Сейсенбі, 12 қараша, 20:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№90-2100
12.11.2024
PDF мұрағаты

15 сәуір – ғашықтар күні

16.04.2022

1563 0

Сен туралы

Сен аспанның жасындасың,

Гүліндесің үміттің.

Жоқ болсаң да қасымдасың,

Қалғандарын ұмыттым.

Сен көктемнің кешіндесің,

Сөзіндесің ұлы әннің.

Әйтеуір сен есімдесің,

Ұмытпайтын шығармын.

Қобыз кеудем мұңындасың,

Жүрегімнің сертінде.

Өмір деген ұғымдасың,

Ақ жаңбырдың көркінде.

Сарқылмаған төзімдесің,

Жан толқытар байламда.

Өзімдейсің, өзімдесің,

Сен тұрасың айнамда.

Көктің нұры таусылмасын,

Гүліндесің үміттің.

Жүрегімнің даусындасың,

Қалғандарын ұмыттым.

Дина БӨКЕБАЙ

Қалаға келші!

Айна су құшқан ай тәнін,

Дария бойы бақ бар-ды,

Сұп-сұр боп кешіп қайтамын,

Сап-сары жапырақтарды.

Қалаға келші!

Үзіліп кетсем, разымын,

Үздігіп, бәлкім, жыр күттің.

Қарадай жүріп қажыдым,

Қамытын шешіп тірліктің,

Қалаға келші!

Тамшы боп біткен бәріне,

Таңғы шық – жасым тұп-тұнық.

Кеудемде мынау әлі де

Жүрегім барын ұқтырып,

Қалаға келші!

Сарғайтып күздің самайын,

Жапырақ құлар – бос үміт.

Өлеңімді алып қалайын,

Ойлы көзіңнен көшіріп,

Қалаға келші!

Білсең ғой, жаным – баладай,

баса алмай жатқан солығын.

Қалада аз күн қала ғой,

Өмірім менің, өмірім!

Аружан ОРАЛБАЙ

Сезімім менің – басты кейіпкер

Сезімім менің – басты кейіпкер,

Жүректің хақын өтер ем.

Көзіңнен тамған жасты құйып бер,

Сен үшін көзе көтерем!

Сағыныш иісің тек естен кетті,

Төбемде қара бұлт тұрмақ.

ал-қызыл шарап өңештен өтті,

Сенің жасыңдай құп-құрғақ.

Құдайда қойған бәсе ойлап бәрін,

Мұңымды естірттім сөз ара.

Мен бүгін қатты масайрап қалдым,

Масайрап қалдым бозаға.

Жырымды тынбай жаттап ең күнім,

Ерніңде өлең күнде еріп.

Құдайға сені мақтап ем бүгін,

Тілімде қалды  күрмеліп.

Сендік қасірет тәнін жалмады-ау,

Жанын жалмады-ау және аздай.

Біздің дұғалар қабыл болмады-ау,

Ниетсіз қылған намаздай.

Санама ойлар сақталып кепті,

Сезімге жүрсем құр шөлдеп.

Мұңымды менің ақтарып кетті,

Ақтарып кетті бір шөлмек.

Уәделеріңнің күні шертілді,

Айналсын бәрі, бәрі отқа.

Мен бүгін сенің ұлы сертіңді,

Айырбастадым шарапқа.

Әли АСҚАР

Кінәлағым келмейді

Жарығым-ай, емес бұл жастық екпін,

Өзіңе өзің  қалайша қастық еттің?

Естеліктер ес-түссіз қалады енді,

Тамырына айналып тас жүректің.

Махаббатқа мен де бір мықты сері,

Мықтыға да кей-кейде жүк түседі.

Кінәлі дей алмаймын мен өзімді,

Кінәлағым келмейді тіпті сені.

Махаббатқа сен де бір мас періште,

Періштелер жығылмас әсте күшке.

Жазғыруың орынды жаным мені,

Жазмышқа бірақ та жас төгіспе!

Мына өмір – білдің бе бос іргесі,

Селге кеткен сезімнің жесір көші,

Сезіп бола алмайтын жүректердің,

Кезіп бола алмайтын кешірмесі…

Екеуміз де осыны кеш түсіндік,

кешір…кешір…

Жамбыл БАҚЫТӘЛІҰЛЫ

Экспромт

Қайда жүрсің, келешек келіншегім?

Елеңдеумен күтіп жүр елің сенің.

Өміріңді өзгертем мәңгілікке,

Көңіліңді түсірме, көңілшегім!

Кеткендей көктен жерге жаһұт түсіп,

Бақ-айдынға жетейік бақыт құшып.

Асықпай-ақ қояр ем үйленуге,

Барады күннен-күнге уақыт қысып.

Шықпайтынын білсем де ардан бүлік,

Мазалайды жанымды жалған күдік.

Жаңа жылда жарқырап шоқ жұлдыздай,

Жарығым-ау, шықсаңшы алдан күліп.

Жүздескенде көрерсің сезіп, біліп,

Қояды әлі сөзімді көз ұқтырып.

Жолықтыра ма екен-ай айда бізді,

Әлде күнде қоя ма кезіктіріп?

Ең бастысы, болмасын күйік, нала,

Той жасаймын халқымды жиып дара.

Ерте үйіме кел енді еркелемей,

Өмір бойы өтейін сүйіп қана.

Ақтілек БІТІМБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: