Бейсенбі, 18 сәуiр, 15:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Айттық сұрап жүрсіз бе?

20.07.2021

3448 0

Құрбан айт – ырыс пен ынтымақтың, құт пен берекенің мерекесі. Осы мейрамға тән дәстүріміздің бірі – айттық сұрау. Алайда қазір ағайын-туыс, дос-жаранның, көрші-көлемнің үйіне айттап бару, айттық сұрау деген дүниелер ұмытылып бара жатқандай. 

Айт күндері әрбір отбасы дастархан жайып, бір-бірінің үйіне айттап, бас қосады. Сондай-ақ дәл осы күні айттық сұрап, үлкендер де балаша қуанып, кішкентайлар шаттыққа бөленеді. Бала күніміздегі бұл көрініс әлі күнге көз алдымызда.  «Айтың қабыл болсын» деген уақытта «Айттық сенен» деген сөзді жиі естиміз. Негізі айттық – айт күні берілетін сыйлық. Оны ақшалай да заттай да беруге болады.

Ел ішінде «айттық сый» деп те аталады. Айттық беру – мерекенің мерейін асырып, тату-тәттілікті, береке-бірлікті нығайтудың, әсіресе балаларды мәз-мейрам етіп қуантудың бірден-бір себебі. Бұрын айттап келген үлкен кісілерге сыйлыққа тәспi, жайнамаз, тақия, кестелi орамал, зергерлiк бұйымдар берiлген. Алайда бұл дәстүр соңғы кездері орындалмай жүр. Тіпті үлкендер тарапынан «құрбан айтта айттық сұрамайды, тек құрбан шалынып, құран оқытылады» деген сөзді жиі естиміз. Көпшілік жиі талқылап жүрген бұл сауалдың жауабын бас имамнан сұрадық.

– Құрбан айт пен Ораза айт мұсылман жұртшылығы үшін үлкен мереке. Айт намаз біткеннен соң мұсылмандар қол алысып, төс қағысып, бір-бірін айт мерекесімен құттықтап, жақсы тілектерін білдіреді. Бұл күндері ренжіскендер бір-бірінен кешірім сұрап, татуласады. Ораза айтта отыз күн, әсіресе, Алланың разылығы үшін аузы берік болғандар қуана үй аралап, айттап дастарханнан дәм татады. Ал Құрбан айтта құрбандық шалынып, дастархан жаяды. Үйді-үйді аралап көрісіп, қуаныш-шаттықпен жөн сұрасып, арқа-жарқа болып жатады. Себебі хадисте пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, адамдар, бұл күні сәлем жайыңдар (көп кісілермен сәлемдесіңдер), тамақтандырыңдар, туыстық қатынасты күшейтіңдер және адамдар ұйқыда болған кезде намаз оқыңдар, еш алаңсыз жәннатқа кіресіңдер»  – деген. Міне осындай игі махаббатқа жетелер бұл күнде мұсылмандар бір-біріне сыйлық үйлестіру ел арасында үлкен үрдіс. Мейлі ораза айт болсын, Құрбан айт болсын, екі айтта да еңбектеген баладан еңкейген шалға дейін мерекенің шарапатын сезінуі тиіс. Сыйлық таратылып, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуы абзал амалдардан болып саналады. Сондықтан әр айт мерекелерінде біздер мешіттерде киіз үйлер құрып, ұлттық ойындар ойнатып, сыйлық үлестіреміз. Ондағы басты мақсат – жүзден аса ұлт өкілі тұрып жатқан еліміздегі әрбір азамат осы мерекенің лебін сезініп, мешітке келген жамағат шаттанып қайтса деген ой. Алайда былтырдан бастап карантиндік жағдайға байланысты мұндай шараларды уақытша тоқтаттық, – деді ҚМДБ-ның облыс бойынша бас имамы Болатбек Абуов.

Расында, қазақтың «айттық сұрау» үрдісі «Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, сүйіспеншіліктерің артады» деген хадистен алынған секілді. Қандай сый­лық болмасын, әрбір жанға үлкен қуаныш сыйлайтыны анық. Жаныңа жақын адамды себепсізден-себепсіз қуанту да сүннетке жатады. Бас имамның айтуынша, Құрбан айтта да, Ораза айтта да айттық сұрау жоғарыдағы аят пен хадистерден туындаған үрдіс екен.  Сондықтан екі  айтта да айттық сұраудың еш айыбы жоқ.

Құрбан айт мерекесін атап өту ерекшелігі

Биыл барша мұсылмандардың ұлық мерекесі – Құрбан айт шілде айының 20-22-сі күндеріне тұспа-тұс келді. Осы орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрбан шалу рәсіміне қатысты бірнеше заңдылықтарын бе­кітті.

Атап айтсақ карантиндік жағдайға байланысты құрбан шалу рәсімін өт­кізу екі жолмен жүзеге асырылады. Біріншісі – мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тарапынан рұқсат берілген жергілікті қасапханада санитарлық ережелерді қатаң сақтай отырып құрбан шалу рәсімін офлайн режимде, яғни дәстүрлі жолмен өткізу. Ал екіншісі – бүгінгі карантин жағдайында құрбан шалушыға қолайлы жағдай жасау және көмекке мұқтаж жандарды қолдау мақсатында өткен жылдың тәжірибесін қолданып, құрбан шалу рәсімін шариғаттағы «өкіл­дік» қағидасына сәйкес www.qurban2021.kz сайты арқылы онлайн ре­жимде жүзеге асыру. Мұның басты мақ­саты – қайырымдылыққа дәнекер болып, халықтың денсаулығы мен өмі­ріне төнген қауіпті сейілтуге үлес қосу. Негізінде карантин жағдайында қала­дағы азаматтар үшін қашықтықтан өз аты­нан құрбан шалуға тапсырыс беру – оңтайлы шешім. Шариғат бойынша адам өзінің атынан басқа кісіні белгілі бір іске уәкіл ете алады.

Құрбан – «жақындау» дегенді білді­реді. Толығырақ айтқанда әрбір істеген игі амалдар арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Құрбан айт күндері (алғашқы үш күні) шалынатын мал «ұдһия» деп аталады. Құрбандық шалудың мәнісінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн.

Ханафи мәзһабында құрбан айт күндері бай адамға құрбан шалу – уәжіп. Шариғатымыз бойынша «бай» деп мал-дүниесі нисап мөлшеріне жеткен адамға айтылады. Нисап мөлшері – 40 қой (ешкі), яки, 30 ірі қара, немесе 5 түйе, ол да болмаса қажеттілігінен артық 85 гр алтын (1 230 000 теңге) қаражат. Мал-дүниесі нисап мөлшеріне жетпеген, яғни жағдайы төмен мұсылманға құрбан шалу міндет емес. Сондай-ақ республика бойынша мұқтаж отбасылар құрбандық етін алу үшін www.qurban2021.kz сайты арқылы 20 шілде күні айт намазынан кейін өтініш білдіре алады. Мұқтаж отбасылардың өтінішін қабылдау, са­раптау және құрбандық еттерін жеткізіп беру жұмыстарымен ҚМДБ-ның жергілікті өкілдігі айналысады. Ал құрбандыққа шалынатын түлік бағасы жергілікті нарық бағасымен көрсетіледі. Осы орайда еліміздің әр аймағындағы малдың бағасы әртүрлі екенін ескеру қажет. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және облыс орталықтарында малдың бағасы бірдей болмауы мүмкін. Тап­сырыс берушіден түскен қаражат мал иесіне, яғни сатушыға тікелей беріледі. Өйткені бұл делдалдық қызмет емес. Көрсетілген сомаға қасапшының қыз­меті ғана кіреді. Ал құрбандық етін бөлшектеп, мұқтаж жандарға тарату сынды барлық ұйымдастыру жұмыстары ҚМДБ мешіт жамағаты мен еріктілердің көмегі арқылы тегін жүзеге асады. Бұл – құрбан шалуға тапсырыс беруші азаматтар үшін үлкен жеңілдік.

Жалпы сайт арқылы тапсырыс қа­былдап, құрбандық етін көмекке зәру жандарға тарату тәжірибесі Сауд Арабиясы, Түркия, Малайзия, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері сынды бірқатар мұсылман мемлекет­терінде бұрыннан қалыптасқан жүйе. Біздің елде бұл жүйені тиімді пайда­ланып, санитарлық талаптарды сақ­тай отырып, халықтың өмірі мен денсаулығын сақтауды көздейді. Соны­мен қатар жоба мақсаты – көмекке аса зәру азаматтарды қолдап, оларға ұлық мейрамда қуаныш сыйлау, аз да болса, қайғы-мұңын сейілту. Құрбандық шалу­дың негізгі мәні осы. Құрбандық етін мұқтаж жандарға үлестіру арқылы мұсылмандар арасында махаббат пен сүйіспеншілік артады. Сонымен қатар өзінің бойындағы қатыгездік, сараңдық сынды сипаттардан арылып, оны мейірімділік, жомарттық, кішіпейілдік қасиеттерге ауыстырады. Алла Тағала шалған құрбандығымызды, берген садақамызды қабыл етіп, екі дүние игілігін нәсіп етсін.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: