Сенбі, 20 сәуiр, 15:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Ғанибек Қазантаев, қала әкімі: «Жылу маусымына дайындық уақытылы бітуі қажет»

04.09.2021

826 0

Әкімдіктің мәжіліс залында қала әкімі Ғанибек Қазантаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Мәжілістің күн тәртібіндегі мәселелер талқыланбас бұрын қала басшысы жаңадан тағайындалған қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Бекмұрат Тәліпұлын және қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Біржан Далабайұлын таныстырып, жаңа қызметтеріне табыс тіледі.

Одан әрі қала әкімінің төрағалығымен өткен мәжілістің күн тәртібіне енген мәселелер қаралды. Бірінші мәселе бойынша қала әкімі аппаратының басшысы Жанмұрат Сейілов көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы туралы баяндады.

Осы жылдың І жартыжылдығында қала әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекемелер 59 мемлекеттік қызмет түрі бойынша өтініштер қабылдап, оның ішінде мемлекеттік қызметтердің 28 түрі азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы, 51 түрі электрондық үкімет веб-порталы, ал 31 қызмет тікелей мемлекеттік мекемелердің кеңселері арқылы қолжетімді болған. Аталған мемлекеттік қызмет түрлері бойынша есептік кезеңде қызмет алушыларға жалпы 52 мың 854 қызмет көрсетіліп, өткен жылмен салыстырғанда 4 процентке артқан.

Қала басшысы жыл аяғына дейін баламалы түрде жүзеге асырылатын қызметтер бойынша келіп түскен өтініштердің кемінде 70 проценті электрондық үкімет порталы арқылы қабылдануын қамтамасыз етіп, оның орындалуын жүзеге асыруды тапсырды.

Мәжілісте қаланың жылу маусымына дайындық барысыда сараланды. Бұл туралы қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Абзал Рысбекұлы көпқабатты тұрғын үйлердегі ақауларды ретке келтіру, өжіре ішіндегі жылу құбырлары мен қондырғыларға ревизия жасау жұмыстары жүргізіп отырғандығын атап өтті. Сондай-ақ қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерге зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында проблемалық 80 көпқабатты тұрғын үйлер анықталып, оның ішіндегі 33-нің өжіресі суға толса, қалған 47 көпқабатты тұрғын үйге пәтерішілік жөндеу жұмыстары қажет ететіндігін көрсеткен. Өжіресі суға толған 33 көпқабатты тұрғын үйдің бүгінгі күнге 24-не насос қондырғысы арқылы су деңгейін төмендету жұмыстары жүргізіліп, толықтай қалыпқа келтірілген. Ал қалған көпқабатты тұрғын үйдің өжіресіндегі су тарту жұмыстары жуық арада толықтай аяқталатынын және пәтерішілік ақаулары анықталған үйлер бойынша басқару органдары тарапынан тұрғындармен бірлесе отырып жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.

Биылғы жылу беру маусымының тұрақты және қалыпты өтуі бойынша барлық әлеуметтік нысанды резервтік автономды электр қондырғыларымен қамтамасыз ету керектігін назарға салды. Сондай-ақ қала басшысы қала аумағындағы иесіз көпқабатты тұрғын үйлердің жылу маусымына дайындығын қатаң бақылауға алып, әлеуметтік нысандардың жылу маусымына әзірлігі бойынша тиісті жұмыстарды 15 қыркүйекке дейін толық аяқтау қажеттігін сала басшыларына ескертіп, өз бақылауында болатындығын жеткізді.

Ал қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтардың хал-актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Кенжегүл Құрақбаева әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін қалалық үш жақты комиссия тұрақты түрде жұмыс жасап жатқанын жеткізді. Бөлім басшысының баяндамасын тыңдаған қала әкімі меморандумға қол қойылған мекемелердегі жұмысшылардың жай-күйі, олардың құқықтарының қорғалуы бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізуді, қала аумағындағы мекемелерден қысқарған қала тұрғындарын жұмыспен қамтудың белсенділігін арттырып, тұрақты жұмысқа орналасуы бойынша қажетті шаралар қабылдап, құзырлы мекемелермен бірлесіп, шешу бағытында жұмыстар жүргізуді тапсырды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: