбиесі немқұрайлықты кешірмейді. Олар қамқорлыққа мұқтаж. Осы мәселе төңірегінде балалар психологы, облыстық психологиялық қолдау орталығының басшысы Жұмагүл Тасболатқызымен әңгімелестік.
– Бүгінде ашушаң бала көбейіп барады. Жасөспірімдер арасында қылмыстың көбеюі осыған байланысты болуы мүмкін бе?
– Иә, ашушаң адам мейлі, ол бала болсын, онда агрессияның белгілі бір деңгейі бар: ол өзінің әрекеттеріне жауап бере алмайды, жан-жағымен жиі дауласады, өзінің қателіктерін басқалардан көреді, ережені орындаудан бас тартады, сезімтал және қырсық. Байқағандарыңыздай, ол қылмысқа бейім, сол себепті қылмыстың көбею себебін ашушаң адамдармен байланыстырамыз. Жалпы психологияда дағдарыстық жас деген бар. Осы дағдарыстық жаста балада ашу қалыпты деңгейден жоғары болады. Неге? Себебі әр дағдарыстық жаста бала анадан ажырап (сеперация) отырады. Ал ашуды сол ажырау кезінде белгілі бір деңгейде күш беруші құрал ретінде қарастырамыз. Баладағы дағдарыс кезеңдер – бала дүниеге келгенде, 1, 3, 7, 11-13, 17 жаста болады. Сол себепті баланың ашушаңдығы неден туындағанын анықтау маңызды.
– Ата-ана мейірімі дейміз, дегенмен баласына қатыгездік танытатындар бар ма?
– Көбіне бала мен ата-ана арасындағы мәселелер баланың өсу кезеңімен байланысты болады. Неге? Бала өсе келе өзінің ойы мен қалауы пайда болып, ол ата-анасының пікіріне қайшы келіп, түсінбеушілік орын алғанда ата-ана баланы мәселе көре бастайды. Тіпті аналар қауымы жаратылысына сай сезімталдыққа салынып, «шаршадым сенен» , «бәле болдың», «жүрген жерің мәселе» т.б. сөздермен баланың жадына «сен мәселесің» деген хабарламаны беріп те үлгіреді. Нағыз мәселе осы хабарламаны алған күні басталады дей беріңіз. Себебі бала анадан алыстайды, ол өзін ата-анасы тірі бола тұра жалғыз сезінеді. Бұл сөздерді эмпатия жасап өзіңізге айтып көріңізші. Сүйіп қосылған жарыңыз немесе жұбайыңыз «сен, бәле болдың», «қайдан маған жолықтың?», «сенен шаршадым» десе қандай күйде болар едіңіз? Ештеңе болмағандай жайраңдап «Рахат-ай мен бәле болып жүр екенмін» деп жүре бересіз ба? Әрине, жоқ! Айтпағым отбасындағы мұндай мәселелер кейде сөйлеспей ренжісіп апталап жүруден, бөлек бөлмеде жатудан, тіпті кейде ажырасумен аяқталады. Ал ең өкініштісі, бала сізден ажырасып кетуге қауқарсыз, сізге мұқтаж. Меніңше, бұл қатыгездіктің ең шегі. Баланы ұрып соқпасаң да, осы қатыгездік жетіп жатыр.
– Баламен сырлас дос бола алмайтын немесе қол жұмсайтын ата-аналарға қандай кеңес айтар едіңіз?
– Бұл сұрағыңызға сұрақпен жауап бергім келеді. Құрметті ата-ана, сізге сол бала «мені өмірге алып келші» деді ме? ¬Өздеріңіздің ата-ана бақыты деген ең құрметті атақты, бала махаббатын, ләззатты сезінгілеріңіз келгені үшін оған өмір сыйладыңыз гой! Ал сіз оны не үшін жауапкершілікке тартып немесе жазалайсыз? Ол не үшін кінәлі! Ол бұрыс жолды таңдаса, оның қажеттілігі өтелмеген шығар! Себебі балада тәрбиеленуге, өмірдің ережелерін үйренуге қажеттілік бар. Бар мәселе балада емес, сізде шығар. Балада туа сала психика болмайды, оны қалыптастырушы алдымен ана, содан кейін әке, отбасы мүшелері. Сіз өзіңізді басқара алып дауыс көтермей, ұрмай, әңгімелесіп, сырлас бола отырып ересек адам ретінде дұрыс дағдыны қалыптастырушысыз. Қазір материалдық құндылық билеген заманда қақтығыстың көбі бірнәрсе алып бер немесе бару керек, қаржы бер дегеннен туады. Бала өз қалауын кейінге қалдыра алмайтын тұлға, қалағаны болмағанда қыңырлыққа салынады. Бұл қалыпты. Десе де, сіз алып бере алмайтын себебіңізді байбаламға бармай түсіндіруге тырысыңыз. Мысалы, телефонның жаңа үлгісін сұраған балаңызға қазір қаржылық қиындықтар болып тұрғанын, оның себетін, қанша уақытта реттелетінін және мүмкіндігіңіз болатынын айтып түсіндіруге болады. Бүгінгі заманның баласы қорқыту мен жазалаудан үрікпейді. Олар тумысынан жақсы мен жаманды ажырата алады. Оларға тек сол қабілетті дамытуға мүмкіндік беру қажет.
– Балаларына жақсы сөз айта алмайтын ата-аналар да бар…
– «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтылмаған. Ал балаға жаман сөз айту, оны ырыстан құр қалдырады. Әрбір адамның кемел болуға мүмкіндігі бар.
Сол ынтаны сіз бірауыз сөзіңізбен жоққа шығаруыңыз бек мүмкін. Сондықтан әсіресе балаға жақсы сөзді аямаған дұрыс.
– Бір-бірімізден озғымыз келеді. Баланы да жұрттың баласымен салыстырамыз. Мұның қандай кері әсері бар?
– Бұл барлық отбасына тән. Тіпті болмай бара жатса үйдегі балаларымызды, «анау тамағын ішіп қойды, сен тауыспадың» деп салыстырамыз. Олай өскен балалар бауыр емес, бәсекелес болады. Ал жұрттың баласымен салыстырған балалар өзін-өзі бағалауы төмен, бастаған ісінен ләззат ала алмайтын болып өседі.
– «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген. Бақыттың не екенін білмейтін кейбір аналар оны балаларына қалай көрсетеді?
– Сұрағыңыз орынды. Ата-ана қандай күйде баланың есінде қалса, соны қайталайды. Ол тағы бір ұрпақты қалаушы, өмірді жалғастырушы. Сол себепті балаларға тәтті балалық шақ сыйлау маңызды. Мысалы, өзім үйде мәнті пісіргенде үнемі анамның мәнтісін, әкем, бәріміз оны түйген сәт көз алдыма, тіпті иісі мұрныма келеді, елітіп, қуанып, сағынып, түрлі сезімдермен еске аламын. Ал сіздің естелігіңіз қандай? Балаңызға қандай естелік сыйлап жүрсіз? Бәрі маңызды.
– Қазіргі балалардың мазасыздығы анасын да шаршатып жібереді. Ол қиындыққа төтеп берудің жолы қандай?
– Бала емес, ана мазасыз шығар. Мүмкін, мазасыз күйде өмірге алып келді. Яғни баладағы қазіргі көрініс отбасындағы атмосфераның көрінісі шығар. Негізі, бала ата-аналарын, әсіресе аналарының көлеңкесі іспетті. Сол үшін мәселенің шешімі үлкендерде жатыр деп ойлаймын. Бақытты отбасында өскен баланың көңілі тоқ. Баласының мазасыздығынан шаршаған аналалар үшін айтарым, олар ұйқыға кеткенде жанында отырып, пысылдаған дауысын, сіз бар деп сеніп ештеңеден хабарсыз жатқан бейкүнә сәтін тамашалап көріңізші. Мүмкін, ойыңыз өзгерер…
– Әркім баласының жақсы адам болғанын қалайды? Маман ретінде қоғамда жақсы, бір-біріне жылы сөз айта алатын адамдар азайғанын байқайсыз ба? Бұған не себеп?
– Себебі адамдарда құндылық өзгерген. Қазір барлық балаларды біреуден озуға, эгоист болуға, қандай жолмен болсын, бірінші болуға, материалдық тұрғыдан бай болуға тәрбиелеп жатырмыз. Тіпті ана-аналардың тіршілігіне қарасаңыз, олар тек баласын ешкімнен кем қылмау үшін, басқадан артық киім, телефон ұстауы үшін азаннан кешке дейін қаржы табуға жұмыс істейді. Балалармен әңгімелесіп, бүгінгі күнін қалай өткізгенін сұрайтын ата-ана жоқтың қасы. Мәселе осында деп ойлаймын. Ата-ана балаға көңіл бөлуі қажет. Балаға ата-анасымен өткізген әрбір сәт бағалы.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!