Жексенбі, 24 қараша, 15:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Біздің қала – кітап оқитындар мекені

24.09.2022

1390 0

Әрбір кітап өзінше құпия, бөлек әлем деуге болады. Кітапты парақтай бастасаң ғасырлар қойнауынан сыр шертіп, талай оқиғамен танысасың. Ұлттық құндылықты айқындайтын нәрсе – кітап десек, атадан қалған асыл сөзді оқырманға жеткізуші орта – кітапхана.

Қала күні мерекесі қарсаңында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен қалалық орталықталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Kітап Fest» кітап фестивалі өтті. Құндылығы мол, тағылымды шараға қала әкімі Асылбек Шәменов, жергілікті ақын жазушылар мен қоғам қайраткерлері қатысты.

– Фестивальге қатысушы кітапсүйер қауымды сүйікті қаламыздың төл мерекесімен құттықтаймын. Бұл шара өз мән-мағынасымен ерекшеленеді. Себебі кітап бұл − рухани қазына, сарқылмас байлық, өмір айнасы, замана сыры, тарих шежіресі, оқу-тәрбие құралы. Мемлекет басшысы электрондық форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайтынын баса айтты. Сондай-ақ  кітап қорын жаңалау мен толықтыруға басымдық беру керегін тапсырды. Қаламызда бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарып, кітапханалар желісінің қызмет аясын кеңейттік. Қазіргі кезде электронды кітапханалар тұрғындарға қолжетімді. Десе де кітаптың қоғамдағы маңызын арттыруға, рухани құндылықтарымызды дәріптеп, ұрпаққа аманаттауымыз керек. Бүгінгі кітап фестивалі көптеген әдеби шығармалармен танысуға мүмкіндік беріп отыр. Балаларға арналған кітап базарлығы өз алдына ерекше. Баршаңызды кітап оқып, пікір алмасып, рухани азық алуға шақырамыз, – деді қала әкімі.

Мәдени шарада Түркістан қаласынан «Мазмұндама» қоғамдық қоры, қаламыздағы «Кітап ал» кітап дүкені өз кітаптарын сатылымға шығарды. Сонымен қатар Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғылыми кітапханасы, «Болашақ» университетінің, Қызылорда медициналық жоғарғы колледжінің, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің және қала кітапханалары көрмелерін ұйымдастырды. «Өткені сырлы, келешегі нұрлы – Қызылорда» атты кең көлемді кітап көрмесі мен жәрмеңкесі таныстырылды.

Шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр өнерінің тарланы Хұсейн Әмір-Темір, Қазақстан Жазушылар одағы Қызылорда облыстық филиалының директоры Қаршыға Есімсейітова қатысып, кітапсүйер қауымға жүрек жарды тілегін  арнады.

Мерекелік кештің басты ерекшелігі − «Буккроссинг» өзің оқысаң, өзгеге табыс ет қағидасына негізделген кітап сөресі. Жалпы буккроссинг – кітап алмасу алаңы. Бір сөзбен айтқанда, оқыған немесе қажет емес кітапты ауыстыру немесе сыйлыққа беру. Қала күні мерекесіне тарту ретінде жасалған қобыз пішіндес кітап сөресінің сызбасын сызып құрастырған қалалық жастар театрының суретшісі Жарқынбек Қосбаев пен қалалық мәдениет үйінің бас инженері Серік Кәлменов. Шарада қала әкімі Асылбек Шәменов, қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейн Әмір-Темір кітап сөресінің лентасын қиып, арнайы кітапшаға өз лебіздерін жазды.

Мерекелік шара «Мен сені жырлап өтем, Қызылордам!» атты жас ақындардың жыр кешімен жалғасты. Сонымен қатар қалалық кітапхананың белсенді оқырмандары қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

– Бүгін өнер арбатында кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылуда. Қала тұрғындары қала күні мерекесі аясында бір күн кітап әлеміне енеді.  Мерекелік шара барысында оқырмандармен кездесу, зияткерлік сайыстар, көше кітап сөресінің арнайы ашылу салтанаты өткізіледі. Бұл − оқырман мәдениетін қалыптастыруға арналған игі бастама. Сондай-ақ қала тұрғындарын кітап оқуға насихаттап, осы арқылы оқыған кітабын алмасуға шақырамыз. Буккроссингке бастама ретінде сұранысқа ие 50 кітап қойылды. Оның ішінде әлем классикалары, қазақ шығармалары бар, – деді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Тажмаханов.

Айта кету керек, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 21 кітапхана бар. Олардың 10-ы қалада болса, 8-і ауылдық округте, қалған 3-і балалар кітапханасы. Барлығы 650 мыңға жуық кітап қоры бар.

Бұл шараға әртүрлі жастағы адамдардың зор ықыласпен келгенін байқадық. «Kitap Fest» фестивалі қарапайым халыққа кітап қажет екенін көрсетті. Тіпті оқырмандар бір емес, бірнеше кітап сатып алуда. Әсіресе жастардың кітапқа деген қызығушылығы ерекше. Бұл жоба жыл сайын кеңге қанат жайса, халықтың кітап оқуға деген құлшынысы арта түсері анық. Себебі әрбір келуші мерекенің көркін қыздырған кітап әлеміне еніп, керемет әсер алды.

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: