Сенбі, 28 желтоқсан, 00:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

«БОЛАШАҚТЫҢ» құлпынайы, қияры

20.02.2021

8726 0

Сұлу Сырдың бойында орналасқан әсем қала Қызылорда күн санап құлпырып келеді. Бүгінде қарқынды құрылыс алаңына айналған Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қалаға жұрт қызыға қарайды. Сырттан келген мейман шаһардың сырт келбетіне, ондағы тынымсыз құрылысқа, әдемі ғимараттарға көз салары анық. Алыс-жақыннан келген ағайынның қала келбетіне оң баға беруі біздің мерейімізді асырып, көңілімізді марқайтып, көкірегімізде мақтаныш сезімін ұялатады. Ал біз айтып отырған сол жағалауда жылыжай бар десек сенер ме едіңіз?

Бүгінде қалада жылдың төрт мезгілінде өнім беретін жылыжайдың көбеюінің

арқасында ел тұрғындары жергілікті сапалы өнімді тұтынуда.

Біз сөз еткелі отырған «Болашақ» университетінің жанында орналасқан жылыжай. Бүгінгі нарық заманы жаңа технологияларды меңгеруді талап етеді. Енді қызылордалықтардың дастарханынан қыста қияр мен қызанақ үзілмейді. Университет жанындағы жылыжайда қияр, қызанақ және құлпынай бар. Жылыжай төрт бөліктен тұрады. Барлық бөлік те түрлі жемістер егілген. Барлығы – табиғи өнім. Жылыжай тамшылату әдісімен суарылады.

Жылыжайдың бір бөлігінде өткен жылы алғаш рет құлпынайдың «Зимний аромат» сортының көшеттері отырғызылған. Әдетте құлпынайды күтіп-баптау мен мол өнім алудың түрлі тәсілдері бар. Ал мұндағы бағбандар голландиялық тәсілді пайдаланған.

Жылыжайға жауапты Марат Жанұзақов – ұзақ жылдар бойы ауыл­шаруа­шылық саласында еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман. Ол бүгінде университеттегі студенттерді осы жы­лыжайға әкеліп, арнайы дәріс өтеді.

– Дегенмен жылыжай ашу бар да, оны ұстап тұру, керегінше өнім алу екінің бірінің қолынан келмейді. Жылыжайда құлпынай жемісіне қажет 22-25 градус температура, гүлдеу ке­зінде 70 процент ылғалдылық талаптары сақталды. Вегетациялық кезеңде үстеп қоректендіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде көшеттерден бір жарым айдан кейін піскен жемістерді жи­наудамыз, – дейді ауылшаруашылық ғылымының кандитаты, профессор.

«БОЛАШАҚТЫҢ» құлпынайы, қияры

Сонымен қатар жылыжайда «черри» қызанағының «Требус» деген түрі бар. Қызанақтың бұл түрі жоғары өнім береді. Бұл төзімді және дәмді болып келеді. «Черри» қызанағы – салатқа таптырмайды әрі бағасы да қымбат екені белгілі. Бү­гінде бұл өнімге қалада орналасқан мей­рамханалардан көп ұсыныс түсуде. Егер көп жеміс берсе сату жоспарда бар дейді.

«Болашақ» университетінің агробио­логиялық ғылыми зерттеу лабора­то­риясында қияр да өседі. Қиярдың «Гладкий хайрот» түрі өздігінен тозаңданады. Қияр түйнегінің ұзындығы 16-18см. Салмағы шамамен 190-210 грамм. Өнім жинау кезінде бір ұяның өзі­н­ен орташа 10 кг-ға дейін өнім береді екен.

– Жылыжай ісін қолға алғалы мұнда жауапты маман болып бекітілдім. Был­тырғы еңбек жемісін берді. Қызанақ пен қиярдан мол өнім алдық. Биыл да шығысы жаман емес. Бұл жылыжай тек табыс көзі ғана емес, мұндағы жастардың тәжірибе шыңдауына да мүмкіндік болып отыр. Жылыжай жұмысымен таныстырып, студенттерді алып келіп, қай көкөністің күтімі қалай болатынын жетік үйретемін. Олардың да бұл салаға қызығушылығы басым. Алдағы уақытта жастардың ішінен кәсіпке бет бұрып жатқандары болса, бұл үлкен тәжірибе болады. Мұн­дағы жеміс-жидектерді біз базар аралап өт­кізбейміз. Бүгінде халық үйренді. Сондай-ақ, уни­верситет мұғалімдері де таласып алып кетеді, – дейді жылыжай меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғы­лым­дарының ма­гистрі Ақерке Тә­же­кеева.

«БОЛАШАҚТЫҢ» құлпынайы, қияры

Жылыжайдағы тір­лік сырт көзге жеңіл кө­рінгенімен, қызанақ пен қияр өсіру қып-қызыл еңбек. Күтімі мен бабы бөлек. Әр түптен 6-7 келіге жуық өнім алуға болады. Қазір ынталанған адамға табыс табудың көзі бар. Тек еңбектену керек, – дейді бағбан.

Бүгінде қаламызда жылыжайлар саны жылдан-жылға артып келеді. Жыл мезгіліне қарай бағасы құбылып тұратын қызанақ пен қияр бүгінде көптеп өсіріле бастады. Жылыжайлар санының артуы жеміс-жидек, көкөністі сырттан әкелетін жергілікті тұрғындар үшін тиімді болмақ. Жылыжай жұ­мысы қажырлы еңбекті талап етері сөзсіз. Ал «Болашақ» университетінің жылы­жайындағы мамандар алдағы уақытта мұнда ман­дарин мен лимон жемісін өсіріп көруді жоспарлап отыр.

Жарасхан Қуанышбайұлы

Суретті түсірген Нұрболат Нұржаубай

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: