Жұма, 29 наурыз, 02:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Өнер күйзелісті емдейді

02.12.2021

1539 0

Соңғы кезде күйзеліске түсіп, миға соққы, жүрекке салмақ түсіріп  жүргендер көп. Адамға қазір тек медициналық емес, психологиялық көмек көбірек керек. Себебі бүгінде жоқшылық, қымбатшылық, жетіспеушіліктен шаршап жүргендер аз емес.

Қарап отырсақ, еліміздің  ірі қалаларында арт-терапияның көмегіне жүгінетін жандар көп. Күйбең тіршіліктің бітпейтін мәселесінен бір мезгіл арылып, уақытын өзіне арнайтындар арт-терапия орталығына барады. Бір сөзбен айтқанда арт-терапия – өнер арқылы адам жанын емдеу әдісі. Әсіресе ол психологияда жиі қолданылады. Бұл жаман ойлардан арылып, адам жанына тыныштық сыйлайды. Дәрі-дәрмексіз оның орнына бояулар, саз балшық, музыкалық аспап, қағаз, ағаш, құм секілді заттар жаныңды емдейді. Сонда қалай дерсіз…

Бүгінде саздан жасалған құмыралар, мүсіндермен ыдыстарды жиі көреміз. Алайда көпшілігіміз оларға аса мән бермейміз. Дегенмен зерттеушілер саз балшықтың адамға тигізер пайдасының мол екенін жарыса айтуда. Қазір тіпті оған үлкеннің де кішінің де қызығушылығы жоғары. Жақында ғана әлеуметтік желіден Шымкент қаласында жеке өнер мектебінің ашылғаны жайлы ақпаратты көзім шалды. «Мұндай орталық біздің өңірде де бар ма екен? деген ой келді. Бір өкініштісі, жан-жақтан іздеп таба алмадық. Алайда сұраныс көп екен. Өйткені барлығы да «тапсаң маған да айтшы» деп қызығушылық білдірді.

Сыр өңірінде тек оқушылар сарайы жанынан ашылған «Көркем қыш және мүсін өнері» үйірмесі ғана бар. Бұл үйірмеге келуші жастар қатары көп. Олардың барлығы да саз балшықтың сырын ұғып, қыш құмыра құпиясына терең бойлағысы келеді. Мұнда қазір 10 оқушы бұл өнерді үйренуде. Мүсін өнеріндегі алғашқы туындысын бірге жасайды.

– Осы салаға қызығушылығы бар балаға әрдайым есігіміз ашық. Дәріс тегін. Баланың сурет салуға, бейнелеу және қолөнерге деген қабілетін анықтаймыз. Балаға бірінші құммен жұмыс істеу ережесін түсіндіреміз. Кейін сурет салуға кіріседі. Икемі бар балалар бір-екі рет бағыт-бағдар бергеннен-ақ әрі қарай алып кетеді. Бастысы, қол жаттығу керек. Тепе-теңдікті, дәлдікті, көз жоба бойынша есептей алуы шарт. Бұл өнер түрінің артықшылығы бір жағынан жастарды шығармашылыққа, эстетикалық көркемдікке, өнерге баулыса, екінші жағынан еңбекке, қол қимылының дамуына жәрдемдеседі. Әдетте, бірінші үйдің суретін салуды ұсынамын. Өйткені үй баланың өзін ең жайлы сезінетін жері. Сосын оның есігін, терезесін қалай салатынын байқаймыз, – деді үйірме жетекшісі Ескендір Серманов.

Бүгінде үйірменің талантты әрі белсенді қатысушылары төл туындысын жасап, облыстық, республикалық деңгейдегі байқауларда бақ сынап жүр. Жүлделі орын биігінен көрініп жүрген өрендер де жоқ емес. Қазіргі таңда үйірме жұмысын жандандыру мақсатында айналмалы екі қондырғы сатып алған. Оның көмегімен балалар саз балшықтан қыш құмыралар жасауды меңгеруде. Оған қажетті шикізатты Алматы қаласы мен Жаңақорған ауданына арнайы тапсырыс береді. Бір жақсысы, алдын ала әзірленген саз балшықты полиэтиленді пакет пен дымқыл матаға орап тастаса, ұзақ уақытқа дейін қолдануға жарай береді екен.

Британдық суретші Адриан Хилл 1938 жылы арт-терапия терминін алғаш қолданысқа енгізген. Науқастармен жұмыс істеу кезінде ол бір нәрсені байқады: шығармашылық қайғыны ұмыттырады. Науқас аурумен күресе алады. 1950 жылы АҚШ-та алғаш рет арт-терапия қолданылды. Арт-терапияның маңызды саласына жататын саз балшық терапиясының адам денсаулығына пайдасы ұшан-теңіз екені ғылымда әлдеқашан дәлелденген. Дегенмен бұл біздің елде әлі де толық, терең зерттеле қоймаған сала. Мамандардың айтуынша, өнер терапиясы көмегімен жеке тұлғаны мазалайтын өзекті мәселелер шешімін тауып, эмоционалдық қысым, агрессия төмендейді екен. Сондай-ақ алақанмен саз балшықты илеу арқылы ағза сүйектің қатаюына қажетті кальциймен байытылады.

Үйірме жетекшісі Ескендір Серманов мың градусқа дейін күйді­рілген құмыра бірнеше ғасыр бойы еш мінсіз сақталатынын айтты. Расында, ол жылдар жылнамасында сыр-сипаты мен сымбатын сол қалпында сақтаумен бірге, отқа да төзімді келеді. Мәселен, қас-қағымда сан мың шақырым қашықтыққа зулайтын зымыран моторы саз балшық керамикасынан құйылатынын бірі білсе, бірі білмес. Себебі мыңдаған градус ыстық шығаратын ғарыш кемесінің моторында жанған отқа ешқандай темір төтеп бере алмай, балқып кететін көрінеді. Ал біз білетін керамика керісінше, оттың қызуы күшейген сайын қатая түсетіні мәлім.

Жалпы осындай балшықтан жасалған қыш құмыралар отандық археология тарихында қола дәуіріндегі заттай ескерткіштерді зерттеуде үлкен жетістікке қол жеткізуде. Мәселен, тарихшылар мен археологтар қыш ыдыстарды зерттей отырып, ертедегі қауымдық құрылыстың, тайпа ішіндегі адамдардың бір-бірімен өзара қатынасын, шаруашылық әрекеттің ерекшелігін, дүние-танымның кейбір қырын, археологиялық мәдениеттің туыстастығы мен олардың шығу тегі туралы мол мағлұматты зерттеді.

Расында, ежелгі дәуірде-ақ қоныстарды мекендеушілерде қыш­тан ыдыс-аяқ жасау едәуір дамыған. Оның барлығы өз кезегінде  шаруашылық пен тұрмыста пайдалануға арналды. Бір қызығы, ыдыстарға қарап, олардың жасалу техникасы туралы сөз етуге болады. Сала мамандары арасында қалыптасқан бұл әдісті осы істің шебері ретінде Ескендір Серманов та қолдайды. Оның айтуынша, қыш құмыралар бедеріне қарап, оның қандай балшықтан, қалай жасалғанын анық аңғаруға болады екен. Ал қай заманда да қыш құмыра жасаушылар ең әуелі балшық таңдауда өте мұқият болған. Тіпті кейде ол бірнеше шақырым жерден арнайы әкелінген деседі. Содан соң жаз бойы әртүрлі арнайы қоспалар қосылып, иін қандырып, одан кейін ғана қолдануға жарамды еткен.

Атадан жалғасқан бұл кәсіптің бойына қан жүгірткеніне қазір құмырашы Ескендір өнердің қасиетін өскелең ұрпақ бойына сіңіруге күш салып келеді. Бастысы оны балалардың өнерге деген ерекше қызығушылығы қуантатынын айтады. «Өнерді үйрен де, жирен» дейді дана халқымыз.

Мамандардың айтуынша, арт-терапияға үш жастан бастап қатысуға болады. Дегенмен әр орталықтың балалар, ересектер, қарттар деген сияқты мақсатты аудиториясы бар. Бір өкініштісі, даун синдромы, аутизм сынды диагнозы бар балаларға арнап ашылған орталық жоқ. Қазір еліміздің ірі қалаларында  өте тұйық, сөздік қоры аз, сөйлем құрастыра алмайтын, жаңа ортаға бейімделуі қиын балалар да құм терапиядан өтуде. Бұл тәжірибе біздің өңірде де жүзеге асса, аз да болса адам жанына жұбаныш болары анық. Сондықтан осындай үйірмелер мен жеке орталықтар көптеп қажет-ақ.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: