Бейсенбі, 18 сәуiр, 15:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Әйел бақыты неде?

26.03.2022

2818 0

«Дүниенің тұтқасы – еркекте, кілті – әйелде» демекші, қоғамда әйелдің орны ерекше. Балалар әдебиетінің классик жазушысы Бердібек Соқпақбаев: «Әйел затын, жалпы нәзік деп атайды ғой. Бос сөз. Мықтының ең мықтысы, көн­бістің ең көнбісі әйелдер екеніне мен кіммен де дауласуға бармын», – деген екен. Расында, біздер мықтымыз ғой. Мұны еркектер қауымы да әлдеқашан мойындап қойған.

Әйел – ана, әйел – жар. Бір сөзбен айтқанда, әйел – отбасының ұйытқысы. Ер азамат үйдің егесі болса, әйел үйдің шегесі. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін ақи­қат. Қарап отырсақ, қазір арамызда үйде бала-шағасына қарап, үй тірлігімен ғана айналысатын әйелдер аз. Керісінше, қыз-келіншектер үйдің де, түздің де жұмысын істеп, бәріне үлгеріп жүр. Тіпті ағайын-туысқа да қызмет етіп, өзіне қарауға да уақыт бөледі. Қысқасы, қазіргі әйел бейнесінің қыры көп. Бірақ олар қоғамда, отбасында өздерін бақытты сезіне ме? Жалпы әйел бақыты неде?

Отбасы шағын мемлекет болса, сол мемлекеттің шаруасын үйіріп әкететін – әйел. Алайда бүгінгідей әлеуметтік проблемалар көбейіп, елді қымбатшылық қысып, әлемді үрей мен қатігездік билеп жатқан тұста әйелге көп салмақ түсуде. Олай дейтініміз, қоғамда жалқау күйеуін асырайтын әйел­дер, жалғызбасты аналар, тұрмыс құрмаған кәрі қыздар көбеюде.

Қазір қай әлеуметтік желіні ашып қалсаң да, өмірден шаршаған, түңілген әйелдердің жазбасынан көз сүрінеді. Олардың бәріне әлеуметтік көмек керек. Иә, болмаса, ақыл сұрайды. Бүгінде арамызда жолдасы жұмыссыз, шеттей бала-шағасы бар, ба­сында баспанасы жоқ, бірнеше несие төлейтін өмірден қажыған әйел көп. Бұл – өмір шындығы. Бірде «Instagram» әлеуметтік желісінде оқыр­маннан көмек сұраған келін­шектің хатын оқы­дым. Жол­дасының тұрақты жұ­мы­сы жоқ, балалары кішкентай. Өзі бұған дейін бірнеше жерде жұмыс істеген. Тапқан ақшасы шайлығынан ауыспайды. Қысқасы, әлгі әйелге жан-жақты көмек керек. Бұл біз айтып тұрған бір ғана мысал. Тағдыр тауқыметіне түскен қаншама қыз-келіншек бар. Бәріне топырақ шашудан ау­лақпыз. Дегенмен жасыратын несі бар, қазір артық жұмыс істегісі келмей, әйелінің тапқанын жеп отыра беретін еркектер көп. Бұл жерде әйелдің бірін-біріне соғып, жеткізе алмай ел кезіп шырылдап жүргенін көресің. Алайда оған жаны ашып жатқан еркек жоқ. Міне, әйелге деген жанашырлық пен қамқорлықтың жоқтығы оларды бақытсыз етуде.

Егер отбасында ері тамағын тауып, күндіз-түні еңбек етсе, әйел бала-ша­ғасына қарап, бақытты өмір сүрген бо­лар еді. Бірақ оны жатыпішер еркектер түсінгісі келмейді. «Әйелдің бақыты – отбасы». Десе де бала-шағасын баға ал­май, жұртқа жағдай айтып жүрген әйел ешқашан да өзін бақытты сезінбесі анық.

– Өмір ақ пен қарадан тұратыны сияқты, қуаныш пен қиындық та  қатар жүреді. Бұл зандылық. Әлі талай қуа­нышты күндер мен бақытты сәттердің күтіп тұрғанына сену керек. Соған ұмтылу керек. Қиындықтың бәрін өзіне қабылдай бермей, алға суырылып шығып, ел қатарлы өмір сүре білген жөн. Өмір­ден түңілуге болмайды. Керісінше әлі де бақытты боламын, қолымнан бәрі келеді деп өз-өзін жігерлендіру қажет. Өйткені қоғамда сізден де бақытсыз жандар өте көп. Сондықтан біржақты көзқарасты ұстануға әсте болмайды. Өмір күрестен тұрады. Бәрінде жақсы жағынан көре білу керек. Өзін босқа кері тартпау керек. Өмірден жалыққан кезде, кемтар, мүгедек, жетім жандар жайлы ойла. Солар туралы бағдарлама көр. Өзіңді солармен салыстыр. Байқасаңыз, олар қандай қиындық көрсе де өмірден түңілмейді. Керісінше алға қарай ұмтылып, бәріне құштар болады. Адамдармен әрқашан күліп сөйлеседі, әр нәрсеге араласып қолынан келгенінше көмек көрсетуге дайын тұрады. Осыдан кейін сенің әлеуметтік, қаржылай қиындығың түкте емес. Әйелдің бақыты ерінің ризашылығы мен баласының күлкісінде емес пе? Біз үшін одан асқан қандай бақыт бар?  Әр адамның бақыты өзінің ойынан құралады. Ендеше, жақсы ойлап, жақсы нәрсеге ұмтыла білейік, – деді №3 қалалық емхана психологы Гүлдана Садықова.

Бүгінде мықты әйелдер де көп. Олар жолында қандай қиын­дық кездессе де мойымай, өмірлік тәжірибе арқылы мықты әйелге айналуда. «Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген тәмсіл бар. Мұның астарында әйел адамның кез-келген ауқымды істерге араласа алатынын, үлкен нәтижеге қол жеткізетінін аңғаруға болады. Себебі қоғамның түрлі саласында жетістікке жетуіне әйелдің де үлесі зор екені белгілі. Елімізде әр сала бойынша табысты, сымбатты, жетістікке жеткен әйелдер көп. Бірақ бір өкініштісі, қазір қоғамда зорлық-зомбылықтың, қатыгездіктің құрбаны болған әйелдер де жетерлік. Елімізде заң бойынша ана мен бала құқығы қанша қорғалса да,  мұндай келеңсіздіктер әлі күнге жойылмай келеді. Нәтижесінде күйбең тірлікпен жүріп, өзін бақытты сезінетін нәзік жандар азаюда…

Бұл пікірімізбен ер-азаматтың барлығына топырақ шашу ойымызда жоқ. Мейірімді ата, жақсы әке, адал жар, қамқор аға, елгезек іні, айнымас дос жоғалып кеткен жоқ, айналамызда толып жүр. Бір қарын майды шірітетін құмалақ сынды ез еркектердің көбейіп бара жатқаны ғана көңілге қаяу түсіреді. Бұл мәселе ұлттық проблемаға айналып кетпей тұрғанда алдын алу керек. Себебі қыз-келіншектер қашанда әдемі болып құлпырып, бақытты болып жадырап жүруге әбден лайық жандар.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: