Жұма, 26 сәуiр, 15:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Адам құқықтарын қорғау және тұрғындарға әлеуметтік қолдау шаралары талқыланды

06.02.2022

672 0

Адам құқықтарын қорғау, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына қолдау көрсету – қоғамдағы шиеленістің алдын алып, келісім мен өзара түсіністік орнатудың бірден-бір жолы. Осы мәселені талқылап, бірлескен жұмыс жолдарын белгілеу мақсатында бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Азимова, «Адам құқықтары хартиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетова мен Қызылорда облысы бойынша Ұлттық алдын алу тетігінің жетекшісі Серік Теңізбаевпен кездесті.

Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет пен облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Райғаниев қатысты.

Аймақ басшысы адам құқықтарын қорғау мәселелеріне жауапты тұлғаларды бірлесіп жұмыс істеуге шақырып, өңірдегі жағдайды сипаттады.

«Өздеріңіз білетіндей, қаңтар айының басында еліміздің тұтастығына нұқсан келтіруге бағытталған іс-қимылдар орын алды. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан қаншама бейбіт тұрғындар, сарбаздар мен тәртіп сақшылары қаза тапты. Осынау сындарлы кезеңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайды тұрақтыру үшін жедел әрі батыл шешімдер қабылдап, халқымыз сын сағаттан аман өтті.

Қазіргі таңда біз қаңтар айында орын алған қайғылы оқиғаның салдарын жою бағытында белсенді жұмыс атқарудамыз. Жаппай наразылықтың басты себебі әлеуметтік мәселелер болғандықтан, тұрғындарды диалог құруға шақырып, байланыс құралдарына түскен шағымдарды жедел түрде қарастырып, тез арада оның заң аясында шешімін табуға әрекет жасаймыз. Қоғамның және өңірдегі проблемалық мәселелерді бірлесіп шешу мемлекет пен азаматтық ұйымдардың ортақ міндеті. Сол себепті, бастамаларға қолдау білдіріп, ортақ ұсыныстарды бірлесіп жүзеге асырамыз деп сенемін», – деді облыс әкімі.

Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Азимова арнайы топ өкілдері бірқатар өңірді аралап, тұрғындардың заңды мүдделерін қорғау жағдайын саралайтынын жеткізді. Сондай-ақ, көмекке мұқтаж адамдарға психологиялық, әлеуметтік қолдау шаралары кешенді түрде іске асырылуы керек екендігі айтылды.

«Осы кездесу алдында біз уақытша тергеу изоляторда болып, азаматтармен, құқық қорғау органдарының басшыларымен кездестік. Қамалғандардың істерін жеке-жеке қарап, мүмкіндік болса, бұлтартпау шараларын барынша жеңілдетуді қарастыруды ұсындық. Әрі қарай көпбалалы аналармен кездесуді жоспарлап отырмыз. Бұдан бұрын біз Алматы, Атырау, Шымкент өңірлерінде болдық», – деді Эльвира Азимова.

«Адам құқықтары хартиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетова алдағы уақытта мұндай оқиғалардың алдын алу үшін халықпен жиі кездесіп, тергеу амалдарының ашық жүргізілуіне қажетті бейнекамераларды жеткілікті деңгейде алу, полиция қызметкерлеріне арналған бейнетіркеуіштердің санын арттыру,

қоғамдық негізде заңгерлік көмек беру жолдарына ерекше мән берілсе деген ұсынысын жеткізді.

«Байқағанымыздай, митингке шыққандардың басым бөлігі – жұмыссыз жастар. Олармен жұмыс істеу мақсатында қоғам белсенділермен кеңінен байланыс орнатып, оларды қолдау шараларын қарастыру қажет», – деді Жеміс Тұрмағамбетова.

Ал, Қызылорда облысы бойынша Ұлттық алдын алу тетігінің жетекшісі Серік Теңізбаев тұрғындармен ашық форматта жиі кездесіп, шешімін таппай жүрген мәселелерді қолға алу жолдарын бірлесе қарастыру қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ, кездесу барысында жұмыссыз жастарды қысқа мерзімді курстарда оқытып, еңбекпен қамту, тергеу изоляторында ұсталған азаматтарға медициналық және құқықтық көмек көрсету, көмекке мұқтаж азаматтармен ашық диалог құрып, қолдау көрсету жолдары талқыланды.

Облыс әкімі қиындыққа тап болған азаматтарға шұғыл арада медициналық көмектердің тұрақты берілгенін және жұмыссыз азаматтарды қайта оқыту, оларды қабілетіне қарай кәсіби бейімдеу мәселелері үшін кешенді жұмыстар қолға алынатынын тілге тиек етті. Алдағы уақытта халықпен тұрақты түрде кездесіп, елді мекен тұрғындарын мәселелері сараланып, қаралатынын қаперге салды.

Жиын соңында адам құқықтарының сақталуына қызмет ететін азаматтармен жиі пікірлесіп, ұсыныстардың ескерілетіні айтылды.

©Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: