Сейсенбі, 24 желтоқсан, 04:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

«Әйел деп саған қарамай, Азамат деп танысын…»

06.03.2021

7088 0

Табиғатына нәзіктік тән әйелдердің қоғамда орны бөлек. Көктеммен қабаттаса жететін мереке күні нәзік жандарға бар жақсы тілекті арнаймыз. Ал басқа күні ше? Жалпы елімізде әйелдерге қамқорлық қандай? Мереке қарсаңында елімізде әйелдер үшін жасалып жатқан қамқорлық пен қолдауға шолу жасап көрдік.

Маңызды құжат

Елімізде әйелдерді қолдауға арналған маңызды құжат бар. Елімізде 1996 жылы Тұңғыш Президент Жарлығымен «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы» қабылданды. Отбасылық құндылықтардан бастап, ана мен балаға жағдай жасау, әйелдерді қоғамдағы кемсітушілік, зорлық-зомбылықтан сақтау, олардың ерлермен тең дәрежеде жұмыспен қамтылуына мүмкіндік беру, нәзік жандардың кәсіппен айналысуын қолдау, бәрі-бәрі қамтылған. Бір қуанарлығы, құжатта дамыған елдердегі ана мен балаға, отбасына жасалған жағдайды үлгі етуі тәуелсіз мемлекеттің маңызды құжатының мақсатын айқындай түскендей. Тұжырымдаманың алға қойған мақсаты жыл өткен сайын орындала бастағанына да көз жеткізуге болады.

«Бизнестегі әйелдер» бағдарламасы

Ел Үкіметі мен «Еуропа Қайта құру және Даму» банкі «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасын іске асыру үшін келісімге қол қойды. 2015 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан бағдарлама кәсіпкерліктегі нәзік жандарға қолдау болды. Аты айтып тұрғандай, бұл бағдарлама әйелдер басқаратын кәсіпорындарды қолдау үшін әзірленген. Бүгінде бұл бағдарлама үш банк арқылы жүзеге асуда. Атап айтқанда «HalykBank», «БанкЦентрКредит», «ForteBank» арқылы төмен процентпен несие беріледі.

Кәсіпкер әйелдерге қолдау жайын облыстағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы «Іскер әйелдер» кеңесінің жетекшісі Жанна Амановадан сұрадық. Әрдайым өңірдегі кәсіпкер әйелдерге қолдау көрсетіп жүретін ол карантин уақыты кәсіпкерлер үшін оңай болмағанын айтты. Оның ішінде кәсіпкер әйелдердің көбі өз кәсібін тоқтатқанын да жасырмады.

– Карантин уақытында нәтижелі жұмыс істедік деп айту қиын. Кәсіпкерлерге оңай болған жоқ. Қаншама бизнес тұралап қалды. Енді ғана  тәй-тәй басқандай, біртіндеп іске қосылуда. Қиын кезде «Кәсіпкер әйелдер» бағдарламасын тұрақты жүргізуге тырыстық. Бұл «Еуропа Қайта құру және Даму» банкінің қолдауымен жүзеге асып келе жатқан кәсіпкер әйелдерді қаржылай емес қолдау. Бағдарламаның мақсаты – кәсіпкер әйелдердің білі­мін жетілдіру, құжаттармен жұмыс істеуге үйрету. Әрине, бұл – оларға үлкен көмек. Семинар-сабақтар бүгінде онлайн жүргізілуде, – дейді Жанна Аманова.

«Әйел ғой» деген кей көзқарас кәсібімізге зиянын тигізеді

Бір отбасының ғана емес, бірнеше отбасының табыс көзіне айналған шағын кәсіпкерліктің төтенше жағдай әсерімен тұралап қалуы оңайға соққан жоқ. Карантин кезінде қиындықты бастан өткерген кәсіпкер әйелдің бірі – Ғалия Мұхамедиярова. 2014 жылы бала күтімімен үйде отырып, бір кәсіп бастауға тәуекел еткен ол өз бизнесін үйден бастайды. Түрлі тәттілерді пісіретін нәзік жан несие алмай-ақ кәсіп бастап, тапқан пайдасын жинап қажетті құрал-жабдықтар сатып алады. Жыл өткен сайын кәсібі өркендеп, «Фаст-фуд» кафе мен кондитерлік дүкен ашады. Карантин кезінде кафесін уақытша жауып, қызметкерлерін ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр болған кәсіпкер кондитерлік дүкенінің жұмыс істеп тұрғанына қуанады. Дегенмен жаймашуақ күндердегідей емес, тапсырыс азайған. Амал нешік, мұнда да штатты қысқартуға тура келген. Ғалия тұралаған қаншама кәсіптің қайтадан аяққа тұруы үшін қолдау қажет екенін айтты. «Кәсіпкер әйелдерге арналған грант бөлінсе деймін. Карантин оңай болмады ғой» дейді ол. Кәсіпкерлер үшін мемлекеттің қолдау шаралары болғанымен қоғамда нәзік жандарға деген көзқарас басқаша екенін де жасырмады. Әйелді ерлерден бір саты төмен бағалайтыны іскерлік әлемінде де сезіледі екен.

– Қоғамның әйелге деген көзқарасы басқа екені күнделікті іс барысында сезіледі. Бір ғана мысал айтайын, дүкенге электр желісін жүргізу керек болды. Электриктер кесімді бағасын айтты. Кейіннен бұл қызметке екі есе қымбат ақша төлегенімді білдім. Ал кәсіпкер азаматтар мұндай шығынға жол бермейтіні белгілі. «Әйел ғой» деп қарайтын осындай көзқарастардың болғаны қиын,– дейді нәзік жан.

Қоғамдағы шынайы жағдайды жасырмаған ол мұндай кедергілерге қарамастан кәсібін дөңгелетіп келеді. Шағын кәсібі өзінің ғана емес, қаншама отбасының несібесі, қанша адамның сенімі. Мереке қарсаңында нәзік жанға өлең жолдарында жазылғандай, «Әйел деп саған қарамай, азамат деп танысын» деген тілегімізді білдірдік. Шынында кәсіпті дөңгелету азаматтық емес пе?!

«1 миллионнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр»…

Тәуелсіздік алған жылдардан бері елімізде кәсіпкерліктің қанат жаюына әйелдердің үлесі бар. Мемлекеттің әйелдер кәсіпкерлігін айрықша қолдауы нәтижесіз емес. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін арттыру шаралары мен құралдары» атты конференцияға жолдаған бейнеүндеуінде атап айтты.

–  Әйелдердің қоғамдағы рөлін кеңейте түсу мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі. Осыған орай нақты шаралар қолға алынды. Соның арқасында еліміздегі шағын және орта бизнес саласында еңбек ететін әйелдердің үлесі 43 проценттен асты. Іскер аруларымыздың арқасында 1 миллионнан астам азаматымыз тұрақты жұмыспен қамтылып отыр,– деді Мемлекет басшысы.

Елімізде кәсіпкер әйелдерді қолдау тұрақты. Дәйектерге сүйенсек, бір ғана «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры тарапынан қолдау тапқан барлық жобалардың 51 проценттен астамы әйелдер кәсіпкерлігіне арналған. Мұндай жобалардың жалпы сомасы 1,26 триллион теңгені құраған.

– Әйелдер кәсіпкерлігі әдетте білім беру саласында – 68 процент, жылжымайтын мүлік операцияларына қатысты салада – 60, баспанаға орналасу және тамақтану қызметтері саласында – 58 процент. Кәсіпкерлікті дамыту және қолдау жөнінде мемлекеттік саясатты іске асырып отырған даму институты ретінде әйелдер кәсіпкерлігінің өнеркәсіптік өңдеу саласына бет бұрғаны жайында жақсы көрсеткіш бізді қуантады. Қор клиенттерінің орташа статистикалық келбеті: әр екінші клиент орташа жылдық табысы 67 млн теңге шамасында, 3 млн теңге салық төлеп, 10 адамды жұмыспен қамтып отырған жеке кәсіпкерлікпен айналысатын 39-40 жас шамасындағы әйел, – дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрайымы Гауһар Бөрібаева.

Кәсіпкерлік саласындағы нәзік жандарды қолдау әлде де күшеймек. Алдағы уақытта еліміздің барлық өңірінде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағытында жұмыс істейтін 17 орталық құрылмақ.

«Әйелдер ипотекасы»

Жыл басынан нәзік жандар үшін жағымды жаңалық айтыла бастады. Елімізде «Әйелдерге арналған ипотека» жобасы жүзеге аспақ. Тұрғын үй саласында гендерлік теңдікті жетілдіру мақсатында әйелдерге арналған ипотека жобасын «Отбасы банкі» Азия даму банкімен бірлесіп жүзеге асырмақ.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде 9,1 миллион нәзік жандар болса, оның 4,4 миллионы жұмыс істейді. Ерлерге қарағанда әйелдер табысының аздығы олардың тұрғын үй алу үшін несие рәсімдеуіне кедергісін тигізетіні белгілі.

– Жақын арада «Отбасы банкі» Азия даму банкімен бірлесіп, әйелдерге ипотекалық несие беру бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл Азиядағы, бәлкім әлем бойынша да, бірінші рет іске қосылатын әйелдерге арналған ипотека бағдарламасы. Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында Азия даму банкінен 38 млрд теңге қаражат тартылды, – дейді «Отбасы банкі» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Ғылымдағы үлесі

Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні бүкіл әлемде 11 ақпанда атап өтіледі. Бұл мерекені 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен. Соңғы жылдары бұл атаулы күн елімізде де аталып, жазыла бастады. Қоғамда «мұндай да күн бар ма?» деген тосын көзқарастар да жылт ете қалғанымен, бұл ғылымдағы нәзік жандарды қолдау үшін қажет екені сөзсіз. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша Қазақстанда әйел зерттеушілердің үлесі 52 процент екен. Ал өңірімізде ғылымдағы әйелдер үлесі қандай?

– Бүгінде университетте 491 профессор-оқытушылар құрамы қызмет етеді, оның 149-ы ғылыми дәрежелері бар әйел азаматтар. Орта есеппен әйелдер үлесі 29,7 процентті құрайды. Ендігі міндет – жас ғалымдардың PhD докторлардың санын арттыру, – дейді Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова.

Сондай-ақ «Болашақ» университетінің жанында ғылыми зерттеу орталығы жұмыс істейді екен. Бүгінгі күнге дейін әйел ғалымдардың 15 монографиясы, 152 ғылыми мақаласы жарық көрген.

P.S. Қай салада болмасын, нәзік жандар жеткен жетістік аз емес. Әйелдер қаншалықты қайсар, еңбекқор, мықты болса, соншалықты нәзік. Оларға әрдайым қолдау қажет.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: