Дүйсенбі, 07 қазан, 00:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№79-2089
05.10.2024
PDF мұрағаты

Еуропа мен Азияны жалғаған жол

16.02.2021

8133 0

Тәуелсіздік жылдары сан салада қол жеткізген жетістік жетерлік.  Еркіндік жаңа тиген елдің өз экономикасын, ұстанымын, заманауи келбетін қалыптастыруға бағытталған қадамы әлемдік сарапшылар тарапынан оң бағаға ие болды. Осындай ерекше маңызы бар жобаның бірі — «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы.

Құрылысына бірнеше ел атсалысқан ауқымды жоба Шығыс пен Батысты байланыстыратын сауда өткелі, күре тамыр есебінде маңызға ие болды. Тіпті, Орталық Азия ғана емес, құрлық пен құрлықты жалғаған автожол тарихи Жібек жолының заманауи жалғасы саналып, ғасыр құрылысына баланды. Себебі экономикалық құрылымы енді қалыптасқан мемлекетте инфрақұрылымды дамыту көп қаржы мен ресурсты талап етеді.  Оның үстіне, ортақ міндет арқалаған Қытай мен Ресей  үшін тең дәрежеде ауқымды құрылысты еңсеру оңайға соқпасы белгілі. Сондықтан Батыс пен Шығысты байланыстыратын көлік дәлізі Қазақстан үшін тек қатынас жолы емес, саяси аренада өзіндік имидж қалыптастыру мүмкіндігіне айналды.

Транзиттік дәліз арқылы Қытайдан Қазақстанға, Орталық Азия елдеріне, Ресейдің батыс өңірлері мен Еуропаға тауар тасымалдаудың ең қысқа бағыты қолжетімді болды. Оған қоса  Шығыс пен Батысты жалғайтын 40 күндік теңіз жолын 4 есе қысқартуға мүмкіндік туды.

Әрине, мұндай күрделі құрылысты бір елдің жалғыз аяқтай алмасы  белгілі. Сондықтан ортақ игілікке жеткізетін жүкті  Қазақстан, Ресей, Қытай тарапы бірлесе көтеріп, Жібек Жолын жаңғыртуға уағдаласты. Нәтижесінде мемлекет басшылары келіссөздер мен меморандумдарға қол қойып, құрылыс жұмысын шұғыл бітіруге күш салған.

Бірақ келіскен уағданы орындау оңайға соқпады. Себебі сол сәтте әлем елдері экономикалық дағдарысты бастан өткеріп, қаржыға сақ қарап отырған кез-тұғын. Қазақстан да дағдарыстан кейінгі экономиканы аяққа тұрғызу қамымен көптеген жоба қабылдаған. Келісілген міндетті соңына жеткізу, аз уақытта жобаны жүзеге асыру үшін Елбасы шетелдік инвесторлармен мәмілеге келді. Ұзаққа созылған келіссөздер нәтижесінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасының келешегі мен стратегиялық маңызын дәлелдеп, қаржы ұйымдарының қолдауына ие болды. Осылайша жобаны жүзеге асыруға қажетті 825,1 млрд теңгенінің жартысын халықаралық қаржы институттары шығарды. Жаһандық дағдарысқа қарамастан, «Еуропалық қайта құру және даму банкі», «Азия даму банкі», «Ислам даму банктері» секілді қаржы ұйымдары инвестиция құйып, жас мемлекеттің бастамасына қолдау білдірген.

Қазіргі таңда экономиканың күретамырына айналған автожол елдегі халық саны бес жарым миллионға жуық адамды құрайтын 200 елді мекенді кесіп өтеді. Жалпы ұзындығы 8445 шақырым болатын көлік дәлізінің бізге тиесілі бөлігі – 2 787 шақырым. Ол Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облысын қамтиды. Көлік қатынасына жан біткен соң, аймақтағы халық әлеуеті де біршама көтерілген. Жол бойындағы мыңдаған халық жұмыспен қамтылып, кәсіпкерлік нысан саны артуда.

Әлем экономикасына тың серпін берген «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі – Қазақстанның Жібек жолын жаңғырту идеясының жемісі.

Жобаға бастамашы болған Елбасы Н.Назарбаев осыдан он жыл бұрын-ақ автожолдың  тиімділігін айтқан болатын. Енді міне, сол күнге жетіп, бір ғана жүк транзитінен түсетін салықтың өзі қомақты қаржыны құрайды. Сондықтан ел болып күткен жоба игілігі әлі талай жыл экономиканың бірегейіне айналары белгілі.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: