Дүйсенбі, 25 қараша, 07:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Әлемжеттік тығырықтан шығар жол емес

24.05.2022

1260 0

«Бар жақсылық балаларға!» Бұл сөз әлі күнге дейін мәнін жойған жоқ. Болашағымыз – балаларға ілгерілі-кейінді жақсылық жасау ұмыт қалған емес. Дегенмен көңіл түсіретін мәселелер де шаш  етектен. Бала құқығының табанға тапталатын кезі де аз емес.

Әлеуметтік желіне ашсақ, балаларды ұрып-соғу жөнінде ақпараттан көз алмаймыз. Тіпті жаңа туған сәбиге де ата-анасы қорлық жасап,  көшеге тастап кеткенін естіп жүрміз. Қоғамда адамдар неге қатыгез болып барады? Осы сұрақ көптің көкейінде жүр.  Балалар жылында балғындарды қорғаймыз деп  шешім қабылдағанмен, қорлап жүрген жоқпыз ба?

Рас, бүгінде ата-ана тарапынан зорлық көретін бала да бар. Бұрын да «таяқ та жедік, айқай да естідік» дейді кей кісілер. Ал мамандар бүгінгі бала басқаша деген пікірді айтады. Қалай болғанмен де бала тәрбиесі көпшілікті ойландыру тиіс. Балаға зорлық-зомбылық көрсеткен жанның жазасы қатаң болуы керек.  Отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында көтерген болатын. Мемлекет басшысы онда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайту қажеттігін айтқан еді. Әсіресе балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайтуды тапсырған болатын.

Қазіргі таңда қоғамда болып жатқан зорлық-зомбылық әрекет­тері бізді қатты толғандыруы тиіс. Себебі әрбір ата-ана баланың өсіп-өнуіне, тәрбиесіне жауапты. «Баланың теріс қы­лықтары от­басындағы зорлық-зомбылықты көріп өскеннен бас­талады», – дейді мамандар. Көбі­не тұрмыстағы зорлық-зомбылық құр­баны әйелдер мен балалар болатыны белгілі. Ал мұндай жағдай балаға кері әсерін тигізіп отыр.

Күн сайын қатыгездіктің, зор­лық-зом­былықтың күшейіп, жағ­дайдың ушығып бара жат­қанын көз көріп, құлақ естіп отыр. Отбасылық ұрыс-керіс, адамдардың бір-біріне қас­тандық жасауы азаймай тұр. Бейбіт ел, ынтымағы жарасқан халық бол­ғанымызбен қатыгездік қап­тап барады. Үлгілі отба­сын құру, жібі түзу жан болу адамның өз қолында емес пе? Олай болса бір-бірімізге қор­лық көрсетуге неге асықпыз. Әсіресе, бала мен әйелге.

– «Қамқорлық» дағдарыс орта­лығына аналар отбасылық, тұр­мыстық кикілжіңнен, зорлық-зом­былықтан күй­зеліске ұшырап, тығырыққа тірел­ген соң келеді. Күнделікті күйбең тірліктен де әйелдің жүйкесі сыр береді. Күйзелістегі адам ішіндегі ашу-ызасын, рені­шін бірінші кезекте өзінің жақын­дарынан алады. Сол себепті көп­теген аналар балаларына жекіп сөйлеп, қол көтеріп, баласын өзіне бағындырады. Ұрып-соғуды тәрбие құралына айналдырып алған. Соның сал­дарынан балаға деген махаббат пен сенім жоғалады. Бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі осындай жағдайдан туындап отыр. Күйеуіне, отбасына, қоғамға деген ренішін баланы ұрып-соғып ақысын алады. Тіпті баланы өзінің нан тауып жейтін, өмір сүру құралы етіп санайтын аналар кездеседі. Көпбалалы ана болғанмен, бір баласына да дұрыс тәрбие бере алмайтындар бар. Сондықтан да бұл тақырып өте жақсы қозғалып отыр. Өз баласын қалай тәрбиелеу керектігін түсін­діретін жайттар да кездеседі. Себебі олар балаға махаббатпен тәрбие берудің құнды екенін түсінбейді, – дейді «Қамқорлық» дағдарыс орталығының заңгер-маманы Жанар Алтынбасова.

Отбасындағы берекені кеті­ріп, балаға мән бермей жүр­ген кісі­лермен осы орталық мамандары жұмыс жасайды. Баласын ұрып-соғып көнді­ретін аналар алдымен пси­­­хологтың кеңесіне жүгініп, түсіндіру жұ­­­мыстары жасалады. Қолданыстағы заңна­ма­ларға сәй­кес баланың құқықтары, ата-ана­ның міндеті түсіндіреледі.

Зерттеуге сүйенсек, Қазақстан­да ересек­тердің 75% балаларды тәр­тіпке салу үшін күш көрсетуге болатынын қолдайды. Көбіне ересектер бұл да зорлық-зомбы­лықтың түрі екенін түсіне бер­мейді. Біле білгенге бұл – әлімжеттіктің ең сорақы түрі. Ал әлімжеттік тығырықтан шығармайтынын бәріміз біле­міз. Біле тұра осы қадамға баратындар аз емес Мұндай жағдай балаға өмір бойы зиян келтіреді. Сонымен қатар балалық шағында зорлық-зомбылықты бастан кешкен балалардың денсаулығы нашар болып және өзін-өзі бағаламайды екен. Ал зорлық-зомбылықсыз тәрбиеленген балалар ересек өмірде табысты, сенімді және бақытты адам болу мүмкіндігіне көбірек ие. Ғалымдар зорлық-зомбылықтың салдары қатерлі ісік, диабет, депрессия және тағы да басқа ауруларға әкелуі мүмкін екенін айтады. .

 – Баланы мүлдем ұрып тәрбиелеуге болмайды. Баланы ұру уақытша ғана қысқа мерзімдегі тиімді шешім. Бірақ одан кейінгі салдары ата-ана үшін де, қоғам үшін де ауыр. Біріншіден, ол бала өзіне сенімсіз, қорқақ болып өссе, екіншіден агрессивті, ашу­шаң, ренжігіш болады. Сон­дықтан балаға мей­лінше қол көтермеген жөн. Көп жағдайда балаға қол көтеріп, ашулануы шара­сыз­дықтың көрінісі. Се­­бебі баланың кей­бір әрекеттеріне қалай реакция көр­сететінін білмей жа­тады. Сол себепті ата-аналарды бала тәр­биесіне барын­ша жауапты болуға ша­қырамын. Ата-ана парызы тек баланы дүниеге әкелу емес, сонымен қатар жақ­сы тәлім-тәрбие беру. Зор­­лық-зомбылық пен қаты­­гездік көріністері бар фильмдер мен телебағдар­ламаларды қарамағанын қада­ға­лаңыз. Балаға тиімді ізгі ниетті мінез-құ­лықтың үлгісі бо­лыңыз. Оның көзінше ашу-ыза, ашу­лану, қорлау, ренжіткен­дерден кек алу туралы сөзге жол бермеңіз, – дейді педагог-психолог Гүлзат Маратқызы.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, бала отбасында қандай тәрбие алса, болашақ өмірі де солай жалғасады. Дұрыс тәрбиесі бар адамдар зорлық-зомбылықсыз әлемді құрады. Сонымен қатар қасындағы адамдарға адами қасиеттерді үйрете алатын жақсы қасиеті пайда болады. Дүниеде зорлық-зомбылық болмаса адам өмірі, адамзат дүниесі сұлу де әсем болар еді. Өз әлемімізді әсемдікпен толтырсақ әлем де әдемілене түсетінін ұмытпайық.

А.АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: