Сәрсенбі, 24 сәуiр, 04:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Мергендігімен танылған ардагер

07.05.2021

1652 0

Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына тура жетпіс алты жыл толып отыр. Жасыратыны жоқ, бұған жеткен де бар, жетпеген де бар. Сол сұрапыл соғыс жылдарының қасіреті мен жарасы әлі күнге дейін жазылар емес.

Сол бір сұрапыл жылдары майдан даласына аттанғандардың бірі сырбойылық Әбдірахман Әбішов. Ол 1923 жылы Қазалы ауданы, Томайкөл ауылында дү­ниеге келген. 1941 жылы соғысқа аттанып, Мәскеу түбіндегі май­данға қатысқан. Елге оралған соң Қазалы ауданының, Аққой совхозында бас есепші болып жұмыс істеді. Совхоздың орталық қоймасын 40 жыл басқарып, зейнетке шыққан. Бүгінде өзінен өрбіген 10 баладан 35 немере, 20 шөбере ұрпақ жалғастығын арттырып келеді.

Ол майдан даласына аттанарда жиырма жастың шамасындағы бозбала болатын. Алайда өзі қа­тарлы жігіттердің елін қорғауға аттанып жатқаны рух беріп, жі­геріне жігер қосты.

Солайша ауыл баласы ойда жоқта оқ пен оттың ортасынан табылды. Мергендігі мен мық­ты­лығымен танылды. Талай жау­ды жер жастандырып, жерін қор­ғауда жанқиярлық ерлік көрсетті. Қарулас сарбаздармен қатар жеңіс жолында кеудесін оққа тосты.

Бірде өзен жағасындағы ұрыста неміс әскерін талқандап, қарулас жолдастарын аман алып қалады. Сөйтіп, соғыста жү­ріп өзінің ер жүректігімен, ба­тылдығымен, қайсарлығымен көз­ге түсіп, Ұлы жеңісті жақын­датуға үлкен үлес қосты.

Соғыстан кейінгі жылдар ту­ған жері Қазалы ауданына ора­лып, қаруын қаламға ауыс­тырып, елдің өсіп-өркендеуі жо­лында тынымсыз еңбек етті. Ел экономикасының нығаюына барынша жұмыс жасады. 

Отанын қорғаудағы жауын­герлік еңбегі еленіп, Жеңіс күн­дерінің арнайы орден-медал­дарымен марапатталды. Өмірі өнегеге толы ата жолын кейінгі ұрпақ мақтанышпен атайды.

Қаршадайынан еңбекпен шың­далып, еңсе тіктеген Әбдірахман ата елге келген жылдары есепші қызметінде еселі еңбек етті. Со­ғыс даласында жүріп, елге жиі хат жазып жүрді. Бүгінде оның барлығы мұрағат төрінде сақтаулы тұр.

Р.S. Иә, ол өз өмірін елге қызмет етуге арнады. Жастық шағында қолына қару алып, сол кездегі ортақ Отанымызды жаудан азат етуге атсалысты. Кейінгі жылдары туған жерін түлетуде аянбай еңбек етті. Бүгінде тәуелсіз елдің арайлы таңы астында ұрпақ бақытын көріп, соған шүкірлік етеді. Егемен елдің ертеңіне сенеді, соған тілектестігін білдіреді.

Тұрар ШАЙДУЛЛАҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: