Дүйсенбі, 25 қараша, 04:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

«Әлеуметтік кодекс» жүзеге аса бастады

12.08.2023

639 0

Шілденің алғашқы күнінен бастап әлеуметтің әлеуетін жақсартуды мақсат еткен «Әлеуметтік кодекс» күшіне енді. Халықтың жағдайын түзеуге маңызды құжат саналған кодекс ел өміріне қандай өзгеріс әкеледі?  Осы орайда қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің атқарып жатқан жұмысына тоқталғанды жөн көрдік.

Маңызды құжаттың жаңалығы

– Әлеуметтік кодекс еліміздегі жаңа әлеу­меттік саясаттың ауқымды өзгерістерін қам­тыған. Басты бағыты – әрбір отбасының әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақ­сартудың негізін қалыптастырады. Кодексті іске асыру мақсатында биыл шілденің 1-нен бастап облыс орталығында еңбек мобильділігі орталығы құрылды, ал қалалық жұмыспен қамту орталығы «Мансап орталығы» болып қайта құрылып, еңбек мобильді орталығының филиалы ретінде өз жұмысын жалғастыруда, – дейді бөлім басшысы Кенже Құрақбаева.

Сондай-ақ шілдеден бастап «Азаматтық хал актілерін тіркеу» (АХАТ) бөлімінің функ­циялары «Азаматтарға арналған үкімет» мем­лекеттік корпорациясына беріліп, халыққа қызмет көрсетіп жатқанын айта кеткен жөн.

– Кодекстің басты жаңалығының бі­рі – мемлекеттік органдардың қолданыста­ғы бар­лық ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде «Отбасының цифрлық картасын» қалыптастыру. Осыған сәйкес, Қызылорда қаласы әкімдігінің қаулысымен «Қызылорда қаласының отбасын қолдау орталығы» мем­лекеттік мекемесі құрылды. Отбасының цифр­лық картасын енгізудің басты мақсаты – қа­зақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіленді. Яғни мемлекет кімге, қашан, қандай көмек қажеттігін анықтап ғана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын-алу шараларын қарастыруға мүмкіндік алады. Цифрлық карта отбасы мүшелерінің әлеуметтік статусына және отбасылық әл-ауқат дәрежесіне қарап, мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігін жеткізіп отыратын электрондық жаршы құралы қызметін атқа­рады. Мұндай ақпарат әрбір отбасына орта­лық мемлекеттік орган тарапынан SMS ха­барлама ретінде жіберіледі. Мемлекеттік қолдау проактивті форматта жүргізілмек. Яғни азаматтарға әлеуметтік төлемдер және көмектер ақпарат жүйесінде бар деректерге негізделіп тағайындалады.

Кодекстің екінші жаңалығы – мемлекеттік қолдаудың жаңа парадигмасы. Яғни мем­лекеттік қолдау алдымен әлеуметтік тәуекел­дердің алдын алатын атаулы шара, одан кейін ғана атаулы әлеуметтік көмек ретінде қарастырылады. Осы бағыттағы тағы бір маңызды өзгеріс – атаулы әлеуметтік көмек беру үшін кедейлік шегі бүгінгі күнкөріс деңгейі арқылы емес, медиандық табыс деңгейі арқылы анықталмақ.

Кодекстің үшінші жаңалығы – әлеу­меттік қызмет көрсету жүйесін трансформациялауға қатысты. Негізгі мақсат мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтерге деген қолжетімділігін арттыру. Ол үшін мынадай өзгерістер қарастырылған:

Жан басына шаққандағы нормативті енгізу. Оның мөлшері қызметтер үшін жеке норматив, ал компенсаторлық техникалық құралдар үшін шектеулі бағалар түрінде жіктеледі. Бұл өзгерістер бір жағынан кейбір қызмет немесе тауар түрлерін алдағы уақытта монетизациялауға алып келеді. Екінші жағынан арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге жеке секторды кеңінен тарту арқылы саланың инфрақұрылымын ауылдық жерге дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Мүгедектігі бар адамдарға қызмет көр­сету ісіне олардың отбасы мүшелерін барынша тарту. Бұл ретте, отбасы мүшесі жеке көмекші немесе әлеуметтік қызметкер ретінде рәсімделеді. Аталған жұмысқа еңбекақы төленеді және әлеуметтік төлем­дер мен зейнетақы жарналары аударылады. Сәйкесінше, отбасының еңбек жасындағы жұмыссыз мүшесін жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда әлеуметтік қамсыз­дандыру шараларымен толық қам­тылады.

Кодекстің төртінші жаңалығы – әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесіне қатысты. Қазіргі сақтандыру жүйесі әлеуметтік тәуекелдің 5 түрінен сақтандырылады. Бұл – халықаралық стандарттарға және нақты экономикалық жағдайларға сай келетін жүйе. Жүйе әлеу­меттік төлем төлеуге ғана бағытталмай, ең алдымен азаматтарды формальді жұмыс істеуге ынталандыруды көздейді, – дейді бөлім басшысы.

Жұмыс бар ма?

Облыстық статистика департаментінің мәліметі бойынша 2022 жылдың қоры­тындысымен Қызылорда қаласында эконо­микалық белсенді халық саны 147886 адам, жұмыссыздық деңгейі – 4,7 пайыз, облыста – 5 пайыз.

2023 жылы қала бойынша 11624 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған, (тұ­рақты 6346), 1 тамыздағы мәлімет бойынша 8332 жаңа жұмыс орны құрылды (72%), оның 3599-ы тұрақты жұмыс орны.

2023 жылдың 1 тамызына қалалық Ман­сап орталығына жұмыс іздеуші ретінде хабарласқан азаматтардың саны – 15187, оның ішінде тұрақты жұмысқа орналасқаны – 2217, яғни жұмысқа орналасқандар қатарынан тұрақты жұмысқа орналасқандар үлесі 14,6 пайызды құрады.

Есепті кезеңде тіркелген жұмыссыздар саны – 6847, уәкілетті органға тіркелген жұмыссыздық деңгейі – 4,6 пайызды (2022 жылдың қорытындысымен экономикалық белсенді халық саны – 147886 адам) құраған.

Қызылорда қаласында 2023 жылдың 1 та­мы­зындағы жағдай бойынша статистикалық мәліметке сәйкес 353289 адам тіркелген бол­са, оның ішінде 32181-і зейнеткер, 11211-і мүгедектігі бар адамдар және 5 503-і атаулы әлеуметтік көмек алушыларды құрайды.

Негізінен көрсетілетін мемлекеттік қыз­меттер халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғауға бағытталған. Бүгінде бөлім тарапынан 14 мемлекеттік қызмет түрлері көрсетіледі, оның 13-і әлеуметтік төлемдер және 1-і көші-қон бағытында.  Жыл басынан бері барлығы 23231 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде: 10239-ы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы, 649-ы бөлім арқылы, 12343-і «Электронды үкімет порталы» арқылы жүзеге асырылды. Яғни көрсетілген қызметтердің «Электронды үкімет порталы» арқылы қабылдануы басым.

Қала бойынша 2023 жылдың 1 тамызына:

– 5503 отбасына (27644 адамына) атаулы әлеуметтік көмек;

– 6992 балаға жолда жүру ақысы;

– 8521 1 жастан 6 жасты қоса алғандағы балаларға қосымша төлем;

– 1027 отбасына (3533 адамына) тұрғын үй көмегі;

– Жекелеген санаттағы (ҰОС қатысу­шы­лары мен мүгедектеріне, қаза тапқан жауын­герлердің қайтадан некеге отырмаған жесірлеріне «Құрмет» атағы бар, үйі өртенген, ҰОС жылдарында кемінде 6 ай жұмыс істеген тыл ардагерлеріне, Ауған соғысының, Чернобыль, Совет Армиясының мүгедектеріне және Семей апатынан зардап шеккен аза­маттарына және т.б.) әлеуметтік қолдауды қажет ететін 2256 адамға әлеуметтік төлемдер төленді, – дейді бөлім басшысы К.Құрақбаева.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық

Қала бойынша жалпы мүгедектігі бар 11211 адам болса, оның ішінде 1 топ – 1289, 2 топ – 3336, 3 топ – 3338 және 3248-і мүге­дектігі бар балалар.

Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақ­сартуға, қоғамдық-экономикалық өміріне толық­қанды интеграциялау үшін 2025 жылға дейінгі бекітілген Ұлттық жоспар негізінде «Әлеуметтік қызметтер» порталы арқылы 01.08.2023 жыл­ға өтінім берген 11222 адамның жеке оңалту бағдарламасына сәйкес жыл басынан бері гигие­налық және арнаулы жүріп-тұру құрал­дармен қала және қалаға қарасты ауылдық округтерде тұратын мүгедектігі бар адамдардың 9376-ы қамтылып, орындалуы 83,6 % құраған.

Сонымен қатар 1062 І топ мүгедектігі бар адамдарға 930 жеке көмекшілер және 184 мүгедектігі бар адамдарға 17 ымдау тілі маман­дарымен қызмет көрсетсе, 536 үйде тәрбиеленіп және оқытылатын мүгедектігі бар балаларды материалдық қамтамасыз етуге көмек көрсетілді.

Үкіметтік емес ұйымдарда мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру мақса­тында тірек қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық патологиясы бар 55 мү­ге­дектігі бар балаларға күндізгі стационар жағдайында және үйде қызмет көрсету жағ­дайында арнаулы әлеуметтік қызметтер, атап айтқанда,  мүгедектігі бар адамдарға «Инватакси» (13 такси) қызметі, халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына жататын 225 отбасы ай сайын ыстық тамақпен қам­тамасыз етілуде.

Халықтың әлеуетін көтеруді мақсат еткен құжат жүзеге аса бастаса, ел игілігін сезінсе ғана, маңызды болмақ. Әйтпесе, қағаз күйінде қала береді…

Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: