Жексенбі, 13 қазан, 01:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№81-2091
12.10.2024
PDF мұрағаты

Әйелмен әлем әдемі

06.03.2022

1083 0

Осы сөзімді дәлейдейтін әдемі форум өтті аймағымызда. Бұл форум бұрынғыдан өзгерек. Мұнда сағаттап баяндама оқылмады, әдемі естеліктер мен қазақ әйелдерінің бүгінгі бейнесі көрсетілді, әннен шашу шашылды. Ақ жаулықты аналар мен қазақы киінген әдемі келіндер қазақылықтың келбетін айқындап берді. Ұрпақ тәрбиесі, отбасы құндылығын дәріптеп жүрген аналарды әспеттейтін әдемі кеш болды бұл.

Қандай шара десеңіз, ақын, педагог Сәнімкүл Желдербаеваның 90 жас мерейтойы мен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні аясында ұйымдастырылған «Пай-пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай!..» атты облыстық келіндер форумы. Бұл шара «Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасы, «Рухани жаңғыру» орталығы және облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиямен бірлесіп өткізілді.

Айтулы форумға ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегі зор аналар мен келіндер шақырылған. Сондай-ақ танымды шараның құрметті қонағы ретінде 100 жылдық мерейтойы өткізіліп жатқан Роза Бағланова анамыздың келіні Марал Бағланова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Ысқақова, және Сыр өңірінің келіні, ҚР Мәдениет қайраткері Жазира Байырбекова сынды елге белгілі жандар қатысты.

Форумда сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова қоғамдағы ана мен әйелдің үлесі зор екендігіне ерекше тоқталды.

– Қазақ қызы қай заманда да еркіндігімен ерекшеленсе, әйел ана отбасының ұйытқысы ретінде танылған. Ұлттық құндылықты ұрпақ санасынан өшірмеу үшін аналарымыз зор еңбек етті. Сол қалыпты бүгінгінің жас келіндері жалғастырып отыр. Тарихтың қай парағын ақтарсаң да текті аналарымыздың айшықты ісі мен ғибратты сөзіне қанасың. Олар талай аңызға арқау болды. Осындай ерен жандарға құрмет көрсетпеу мүмкін емес, – деді басқарма басшысы.

Күллі еліміздегідей Сыр елінің дамуында әйелдердің үлесі қомақты. Осы тұрғыда өңірімізге қазақ елінің мақтаныштарын сыйлаған асыл аналарға ерекше құрмет көрсетілді. Ардақты жандарға «Абзал ана» естелік белгісі табысталды. Олардың қата-рында Сыр телевизиясының мақтанышына айналған журналист, марқұм Сахитжан Бермағанбетовтің, «Әлем барысы – 2021» титулының иегері, белгілі спортшы Мақсат Исағабыловтың, Шұғыла мөлтек ауданындағы №43 үйде шыққан өртте ерлік көрсетіп, 15 адамды өрттен құтқаруға атсалысқан өрт сөндіру бөлімінің командирі Бауыржан Кененбаевтың, «Мен – Қазақпын» мега-жобасының жеңімпазы, жырау Күнсұлу Түрікпеннің, кәсіби боксшы, Әлем чемпионы Тұрсынбай Құлахметтің аналары бар.

Өңірдегі белсенді әйелдердің басын қосқан игі шарада түз бен үй тіршілігін үйлестірген нәзік жандардың қоғамдағы орны сөз болды. Жас келіндерге артылар үміт айтылды. Мәселен, Жалағаш ауданындағы Мөрәлі Шәменов ауылының келіні, аудандық, облыстық келіндер байқауының жеңімпазы Гүлнәр Мырзалиева үндеу жасады. Қызметтен қажымай, отбасына уақытылы көңіл бөлетін ол қыздарды ортақ мүдде, ортақ мақсатқа шақырды. Мұндағы мақсат – елім дейтін ерлерді тәрбиелеу. Ұлттық құндылықты санадан өшірмеу. Қызды қылықты қылып, жауапкершілік арта білу.

Әлемдегі кез келген халықтың өз алдына ұлт болып ұйысуына, егемен ел болып қалыптасуына аналардың сіңірген еңбегі зор. Қазіргі уақытта үлкендерді «ертең ұрпағымыз елімізге ие бола ала ма, жолымызды жалғай ма, салт-дәстүрімізді сақтай ма» деген сұрақтар мазалайтыны рас. Бүгінгі тағылымды шарадан сол сұрақтың жауабын анық айқындауға болады. Тентегіне тәйт дейтін, ұл мен қызға ұлағатты сөз айтатын келіндер өсіп өнуде. Ұрпақ тәрбиесіне берік қағида қоя отырып, нағыз қазақты тәрбиелейді деп сенуге болады бүгінгі келіндерге.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: