Сәрсенбі, 24 сәуiр, 21:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Халыққа берілген уәде орындалмаса,билікке деген сенімге селкеу түседі

05.01.2023

896 0

Барыс жылы  еліміз үшін тарихи және саяси оқиғаларға толы болды. Қаңтар оқиғасымен басталған 2022 жылы жалпыұлттық референдум, ұлттық құрылтай, кезектен тыс президент сайлауы өтті. Енді бірнеше күннен соң сенаторлар сайланады. Жаңа жылдың табалдырығын аттап, қоян жылындағы алғашқы нөмірді шығарғалы жатқанда Қызылорда қаласында атқарылған және атқарылатын жұмыстарға

тоқталғанды жөн көрдік.

Жыл қорытындысы бойынша өткен салтанатты жиында қала әкімі Асылбек Шәменов барыс жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, биылғы жоспарға тоқталды. Шаһар басшысының айтуынша, қаланың инженерлік, коммуналдық инфрақұрылымын дамытуда ауқымды жұмыс жасалған.

– Жол сапасын жақсартуда кешенді шаралар қабылданып, қала қарқынды құрылыс алаңына айналды. Көпқабатты тұрғын үйлер, мектептер мен балабақшалар, денсаулық сақтау, спорт нысандары салынып, халық игілігіне берілді, – деді қала басшысы.

Өткен жылы көлемі 7000 шаршы метр болатын қан орта­лығы, 1000 келушіге арналған жаңа өнер сарайы мен «Анаға тағзым» орталығының іргетасы қаланса, биыл Президент тапсырмасымен әзірленген «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 8 мектеп, сондай-ақ заманауи үлгідегі қуаттылығы 240 мегаватқа жететін жылу-электр орталығы салынады.

Сол жағалаудан 84 пәтерлі 7 қабатты 6 тұрғын үйдің құрылысы және инфрақұрылымдық әлеуетті дамытуда Болат Өтемұратовтың қолдауымен құны 12 млрд теңге болатын «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалының құрылысы басталды. «Қазгермұнай» ұлттық компаниясының қолдауымен заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» жобасы бастау алса, «Саутс Ойл» компаниясы 10 мың адамға арналған «Қайсар» футбол командасының жаңа стадионын салуға ниет білдірді. Облыс әкімінің қолдауымен Қызылорда автобус паркіне жаңадан автобус алуға 1 млрд 434 млн теңге бөлініп, қалаішілік бағыттарға қатынайтын 150 жаңа қоғамдық көлік ел қажеті үшін жұмыс атқаруда. Қызылордалықтар осынау игі істің жалғасын биыл да көреді деген жоспар да бар екен. Қала әкімінің айтуынша, тағы да 150 автобус алынады. Тұтас бір қаланы ауыз сумен қамтамасыз етіп, тазалығына жауап беретін біріккен кәсіпорын шаруашылық жүргізу құқығындағы «Су жүйесі» мекемесіне 11 арнайы техника табысталды.

Барыс жылында ұлт мақтанышына айналған жерлесте­ріміздің мерейтойлары тақырыптық кештермен ұйымдас­тырылып, қала орталығында халық қаһарманы Роза Бағланова апамыздың еңселі ескерткіші бой көтерді. Қала күні, республикалық айтыс, концерттер мен фестивальдар, ғылыми конференциялар мен форумдар, жерлестеріміздің берекесі мен несібесіне сай «Алтын дән» мерекесі және ырысты еліміздің қазынасын тасытқан әртүрлі жәрмеңкелер секілді мазмұны мен мағынасы зор шаралар да жыл бедерінде айшықталды. Сондай-ақ балалар жылына орай қызылордалық балғындар игілігіне бағытталған көптеген ізгі жұмыс атқарылды. Қала аумағында 50 ойын алаңы салынып, айтулы жылдың игілігін барлық бала тең көруі үшін ешкім аянып қалмады.

Басы қатты болып басталған барыс жылының өзіндік жетістігі аз емес.  Ел ынтымағы бірінші орынға қойылған 2022 жыл шын мәнінде бірлік пен берекенің, жаңа жетістіктер мен мүмкіндіктердің, халық қалаған, серпінді жобалардың орын­далуымен аса құнды жыл болды. «Қоян жылы да барлық сала бойынша жұмыстарды қарқынды жүргізіп, көрсеткіш­терді есе­лейтін боламыз», деген қала әкімі 2023 жылы атқарылатын жұмыстарды да мәлім етті.

– 2023 жылға ұлттық қордан, рес­публикалық, облыстық бюджеттерден Қызылорда қаласын дамытуға 23 млрд теңгеден астам трансферт бөлініп отыр. Бұл қаржы тұрғындардың талап-тілегіне орай, кезек күттірмейтін өзекті мәселелерді шешуге бағытталады, – деді қала басшысы.

Өткен жылы Сырдария өзенінің сол жағалауынан 10 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Іргесі көтерілген үйлер биыл толығымен аяқталып, тұрғындар баспана бақытына кенелмек. Сондай-ақ апатты тұрғын үйде тұратын отбасыларды тұрғын үйлермен қамту үшін облыстық бюджеттен 2 млрд 562 млн теңге бөлініп, мақсатты шаралар жүзеге асырылуда.  Президент өз Жолдауында ауылдардың еңсесін көтеру үшін, мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалады деген болатын. Осыған орай кешенді жоспарлар, нәтижелі жобалар бастау алды. Яғни «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы 992,9 млн теңгеге Қызылжарма, Ақсуат, Қарауылтөбе, Қосшыңырау, Талсуат, Қызылөзек ауылдық округтерінде барлығы 46 көше жөнделеді. Сонымен қатар кент және ауылдық округтердегі 167 көшені  жөндеуге бюджеттен 4 млрд 40 млн теңге бөлінді. Қала аумағында газ желісі тартылмаған елді мекендердің бірі Ақсуат ауылдық округі еді. Бұл округке 2022 жылы республикалық бюджеттен 4.4 млрд теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілді. Ауқымды жоба биыл толығымен аяқталып, ақсуаттық ағайын көгілдір отынның игілігін көретін болады.

Осы сынды деректерді алға тартқан қала әкімі газға қосылмаған тағы бірнеше елді мекеннің бар екенін, оларға жобалар әзірленіп, өзекті мәселе кезең-кезеңімен шешілетінін тілге тиек етті. Биылдан бас­тап газдандыру жобасына енгізілген Қос­шыңырау ауылдық округі Абай, Досан елді мекендеріне газ желілері құрылысы жүр­гізіледі. Оған ұлттық қордан және облыстық бюджеттен 662,7 млн теңге бө­лінді. Жастарды спортқа баулу, салауатты өмір салтын ұстану мақсатында да негізгі жұмыстар атқарылады. Игілікті бастамаға орай Тасбөгет кентінен дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жос­парланды. Оған облыстық бюджеттен 542,1 млн теңге берілді. Тұрғындар тарапынан айтылып жүрген күрделі мәселенің бірі көпір құрылыстары болатын. Нақтыласақ, Белкөл кентіндегі теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі құрылысын аяқтауға облыстық қазынадан 109,4 млн теңге бөлінді. Қызылжарма арнасы ар­қылы «Бәйтерек» ықшам ауданына өте­тін көпір құрылысының толық бітуі үшін ұлттық қордан және облыстық бюджеттен 36,5 млн теңге қаралды. Жаңа құрылыстардың қатарына Ғ.Мұратбаев және Яссауи көшелерінің қиы­лысындағы теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі кіреді. Оған да ұлттық қордан және облыстық бюджеттен 320 млн теңге бөлінді. Қаладағы бірнеше көше қайта жаңғырады. Атап айтсақ, Н.Назарбаев даңғылынан «Қызылорда – Құмкөл» трас­сасына дейінгі Бейбарыс сұлтан көшесін реконст­рукциялауға республикалық және об­лыстық бюджеттен 2 млрд 349 млн тең­ге бөлінді. Қайта жаңғырту жұмыстары Астана даңғылы мен Тараз көшелеріне де жүргізілетін болады.

Жолдарды жөндеумен қатар абат­тандыру ісі қатар жүруі тиіс. Осы ретте сол жағалаудағы Абылай хан даңғылы мен Бейбарыс сұлтан көшесіне облыстық қазынадан тиісті қаржы бөлініп, ол толы­ғымен абаттандырылады. Сонымен қа­тар облыстық бюджеттен бөлінген 690 млн теңгеге қаладағы 19 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынып, 52 көше жа­рықтандырылады. 17 көпқабатты тұр­ғын үй ауласы абаттандырылады. Қала­дағы ауыз су және кәріз су желілерін жаң­ғыртуға, автоматтандыруға, түбегейлі инфра­құрылымдық құрылыстарын жүр­гізуге республикалық және облыстық бюджеттерден барлығы 3 млрд 791,1 млн теңге бөлінді. Тұрғындар өтінішіне сәйкес, биыл да тұрғын үйлерді қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілмек. Кезек­те тұрған 12 көпқабатты тұрғын үй рес­публикалық кредит есебінен бөлінетін 773,8 млн теңгеге қайта жаңғыртылады.

Иә, қоян жылының еншісінде осындай жұмыстар тұр. Жоспар көп, бірақ бәрін орын­дау шарт. Өйткені халыққа берілген уәде орындалмаса, билікке деген сенім азая түседі.

А.АҚЫЛБЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: