Сенбі, 04 мамыр, 09:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Мархабат ЖАЙЫМБЕТОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: Халық аманаты қаперден шықпайды

24.10.2023

2128 0

– ҚР Парламенті Мәжілісі Бюросының қаулысына сәйкес Мәжіліс депутаттары сайлаушылармен кездесу үшін өңірлерге келгенінен хабардармыз. Алғашқы кездесу қайда өтті және онда не мәселе қаралды?

– Сыр өңіріне келіп, халықпен кездесу үшін ауылдарды аралауға шықтық. Бұған дейін көтерілген мәселелер мен атқарылған жұмыстарды ой елегінен өткізіп, алдағы жоспарларды саралап, талап-тілектерді тыңдадық.

Алғашқы кездесуіміз Сырдария ауданында болып, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан әлеуметтік нысандарды аралаумен басталды. Ауданға қарасты Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді ауылдарының жастар бригадасындағы еңбеккерлермен кездестік.

Өз тарапымыздан «Ауыл аманаты», «Жер аманаты» партиялық жобалары аясында ауыл жастарына бос жатқан жерлерді тиімді игеру тұрғысынан жан-жақты қолдау көрсетілу керектігін айттым. Сонымен қатар тұрғындар аймақ үшін маңызды энергетика бағытын көтерді. Қызылорда облысында электрмен жабдықтауға барынша көңіл бөлініп жатыр. Ең әуелі электр желілері тозығы жеткен елді мекенде жұмыс жүргізіледі. Бұған қатысты 2023-2025 жылдарға арналған жоспар әзірленген. Соған сәйкес Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Қоғалыкөл ауылдарының электр желілерін жаңартуға республикалық бюджеттен қомақты қаржы қарастырылған болатын. Соның шамамен 400 млн теңгесі Айдарлы ауылына бөлініп, электр желісі қайта жаңғыртудан өтті.

Бұған дейін шешімі табылмай келген «Қызылорда – Айдарлы» автожолының биыл жөнделгенін көрдік. Ал аталған жол партияның сайлауалды бағдарламасының жол картасы аясында жөндеуден өткізілген. Бұдан бөлек, Аманкелді ауылдық емханасының базасы жаңа флюрография аппаратымен толығыпты.

Сонымен қатар Қалжан ахун, А.Тоқмағамбетов ауылдарында, Тереңөзек кентінде болдық. Мұнда салынып жатқан әлеуметтік нысандардың, жөнделіп жатқан көше жолының құрылысымен таныстық. Тұрғындармен тілдестік.

– Көктем және жаз мезгілдерінде қысқы жылу беру маусымына мұқият дайындалу қажет. Бұл Мемлекет басшысының бақылауында. Үкіметке де қатаң тапсырды. Сіздер бұл мәселені сапар барысында қадағалаған боларсыздар?

– Осы мақсатпен Қызылорда қаласындағы жылу электр орталығының жұмысымен таныстық. 2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымына дайындығын назарымыздан өткіздік. Оған тиісті қаражат қарастырылған. ЖЭО-да жақсы жаңалық бар. Оны айрықша атап өткім келеді. Биыл 12,5 шақырым жылу желісі жөнделеді деп жоспарланыпты. Бұл үшін 9,1 млрд теңге қаржы бөлінген. Соның ішінде, 8,1 млрд теңге республикалық бюджет есебінен. Бұған 6 жоба бойынша 6,59 шақырым жылу желілері жаңғыртылады. Бюджеттік несие есебінен (922,7 млн теңге) 2 жоба бойынша 2,3 шақырым жылу желілері жаңарады. Кәсіпорынның өз қаражаты есебінен (41,3 млн теңге) 3,6 шақырым құбыр ауыстырылады. Бұл жұмыстар жылу желілерінің тозу деңгейін төмендетеді. Сонымен қатар жылу желілерінің құбырларында барлығы 161 ақау анықталыпты. Алдымен 71 ақау қалпына келтірілген. Қалғаны бойынша жоспарға сәйкес жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы саланың маманы ретінде жағдайға әділ баға берер болсам, Қызылорда облысы жылу желілерін жаңғырту жөнінен республикада көш ілгері келе жатыр. Қызылорда заманауи жаңа жылу электр орталығын салу жобасы қолға алынғанын да мақтанышпен айта аламыз. Бұл – аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының елеулі бастамасы. Республикада алғаш болып, Қызылорда облысында іске асып жатыр. Дәлірек айтсақ, бүгінде Қызылорда қаласында құны 215 млрд теңгені құрайтын, қуаттылығы 240 мегаватқа жететін жаңа жылу электрстанциясын салу бойынша дайындық жұмысы жүргізілуде. Түрік ағайындармен бірлескен жоба жуық арада жемісін бермек. Қазіргі таңда Қызылорда қаласында «Акса Энерджи Уретим Аноним Ширкети» компаниясының филиалы ашылып, жоба-сметалық құжаты әзірлену үстінде. Тіпті бас жобалаушы болып швейцариялық «AFRY» компаниясы таңдалып, компания жерді тегістеп, инженерлік-геодезиялық жұмыс, қондырғы өндірушілермен келісім-шарт жасауда. Бұл жоба 2025 жылы аяқталмақ.

– Сіз халық халаулысы ретінде теңіздің тартылуы салдарынан 3000-ға жуық балықшы күнделікті нәпақасынан айрылып, 9 балық өңдеу зауыты мен 14 шағын цехтың уақытша тоқтап қалу қаупі бар екенін Парламент қабырғасында мәлімдедіңіз. Мәлімдеп қана қойған жоқсыз, нақты мысалдармен дәлелдеп шықтыңыз. Қалай шешілу жайына да бағдар бердіңіз. Осы мәселе төңірегінде не айтасыз?

– Тағдырлы теңіздің аянышты жағдайын айтуға мәжбүрмін. Өкінішке қарай соңғы 12 жыл ішінде теңіз көлемі 8,5 млрд текше метрге азайған. Яғни үштен бірінен айырылған. Суы қашқан теңіздің орнынан көтерілген тұздар бүкіл орталық Азия елдеріне зиянын тигізетін экологиялық апатқа айналды. Нәтижесінде судың тұздылығы 8-ден 13 грамм/литрге көбейген. Ал егер судың тұздылығы 15 грамм/ литрге жетсе, балықтар жаппай қырыла бастайтынын айттым. Теңіздің тартылуы салдарының ауыр болатынын мәлімдедім. Арал теңізінің су мөлшерін сақтау және тұрақты қамтамасыз ету үшін бірнеше ұсынысқа назар аударуды сұрадым. Олардың қатарында Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерімен вегетациялық кезеңде теңізге бөлек су лимитін белгілеу жөнінде және Фархад су торабынан төменге санитарлық су жіберу мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіп, ынтымақтастықты ұзақ жылдарға жоспарлау және мемлекетаралық келісімге «кепілдендірілген келісім» статусын беру, «Қараөзек» арнасының бойындағы көлдер жүйесінде 1 млрд текше метрге жуық қысқы-көктемгі тасқын суды жинақтау үшін «Қараөзек» арнасының бойындағы 3 су тоспаны қалпына келтіру «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру жобасына дүниежүзілік банктің қайтарымсыз гранты есебінен (1,5 млн АҚШ доллары) Солтүстік Арал теңізінің аумағын ұлғайтудың нұсқалары бойынша тиімді шешімдерді жасап, жобаны жалғастыру бойынша уәкілетті органдар тиісті шаралар қабылдаған жөн.

– Аймақтағы күре жолдарды кеңейту кезек күттірмейтін мәселе екенін үкіметке жеткізген болатынсыз. Екі жолақты жолдарда көлік апаты көп тіркеліп жатқанын, тіпті адам өлімі көбейгенін депутаттық сауал ретінде жолдағаныңызды білеміз. Осы мәселе төңірегінде айта кетсеңіз…

– Өзіңізге мәлім, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автожолының 812 шақырымы Қызылорда облысының аумағынан өтеді. Оның Түркістан мен Қызылорданы жалғап тұрған бөлігі 4 жолақты, ал Ақтөбе облысына дейінгі 566 шақырымы 2 жолақты болып салынған.

Алайда қазір экономикалық әлеует өзгерді, көлік тасымалының көлемі біршама артты. Күре жолдың облыс үшін маңызы да, мәселесі де күн тәртібіне көтерілген. Олай дейтініміз, автожолдың 2 жолақты бөлігі көптеген қиындық туындатуда. Оған себеп – жолдың техникалық сипаты мен жол қауіпсіздігінің сын көтермеуі. Осы ретте, аймақтағы күре жолды кеңейту кезек күттірмейтін мәселе екенін айтқым келеді.

Қарсы бағытқа шығып кетуден болатын жол-көлік апаты 4 жолақты Түркістан бағытымен салыстырғанда 2 жолақты Ақтөбе бағытында 5 есе көп болады. Әсіресе Арал ауданындағы Қамыстыбас, Қазалы ауданындағы Ойынды ауылының тұсы және Қармақшы ауданындағы Иіркөл, Кемесалған, Диірментөбе елді мекені мен Жалағаш ауданындағы Таң ауылының маңы қауіпті аймақ қатарында.

Тағы бір ескеретін жайт, аймақтағы ауылдардың басым бөлігі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автожолының бойында орналасқан. Сәйкесінше, жол жиегінде қоршау болмағандықтан ауыл тұрғындарының төрт-түлігі тас жолды кесіп өтіп, көлік апатына себеп болып жатыр.

Жуырда Мемлекет басшысы Сыр өңіріне келгенде облыс әкімі мәселені қайта көтерді. Президент Премьер министрдің орынбасары Р.Склярға мәселені шешуді тапсырды.

– Сыр өңіріне келіп, ауыл, аудан, қала халқымен кездестіңіз. Аймақтың даму динамикасына қандай баға бересіз?

– Президенттің өзі Сырдың даму динамикасы жақсы деді ғой. Тіпті Нағи Ілиясов ауылын республикаға үлгі етті. Бұрынғы қызметімде де аймақтың мәселелерімен тікелей айналыстым және оларды шешуге үлес қосу үнемі назарымда.

Айта кетерлігі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауының, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы бастаған азаматтардың ұйымдастыруының нәтижесінде бүгінде аймақтың даму динамикасында айтарлықтай оң өзгеріс барын көріп отырмыз. Бір жылдың ішінде облыс бюджеті екі есе ұлғайса, инвестиция тарту бойынша республикада алдыңғы қатардан көрінді. Соның арқасында көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселе шешім тауып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне мүмкіндік кеңейген. Ауыл-аймаққа инфрақұрылым тарту ілгерілеген, облысты газдандыру жұмысы, әлеуметтік нысандар, тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде. Әсіресе жол жөндеу жұмысының ауқымы кең. Өңірдің гүлденуіне демеушілер де атсалысып жатыр. Олардың есебінен 31 млрд 700 млн теңгенің жобалары жүзеге асырылуда. Әрине, мұның барлығы Мемлекет басшысының тапсырмасы аймақта жемісті атқарылып жатқанын көрсетеді.

Халықтың аманатын билікке жеткізіп, оң шешім табуына атсалысатыныңызға сенімдіміз. Жұмысыңызға сәттілік тілейміз.

Сұхбаттасқан

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: